Notre Dame de Paris қазақ тілінде

Астанада Виктор Гюгоның әйгілі “Париж құдай-ана соборы” шығармасы желісімен жазылған мюзиклдің премьерасы өтті

Notre Dame de Paris ХХ ғасыр соңында Еуропада қойылған ең табысты мюзиклдердің бірі. Алғашқы қойылымнан-ақ мюзикл нағыз бестселлерге айналып, көп табыс жинаған туынды ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген.

Мюзикл либреттосының авторы - Люк Пламондон, композиторы - Рикардо Коччанте. 1993 жылы Люк Пламондон француз әдебиетінен жаңа музыкалық спектакльге арналған сюжет іздейді. “Мен түрлі кейіпкерлерді қарап шықтым, бірақ Эсмеральдаға мән бермеппін. Назарым Квазимодаға түсті. Сол кезде “Париж Құдай-ана соборы” шындыққа айналғандай әсер етті”, - дейді өз естелігінде либретто авторы. Осылайша, Люк Пламондон композитор Рикардо Коччантемен бірге роман негізінде отыздан астам ән жазып шығады.

Ал мюзикл франциялықтардың назарына 1998 жылы жол тартты. Премьерадан бері 20 жыл уақыт өтсе де, мюзикл көрерменнің қызығушылығын жоғалтпай, түрлі тілге аударылып, сахналануда. Қызығы, әр елдегі қойылым жұмыстарына Париждегі мюзиклді қойған команда қатысады.

Отандық театр өнерінің жаңа жетістігі болған Notre Dame de Paris мюзиклі Мәдениет және спорт министрлігі мен «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы ұйымдастыруымен қазақ тілінде сахналанып отыр. Ұйымдастырушылар қазақ тіліндегі қойылымның түпнұсқаға барынша сай болуына баса назар аударған екен. Ал либреттоның қазақша аудармасының авторы - ақын Серікзат Дүйсенғазы.

Мюзикл әртістерін іріктеу бес ай бойы жүргізілген. Қойылымға қатысқан әртістер Қазақстанның әр түрлі аймағынан іріктеліп, көп үміткердің арасынан үздік шыққан өнерпаздар. Мюзиклге жетекшілік етуші Рикардо Коччанте мен Люк Пламондон, сонымен қатар француздық продюсерлер мен режиссерлер қазақстандық әртістердің жұмысын жоғары бағалауда.

“Қазақстандық әртістер менің көңілімнен шықты. Оларды вокалдық қабілеттеріне қарай әбден іріктедік. Notre Dame de Paris партияларын орындау әркімнің қолынан келе бермейді, бірақ біз ең лайықты деген үміткерлерді таңдадық”, - дейді композитор Рикардо Коччанте.

“Qazaqconcert” мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, алдағы уақытта мюзиклді Алматыда қою жоспарда бар. Ал Астана тұрғындары мен қонақтары әлемге әйгілі қойылымды 24 желтоқсанға дейін тамашалай алады.

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер