EQUUS жүлде алды

Жылқы тарихы туралы фильм қандай жүлдеге ие болды?

 

“Адам жылқы мінезді” дейді қазақ. Сонда адам мен атты не байланыстырады? Әрине, тарих. Жылқының жабайы жануардан адамның сенімді серігіне айналғанға дейінгі ол тарихты “EQUUS: Жылқы тарихы” фильмі баяндайды. Қазақстандағы премьерасы осы жылдың қаңтар айында өткен бұл фильм “Canadian Screen Awards” премиясының иегері атанды.

“EQUUS: Жылқы тарихы” фильмі канадалық режиссер Найоб Томпсонның туындысы. Сондай-ақ жобаға продюсер ретінде қазақстандық зерттеуші Нұрбол Баймұхан қатысқан болатын. Қазақстандық және әлемдік медиахолдингтердің бірлесе жасалған жобасы Канадада өткен “Canadian Screen Awards” премиясының үш бірдей номинациясын жеңіп алды.

Үздік музыкалық сүйемелдеу

Режиссер Найоб Томпсон фильм саундтрегін композитор Даррен Фангке тапсырған болатын. Бұл туынды жанды музыка болуымен ерекшеленеді. Саундтрек симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Эдмонтондағы Winspear орталығында жазылған.

Үздік операторлық жұмыс

“Canadian Screen Awards” премиясының үздік операторлық жұмыс ноинациясына “EQUUS: Жылқы тарихы” фильмінің операторлары Дарон Донахью мен Арон Мансон ие болды. Операторлар 11 елді аралап, әр түрлі ауа райында жұмыс жасаған болатын. "Жылқыларды видеоға түсірудің де өз қызығы мен шыжығы бар", - деп еске алады режиссер.

Үздік деректі фильм

Ал фильмнің өзі Роб Стюарт атындағы ғылым және табиғат тақырыбындағы үздік деректі фильм номинациясына ие болды. "Біздің фильм үш бірдей номинация бойынша жеңімпаз атанды. Композитор Даррен Фанг және операторлар Дарон Донахью мен Арон Мансон үшін қуаныштымын. Ал Роб Стюарт жүлдесі барлық команда үшін үлкен сый болды", - дейді Найоб Томпсон.

Фильм не жайлы?

Найоби Томпсон - канадалық антрополог. Ол өз мамандығын шығармашылықпен ұштастырып, зерттеу жұмыстары бойынша фильм түсіреді. Бұған дейін адамзаттың тарихы жайлы Great Human Odyssey және өлім мен донорық туралы Momento Mori документалды фильмдерін түсірген Найоби екі жыл бұрын жылқы тарихын зерттеуге кіріседі.

“Адамзатқа жылқыдай жәрдемдескен жануар жоқ. Мына әлемді де жылқының күшімен құрдық”, - дейді режиссер, -”Онда адам мен жылқыны дос қылған қандай құдірет? 6000 жыл бұрын қолға үйретілген жылқыдан қалай 400-ден аса тұқым тарады?”. Осы сұрақтардың жауабын іздеген режиссер ұзақ сапарға аттанды.

Түсіру жұмыстары 11 елде жүргізіліп, 18 айға созылған. Көшпенділер мәдениетінен бастап қазіргі жылқы зерттеушілерінің жұмыстары сипатталған фильм 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім жылқының шығу тегі жайлы. Найоби Томпсон уақытты 45 миллион жыл кері шегіндіріп, жылқы жануарының тарихы қашан және қалай басталғанын баяндайды. Сондай-ақ оның мінезіне де тоқталады. Жылқы психологы Карен Маккомбтың айтуынша, бұл жануарлардың эмоционалды интеллекті өте жақсы дамыған көрінеді. Адаммен байланысу үшін олар 17 түрлі ым-ишатат қолданады екен.

Адамзат жылқыны қалай қолға үйретті? Жылқыға алғаш мінген адамдардың мәдениетімен танысу үшін режиссер Қазақстанға келген болатын. Еліміздегі неолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш осы жерде қолға үйретілгенін көрсетті. Найоб Томпсон болса, алғашқы сал аттылардың өмірін көрерменге барынша шынайы жеткізу үшін ескі қонысты қайта салып, 70-тен аса актермен жұмыс жасайды.

Ал соңғы бөлімде режиссер әлемде 400-ден аса тұқымы бар жануардың eң ерекше түрлерімен таныстырады. Көрермен суық аймақты мекендейтін якут жылқысы мен құм далада қиналмай шабатын араб жылқысының төзімділігіне тәнті болады. Сондай-ақ бұл эпизодта асыл тұқымды жылқы жайлы баяндалады.

Қазақстандағы қызықтар

“Екінші эпизод жылқыны қолға алғаш үйреткен мәдениеттер жайлы болды. Фильм әсерлі болу үшін сол мәдениетті қайта қалпына келтіруді жөн көрдік. Сол мақсатта бір жылдай Қазақстанда болдық. Әртістердің кастингін өткіздік, түсірілім алаңдарын таңдадық, жылқышылармен жұмыс жасадық, тіпті жылқыны алғаш қолға үйреткен ескі қоныстың (Ботай) көшірмесін салдық. Сол жақта бір ай түсірілім жұмыстарын жүргіздік. Палаткада ұйықтап, бір жерден екінші жерге көшіп жүрдік. Осының бәрі біз үшін керемет тәжірибе болды”, - дейді фильм режиссері Найоб Томпсон.

“Сондай-ақ жылқылармен жұмыс жасағанда алда не күтіп тұрғанын болжау қиын. Бірде біз екі актерді түсіретін болдық. Оператор екеуміз штативке орналасқан камераның жанында тұрмыз. Камерада үлкен телеобъектив. Біздің көзіміз сол объективте. Актерлер камераға атпен шауып келе жатты. Ал объективке қарап тұрғанда, жақын жерде не болып жатқанын сезбейсіз, әрине. Салт аттылар камераға жақындап қалған кезде бірі оңға, бірі солға қарай шауып кетулері керек болған. Жылқылар не істегенін білесіз бе? Олар айырылмаймыз деп келісіп алған сияқты, адамдардың да ырқына көнбейді. Бар жылдамдығымен шауып келе жатқан жылқылар бізге таяп қалғанда, олар бізді басып өтуге дайын екенін түсіндім. Бірден операторға жармасып, бір жаққа қарай ұшып түстік. Ал жылқылар біздің камераның үстімен өте шықты. Техника жарамсыз болып қалды, бірақ біз жараланбадық”, - дейді режиссер, - “Меніңше, бұл жұмыстың өз ерекшелігі бар. Сіз оларға жануар ретінде емес, адами көзқараспен қарауыңыз керек. Олар сізбен қандай қарым-қатынаста болса, сізден де сондай жауапты күтеді. Оның үстіне бәрін есте сақтайды. Жылқымен жұмыс жасайтын адамдар оны жақсы біледі деп ойлаймын. Ал бұл саладан алыс адамдар атқа мотоцикл сияқты қарайды. Біз осы фильм арқылы жылқы адам секілді деп тұжырым жасаудан аулақпыз. Біздің айтқымыз келгені, жылқылар бізге серік болуға келісті. Солай адам мен жылқы арасында байланыс пайда болды. Сол байланыстың үзілмеуіне бәріміз бірдей ат салысуымыз керек”.

Фильм продюсерлерінің бірі Нұрбол Баймұханов кинотуынды көпшіліктің көңілінен шығатынына сенімді. “Меніңше, жылқы табиғаты қанша ғасыр өтсе де өзгермеген. Адамзат оған романтикалық, поэтикалық немесе ғылыми түсіндірме берсе де, ол тұяғын нық басып, жанарына әлемді сыйдырған жануар болып қала береді. Сірә, өзгерген адам. Оның көзқарасы, қалауы, жылқымен қарым-қатынасы. Бұл жануардың адамзат тарихындағы рөлі әлі де ашылмаған континент сияқты” дейді ол.

“EQUUS: Жылқы тарихы” трилогиясы 2019 жылдың наурыз айынан бастап әлемдік прокатқа шыққан еді. Сондай-ақ фильм 50-ден аса елдің ұлттық телеарналарынан көрсетілетін болады.

Суреттер: www.cbc.ca

#equus #жылқы тарихы #Найоб Томпсон #Нұрбол Баймұханов

Ұқсас материалдар

Әріптестер