Балаларыңызбен бірге тамашалайтын 10 фильм

Балаларыңызбен бірге көруге болатын фильмдер тізімі

Кейде, бала-шағаңыздың ортасында отырып кино көргіңіз келетін кездер бола ма? Психологтардың айтуынша фильмдерді бірлесіп көру ата-ана мен бала арасындағы эмоционалды қарым-қатынасты жақсартады. кино және видеосюжеттер - баланың дүниетанымы мен интелектін дамытатын, проблемаларды шешу тәжірибесін беретін, өз сезімдерін, көзқарастарын қалыптастыратын және өзге адамдарды түсінуге көмектесетін ресурс. Сонымен балаларыңызбен бірге көретін фильмдер тізімін отандық туындыдан бастауды жөн көрдік. 

1. Әуелі «Қазақфильм» өнімдеріне тоқталсақ. «Алпамыс мектепке барады» немесе «Алты жасар Алпамыс» фильмін бала кезімізде сан мәрте тамашаладық.  Бұл фильмді қай заманның баласы көрсе де жақсы әсер алады. Балалардың өз рөлдерін шынайы сомдауы және актерлер құрамындағы ығайлар мен сығайлардың бір шығармада бас қосуының әсерінен болар бұл фильм - 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Бала психологиясын жақсы ашқаны үшін» атты ең таңдаулы балалар фильміне берілетін бас жүлдені жеңіп алады. Фильмнің режиссері атақты Абдолла Қарсақбаев.

​​2. «Менің атым Қожа». Қазақтар жалықпай көретін екі кино бар болса бірі осы Қожа, екіншісі «Қыз Жібек». 1963 жылы көрерменге жол тартқан бұл фильмнің жанкүйерлері жыл өткен сайын көбеймесе, азайған жоқ. Сіздің балаларыңызға да ұнауы тиіс. Сенбесеңіз байқап көріңіз.

 

3. «Звездочки на земле» атты Болливуд фильмі. Сіз бұл фильмнен әнші жігіттер мен биші қыздарды не болмаса жүздеген адамға қарсы шығатын батыл жігітті кездестіре алмайсыз. Бұл фильмді әрбір мұғалім, әрбір ата-ана көрсе де артықтық етпейді. Фильм сегіз жасар Ишан Авасти атты бала жайлы. Бұл бала басқа балаларға қарағанда ерекше. Басқалар бірден қағып алған дүниені, Ишан бірден түсіне қоймайды. Сонысынан ба екен бала томаға тұйықтау. Өзге балалардан бір озар тұсы оның сурет сала білуі ғана. Қарапайым әріп пен санды үйрене алмайтын, бүгін жазғанын ертең ұмытып қалатын баланың салған суреттері расымен де керемет. Бірақ, мектеп бағдарламасы бір ғана суреттен тұрмайды. Баланың үлгерімі нашарлаған соң әкесі оны арнайы мектеп-интернатқа береді. Жан дүниесі нәзік бала үшін бұл шешім өте ауыр тиеді. Бұл жерде де оны керемет мұғалімдер күтіп тұрған жоқ-тын. Оқиға осылай жай өрби береді. Киноның нағыз қызықты тұсы шамамен 35-40 минут көргеніңізден кейін ғана басталады. Интернатқа жаңадан бір мұғалім келіп, Ишанның қабілетін байқап, оны басқаша оқыта бастайды... көбіміз актер ретінде білетін Аамир Ханның режиссерлық жұмысына да жоғары баға беруге болатынын осы фильм арқылы білуге болады. Айтпақшы, режиссердің өзі де бұл кинода басты рөлдердің бірін сомдайды.

 

4. «Дети небес» фильмі. Ирандық режиссер Маджид Маджидидің бұл фильміне теңдесер фильм жоқ секілді. Теңессе жаңағы айтып өткен үнді киномыз теңесер...Оқиға бір отбасының ауыр тұрмыс-тіршілігін көрсетеді. Бір қарасаңыз балалардың әкесі де, шешесі де бар. Бірақ, тапқан табыстары балаларына жөні түзу киім алуға да жетпейді. Күнделікті нан-сулары мен қажет деген дәрі-дәрмек үшін күнелтіп жүрген жандар..Үшінші сыныпта оқитын Әли қарындасының аяқ киімін жөндетуге апарып, қайтар жолда жоғалтып алады. Қайтпек керек? Әкелеріне айтса ашуланары, шешелеріне айтса күрсінері хақ. Балалар бұл жайлы тіс жармауға бекінеді. Біреуі таңғы ауысымда, екіншісі түскі ауысымда оқитын екі бала бір аяқ киіммен сабаққа баруға мәжбүр болады. Мектеп пен үйдің арасында жүгірген балалардың өмір үшін күресін көзге жас алмай көру мүмкін емес...

 

5. «В погоне за счастьем». Италиялық режиссер түсірген американ фильмі. Басты рөлді Уилл Смит ойнамаса бұл фильм осындай танымал болар ма еді...Бір қарасаңыз бұл кәдімгі өзіміздің өміріміз жайлы фильм секілді. Бір жұмыстан екінші жұмысқа, бір кездесуден екінші кездесуге үлгере алмай жүрген кейіпкер...Әрине, ол жетіскеннен емес, жетіспегеннен шапқылап жүр. Әлеуметтік жағдайдың төмендеуі отбасылық ырың-жырыңға жол ашары хақ...Балаларыңыз өмірде еш нәрсенің оңайлықпен келмейтінін түсінсін десеңіз, бірге отырып көруге тұрарлық фильм. Тек, балаңыздың жанарына қарап отырыңыз.

 

6. «Коконың құпиясы» мультфильмі. Қазіргі мультфильмдердің көбінде бір киноға жүк боларлық ой жатқанын миыңызға шегелеп алып, мультфильм ретінде емес, балаларыңызға тәрбиелік құрал ретінде қарайтын фильм. Жоқғ меніңше тіпті бұл фильм балаларды емес, ата-аналарды тәрбиелейді-ау. Бұл жерде отбасылық дәстүр, үлкеннің кішіге ізеті, кішінің үлкенге құрметі де бар. Біз қазақ бұрынғы ата-бабамызға құран бағыштап, жеті шелпек пісіретін халықпыз ғой. Фильмде бұл жайлы да тамаша ойлар айтылады. «Тақырып неге қазақша?» дейсіз бе? Себебі, бұл шығарма қазақ тіліне тамаша дубляждалған мультфильм. Көріңіз, өкінбейсіз.

 

7. «Рай океана» фильмі. Басты рөлде орамалдан таяқ жасап алатын, ұзын жеңін желбіретіп, жерден жеті метр биіктікке оп-оңай көтеріліп, жалаң қылышымен оқты қақ ортасынан бөліп түсіретін, қарсыласы тапаншамен өзін атып үлгергенше биллярд шарын бір теуіп, қақ маңдайға дәл тигізетін Джет Лидің өзі ойнайды. Бірақ, бұл фильмде ондай көріністер жоқ.  Біз актерді өзге қырынан танитын боламыз. Фильм сюжеті әке мен бала арасындағы қарым-қатынас жайлы. Өзінің көп ұзамай қайтыс болатынын білген әке (рак ауруымен ауырады) өзінің аутист баласын осынау қатыгез өмірде жалғыз қалуға бейімдейді.

 

8. «Приключения Паддингтона». Бұл мейірім мен махаббатқа толы, көріп отырып ештеңені ойламайтын, жанға жайлы фильм. Отбасы құндылығын, жан-жануарларға деген махаббатты дәріптейтін тамаша фильмнің бірінші және екінші бөлімін бала-шағаңыздың ортасында отырып көрсеңіз демалып қалатыныңыз анық.

 

9. «Большой и добрый великан». Бала кезімізде ертегілер әлеміне түсуді барлығымыз армандаған болармыз? Әке-шешемізге, ата-әжемізге «адам түсті қалай көреді?» деген сынды сан сұрақ қойып, жауабын тез алуға құмартқанымыз ше? Стивен Спилбергтің бұл фильмі арқылы біраз бала  сұрағына жауап тапқандай...

 

10. «Один дома». Жаңа жыл қарсаңында бұл фильмді аттап кету күнә болмаса да кінә болуы мүмкін. Бала кезімде көрген осы фильмнің екі бөлімін бұрнағы жылы өз балаларыма көрсеткен болатынмын. Сөйтсем, біздің заманның фильмдері қазіргі балаларға да қызық екен.

Шамамыз жеткенше фильмдер тізімін жасап көрдік. Әр адамның талғамы әр түрлі екенін сіздер де ескерерсіздер. Сіз бәлкім өзіңіз үшін басқа ондықты таңдап та алған боларсыз? Менікі тек өзім көрген және әсер алған фильмдере кеңес беру. Алдағы демалыс күндеріңіз сәтті өтсін!

 

#балаларға арналған фильмдер #демалыс #бала тәрбиесі

Ұқсас материалдар

Әріптестер