Әлемді көзбен емес, жүрекпен сезінуге үйрететіндер

Балғындарды қуыршақтар әлемімен таныстыратын әртістердің жұмысы жайында не білеміз? 

Театр – мәдениет пен өнердің орнына айналған мекен. Мұнда келген көрермен ішкі рухани жан дүниесін байытып, ойы мен сана-сезімін тазалап отырады. Бұл халықты тәрбиелемейді. Бар болғаны ой салушы - орын. Қазіргі кезде өмірдің ащы шындығын, жақсы мен жаманын, ақ пен қарасының ара-жігін ажыратып берер қойылымдар театрларда сахналанып жүр. Солардың ішінде балаларға арналған қуыршақтар театрлары жайында біз не білеміз?

Жалпы бұл туралы алғашқы деректер сонау Аристотель мен Геродоттың еңбектерінде көп кездеседі екен. Қазіргі күні Америка мен Еуропа елдерінде кең дамыған. Ал қазақ жерінде қуыршақтар театры тамырын ұлттық ойындардан бастау алады. Мәселен, ықылым заманнан келе жатқан «Ортеке» ойыны осыған дәлел. Ағаштан жонылып жасалған киік немесе ат мүсіншесін сылдырмақтап жіп тағып, домбыра тартқанда жіптің бір ұшын ішекті шертер саусаққа іліп билететін болған. Тартылған күй ырғағына қарай «Ортеке» ойын көрсеткен. Қазіргі кезде еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Жезқазған, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақтау, солтүстік пен оңтүстік аймақтарында қуыршақтар театрының қойылымдары жиі қойылып жүр. Солардың бірі де бірегейі – елордадағы «Қуыршақ» театры. Бас қаланың мәдени және рухани өмірінде елеулі орын алатын өнер ордасы алдымен 2007 жылы бөлімше болып ашылды. Кейін 2010 жылы елорда әкімдігінің қалалық жеке қуыршақ театры болып жұмыс істеді. Бірақ та өздерінің жеке ғимараттарының болмауы, жас театрды әбден әбігерге түсірген. Арада 5 жыл өткен соң, яғни 2015 жылы бас қаланың мейрамы қарсаңында шағындау болса да ішінде сахнасы бар ғимарат берілді. Оның негізін қалаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Халықтар достығы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор Құралай Қалекетқызы Ешмұратова. Қазірде ол көркемдік жетекшісі қызметін атқарады. Бүгінгі таңда өнер ордасының директоры – мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері – Тоғжан Ескендірқызы Хасанғалиева. Сонымен қоса, театрдың қоюшы-режиссері 2011 жылы «Үздік актриса» атанған Айжан Кәрібайқызы Салаева.

Алғашында театрда Досымхан Бейсенбаев, Анар Ешмұратова, Айгүл Мақұлбекова, Дархан Мүслімов, Салтанат Мағзұм сынды бар-жоғы бірнеше әртіс жұмыс істепті. Алайда уақыт өте құрам осы салаға қызығушылық танытқан жастармен толыққан. Қуыршақ әлемінің сиқырлы құдіретін бүлдіршіндерге жан-жүректерімен сезінуге мұндағы әртістер барын салып, сахналап жүр. Солардың бірі – оралдық Мұхит Ташпенов. Мұнда жеті жылдан бері қызмет етіп жүрген ол Батыс Қазақстан облысының Құрманғазы атындағы саз колледжінің актер-өнер бөлімін тәмамдаған. Қазір жұмыспен қоса «Шабыт» қазақ ұлттық өнер академиясының театр режиссурасы бөлімінің соңғы курсында оқып жүр.

Фотода: Роза Мұқанованың "Мәңгілік бала бейне" қойылымының кейіпкерлері  Ләйлә мен Болтай

– Бала кезімнен сахнаны жақсы көретінмін. Мектепте оқып жүргенде «Әнші балапан» сынды түрлі өнер жарыстарына қатысып тұрдым. Содан бастап бұл салаға деген қызығушылығым артып, болашақта актер болуды, жалпы өнер саласында еңбек етуді армандадым.

Бұл жер өзге театрлардан қуыршақтармен және оның жұмысының күрделілігімен ерекшеленеді. Себебі жансыз бейнелерді «тірілтіп», кішкентай көрермендерді иландыру оңай жұмыс емес. Осындай жауапты міндетті ойдағыдай атқарып жүрген өнер иесі көрермен көңілінен шығу үшін таңнан кешке дейін дайындалатынын айтады.

– Бір қуыршақты драма әртісіне апарып беріңізші... Олар оны қимылдату түгілі оған жан бітіре алмайды. Ал біздер бұлармен қоса, өзіміздегі эмоциямызды қуыршақтармен көрсетіп, көрерменге жеткіземіз. Сахнада қуыршақты үзіліссіз 45-50 минут бойы ойнату кез-келген жанның қолынан келе бермейді. Сондықтан қуыршақ театрының жұмысына жеңіл қарамау керек.

Жалпы Мұхит секілді әртістер қуыршақтар арқылы барлық жастағы көрермендерге түрлі қойылымдар мен ойындар көрсетумен шұғылданады. Олар қуыршақтарды қимылға келтіріп, оның сөзін өздері айтып тұрады. Қазіргі кезде қуыршақтардың бірнеше түрін сахналап жүр.

– Олар қолға киіп ойнайтын киілмелі, сым арқылы қозғалтатын сылдырмақты деп бірнеше топқа жіктеледі. Осы уақытқа дейін ойнаған кейіпкерлерім әр түрлі болды. Бас-аяғы өзімнің 15 шақты рөлім бар. Өзіме ең алғаш ойнаған «Мадагаскар» мультфильміндегі Мартидің рөлі қатты ұнайды. Мен көбінесе қолғапты (марионетка) және бойлы қуыршақтарды ойнатамын. Біз балалар мен үлкендер аудиториясына арнап түрлі қызықты спектакльдер қоямыз.

Фотода:"Мадагаскар-3" мультфильмінің желісі бойынша "Байқа, жолда балақай!" қойылымының кейіпкері Марти

Мұнда келген көрермендер кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Ер Төстік», «Арыстан патша» сынды аңыз-ертегілерден бөлек, отандық және шетелдік заманауи туындыларды да тамашалай алады. Олар «Менің салған суретім», «Байқа жолда, балақай», «Мен сияқты жаса», «Орманда болған оқиға», «Ана құдіреті», «Махаббат туралы аңыз», «Сиқырлы сөздер», «О, тоба» және шетелдік драматургтердің «Сарбаздың бақырашы», «Су перісі» сынды туындылар.

– Қойылым басталмас бұрын үстіне түрлі мультфильм кейіпкерлерінің киімін киген аниматорлық топ фойеде балалармен ойындар ойнап, көңіл-күйлерін көтереді. Бұл не үшін керек деп ойлайсыз? Кішкентай көрермендерді ойнатып, күлдіріп, секіртіп алғаннан кейін залға кіргізгенде олар у-лап шуламай, тып-тыныш біздің қойған қойылымдарды көреді.

Мұхиттың айтуынша, режиссер әрі әртіс болғысы келетіндер ең алдымен өзіміздің және шетелдік класстиктерді көп оқу керек. Екіншіден – үздіксіз ізденісте болуы қажет. Өйткені мамандық тек танымалдылықтан тұрмайды. Жалпы көрерменнің жүрегінен орын табу, оның көңілінен шығу өте қиын шаруа.

Театрда қойылымдарды сахналайтын екі үлкен кәсіби шығармашылық топ жұмыс істейді. Біріншісі актерлер болса, екіншісі көркемдік қойылым бөлімі. Бұған қоса, театрдың іші де жарық және қараңғы жақтар болып екіге бөлінеді. Алғашқысына қонақтар кіретін ашық әрі сәулетті зал болса, келесісі сахна сырты немесе кулисаның арты. Ол жаққа өнер көрсететін өнерпаздар мен қызметкерлерден өзге бөтен кісілерге кіруге рұқсат етілмейді. Мұнда әртістер бет-әлпеттерін бояп, грим салса, енді біреулері айтатын сөздерін пысықтайды.

Қойылым барысында кейіпкерлердің екеуара диалогтерін тыңдау, көру кезінде денеміздің түршігіп, еттің елжіреп, жанның тебіренуі сынды ішкі-сыртқы сезім мүшелеріміздің де жұмысы қатар жүріп отырады. Көрерменге спектакль тақырыбына сай безендірілген көздің жауын алатын декорациялар, бір-бірімен үйлесін тапқан жарық, дыбыс, әуен секілді түрлі техникалық жабдықтар, әртістердің жанды дауыста айтқан сөздері мен қимылдары барлығы да көрермен жүрегіне жол табары сөзсіз.

– Біздің күнделікті жұмысымыз айнаның алдыңда қуыршақпен дайындалудан басталады. Кейін акробатика, гимнастика секілді жаттығуларды жасап, денені шынықтырып аламыз. Содан соң сахнаға барып, алда өтетін қойылымға дайындалуға кірісеміз. Кезекті ойнайтын қуыршақтарымызды нақтылап алғаннан кейін біз оның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, дауыс манері жайлы ақпараттар іздейміз. Соған ұқсастырып, өзімізді де әзірлейміз.

Жалпы мұнда көрсетілетін қойылымдарға дайындық уақыты көрермендердің жас ерекшелігіне және күрделілігіне байланысты болып келеді. Мәселен, бала-бақша балаларына арналған спектакльдерді дайындауға шамамен бір жарым не екі айдай уақыт кетеді екен.

– Біз балаларға ақ пен қараны ажыратуға, үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, тазалыққа, жақсылыққа, мейірімділікке үйретеміз. Бір айта кетерлігі, біздің спектакльдерде зұлымдықтан гөрі жақсылық басымырақ болып келеді. Өйткені біз баланың сана-сезімінің, ойлау қабілетінің жетілуіне бірден-бір себепкер болатын театрмыз. Ал ересектер қауымы біздің қойылымдар арқылы балалық шаққа саяхат жасайды. Жалпы бұл кез-келген қойылымнан кейін барша әлемді көзбен емес, жүрекпен қарауға үйрететін орын.

Біраз уақыттан бері қуыршақтарға жан бітірумен айналысатындар негізінен кқңілдері баладай жұмсақ және жүректері нәзік болып келетінін айтады. Яғни тез ренжіп, тез ұмытып кетеді екен.

Фотода:"Наурызбектің хикаясы" қойылымы

Көрермен залы 160 орынға шақталған театрда қойылымдар сенбі және жексенбі күндері өтеді. Екі тілде қуыршақтарды сөйлететін әртістер басқа күндері өзге де жерлерде өнер көрсетеді. Әсіресе қала деңгейінде атап өтілетін мерекелерде алаңдарға шығып, халықтың алдыңда өнерлерің паш етіп, дүйім жұрттың көңіл-күйін көтереді. Сондай-ақ арнайы тапсырыстармен бала-бақшалар мен мектептерге және қайырымдылық іс-шараларына да қатысады. Мұнда олар көздің жауын алатын әрі әр мерекеге сай костюмдерін киіп, түрлі елдің қуыршақтарын мың бұралтып билетіп, ән айттырып жиналған өнерсүйер қауымды қуанышқа бөлейді.

Талант иесінің алдағы уақыттағы жоспарлары өте көп. Болашақта үлкен ареналарға шығып, өнер көрсетіп, қазақ қуыршақтар театрын төрткүл дүниеге танымал етуді мақсат етеді. Ең бастысы қазір қызмет етіп жүрген ғимаратын үлкейтуді қалайды.

– Өнер адамдарында арман көп болады демекші, қуыршақ театрының режиссурасын толық меңгеріп, осы саланы елімізде кеңінен дамытқым келеді.

Фотода: Жаңа жылдық шыршаның жағылу сәтіндегі адам бойлы қуыршақтар 

Айта кетейік, ашылғанына небәрі бірнеше жыл болған театрдың шығармашылық ұжымы аз уақытта көптеген жетістікке жетіп үлгерді. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын 2013 жылы бас қалада өткен «Ортеке» халықаралық фестиваліне қатысып, «Арыстан патша» қойылымы «Үздік спектакль» марапатын жеңіп алды. Сонымен қоса, олар XVII стамбулдық театр фестиваліне де қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Шетелге көп шығатын олар осыған дейін Болгария, Малайзия, Тунис елдеріне барып, жергілікті тұрғындарды қазақтың мәдениетімен таныстырып жүр.

«Бүкіл әлем – театр. Ал біз оның актерлеріміз» демекші, көрермен жүрегін баурап үлгерген театр ұжымының алда алар асулары көп болсын деген ниет бар.

#қуыршақ театры #Мұхит Ташпенов

Ұқсас материалдар