Шотландияда Наурыз мерекесі тойланды

Қош келдің, әз Наурыз!

Бүгінде Шотландияның Глазго қаласында елуден астам қазақ жастары білім алып жүр. Олар осы қаладағы Glasgow, Strathclyde, Caledonian, West of Scotland университеттерінде оқиды. Осы студенттер құрған қауымдастық биыл Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтті. Бұл шараға шетелдік студенттер мен ұстаздар, жергілікті тұрғындар және Шотландияға қоныс аударған қандастарымыз қатысты.

Әз Наурызға арналған концертте қазақ студенттері шетелдік достарын  қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстырды. Осы күнгі шара аясында қазақтың ұлттық бұйымдары мен Қазақстан туралы кітаптар қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Студенттер кеш қонақтарын шашу шашып, ақ батамен қарсы алды. Сондай-ақ, олар шетелдік студенттерге “Қаражорға” биін үйретіп, түрлі танымдық ойындар ойнатты.

Джозеф Куасник, Ұлыбритания:

– Ұлыбританияда Жаңа жыл 31 желтоқсанда, қыс мезгілінде тойланады. Ал Наурыз көктемнің келуін тойлаудың ең бір әдемі жолы деп ойлаймын. Өйткені, көктем кім үшін болса да, өте маңызды, шуақты кезең ғой. Наурыз туралы ақпаратты қазақтардың өз аузынан есту маған өте қызық. Бүгінгі шарадан кейін Қазақстанды көрсем деген қызығушылығым оянды. Енді сонда барып, бәрін өз көзіммен көргім келеді.

Бұл күні Глазгода Абайдың “Сегізаяғы” шырқалып, Құрманғазының “Адайы” күмбірледі. Ақбота Сәндібек, Айдана Тілеукен сынды өнерлі арулар тыңдармандарға әннен шашу шашты. Елден жырақта жүрген жастар Наурыз көже, бауырсақ пісіріп, елге деген сағынышын басты. Концерт соңы қазақша би кешіне ұласты.

Нарұл Есенбаев, Глазго университетінің магистранты:

 «Болашақ» бағдарламасының мақсаттарының бірі – студенттердің Қазақстанды шетелдіктерге таныстыруы. Бүгінгі мерекеге келген қонақтар біздің еліміз жайлы тың деректермен танысып, білімін толықтырды деп ойлаймын.

Глазгодағы қазақ студенттерінің қауымдастығы ресми түрде 2017 жылы құрылған. Биыл біз Наурызды алғаш рет осылай кең көлемде атап өттік. Келесі жылы бұдан да ауқымды іс-шаралар жалғасын табады деп үміттенемін.

Суреттерді түсірген - Жанар Қаңтарбай

#Наурыз #мереке

Ұқсас материалдар