Қағба көлеңкесінен айырылған күн

Журналист Нұрбек Бекбау Мекке сапары туралы

Қағба көлеңкесінен айырылса, онда ақырзаман туралы айтатын шығар деген ойға қалдыңыз ба? Жоқ. Бұл мақала ақырзаман туралы емес! 

Былай ғой. Мекке қаласы экваторға тым жақын орналасқан шаһар. Ал, қажылық маусымында, бұ жақта күн дегенің тұп-тура төбеде тұрып алады да, сәулесі тіке түскеннен кейін, заттың көлеңкесі болмайды. «Қағба көлеңкесінен айырылған күн» дегенде осыны меңзеп ек. Сонымен, бұл мақалада мен қасиетті қалада басымнан өткерген оқиғаларыммен бөліспекпін.


 

Қолымда «қара тас» балқыды...

Мекке шаһарына 2011 жылдың күзінде жеттік. Жерге түскен бетте, ақ жамылып, «ләбайка Аллахума ләббайк» десіп, Әл-Харам мешітіне жол тарттық. «Харам» деген сөз қазақшаласақ тыйым салынған мағынасын береді. Ал тұтас мешітке неге мұндай атау берілген дейсіз бе? Себебі, кәдімгі өмірде рұқсат кей әрекеттерді мұнда жасауға тыйым салынған. Мысалы, шөпті жұлуға, керек десеңіз құмырсқаға зиян келтіруге болмайды. Қысқасы миллиграмм болсын агрессия көрсету «харам»!

Не керек, сол әл-Харам мешітінің алып бағандарының арасынан өтіп, орталық алаңға жақындап келеміз. Көрдім. Иә, ҚАҒБАны көрдім. Төрт бұрышты, қара мата жапқан нысан. Архитектуралық  құрылысы мұны мың орайтын талай ғимаратты көргем. Бірақ, жалт-жұлт еткен сол сарайлардан, осы 4 бұрышты қарабайыр ғимарат мың есе артық секілді көрінді. Әйтеуір, Қағбаға махаббатпен қарамау мүмкін емес. Себебін де білетін секілдімін. Өйткені – Қағба адамның жер бетінде соққан ең алғашқы сәулет құрылысы. Ең алғашқы құлшылық үйі. Көңілді толқытып жіберуінің де себебі осы шығар деп топшыладым.

Сонымен адамзаттың ең алғаш соққан ғимараты, мешітін айналу рәсімі басталды. Қара тас тұрған бұрышты іздеп жүрмін. Алыстан көрдім. Қара тас тұрған бұрышқа жақындаған сайын, адам нөпірі қалыңдай түседі. Таяқ тастамдай жерге келгенде, кептелдім де қалдым. Орасан күштің иесі болмасаң, анау жерге бару мүмкін емес. Қараптан-қарап, зәңгі болып тумағаныма өкінгенім-ай. Иә, олар ірі, зіңгіттей. Біз олардың белінен келетін шығармыз. Зәңгі бауырлар кәдімгідей адамдардың арасымен жүзіп жүр. Қолын анадайға қарай созады. Қолына не, кім ілінсе содан ұстайды да, алға серпіліп кеп береді. Алда-жалда қолына сен іліксең, оған серіппе қызметін атқарасың да, өзің 3-4 метр артқа қарай ырғып кетесің. Бір қарасам, менің де соңымнан бір қара кісі келе жатыр. Әй күйіп кеттім. «Әуперімдеп жетіп ем. Енді тағы да артқа кететін болдым ғой». Қулыққа бастым. Орнымды берген болып, «өтіп кет, бауырым» деп ыржия қарсы алдым. Ол тісін ақсита жымиды. Сөйтті де ол алдыға қарай оза берді. Мен өте бергені сол, белінен қапсыра ұстап алдым. Ол елер емес. «Жүзіп» барады. Сөйтіп, Қағбаның дәл түбіне дейін жармасып келдім. Қатты етегінен тартып жіберсем керек, артына жалт бұрылды. Мен оны итеріп, алға жүруіне көмектесіп жатқан кейіп жасай қойдым. Енді әлсіз болсам қайтем? Айлаға баспасам, қара тасты көре алмаймын. Ауылдағы анама не айтам?

- ... Ол тас ауада ұшып тұрады дейді ғой? Соны өз көзіңмен көріп, білші, балам, - деген еді мені шығарып салып тұрғанда.

 

Жә, "қара бауырым" қара тасқа дейін жетті. Басын сұғып сүйді. Сосын тағы артына бұрылды. «Демеп» жібергенімді есіне түсірді-ау деймін, мені қапсыра құшақтап көтерді де, дәл қара тастың түбіне әкеп тарс еткізіп қоя салды.
Қара тас. Қағбаның қабырғасына горизонтальный жапсырылған, күміс тостағанға ұқсайтын заттың ішінде екен. Ойығына адамдар қолын салып, басын сұғып, әлгі қара тасты сүйіп жатыр.
Мен барлап қарап тұрмын. Бірақ, бұлай ұзақ тұру мүмкін емес еді. Бір қолымды тостағанның ернеуіне іліп алған ем. Қарасам, қолым біреулерге кедергі келтірген болуы керек, саусақтарымды бырт-бырт үзіп жатыр. Енді тұрған болмас дедім де, қолымды әлгі ойыққа салып жібердім. (Адам нөпірі қалың дедім ғой. Қара тас кіндік тұстың деңгейінде екен. Мен кеудемнен төмен ештеңе көрген жоқпын. Қолымды болжамым бойынша салдым)
Оһ! Қара тас! Ұстадым! Өзі жұп-жұмсақ. Шүп-шүп етіп терлеп жатыр, жарықтық. Сипалап жатырмын. Бір уақытта, алақанның астындағы тас бүлкілдеп сала берді. Иә, кәдімгідей бүлк-бүлк етеді. Таң қалдым. Көзімнен жас ыршып кетті. Пәленше әулие тасты ұстағанда балқып кетіпті деген аңыз-мифпен өскенбіз ғой. Жыладым кәдімгідей. «Қалай болып кетті? Тас қолымда балқып жатыр ма? Әулие болғаным ба?» деп.

Бір уақытта әлгі қара тас, қолымды кері қарай итереді. Түсінбей қалдым. Жаңағы әулие образы сыпырылып түсіп қалды түрімнен. Тас кәдімгідей сыртқа итеріп жатыр қолымды. Бақырып жыладым. Енді ше? «Нұрбек, сен күнаһарсың. Қара тас қолыңды жақтырмай сыртқа атып жатыр» деген ой ай кеп миымды тепкіледі дейсің. Жоқ. Анау тас жәй қолымды сыртқа шығарумен шектелейін деп тұрған жоқ. Өзі де, алақаныммен бірге сыртқа шықпақ. Шошыдым...  

Содан бар күшімді салып, тасты ішке қарай итерем. Жоқ. Ырық бермейді. Күшім жетпейді. Бір уақытта, ытқып алақаныммен бірге тас шыққандай болды. Қолымдағыға қарауға дәтім бармайды. Көзімді тарс жұмып алғам. Бір уақытта сықситып қарасам, уысымда негрдің басы!
Мәселе былай болған екен: Әлгінде айттым ғой, адам көп болғаннан кеудеден төменгі бөлігіңді көрмейсің деп. Ал қара тас тұрған жер, кіндіктің маңы. Мен орысша айтқанда, «в слепую» ойыққа қолымды сұққам. Ал ол кезде, негр тасты сүйіп жатқан екен. Мен әбден оның басын сипалағам. Ол түсінбей, басын шығармақшы болған. Мен кері итергем. )))
Не керек, қара тастың жанында анталап тұрған адамның бары ду күлген шығар. Бетім қызарып, ұяттан жерге кірердей болдым. Қонақ үйге келгенде, ал достарым мазақтасын.

 – Сен өзіңді әулие сезіндің. Ал зәңгі не ойлады екен? Басымды періште сипалап жатыр, деген болар, - деп қылжақ қылады.

 

Мен Құдайға қалай садақа бердім?

Таң намазына асыға оянып, күллі құжат, ақшамды белдегі әмиянға салып, «Әл-Харамға» асықтым. Қара тасты осы жолы қалай да сүйем деп, алға ұмтылумен болдым. Екінті уағында, арманыма жеттім, құштым, сүйдім. Енді, кері қайтып жатқанда, белімнің босаңсып қалғанын сездім. Қарасам, беліме байлап алған әмияным жоқ. Оның ішінде 4 мың АҚШ доллары, құжаттарым бар еді. Бітті,- дедім. 

Нағыз мүсәпір болу дегенді сол кезде ұқтым. Үстіме ілген ақ матадан басқа, ешқандай киімім жоқ. Ақшаны қойшы, кім екенімді куәландыратын құжаттарым да жоқ. Шарқ ұрып, жүрген жерімді адақтап жүрмін. Қағбаны 17 рет айналып тастаған шығармын?! Жоқ.

 Шам уақыты кірді. Жұрт алқа-қотан Қағбаны айнала қатарға тұрып жатты. Дереу есімді жидым. «Жоғалса, одан әрмен. Өмірімде бірінші рет қасиетті мекенге келіп тұрмын. Ұмыт дүниені», деп өзімді тақуалыққа көндірген болдым. Қатар түзген жамағатқа жақындадым. Намаз басталды. Молда мұңлы мақаммен сүрелерді оқи бастады. Көзімнен жас парлады. Бір уақытта, құжатымнан түгел айырылғаным, ақшамның жоқтығы, жағдайымның тым мүшкіл екені есіме түсті. Еңкілдеуім еселеніп кетті. Іштей ой арпалысы жүріп жатыр: «Біттің Нұрбек. Құжатсыз елге қайта алмайсың. Бір арабтың түйесін бағып жүретін болдың», деген ой басымнан шықпай қойды. Бір уақытта, иманым артып, қайта бой тіктеймін. Біраздан соң, әлгі үрей қайта бойды билейді.

Намаз біткенде, әлгінде менімен иығын (әлде тірсегін) тіресе тұрған араб шейхы құшақтай алғаны. «МәщаАллаһ» деп қоймайды. Түсінгенімше «Намазды сендей беріліп оқыған кісі көрмедім» дейді ғой. Пішту, не үшін жылап жібергенімді білсе еді, төрт аяқтап қашар ма еді? Бірақ, білдірмедім, білмеді.

 Не керек, шамды тәмам еткесін, еш болмаса өз қазағымды тауып алайын. Ары қарай бір мәнісі болар деп, Қағбаны күзетіп тұрған полицейлерге бардым. Арабшам нашар. Ағылшынша сөйлеспек болып ем, олар түсінбейтін болып шықты. Амал жоқ, нашар арабшаммен жөнімді айтуға көштім. Стоп. Қобалжығанда, жаттап алған сөздерім ұмыт болсашы?! «Мен адасып қалдым». Қалай еді? Есімде жоқ. Бірақ, жағдайыңды айту керек. Фатиха сүресі есіме орала бастады. «Сиротол мустақим» - тура жолға сала гөр,-деген сөз емес пе? Айттым. Әлгі сақшының көзі шарадай.

– Әй, мәжнүн оны маған емес, төбедегіге айтасың,- деп күлкі аралас ашуын төкті дейсің. Содан жетелеп, «Үш қоңыр» дейтін жерге әкелді.

Қажылыққа жиі баратын қазақтар «әл-Харам» мешітінің үстіндегі 3 күмбезді «Үш қоңыр» атап алған. Сол жерде жиналып, сол жерде бас қосады екен. Таптым. Ақырын-ақырын өзіміздің қазақтар жинала бастады. Түрім суға түсіп кеткен мысықтай болса керек, Мұрат ағам (Ұлты шешен, депутат) не болғанын сұрады. Жайымды айттым. Құшақтай, арқадан қаға сұрақ қойды:

 - Нұрбек, сен өміріңде 4 мың доллар садақа беретін бе едің?

- Жоқ, - дедім.

- Ал сен сол 4 мың долларды садақа еттің. Басқа жерде емес, Меккеде. Басқа мешітте емес, дәл Қағбаның түбінде. Басқаға емес, Аллаға бердің. Ал Алла, көркем саудагер. Сабыр ет. Өзі-ақ саған молынан қайтарады.

Осы жұбату сөзден соң, өрекпіген жүрек тынышталды. Таң атты. Есігімді сол Мұрат ағам қағып тұр.

- Қазақтар болып, жылу жинадық. Міне 5 мың доллар, - дейді. Аң-таң күйде алдым да, тең жартысын садақаға жұмсадым. Қалғанын үйдегілерге базарлық, кәдесый алайын деп, жақын маңдағы базарға бет алдым. Айтпақшы, құжаттарым да табылды.

«Саған ештеме сатпаймын» немесе мұсылмандар неге саудаласуды жақсы көреді?

Базарға бет алғанымды көріп, қонақүйдегі өзім құралпы біраз жігіт ілесе кетті. Қауқылдасып бір дүкенге кірдік. Біреуіміз құшағымызға сыйғанша жайнамаз алып, енді біріміз әтірсу көтеріп, кассаға келдік. Саудагер түбі қазақ екен. Қуанып, қауқылдасып, жөн сұрасып жатырмыз. Өр Алтайда қытай қысымы күшейіп кеткенде, дүр көтеріліп, қытай әскерін басып-жаншып, Тибет асып, Үндістан өтіп, сол қазақтардың алғы бөлігі Мекке жеткен екен. 15 шақты шаңырақ бар дейді. Есептесетін уақыт кеп, артығымен ұстатпаққа ентелеп тұрғанбыз. – Сен, сен, сен,-деп үшеуімізді көрсетті де, қалғандары тауарды тастасын,- деп ишара білдірді. Түсінбей, иық қиқаңдатып неге өйткенін сұрап жатырмыз!

  - Сендерге болды, ештеме сатпаймын,-дейді әлгі меккелік. Сосын саудагер себебін түсіндірді. Разы болдық, қолын алдық. Ол былай деп еді:

  - Қажылар, 3 адамның өзі менің әжептеуір саудамды жүргізіп тастады. Менің бір күндік табысым шығып тұр. Ал, көрші Ахметке әлі ешкім бармады. 4 жігіт, сол дүкенге барып, зат сатып алсаңыз,-деп қиылып тұр.

Не керек, тобымыздың жартысы сол дүкенге барып, саудасын жүргіздік. Көрші болсаң, осындай-ақ бол,-десіп қонақүйге бет алдық. Жолай, анама берген уәдем есіме түсті. Меккенің құрмасын ала келем дегенім бар еді. Дереу, базарға бұрылдым. Анадай жерде, қарт кісі, құрманың жүз түрін саудалап тұр. Аса қымбат та емес. Айтқан бағасын беріп, 10 келі алмаққа ұмтыла бергенім сол, қутыңдаған бір шал алдымды орады. 50 реал тым қымбат, 30-ға бер дейді. Анау көнбейді, мынау уәждер келтіреді. Не керек, 40 реалға келісті, қол алысты. Сосын менің кезегім келіп, 10 келі тартыңыз деп, 500 реал ұсынған ем. Саған сатпаймын деп, дүңк еткізді. Бұл да көршісін уайымдап тұрған болар дедім де, «кімге барайын, кімді көрсетесің?» деп сұрадым.

– Ешкімге жұмсамаймын. Болды, бар. Саған сатпаймын, - деп тағы айтты. Енді ашуланайын дедім. Меккеде шовинист саудагер көрем деп мүлдем ойламаппын. Төніп бардым да, неге маған сатқысы келмейтінін ашулы кейіппен сұрадым. Сонда ол былай деді:

- Сенің алдыңдағы кісі, мен айтқан бағаға ала салған жоқ. Себебі, ол әр тиынды табу үшін еңбек етті. Тер төкті. Ол әр тиынына жаны ашиды. Сол себепті үнемдеуге тырысты. Тура сол секілді, мен де мынау құрманы өсіру үшін, күн-түн талмай еңбек қылдым. Мен өз бағамды айттым. Ол өз бағасын айтты. Саудаласа келе, екеумізге де ыңғайлы бағаға келістік. Ал сен, еш саудаласпастан сұраған ақшаны беріп жатырсың. Сенің ақшаға деген немқұрайлылығыңа қарап, мен ол ақша саған оңай жолмен келген деген ой түйіп отырмын. Харам жолмен келген ақшаға жан ашу, үнемдеу деген болмайды. Бәлкім сен харам жолмен тапқан шығарсың? Ол харам ақшаң маған береке бола ма? Сол үшін, сатпаймын деп айттым.

Екі түрлі көзқарас, екі түрлі әлем. Жағдайымды түсіндірдім. Шымкенттік емеспін бе? 50 реал тұратын құрмасын 25-ке түсірдім. Түсінбей қалды. Жә, айтайын дегенім, Шығыс жұрты неге саудаласқанды жақсы көретінін осы жолы анық түсіндім.

      Қаланы қоқыстан тазартуға Құдай көмектеседі...

Меккеде жүргеніме 2 аптадан асты. Әл-Харамнан шықпай, әбден көңілім тойғанша құлшылық еткен соң, қастерлі қаланы жаяу аралап көрмек болдым. Бұл мекенді енді қайта көру бақыты бұйыра ма, жоқ па бір Аллаға мәлім. Сондықтан, шаһар һәм оның жұрты жадымда қалсын деп аралауға бекіндім. Қала керемет. Қайда қарайын, мейірлене күліп тұрған жұрт. «Ассалаумағалейкум», - деп бас изеп қояды. Көңілім аспанда. Осылай қалықтап келе жатқан көңілім, бір сәтте жермен-жексен болды. Көз алдымда бір кісі ішіндегісін сіміре ішті де, қалбырды көшеге лақтыра салды. Түкіріп қояды тағы.
- Әй, қажы,-деп айқайлап жүріп әлгі адамға жетіп ап, құтысын қолына бердім.
- Қасиетті қаланы былғауға, қоқыс тастауға қалай дәтің барады, - деймін әлгі жерде. Түсінбеді. Қалбырды қолына ұстаған күйі кете барды.
Жанымдағы жол көрсетуші араб досыма, мынау кісінің бұл ісіне разы еместігімді жеткіздім.

- Меккеге қажылық маусымында 4-5 миллион халық келеді. Олардың ішінде мәдениеттісі де бар, әдебі шамалы, қарадүрсіндері де көп. Жаныңды ауыртатыны, әлгі адам секілділері көпшілікті құрайды. Олар жылдар бойы армандайды. Алла тілегін береді. Келеді. 2 аптадай болады, кетеді. Ал артынан таудай-таудай қоқыс қалады,-деді араб босым.
Расымен де. Айналама қарасам, үйілген қоқыс. Бойымды үрей биледі. Осыншама көп қоқысты Сауд елі 1-2 жылда тазалап үлгермейтін сияқты. Сұмдық көп. Сосын сұрадым:
- Таудан да көп қоқысты қайтіп тазалайсыңдар?
- Құдай көмектеседі.
Күліп жібердім. «Мынауың орынсыз әзіл. Мейлі діни, дүнияуи нәрселерге Алла көмек береді ғой. Бірақ, қаланы қоқыстан тазартуға Құдайды араластырғаның не?» деймін ғой баяғы.

- Құдай көмектеседі,- деп қайталады сабырлықпен.  - Қажылық аяқталғанда, өзің де куә боласың, - деп арқамнан қақты.
Қажылық аяқталды. Қағбамен қоштасу тәуабын жасап жатырмыз. Қолымды көкке жайып, дұға қайырып келемін. Бет-жүзім су болып кетті. Жоқ, көз жасым емес еді бұл. Көктен жаңбыр себелеп бастапты. Бір уақытта, нөсерлетті дейсің. Соңғы айналымды белуардан су кешіп жүріп тәмамдадық.
Әл-харам мешітінен де шықтық. Міне керемет. Мынау сел-жаңбыр, қаланы тазалап жатыр. Рас айтам. Көшелердегі тау болып үйіліп қалған қоқыстарды жаңбыр суы көтеріп ап, шахардың сыртына қарай ағызып әкетіп барады... 
Таңғалып тұрғанда, артымнан әлгі араб бауырым келді.

- Айттым ғой саған. Алла көмектеседі деп. Енді сендің бе? - дейді.

Мен басымды изей бердім...

 

 

#қажылық #мекке сапары

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер