Өмірде бәрі кинодағыдай емес...

"Қыз бен теңіз" әлеуметтік драмасы жайында

Фильм сюжеті Әсел мен Тахир махаббаты төңірегінде. Әсел қолөнермен айналысады, өмірге көзқарасы жеңіл, армандары да қарапайым: сүйіктісіне тұрмысқа шығып, бала сүю.  Бірақ сол арманы үшін тау қопарып, күресуге дайын. Тахир өнер адамы. Қиялшыл. Актерлердің арманы Гамлетті ойнау емес пе? Ал Тахирдың кинодағы алғашқы қадамы Гамлет болса, бұл межеден түсу оңай ма?  Бұл екі жасқа ортақ дүние – диагнозы. Балалардың церебралдық параличі екеуін де арбаға таңып қойды.

Фильм «Қазақфильм» киностудиясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Новый мир» мүмкіндігі шектеулі балалардың ата аналары қауымдастығының видеостудиясының қатысуымен түсірілді. Фильм режиссерлері Азиз Заиров және Мұхамед Мамырбеков. Кинотуынды сценарийіне қазақстандық Динара Шарипованың (басты кейіпкер Әселдің рөлін ойнайды) өмірде болған оқиғасы арқау болды. Динара БЦП шалдыққанына қарамастан белсенді өмір салтын ұстанады. Ол әңгімелер жазады, бисер тоқиды, қолөнер бұйымдарын жасап, үйірмелер ұйымдастырады. 2015 жылы оның картиналарының көрмесі  Ә. Қастеев атындағы музейде ұйымдастырылған болатын. Оның салған суреттері тек Қазақстан ғана емес, Жапония, Англия және Америкадағы жеке коллекциялар қатарын толықтырып тұр.     

Бұл әлеуметтік драмаданың өзге драмалардан артықшылығы - актерлері. Олар кәсіби актерлер болмаса да бұл рольді тәжірибелі актерлерден артық орындады деп ойлаймын. Тахир образын сомдаған Тахир Умаров шынында да 2017 жылы Азиз Заиров пен Мухамед Мамырбековтың Уильям Шекспирдің «Гамлет» пьесасының мотиві бойынша түсірілген «Быть ли не быть» фильмінде басты рөлді ойнады. 2017 жылы бұл фильм Open Central Asia Festivalде, Сан-Францискода өткен «Superfest» кинофестивалінде, Мәскеудегі «Кино без барьеров» фестивалінде жүлделі орын алған еді. Ал Англияның танымал актрисасы, режжисері Сара Бергер Тахир Умаров туралы "Ол осыған дейін көрген Гамлеттердің ең мықтысы" деген болатын.

Фильм барысында режисерлер көптеген ойды кейіпкерлер фразалары арқылы айтады. Әселдің арманы «ханзадасына» тұрмысқа шығып, бала сүю.

- Біреуді сүю ұят емес қой? Сал ауруы кедергі бола алмайды!, - дейді Әсел.

Ал Тахир мұндай арманшыл, ашық адам емес. Тахирдың анасына деген реніші бүкіл әлемге деген сенімсіздікке, өкпеге ұласқан сияқты. Ол армандаудан жасқанады. Алғашқы кедергілерден ақ сынып қалады. Оның ішкі әлемінде мақсаттан гөрі агрессия басымырақ. Фильмде өрбіген сюжетке қарап адамді шектейтін арба, кемтарлық, физикалық кедергілер емес, санасындағы өкпе-реніш, сенімсіздік деген ой келеді.

Актер болуға ұмытылған Тахирдың жолында кездескен жандар біз өмірімізде жиі көретін «психологиялық мүгедектерді» еске салады. Фильм әртүрлі көрерменге әртүрлі ой салуы мүмкін. Көрермендерден кинокартина туралы әсерін сұрағанымда пікір қайшылығын байқадым. Біреуде аяныш тудырды, біреу риза болса, біреу философиялық ойға батты. Меніңше барлығы санаға байланысты сияқты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарасыңыз қалай? Оларды тең көресіз бе әлде мүсіркей қарайсыз ба? Бұл драма сіздің санаңызды жалаңаштайды. Стереотип, мораль, жалған образдар, мұның барлығы ысырылып қалып, нағыз өзіңіз қаласыз. 

Махаббат баяндары ақ көйлекті қалыңдықтың қуаныштан бал-бұл жайнаған жүзі, ханзаданың риза кейпімен аяқталмайтын ба еді? Бұл фильмнің хеппи энді мұндай емес. Бірақ өмірде кинодағыдай емес қой...

 

#әлеуметтік кино

Ұқсас материалдар