Жасыбай батыр жайында аңыздар

Жасыбай көлінің батырға қандай қатысы бар?

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы мақалаларында киелі жерлерді ерекше қорғауға алу керектігі айтылады. Қазақ елінің қасиетті рухани құндылықтарының ішіне әр өңірден бірнеше киелі орындар енген. Соның бірі – Павлодар облысындағы Жасыбай батырдың бейіті.

Жасыбай Өмірұлы – қазақ пен жоңғар арасында ұзақ жылдарға созылған соғыста өшпес ерлігімен көзге түскен жаужүрек батыр. Арғын ішіндегі Бесен руынан шыққан Жасыбайдың әкесі тік мінезді тура айтатын, ақиқат үшін алысқан би болса, анасы Қанжығалы руынан шыққан атақты Олжабай батырдың қарындасы екен. Жасыбай батыр қайсар да қайтпас мінезімен, құралайды көзге атқан мергендігімен, сол сияқты жауырыншылдығымен (қой жауырынына қарап, болжай білетін) танымал болған.  Ол жайында көптеген аңыз-әңгімелер бар. Ш.Уәлиханов, М.Ж.Көпеев, Н.Коншин мен Ә. Марғұланның жазып қалдырған зерттемелері мен тарихи эпостарында батыр жайында нақты мәліметтер кездеседі. Соңғысы бізге жеткен «Ер Жасыбай» атты жырдың авторы.

Батыpдың бейіті Баянаyыл аyылынан солтүстік-батысқа қаpай бес шақыpым жеpде оpын тепкен. Зиpаттың биіктігі оpташа, тікбұpышты кіpпішпен қоpшалған. Осыдан он бес жыл бұpын осы тұсқа батыpдың беліне дейінгі бейнесі түскен тас оpнатылды. Оның төменгі жағында «Жасыбай батыp. ХVІІІ ғасыp» деген жазy мен қанатты сөздеp жазылған. Бұл ескеpткішпен, оның іpгетасы қаpа мәpмәpдан жасалған.

Жасыбай батырдың ержүректігі турасында халық арасында көптеген аңыз-әңгімелер кездеседі. Ілгеріде айтып кеткен зерттеушілердің де қалдырған мұрасында да мазмұны бір-біріне ұқсас, бірақ оқиғалардың өрбуі жағынан өзгешеленетін мәліметтер беріледі. 2008 жылы батыр жерленген орынға Г.Камалова бастаған «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының арнайы құрылған экспедициясы зерттеу жүргізді.

ХVІІІ ғасырда Баянауыл тауының айналасында болған маңызды оқиғаларды зерттеген Николай Коншин Жасыбай батыр туралы мына бір оқиғаны айтып кетеді: «Жасыбай қазақтар Баянауылды мекен еткен қалмақтарды ығыстыра бастаған уақытта ғұмыр кешті. Ол дұшпандарының біразын шайқаста өлтірген аты елге жайылған батыр болған. Бірде қазақтардың белгілі қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбайдың шағын жасағына тау етегін жайлаған қалмақтың мыңдаған әскерінің бетін қайтаруға тапсырма беріпті.  Шағын жасақ болса да, Жасыбайдың сарбаздары барынша адуынды жауды ығыстыруға күш салады. Осы шайқаста қалмақ ханы Жасыбайдың сауытпен жабылмаған денесіне оқ атып, жер жастандырады. Бұл қайғылы жағдай барлық қазақтың қабырғасын қайыстырып жіберген екен. Қаралы хабар Олжабай батырға да жетіп, ол бар әскерін жинап қалмақтарға соққы береді. Батырдың тұзағына түскен дұшпанның мыңдаған сарбазы тірі қалу үшін жалынып, жалбарынғанмен бәрін ажал қақпаны күтіп тұр еді. Олжабай батыр «сендер, Жасыбайдың бармағына да тұрмайсыңдар» деп, күңіреніп, барлығын аяусыз қырып-жоюға әмір беріпті. Қалмақтар қашқан жолда мәйіттер төбе-төбе боп үйіліп қалған екен».

ХХ ғасырда өмір сүрген жырау Қимадиден Нығыманов 1962 жылдан бастап, Жақсыбай батыр, Естай туралы халық арасында таралған аңыз-әңгімелерді жинап, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырыпты. Оның жиған-терген деректерінің арасында Қ.Темірбековтың бір мақаласынан батыр туралы жақсы мәліметтерді кездестіреміз.

Баянауыл ауылынының батысында, аудан орталығынан жеті шақырымдай жерде айналасын көк шыршалы заңғар таулар мен құздар қоршап тұрған Жасыбай көлі бар. Ол кең шараның түбінде бір тамшы мөлдір судай елестейтіні рас. Бұл көлдің суы тұщы, тап-таза, әрі үлкен де терең. Мұндай табиғат-ананың берген тамаша көлдің аты – Жасыбай. Ал бұрынғы атауы Шойын болған. Қос атаудың тарихы тереңде жатыр. Осыдан бірнеше жүз жылдықтар бұрын қазақ пен қалмақ жер мен суға таласып, ұзақ жаугершілікте болған. Сол кездері қалмақтан шыққан атақты Шойын батыр қазақтың атқа қонған арыстандай ұлы Жасыбайды бір қапылыста атып өлтірген екен.  Ол екеуінің арасындағы кескілескен ұрыстың қашан басталғанын жұрт ұмытып та қалған. Баянауылдың әсем табиғатына есі кеткен Шойын қазақтармен болған бір-екі соғыста ойсырай ұтылып, қалың қолынан айырылса да, қайта шабуылдауын жалғастыра беріпті.  Ал Жасыбай болса, туған жерін жауға бермес үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған. Себебі, қай күні дұшпаны соққы жасайтынын білмейді. Осылайша, терең шатқалдың бірінің аузында тұрған биік жартасты қарауылдаумен болады. Сондай күннің бірінде Жасыбай барлық шайқаста жанынан тастамай жүрген жолдасы әрі жауырыншы Киікке бал аштырыпты. «Жау алыста ма, әлде жақындап келе ме? Маған анығын айтшы» – деп өтініш айтады. Киік қоржындағы садақтың оғын алып: «Батырым, еш алаңдама. Жау беті қашқан жағында екен. Өлісін түйеге теңдеп, тірісін ертіп Шойын қалмақ кейін қайтып бара жатыр» – деп, сенімді жауап қатыпты.  Серігінің бұл сөзіне сенген Жасыбай бірнеше күнгі шаршауын басу үшін мұнара басында алаңсыз ұйқыға кетеді. Өзінің ашқан балына кәміл сенген Киік те «көз іліп алайын» дейді.  Осы сәтте тау басына шығып үлгерген Шойын мен мергендері екіге бөілініп, Жасыбай мен Киікке садақ оғын жаудырады. Екі батыр да өлім құшады. Жасыбай батырдың денесі өзі жан тапсырған жерге қойылады. Ол көктем мезгілімен тұспа-тұс келсе керек. Батырдың сарбаздары елі үшін о дүниелік болған батырдың бейітіне бір уыс қайың бүршігін сепкен екен. Сол бүршік шоқ қайың болып, Жасыбай зиратының үстінде әлі өсіп тұрған көрінеді. Ал Киіктің денесін дұшпандар ұрлап кеткен деген аңыз бар. Ол өлген жерді сол уақыттан бастап Киікші атап кетіпті. Жасыбайдың нөкерлері мен ұрпақтары бұл жерді қалмақтан аман алып, жаудың бетін біржола қайтарып тастапты. Ал бұрын Шойын аталған көлге батырдың атын берген екен.

Тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Олжабай және Жақсыбай» аталатын еңбегінде батыр жайындағы аңызды сәл басқаша сипаттайды. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама жылдары Бәсентиын руы Баянаулды мекен етіп, шапқыншылықтан аман қалған екен. Бұл ақпар құлағына жеткен Олжабай батыр өзінің Сүйіндік руын Ұлытау, Қаратау тауларының аумағынан жинап, Баянауылға көшіріп әкелген. Десе де осы мезгілде Сарыарқа жері үшін жоңғарлар жағынан шапқыншылқтар көбейе түседі. Дұшпанның жақын қалғанынан хабардар болған арғындардың көпшілігі Баянауылдан Ертістің оң жағына ығысады. Ал Баянауыл тауында тек Олжабай мен Жасыбай батырлар ғана қалыпты. Бұл аңызда «Ту тіккен» атты тас туралы сөз қозғалады, себебі қос батыр осында ұзақ бәсекелесіп, ақыры күш біріктіретін болып келіседі. Осылайша, Жасыбай Шойындыкөлдегі асуды, ал Олжабай батыр Торайғыр көлінің маңында орналасқан асуды қорғайтын болып шешеді. Жаудың қай маңға жеткенін білу үшін Жасыбай тасқа шығып, қойдың жауырынына қарап, болжам жасайды. Ол Қызылтауға таяп қалған дұшпан қолын көреді. Жоңғарлар арасында да осындай жауырыншы болған екен. Олар алдын ала бал ашып, бір-бірінің қайда тұрғандығын дөп басып айта алатын болыпты. Осы кезде қалмақтар қулыққа салып, Жасыбайды шатастыруды көздейді де, аттың ерін теріс қарап ерттеп алады. Жауырынға аттың басы емес, үстіндегі ердің теріс қарағанын көріп, дұрыс түсінбеген Жасыбай оларды кері шегінген екен деп ойлайды. Бұл қитұрқы айлаға түсіп қалған батыр, қалмақ қайтып барады деп шешеді. Ал қалмақтар қара түнде Баянауыл тауын бойлап, Жасыбайдың ұйқыға кеткен қолының үстінен түседі. Ал таңсәріде тасқа шығатын батыр үшін сыртынан арнайы 30 мергенді дайындап қояды. Таң кіргенде еш нәрседен күдігі жоқ ол тасқа шыққанда жаудың қарша бораған оғынан ажал құшады. Бұл жайттан хабардар болған Олжабай бар әскерін жиып, осында жетіп келеді де, қалмақ әскерін аяусыз қыра бастайды. Осы кезде қол астындағы Баймұрат батыр Олжабайға тұтқынға  тірі адам алып қалу керектігін айтқанда: «Жақсыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ», – деп ашуланады батыр. Бұл - жау қолынан қапы да қаза тапқан Жақсыбайға көрсеткен құрметі болса керек. Осы ұрыс болған жер кейіннен Шойындыкөл аталып кетіпті. Оның сырын М.Ж.Көпеев былайша түсіндіреді: «Қалмақтың тамақтанған ыдыстары көл басында үйіліп-төгіліп қалғандықтан, «Шойындыкөл» атауын алған». Арада біраз жыл өткен соң, ол көл «Жасыбай» атауын алды. Ілгеріде айтылған шайқас бірнеше күнге созылып, Баянауыл тауының шығысына қарай ойысып, Олжабай әскері дұшпанның барлық сарбазын қырып салған екен. «Қалмақырған» тауының атауы да содан қалыпты. Міне, осы оқиғадан кейін, жоңғар қолы Сарыарқаны көздеуін қойып, қазақтарды жайына қалдырыпты. Бұл шайқастың нақты қай жылы, қай уақытта болғаны да белгісіз. Ол туралы көптеген деректер кездеседі. Оның бірінде Олжабай батыр мен Абылай хан замандас болған дейді. Ал әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан «Жасыбай батыр қайтыс болған Баянауыл тауларындағы Қалмаққырылған шайқасы ХVІІІ ғасырдың 40-шы жылдарына тиесілі», – деп жазады.

Кейбір тарихи деректерде Жоңғар хандығының тағына таласып, жеңіліс тапқан ойрат шонжарлары Абылай ханға көмек сұрап келіпті. Оларға пана боламыз деп, бәлеге қалған қазақтардың жеріне 20 мың ойрат басып кірген.  Бұл суық хабарды ести сала, Абылай барлық батырларға хабаршы жіберіп, қазан айының ортасында Баянауылда жиналуға бұйрық беріпті. Сол 20 мың қолға қарсы тұрған шайқас «Қалмаққырылған» болса керек. Басқа да тарихшылар ХVІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында Баянауыл жері үшін қазақ пен қалмақ арасында ұлы күрес болғанын дәлелдейді.

Аңыз-әңгімелердің барлығында Жасыбай батырдың туған жерін қызғыштай қорып, жауға бермеудің жолында жан тапсырғанын көреміз. Ұлан байтақ жерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, талай дұшпанның тіккен көзінен сақтаған батырларымыздың атын ұлықтауға міндеттіміз.   

(Сурет ғаламтордан алынды)

#тарих #Жасыбай батыр #батырлар

Ұқсас материалдар

Әріптестер