ТОП-10. 2019 жылы жарық көретін отандық фильмдер

Отандық кино әлемінде қандай жаңалықтар бар?

Жыл басталғанына екі ай толмаса да, жергілікті режиссерлер бірнеше киноны көпшілік қауымға ұсынып үлгерді. Оның қатарында Баян Алагөзованың «Махаббат бекеті», Әлішер Өтевтың «Брат или брак 2», Әсел Сәдуақасованың «Келинка тоже человек 2» секілді фильмдері бар. Сонымен қатар, бұл жылы ел кино өндірісі бірнеше тарихи туындылармен толығады.

1. «Томирис»

Ақан Сатаев режиссерлік етіп жатқан фильмнің түсірілімі өткен жылы басталған. Массагеттер ханшайымының рөлі кино дебютанты Альмира Тұрсынға бұйырған болатын. Осы фильм үшін арнайы Қапшағайда Спаргапис пен «Қазақфильм» аумағындағы  Вавилион декорация алаңы құрылды. Тігіншілер мен шеберлер мың шақты костюм мен он мыңнан аса қару-жарақ әзірледі.

Фильмнің оқиғасы біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда өрбиді. Сақ патшайымы Томирис парсылық патша Кир ІІ-ге керемет тойтарыс береді. Мұндай тарихи оқиғаны көгілдір экранға алып шығу идеясын ұсынған – Әлия Назарбаева. Қазақ еліне танымал режиссер киноны өз деңгейінде фильмсүйер қауымға ұсынады деп күтеміз.

2. «Қуандық»

Отандық режиссер Әділхан Ержанов Серік Әбішовпен бірлесе «Қуандық» фильмін түсірді. Фильм бар-жоғы 11 күнде таспаға түскен. Оқиға көпшілікті дүр сілкіндірген адам өлімін ашуға тырысқан жергілікті тергеуші мен қалалық журналист қыздың жұмысы жайында болмақ. Басты рөлді Данияр Алшынов пен Динара Бақтыбаева сомдады. «Қуандықтың» сценарий І халықаралық питчингтік жоба Almaty Film Festival-де жеңіске жеткен болатын. Сол себепті фильмнің барлық шығынын Astana Film Fund-ы өз мойнына алған. Киносүйер қауым фильмді көктем айларында халықаралық кинофестивальдерден көруге мүмкіндігі бар. Ал Қазақстандағы премьерасы II Almaty Film Festival аясында өтеді деп жоспарланып отыр.

3. «Тренинг личного роста»

Фархат Шәріповтің фильмі 2018 жылы өткен Шәкен Айманов кинофестивалінде көрсетілген еді. Бірақ, көпшілікке тек 31-қаңтар күні ғана таныстырылымы болды. Фильмдегі басты рөлдерді белгілі актерлар Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіпов сомдаған.

Оқиға ортасында өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтып алған әрі орта жастағы дағдарысты бастан өткеруші ер адам жүреді. Бір күні ол жеке басын дамыту тренингіне қатысып, көшбасшы болудың құпиясымен танысады. Кейінірек басты рөлдегі кейіпкер Данияр есімді танысын жолықтырып, сол сәттен бастап оның өмірі өзгере бастайды.

«Тренинг личного роста» – бұл өміріңді өзгертуге ешқашан кеш еместігін ұғындыратын фильм. Біз осы картина арқылы кейбір проблемалар мен адамның ішкі арпалысын көрсеткіміз келді», – дейді драма режиссері Фархат Шәріпов.

4. «Нартай»

Гүлнәр Сәрсенова мен Дмитрий Цинцадзе өткен жылдың қараша айында фильмнің алғашқы түсірілім жобасын тәмамдаған еді. Нақты фильмнің толық түсірілімі осы жылдың жаз мезгілінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Басты рөл Шарифбек Зәкіровке бұйырған. Режиссер Гүлнәр Сәрсенова қазір отандық кинотеатрларда жүріп жатқан «Айка» картинасының продюсерлерінің бірі болған.

Фильм өткен ғасырдың 90-жылдарында Нартай мен оның досы Эдик тағдырдың жазуымен Германиядан бір-ақ шыққан кезден басталады. Оның бірі эмиграция туралы мүлде ойламаса, келесі кейіпкер шетелде өмір сүруді алдын ала жоспарлап барған. Нартай елге қайтып оралу үшін барын салса, Эдик кері қайтуға ниетсіз. Себебі ол өз елінің болашағына күдікпен қарайды. Бір-біріне қарама-қарсы қос кейіпкер арқылы көрермендер Отан мен адам арасындағы байланысты көре алады. Лента Владимир Куниннің атақты романы «Русские на Мариенплацтың» желісінде түсіріліп жатыр. Сценарийдің авторы – Сергей Калужанов. Нартайдың прототипі ретінде Т-72 танкының механигі, жерлесіміз Нартай Сапарғалиев алынған. Көрермендерді Нартайдың шетелде бастан өткерген қызықты оқиғалары күтіп тұр.

Гүлнәр Сәрсенова осы романды оқыған кезде-ақ көркем фильм түсіруді ойлағанын айтады. «Алғаш идея 25 жыл бұрын келген. Бұл жобамен жұмыс жасап жатқаныма үш жылдың жүзі болып қалды», – дейді режиссер. Қазір киноның түсірілімі Қазақстанда өтіп жатыр. Алдағы уақытта түсірілім тобын Германия мен Бавария сапары күтіп тұр. «Нартай» фильмі «Мимино» мен «Терминал» фильмдерімен үндеседі. Басты рөлдегілерге қойылатын негізгі сұрақтар: «Сенің отаның қайда? Қайда тұрған жақсы? Өз еліңде жағдай ушығып тұрғанда басқа елге көшіп кеткен дұрыс па?» деген секілді болмақ», – дейді Гүлнәр Сәрсенова.

5. «Қазақ хандығы. Алтын тақ»

Тарихи сериал өз жалғасын тапты. «Қазақ хандығы. Алтын тақ» атауымен шығатын екінші маусым халықтың көсемі мен мықты әскербасы болған Хақназардың өмірге келуімен аяқталады деп күтілуде. Сценарийге Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының желісі алынып отыр. Десек те, кітаптағы барлық оқиға айна қатесіз картинаға көшірілмеген. Сценарий авторлары бұған дейін еш жерде айтылмаған деректерге сүйеніп, фильмге тарихи жаңалықтар қоспақ. Ал трилогиядан тек көгілдір экранға сай келетін эпизодтар алынбақ. Авторлар (құрамында режиссер Рүстем Әбдірашевтің өзі, жазушы Смағұл Елубай мен «Жаужүрек мың бала» мен «Рэкетир» сынды фильмдердің авторы Тимур Жақсылықов бар) телесериал жанрына келетін сюжеттерге ғана көңіл аударады.

Режиссер Рүстем Әбдірашевтың айтуынша, «Қазақ хандығы» телесериалы ұлтымыздың тарихқа деген ерекше қызығушылығының оянуына түрткі болған. «Шығармашылық топқа бірнеше алғыс хаттар келіп жатыр. Интернет пен әлеуметтік желі арқылы жылы лебіздерін білдірушілерде шек жоқ. Сонымен қатар пікірталастар болып, сынға да ұшырадық. Мұндай ірі жобаны қолға алу маған үлкен жауапкершілік артады және кеудемді мақтаныш кернейді», – дейді.

6. «Ана жүрегі»

Өткен жылы Қанағат Мұстафинмен бірлесе «Той любой ценой» фильмін түсірген Айдын Сахаман тағы бір жаңа фильмін көрермендерге ұсынуға бек кірісіп кетті. Бұл жолғы картинаның аты «Ана жүрегі» деп аталады. Фильм сюжеті ана мен бала арасындағы берік махаббатқа құрылған. Басты рөлді сомдаушы – Али Оқапов.

Әмір – танымал радиожүргізуші және тәуелсіз өмірге үйренген жігіт. Ол жұмыста жақсы жетістікке жете бастайды. Алайда, анасының келуімен оның күнделікті жұмыс кестесі өзгеріске ұшырайды. Ең жақын адамына қамқор болу мақсатында табысты жұмысынан да бас тартуға тура келеді.

Фильмге түскен тағы бір актер Роман Жуков өз Instagram парақшасында түсірілімнің өте көңілді өткенін атап өтеді. «Бұл жобаға қатысқан әрбір тұлға мен үшін өте жақсы естеліктер қалдырды» деп жазады ол.  «Ана жүрегі» қазақстандық кинотеатрларда осы жылдың сәуір айында көрсетілімге шығып қалуы мүмкін.

7. «Боксер»

Өткен жылдың соңғы айында режиссер Ақан Сатаев Олимпида чемпионы Серік Сәпиев туралы фильмге кастинг жариялаған еді. Отандық баспасөздің біріне берген сұхбатында режиссер фильм идеясы Қазақстан бокс федерациясына тиесілі екенін айтып өтті. «Серік Сәпиев Олимпиаданы бағындырған боксшы, биографиялық туындыға ол әбден лайықты тұлға. Бұл көркем фильм болуы керек. Серіктің өзі картинада төбе көрсетеді деген ойдамын. Қазір дайындық кезеңін бастап кеттік. Сценарийлік топта көп адамдар бар, бұл халықаралық деңгейдегі туынды болады деп отырмыз», – деді.

Фильм түсірілімі көктемнің соңы мен жаз айының басында басталады. Түсірілімге барлығы үш айдай уақыт жұмсалмақ. Ал туынды осы жылдың Тәуелсіздік мерекесіне орай көпшіліктің назарына ұсынылады.

«Кастинг жариялап, спортшылар мен актерларды іріктеп жатырмыз. Оларға қойылатын негізгі талап жақсы бокстаса білуі керек. Серік Сәпиевтің рөлін кәсіби біліктілігі жоқ актер сомдауы да мүмкін. Біз Серіктің 10 жасынан Олимпиада чемпионы болғанға дейінгі аралықты қамтитын боламыз», – деді режиссер.

Серік Сәпиевтің фильмінде төрт актер түседі деп жоспарланып отыр: бала, жеткіншек, жасөспірім және спортшы ретінде қалыптасқан ересек Серік.

8. «Путешественник»

Нияз Әбдіғапар өзінің үшінші толықметражды фильмін көрсетуге әзір. Детектив жанрында түсірілген фильмде саяхатшылардың жасырып кеткен байлықтары жөнінде айтылады. Ендігі мақсат, сол көзден таса қалған қазынаны табу. Картинадағы негізгі оқиға саяхатшы ата өз немерелеріне жасырып қалдырған қазынаның айналасында өрбиді. Атадан қалған байлыққа қол жеткізу үшін алты мұрагер алдымен белгілі бір жұмбақты шешуі керек. Алғашқы қадам олардың атасы тұрған үйде қақпанға түсіп қалуынан басталады. Басты рөлді сценарийдің авторы Мұрат Бисенбин сомдайды. Фильм 28 ақпан күні көпшілікке жол тартпақ.

9. «Балуан Шолақ»

Түсірілімі 2017 жылы басталған фильмнің жабық көрсетілімі желтоқсан айында болды. Көркем туынды аты алысқан тараған қазақ палуаны әрі композитор Нұрмағамбет Баймырзаұлының өміріне арналған. Балуан Шолақ рөлін сомдау үшін актер Еркебұлан Дайыров 10 келі салмақ қосуға мәжбүр болыпты.

«Ең бастысы – киносүйер қауымды Балуан Шолақтың өмірімен таныстырғым келеді. Бұл қаншалықты қолымнан келгенін экран көрсете жатар. Барлық актерлермен жұмыс жасау оңай болды. Әсіресе, басты рөлді сомдаған Еркебұлан Дайыровты, Ақылбайды ашқан Медғат Өмірәлиевті және Долгоносoвты керемет алып шыққан Александр Багрянцевті атап өтер едім», – дейді бас режиссер Нұргелді Садығұлов.

Фильм түсірілімі Алматы облысындағы Жалаңаш пен Кегенде, Павлодар мен Бурабайда өткен. Қазақстан кинотетрларына осы айдың соңғы күндері жол тартады деп болжанып отыр.

10. «Киномеханик»

2016 жылы алғашқы түсірілімі Будапештте басталған фильм өткен жылы дайын болған. Бірақ, әлі қазақстандық көрермендер көгілдір экраннан көре қойған жоқ.

Фильм сюжеті екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ер адам жайында. Басты кейіпкер соғыс кезінде бір адамның өмірін құтқарып қалады, ал жаны қалған жан өзінің өміріне араша болған батырға алғыс ретінде кинопроекторды сыйлыққа беріп кетеді. Бұл былай алып қарағанда біртүрлі сыйлық болып көрінуі мүмкін, бірақ кинопроектор басты рөлдегі кейіпкердің өмірін басқа арнаға бұрды.  Ол өз кезегінде кино түсіріп, саяхаттап, басқа адамдарға әлемді көрсетуді мақсат тұтады. Сонымен қатар, қоғамда қалыптасқан кереғар пікірлерді өзгертуге барын салады. Басты рөлді Қуат Тілеубаев пен Мұрат Мұқажановтар ойнады. Фильм түсірілімі Алматы облысына қарасты Жаркентте де өткен еді. Картина соңына қарай, Ермек Тұрсыновтың сүйікті актеріне айналған Ерболат Тоғұзақов бой көрсетеді.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

#кинофильмдер

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер