Этно-фольклор ансамбілін құрмақпыз

Сыбызғышы Жанұзақ Исабаевпен сұхбат

Мәдениеті жоғары елдің рухы биік. «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», деген еді Елбасымыз Н.Назарбаев. Ұлттық өнерді меңгеріп, киелі аспаптың дәстүрін жалғастырып жүрген жандардың бірі – Жанұзақ Исабаев. Ол сыбызғы үнін қазақтың құлағына сіңіру, осы аспапты меңгерген жастардың біліктілігін арттыру үшін еңбек етіп келеді. Оның шығармашылығы, өнерге көзқарасы туралы сұрастырып, сұхбат дайындаған едік. 

– Сіз жайлы ғаламторда сазгер, сыбызғышы, домбырашы, қолөнер шебері деп жазыпты, осылардың ішінде ең жаныңызға жақыны қайсы?

– Мені сазгер деп жіберсе, артық кетіпті. Білмейтін біреу жазған секілді. Жаныма жақын өнер деп сыбызғыны ерекше айта аламын. Домбыраны да кәсіби меңгерген едім. Сол сияқты қурайшы деген екінші мамандығым бар. Ол өзім айтып кеткен сыбызғы өнері. Оны Башқұртсанда оқып, толық меңгеріп келдім. Ал хобби ретінде қолөнермен айналысамын. Былғарыдан әртүрлі бұйымдар жасаймын.

– Негізгі жұмысыңыз Ұлттық Ұлан гвардиясының ән-би ансамблі жанынан құрылған «Кеурен» этно-фольклорлық ансамблі дегенді оқып қалдым...

– Бұл ансамбль әлі ресми жұмыс жасамайды. Негізгі жұмысым – Ұлттық Ұлан гвардиясындағы ән-би ансамблі.

– Сонда  «Керуен» ансамблі әлі құрылған жоқ қой. Ол құрылатын ансамбль ме?

– Болашақта міндетті түрде құратын боламыз.

– Нақты қандай кезеңінде тұрсыздар? Оны құрудағы мақсаттарыңыз қандай?

– Бірінші жұмыс атын өзгертеміз. Әзірге кадрлар іздеп жүрміз. Ол өзі айтып тұрғандай этно-фольклорлық бағыттағы ансамбль болады. Мақсатымыз – қазақ халқының көне, жоғалып бара жатқан көне аспаптарын көпшілікке көрсету, соны бүгінгі музыканың жанрымен араластыра отырып, әлемге алып шыға алатындай дүние жасау. Халықтың, оның ішінде жас буынның көне дәстүрге деген ықыласын оятқымыз келеді. 

– Онда қандай аспаптарды біріктіресіздер?

– Жетіген, адырна, сыбызғы, шаңқобыз, дабыл, даңғыра деген аспаптар енгізіледі. Сол сияқты түркілердің көне аспабы - барбыт та болады. Тағы да көмей өнерін қосқымыз келеді. Яғни, халық ұмытып бара жатқан өнерді қолға аламыз.

– Көмей демекші, бұл өнерді де меңгердіңіз бе?

– Меңгердім. Кәсіби түрде болмаса да, қабілетім бар. Оның үстіне сыбызғы мен шаңқобызда ойнаймын. Оларды ойнауға көмейдің көмегі көп.  Жалпы, бұлар бір-бірімен тығыз байланысты.

– Көмей өнерін адам өзінен қалай байқайды? Сіздің айналысып келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

– Ол есту арқылы келеді. Қатты ұнап, әсер қалдырса сіздің де қолыңыздан келеді. Нақтырақ көмейіңізден үн шығады. Қандай дәрежеде шығады, ол тікелей өзіңізге, көмейіңіздегі байланыстарға, музыкалық қабілетіңізге байланысты.  Өзім көмей өнерімен шұғылдануды 5-6 жыл бұрын бастағанмын. Дүние жүзіндегі әр түрлі топтарды тыңдап жүріп, өзіме жақын екенін түсіндім. Бұл өнер тува, хакас, якут және моңғол халықтарында жақсы дамыған. Шамамен екі жылда дайындалып, өзімді жақсы деңгейге көтере алдым. Адам күнделікті дайындала берсе, соңында жақсы нәтижеге қол жеткізе алады емес пе?!

– Жанұзақ, сіздің домбыра бойынша ұзақ жыл кәсіби білім алғаныңызды білеміз, неге уақыт өте сыбызғыға өтіп кеттіңіз?

– Домбыраны қабырғаға түбегейлі іліп тастағаным жоқ. Ара-тұра қолыма алып тұрамын. Ал сыбызғының үні мені, менің жанымды жаулап алды. Ойнап отырып, бүкіл жан-дүнием жаңарады, жеңілденіп қаламын. Бұл аспаптың сананы өзгертуге ықпалы зор. Басты айта кетерлігі, тыныс алу органдарының ауруларына ем бола алады. Өкпе, тамақ, кеудедегі дерттердің бірден бір шипасын осы аспаптан табасыз.

Башқұртстанда оқу идеясы қайдан туындады?

– Бар ынтаммен сыбызғыны меңгеруім керек деп шештім. Себебі, бұл аспаппен «ауырдым». Ұйықтағанда қасымда алып жататын болдым. Неде болса, кәсіби білім алып шығайын деп, 2014 жылы Башқұртстанға аттанып, Салауат қаласындағы музыка колледжіне Қурай-сыбызғы сыныбына тапсырып, білікті ұстаз Нұриев Талғат Мұхарләмұлының сыныбын 2017 жылы тәмамдадым.

– Башқұрттар қазақ сыбызғышысына қандай баға берді деп ойлайсыз?

– Колледжді тездетіп бітіріп шықтым. Ондағы профессорлар менің сыбызғыдан шыққан дыбысымның ерекшелігіне аса мән беретін. Башқұрттардың ойнауына тіптен ұқсамайды дейтін.

– Мүмкін сізде қазақилық орындау бар шығар?

– Ол да мүмкін. Бірақ, осындағы қазақ сыбызғышылары да «дыбысың адамның құлағының құрышын қандырады» деген пікірлер айтты.

– Қазақстанда өзіңіз айтып отырған башқұрттардағыдай қурай мамандығы бар ма?

– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консеравторияда Талғат Мұқышев деген ағамыз сыбызғы мамандығы бойынша дәріс береді. Әзірге, жалғыз үйрететін оқу орны сол болып тұр.

– Оқу орнын бітірген түлектер осы өнер бойынша жұмыс табуда қиналмай ма?

– Осы жағы қиындау болып тұр. Біз секілді шетелден білім алып келсе де, сыбызғышы болып жұмысқа тұру қиынның қиыны. Өйткені, қазақ санасы сыбызғы аспабынан кішкене алшақтап кетті. Біз секілді басқа да орындаушылар қазір осы өнерді қайта жаңғыртуға тырысып жатырмыз.

– Қазақ тарихында қандай мықты сыбызғышылар өткен?

– Батыс Қазақстанда Сармалай деген көпке белгілі күйші өткен. Маңғыстаудан шыққан Бүйімсәтті де айтуға болады. Алтай өңірінде Оспанғали, Шанақ, Тілеке, Жантелі, Шерубай секілді аты көпке мәлім болған сыбызғышылар болған. Бертін келе Б.Шерубаев, О.Қожабергенов, Ш.Ауғанбаев сынды өнерпаздар шықты. Қазірде көзі тірі Кәлек Құмақайұлы деген күйші бар. Ол Моңғолияның мәдениет қайраткері.

– Олардың қандай күйлері бізге жетіп отыр?

– Сыбызғыдан бізге жеткен күйлер жетерлік. Олардың тақырыптары да әртүрлі. Төрт-түлік малды сипаттайтын, жан-жануарларға арналған «Көк бұқа», Бозінген», Ақсақ қой», «Ақ бөкен», «Сарыала қаз» сынды күйлерді айтуға болады. Сол сияқты табиғаттың көркемдігін күйге қосқан сыбызғышылар да болған. «Кең жайлау», «Ертістің толқыны» секілді күйлер соған айғақ.

– Енді әңгімені Ұлттық Ұлан гвардиясындағы ән-би ансамбіліне бұрсақ. Ансамбльде қандай топтар бар?

– Ол жерде бишілер тобы, ерлер хоры, үрмелі аспаптар оркестрі, фольклорлық аспаптар ансамблі бар. Барлығын біріктіретін оркестр жыл сайын концерт өткізеді. Қазір осыған қызу дайындық үстіндеміз.  

– Концерт қашан өтеді?

– Келесі жылдың қаңтар айының басына жоспарланып отыр. Біз әзірге фольклорлық ансамбльді жандандырып, репертуарымызды кеңейтіп жатырмыз.

– Сіздің ансамбліңізде неше адам жұмыс жасайды?

– Оншақты өнерпаздан құралған. Домбыра, шертер, баян, жетіген, сыбызғы және тағы басқа аспаптарда орындайтындар бар.

– Қазақстанда сыбызғы жасайтын шеберлер көп пе? Өзіңіз қайдан аласыз?

– Мықты, кәсіби шеберлер жоқтың қасы. Тіпті оларды саусақпен санап алуға болады. Менің сыбызғым Башқұртстаннан алынған. Ол жақта бұл өнер жақсы деңгейде дамығанын айта кеттім ғой, шеберлері де мықты.

– Қазіргі қазақ халқының ұлттық өнерінің даму деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Ұлттық өнердің даму қарқыны жаман емес. Бірақ, кездесіп жатқан кедергілер де жетерлік.  Алдымен, этно-фольклорлық өнерге толық зерттеу жүрігізіп, оны халықпен жақын таныстыру керек. Сол сияқты осы кенде қалып жатқан аспаптардың басын біріктіріп ансамбльдер құрып, аймақтарды аралап, көпке таныстыру керек.

– Өзіңіз сыбызғыны дамыту үшін қандай жұмыстар атқарып жатырсыз?

– Сыбызғыны үйренем деушілерге сабақ өткізуге дайынмын. Елімізідң түкпір-түкпірінде болып жатқан фестивальдерге белсенді қатысып тұрамын. Атырауда «Алаш қозғалысының 100 жылдығына» байланысты этно-фольклорлық фестиваль ұйымдастырдық. Қолымнан келгенше, көпке таныстырып келемін. Өзіңіз көріп тұрғандай, қасымнан бір елі тастамаймын.

– Сұхбатыңызға көп рақмет.

(Сурет Жанұзақ Исабаевтың жеке мұрағатынан алынды)

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер