Он жылға ұласқан ойран

Ауған соғысы қалай тұтанды? 

Тұтанған білте

1979 жылдың 21 мамырында тұтанған ауған соғысы 10 жылға ұласты. Кім ұтты, кімдер ұтылды? Жалпы соғыс отының тұтануына саяси ахуал себеп болды ма?

Алпауыт екі держава – АҚШ пен Кеңес өкіметінің арасындағы кикілжіңнің салдары талай сарбаз бен бейбіт халықтың өмірін қиып түсті. Кеңес әскерлерінің ауғанстан жерінен шығарылғанына биыл 30 жыл толып отыр. 18-19 жасында өмірлерін оққа байлап, ажалдың арасында, қатердің ортасында әскери борышын өтеген жауынгерлердің жүрегіне түскен жара ешқашан жазылмақ емес.

1921 жылы Кеңес одағы мен Ауғанстан арасында достық уағдаластық жөнінде шарт жасалып,  екі ел бір-біріне қару кезеніп, оқ атпауға уәде берді. Х.Амин билікке келе салып, өзіне жау тұтқан оппозиция өкілдерін қудалап, тазалап, жойып жолын ашты. Ол осы әрекетінің барлығын АҚШ-ты арқа тұтып, әскерін кіргізуге келісім бергенін қорған көріп жүзеге асырды.

1979 жылдың 25 желтоқсанында генерал-лейтенант Ю.Тухаринов басқаратын 40-шы армия Ауғанстанға кіреді. 40-шы армияның құрамында 4 дивизия, 5 жеке бригада, 4 жеке полк, аралас авиакорпус, құбыр тартушылар және материалмен жабдықтаушы жұмысшы бригадалар болды.

Ауғанстан шекарасынан кірген Кеңес әскерінің басты  миссиясы  Кеңес одағы мен Ауғанстанның достастық келісімнен соң, кеңес өкіметінің қаржысына бой көтерген электр станциясы, газ өндіру орталығы, тыңайтқыш шығаратын зауыт және ірі қалалардағы аэродромдардың тыныштығын бақылау еді. Шоқысы көк тіреген асқақ таулардың арасы мен адыр-қырқа белдердің бел ортасындағы тастақ жолдардың қауіпсіздігін қорғау да аталған міндеттің еншісіне енді. Және ең басты мақсат Ауғанстандағы тәртіп, бесіктен босап бауырын көтерген балаларына дейін сүйреп жүретін қару-жарақтардың көрші елдерден тасымалдануына тосқауыл қою-тұғын. Сырттан келіп әмір жүргізіп, жусатып-өргізуді көксеген Кеңес әскеріне илікпеген оппозиция мен басқа да күштер қарсылықты күшейтті.

Кеңес одағы Ауғанстанға әскерін әлеуметтік нысандарды салушыларды қорғау есебінде кіргізеді. Мектеп, балабақша, жол басқа да әлеуметтік кешендерді салуға қажетті құрылыс материалдарынан бастап, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан керуенге қарсы оқты алдымен Ауғанстан жағы атты. Дала командирі атанған Ахмад Шах Масудтың мазасы қашып, құм далада керуен түзген Кеңес әскерилерін оқ жаудырып қарсы алады. Кейін осы қақтығыс саяси сипат алып, соғыс өрті лап ете түседі. 

Ауған соғысының жарақаты кім-кімге де жеңіл тиген соқ. Оқтың иісін иіскеп, үнемі ажалдың аузында жүрген жауынгерлер жарымжан болып елге оралғанда өздерінің қатарларынан 10 жылға қартайып кеткенін байқаған. Соғыста мина жарылып, жаудың тасадан атқан оғына байланып, аса ауыр әскери тапсырмаларды орындау барысында ажал құшты. Тірі қалып, ауыр жарақаттанған жауынгерлер бейбіт өмірдің дүрмегіне де бой үйретіп бірден ілесіп кете алған жоқ. Кейбірі соғыста алған жарақаттары жандарына батып, ақыры өмірмен қош айтысты.

Оқ мүңкіген орта

Ауғанстан өткен ғасырдың 70 жылдары ұстараның жүзінде тұрғандай күйде болды.  Билікке барудың төте жолы – төңкеріс деп түсінген ауғандықтар қит етсе қандары бастарына шауып, ұрандап қару кезенуді әдетке айналдырды. 1973 жылы монархиялы басқарумен өмір сүрген билікті құлатып, Ауғанстан республикасы құрылды. Ауғанстан респбуликасын құрған Мұхаммед Дәуіт бес жылдан кейін, яғни 1978 жылы отбасымен бірге резиденциясында  қаза табады. Дәуіттің жаназасы оқылар оқылмастан Ауғанстан коммунистік халықтық-демократиялық партиясының көсемі М.Тараки биліктің басына келді. Осы Тараки басқарғанда Ауғанстан мен КСРО-ның арасы тым жақындап, жаймашуақ жүздесулер мен достық рәуіштегі кездесулер жиі өткізіле бастады. Брежнев бастаған биліктегілер Азияның салқар даласына көшін шөгеріп, құдауытты, қиыршық тас көмкерген таулы өлкені мекен еткен Ауғанстан елін коммунизм жолына бағыттады. Таракидің имандай сеніп, қасына ерткен серіктерінің бірі һәм өзінің орынбасары, елдің премьер-министрі Хамизулла Әмин бір-ақ сәтте тайқып беріп, төңкеріс ұйымдастырып, билікті өз қолына алады. Қантөгіспен билікке келген Әмин Таракидің КСРО-ға салған жолымен жүруді жөн көру былай тұрсын, құптамайды. Осылайша өздігінше әмір жүргізуді ойлайды. Басынан құс ұшырып көрмеген КСРО-ның билігіндегілерге бұл жайт ұнамай, бірден іске кіріседі. Мәскеудегі шұғыл жиында алқалы топ Ауғанстанға оқ шығындау керек деген байламға тоқтайды. Сөйтіп, «Шторм-333» арнайы әскери операциясы іске асырылып, Хазифулла Әмин оққа ұшады. КСРО қолайына жағатын  Бабрак Кармальді билікке әкеп қояды. Осыдан кейін-ақ Ауғанстан екіге жарылады. КСРО үкіметтік күштері қолдап, көмек қолын созуға қашанда әзір екенін білдірсе, АҚШ бастаған бірнеше елдер үкіметтік емес ұйымдарды қанатының астына алады. Осылайша бір-біріне алакөзденудің арты соғыстың өртін тұтатып тынды.     

1979 жылы 12 желтоқсанда КСРО-ның көсемі Л.Брежнев бастаған, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андропов, қорғаныс министрі Д.Устинов қостаған ақ жағалылар құпия жиын өткізіп, Ауған даласына Кеңес әскерін кіргізу жөнінде жарлық шығарады. 

Ауғанстандағы аласапыранда биліктен моджахеттер де дәмелі болып,  автоматының аузынан билікке қарата оқтын-оқтын оқ ататын. Кабулдағы Кармаль билігін қорғау мақсатында КСРО-ның саяси бюросы әскерін  кіргізді. Ал моджахеттерге АҚШ, НАТО-ға мүшелікке өткен елдердің кейбірі қолдап, көмек көрсетіп, қолтығына су бүрікті. Ресми Кабулды жауған оқтан қорғап, қауіпсіздігіне кепілдік беру КСРО-ның қалтасына аз салмақ артқан жоқ. Ауғанстан билігін қаржыландыруға һәм өздерінің армиясын азықтандыруға КСРО жыл сайын 800 миллион АҚШ долларын бөліп отырған.

Жалпы Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлері 1979 жылдың 12 желтоқсанында кірді дейді. Бірақ кейбір деректерде 1979 жылдың шілде айында 105 әуе десантының дивизиясына қарайтын 111-парашютті десант полкі Ауғанстанның Баграм қаласына орналасқанлдығы жазылған. Ал 12 желтоқсанда Орта Азия елдеріндегі мұсылман халқының өкілдерінен жасақталған  батальон оқ бораған өлкеге кіреді. Осы үш күштік құрылымның көмегімен жоғарыда сөз еткен «Шторм-333» арнайы операциясы жүзеге асады.

20 жауынгерімізден хабар жоқ

Ауған соғысына елімізден қанша әскер аттанды? Деректерді сөйлетсек 10 жылға ұласқан соғысқа Кеңес әскерлерінің қатарында қазақ жерінен 20 мыңнан астам сарбаз аттанған. Олардың  ішінде 924 әскер ұрыс кезінде оққа ұшып мерт болса, 21 жауынгер із-түзсіз жоғалып кеткендердің санатында еді. Олардың өлі не тірі екенінен ешқандай да хабар жоқ болатын.

Елімізден аттанған 22 мың сарбаздың 21 хабарсыз кетсе, жалпы Кеңес әскерінің 264 жауынгері ұшты-күйлі жоғалып, ешқандай да дерек табылмай отыр. 2010 жылдан бастап  дерек-дәйегі жоқ, хабарсыз кеткен сарбаздарды іздестіру жұмысы мықтап қалға алынды. Қазақстаннан соғысқа аттанған Алексей Зуевтің сүйегі 2012 жылы табылды. Оның мүрдесін Ақмола облысы, Шучье ауданына әкеліп қайта жерледі. Алексей Зуев Ауған жерінде 466 дербес автокөлік батальонында  көлік жүргізген. Жауынгерлерге қару-жарақ пен оқ-дәрі тасыған. Түркістандық Абдулхаким Ергешовтің де сүйегі 2012 жылдың күзінде табылды. 1982 жылы отан алдындағы борышын өтеуге Ауғанстанға аттанған Ергешов 177 мото атқыштар полкінде болады. Ауғанстанның  солтүстігіндегі Саланг асуында болған ұрыс кезінде жоғалып кетеді. Кейін Саланг асуының маңындағы кеңес әскерлері жерленген зираттан Абдулхаким Ергешовтің де сүйегі табылып, Түркістан  қаласына әкеліп жерленді.

Фотода: Ауған соғысында от кешкендер.

2013 жылы Өзбекстан елі ғана емес, бұрынғы Кеңестер одағының құрамындағы мемлекеттер үшін де елең еткізерлік жаңалық болды. 1980 жылы Ауған жеріндегі ұрыста ауыр жараланып, әріптестері арқалап жүре алмаған соң тастап кеткен өзбек сарбазы табылды. Самарқанда туып, соғысқа аттанған Бахретдин Хакимов Герат қаласының жанында 1980 жылы жүргізілген әскери операция кезінде жараланады. Кейін оны ауғанның емшісі тауып алып, шөп дәрімен емдеп жазады. Бүгінде Бахретдин Хакимовтің есімі – Шейх Абдулла. Ауғанстанға күйеу бала, сол елдің қызын қалыңдыққа алып, балалы-шағалы өмір сүріп келеді.  

АҚШ-тың ақпарат құралдары Ауған жеріндегі жүргізілген жауынгерлік операция барысында Кеңес одағының қатардағы сарбаздарынан өзге 523 офицері  қаза тауып, бес жүзден аса сарбазы тұтқынға түскенін жазды.

1989 жылдың ақпан айынан кейін «Правда» газетінде Ауған соғысында қаза тапқан Кеңес әскерлерінің саны жарияланды. Онда 13833 адам деп көрсетілген. Кейбір деректерде хабар-ошарсыз кеткендер, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен жіберілген офицерлер, ішкі істер министрлігінен барған мамандардың қаза тапқандарын қосқанда  бұл сан 14 427 адамға жетеді.

Ауған соғысына қатысқандардың 55 мыңға жуығы басынан жарақат алса, 416 мыңдайы елге жарымжан болып оралыпты.

Қазақстаннан Ауғанстанға барып, әскери борышын өтеген 22 269 жауынгердің ішінде 924 адам қаза тапса, 21 адам із-түссіз жоғалғандар тізіміне енгізілді. 110 айға созылған соғысқа кеткен 22 мың сарбаздың 10 мыңнан астамы мүгедек болып оралды. Бүгінде Ауған соғысына қатысып, елге оралған жауынгерлердің 3 мыңнан астам мүгедектігіне байланысты арнайы тіркеуде тұр.

Елімізде ауған соғысы ардагерлерінің 30-дан астам ұйымы бар. 2005 жылы ауған соғысына қатысқан ардагерлер құрылтай өткізіп, «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы» құрылып, барлық ұйымдар осы қауымдастықтың қанатының астына бірікті. 

Қанша операция орындалды?

Тоғыз жыл, он айға жуықтаған соғыста Кеңес әскерлері бірнеше ірі операцияларды жүргізді. Алғашқысы «Шторм -333» болса, соңғысы «Тайфун» операциясы. 40-шы армия Ауғанстанда «Құнар», «Паншер», «Құндыз», «Удар», «Магистраль» деп аталатын ірі-ірі әскери операцияларды жүзеге асырды.

«Құнар»  операциясы  тау арасындағы Құнар өзенінің жағалауында болған. Ауғанстанның дұшмандары алдымен ашық ұрысқа бейімделіп, ұрандап лап қойып, бес қаруы сай жасанған Кеңес әскеріне төтеп бере алмасын білген соң тасадан шабуылдап, тұтқиылдан соғуды көздеп, ұрыс жүргізеді. Осы ұрысқа қатысқан, әскери тапсырманы орындаушы батальонға 27 жастағы қазақстандық Бақытжан Ертаевты командир етіп тағайындайды. Құнар өзенінің жағасындағы правинцияларды моджахеттерден  тазалау операциясы кезінде  дұшмандардың таудың биік шыңдар мен құздарына орналасқан базалары мен бекіністері жойылады. Жалпы Құнар өзенінің жағалауында Кеңес әскерлері 5 жыл ішінде бірнеше рет ірі операциялар жүргізіп, мың жарымға жуық  моджахедтің көзін жойып, өздері де бірнеше офицерлері мен сарбаздарынан, ұрыс техникаларынан айырылды.

Паншер алқабында кеңестік 40-шы армия 9 рет операция жүргізеді. Ахмад Шах Масудтың жаннан безген жауынгерлері асқан қырағылықпен қорғаған Паншер алқабындағы кескілескен ұрысқа Кеңес одағының қолбасшылары  әйгілі «қара майор», жерлесіміз Борис Керімбаевтың батальонын апарып салады. Сол кезде ғой Ахмад Шах Масуд Борис Керімбаевтың басын алып келген сарбазына миллион доллар бәйге тігетінін айтып ұрандайтыны. Кеңес армиясын басқарған генералдар Паншер операциясын жүргізуге офицерлерді жібергенде жүрегінің түгі бар, қайсарлығымен ажалға қасқайып тұра алатын табанды кадрларды таңдады. Одан бұрын бұл операцияны орындауға кез келген командирдің тізесі қалтырап, жүрегі дауаламайтын. Борис Керімбаев болса, өзінің батальонымен әскери операцияны мүлтіксіз орындады. 177-ші арнайы жасақ отрядының командирі Борис Керімбаевтың басын әкелген дұшмандарына  бір миллион бәйге тіккен Ахмад Шах Масудтың тізе бүгіп, Кеңес әскерінің  дәргейіне бас ұруына мәжбүр еткен  батыр жерлесіміз  Борис Керімбаев болатын. Өкінішке қарай қазақтың «қара майоры» ауыр науқастан көз жұмды.

Ал «Магистраль» операциясын сәтті өткізгені үшін 40-шы армияның қолбасшысы Б. Громов Кеңес Одағының батыры атағын алды. 

Ауғанстанға әскерін кіргізіп, соғыстың өртіне салғанын кеш түсінген Кеңес билігі енді тығырықтан шығудың жолдарын қарастырды. КСРО-ның басқа мемлекеттерге елшілерінің аузына сөз салып,  бір елдің ісіне бекерден-бекер араласпағандарын жуып-шаймақ болды. Әскерін алып кетуге дайын екенін КСРО  Пәкістандағы елшісі В. Смиронвқа айтқызды. 1986 жылдың ақпан айында өткен съезге КСРО  көсемі Михаил  Горбачев Ауғанстандағы соғыстан армиясын арашалап, мәселенің түйінін басқа жолмен шешу керектігін айтты. КСРО-ның бас штабын басқарған маршал С.Ахромеев те Брежневтің айтқанын қос қолын көтере қолдап, Ауған жерінде кеңес әскерлері басып алған аймаққа толыққанды бақылау жүргізіп, уысында ұстай алмағандарын, моджахедтердің мінезін жуасыту қиынға соққанын айтады. КОКП-ның съезінде М. Горбачев екі жыл мерзім ішінде Ауғанстан территориясынан Кеңес әскерлерін шығару керек деп, барлығы да осы сөзге тоқтайды. 1979 жылдың желтоқсанынан бері қарай кірген әскерлердің жекелеген құрамдары 1988 жылдың мамыр айынан бастап шығарыла бастайды. 1989 жылдың 4 ақпанында Кеңес Армиясының соңғы  бөлімі саналған ұжым Кабул қаласынан шығады. 15 ақпанда 40-армияның басшысы, генерал-лейтенант Б. Громов Термез қаласынан әскерін бастап шекарадан өтеді. «Біз Ауғанстан жерінен шығып бара жатқан соңғы ұжымбыз. Бізден кейін бұл елде Кеңес армиясының бірде-бір сарбазы қалған жоқ» деп баяндайды. Алайда Громовтың армиясы кеткен соң да Ауған жерінде Кеңес әскерлері операциялар жүргізді. 1989 жылдың 23-26 ақпан аралығында «Тайфун» операциясы жүргізіліп, Кеңес әскерлері ақырғы ұрыстарына қатысты.

1979 жылдан 1989 жылға дейінгі аралықта Ауғанстан аумағында әскери қызметін өтеген кеңестік азаматтардың саны – 620 мың. Оның 525 мыңы Кеңес армиясының қатарына қабылданып, жауынгерлік борышын өтесе, 90 мың адам мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің шекаралық бөлімшелерінде, 5 мыңы ішкі әскер мен милиция сапында отан алдындағы борышын өтеді. 21 мың адам жұмысшы, қызметші есебінде Ауған жерінде болды. Кеңес армиясына жыл сайын жасы 18-ден асқан 104 мыңға жуық адам шақырту алса, 7 мыңдай адам жұмысшы ретінде тіркеліп отырған.

Осы он жылда Кеңес армиясының сапында Ауған жерінде болған сарбаздардың арасында ауруы асқынып, әскери борышын мерзімінен бұрын аяқтап, елге қайтқандардың өзі 11 мың адамнан асады. 10751 адам мүгедек болып оралыпты. Олардың 672-сі І-топ, 4216 адам ІІ-топ, 5863 адам ІІІ-топтағы мүгедек болып оралған. 

10 жылға  ұласқан соғыста 200 мың 153 адам мемлекеттік наградамен марапатталыпты. Осы марапат бұйырғандардың ішінде 2265 адам – қазақ жастары.

Кеңес одағының батыры атағын алған 86 адамның 15-і – қатардағы жауынгер мен сержанттар. Біреуі старшина, 62 адам офицер, 7 адам генерал, 1 адам Кеңес Одағының маршалы. 86 адамның ішінде 29-ы  соғыста ерлікпен қаза тауып, өздеріне берілген батыр мәртебесін көре алмай кетті. Осы 86 батырдың екеуі қазақстандық: Қ. Майданов пен Н. Кремениш. Білікті ұшқыш Қ.Майданов Ауғандағы бораған оқтың арасынан аман келіп, 2000 жылы Шешенстандағы соғыста ерлікпен қаза табады. Қ. Майдановқа Ресей Батыры атағы да берілді.

Фотода: оң жақта тұрған Кеңес Одағының батыры Қайыргелді Майданов. 

Ауғанстанда Қайыргелді Майдановқа Кеңес Одағының батыры атағы  дұшмандардың көзін жоюға аттанған екі тікұшақ экипажын қоршаудан аман есен-алып шыққаны үшін берілді.

Ауған соғысында 417 адам тұтқынға түсіп, соның ішінде 119 адам тұтқыннан босатылса, 97 адам Кеңес Одағына қайтарылған. 22 адам қалып қойған. Олардың көпшілігі Ауғанстанда тұрып жатыр, Арасында аты-жөнін өзгертіп алғандар да кездеседі.  Жоғарыда сөз еткен Бахретдин секілді.

Кеңес Одағының қарулы күштері он жылға  ұласқан  соғыста 147 танк, 1314 броньдалған әскери көлік, 443 зеңбірек, 118 әскери ұшақ, 333 әскери тікұшақ, 12 мың жүк тасымалдайтын машинасынан айырылды.

КСРО  әлем елдері алдындағы төгілген беделін жинап,  жіберген қателігін жуып-шаю үшін Женевада АҚШ, Пәкістан, Ауғанстан елдерінің өкілдерімен келісім жасасады. Кеңес әскері Ауғанстаннан 1988 жылдың 15 тамызынан бастап, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін түгелдей шығып кетуі керектігі тайға таңба басылғандай жазылып, Женева шарты қатаң қадағаланады.

Ауған соғысында Кеңестің қарулы күштерінен 4 генерал, 2762 офицер, 11549 сержант пен прапорщик көз жұмды. Ауғанстандағы соғыста қаза тапқан сарбаздардың сүйегін арнайы мырышпен қапталған табытпен әкеліп, мүрденің бетін аштырмастан жерлеу керектігі қатаң талап етілді. Соның салдарынан баласы оққа ұшқанына көпшілігі көз жеткізіп, имандай сенген жоқ. Өйткені табыттың ішіндегі өздерінің балалары екендігіне көңілі сене алмады.  Мәселен, 1983 жылы мамыр айындағы әскери ұрыс кезінде қаза тапты делініп, сүйегі мырыш табытпен әкелінген Борис Бочкинді жерлеген соң, араға сегіз жыл салып қабірді қайта қаздырады. Сот медициналық сатаптама сүйектің Борис Бочкин емес екенін дәлелдейді.  

Ауғанстанда әскери тапсырманы мүлтіксіз орындап, қиын-қыстаудан жол таба білген жауынгерлердің арасында 103 адам «Ленин», 1972 сарбаз «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. 20153 сарбаз бен офицер өзге де орден, медальдарға ұсынылып, марапатқа ие болды.

«Бақтияр тоғай»

Бақытжан Ертаев Ауған соғысында батальон командирі болған. Ертаевқа ерген сарбаздар Құнар өзенінің маңындағы Асадабад қаласына орналасады.  Жалпы бұл аймаққа ағылшындардың бірнеше дивизиясы кіріп, бірде-бір адам тірі шықпаған екен. Қауіпті аймаққа батальонымен келіп орныққан Бақытжан Ертаевтың сарбаздары Асадабад қаласында танкпен қағып мешіттің бүйірін қиратып кетеді. Ауғанның ақсақалдары бірден талап қояды: «Екі жол бар: біріншісі – мешітті жөндеп қалпына келтіру, екіншісі – соғыс. Біз қару кезенеміз, қаладан бір сарбазың да тірі шықпайды!»,– дейді. Бақытжан Ертаев өзі де, батальондағы әскердің дені де мұсылман екенін, мешітті қасақана қақпағанын айтып, бүлінген тұсын жөндеп, келісімді мерзімде бітіреді.  Ауғандар Бақытжанды жақын тартып, бауыр санайды.

Фотода: Халық Қаһарманы, генерал-лейтенат Бақытжан Ертаев.

Тіпті жасыл желекті алқапты «Бақтияр тоғай» деп Ертаевтың құрметіне атайды. Есесіне, Кеңес одағының әскери қолбасшылары «ауғандықтармен ымыраласты» дегенді бетке басып айтпаса да емеурінмен ескертіп, Бақытжан Ертаевты Кеңес Одағының батыры атағынан қағады.

Ауған соғысы ардегерлеріне құрмет

2008 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен Бақытжан Ертаев «Халық Қаһарманы» атанып, еліміздегі ең жоғары наградамен марапатталды.          

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай елімізде ауған соғысы ардагерлерін құрметтеу шаралары өткізіліп келеді. Еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев интернационалист жауынгерлерді бірінші дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапаттады.

Фотода: Ауған соғысында қаза тапқандарға арнап орнатылған.

Алматы қаласының әкімдігі Ауған соғысы ардагерлеріне 150 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы берді. Алматы қалалық әкімдік мамандары ауған соғысының ардагерлерінің жағдайынан үнемі хабардар болып, бірде бір ардагердің ескерусіз қалмауын қадағалап келеді. Нәтижесінде  бұрын ешқандай  да бір ұйымға тіркелмеген, «мен ардагер едім» деп ешкімнің есігін қақпаған, көппен бірге тіршілік етіп келе жатқан 43 ауған соғысының ардагері анықталыпты. Алматы қаласында ауған соғысына қатысқан 2716 ардагер тұрады.  Қалалық әкімдік ардагерлерге бір реттік көмек беру мақсатында қала бюджетінен 400 миллион теңге бөлінгенін жеткізді. Еліміздің өзге де өңірлерінде ауған соғысы ардагерлеріне тиісті көмек  беріліп, құрмет көрсетіліп келеді.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

#батыр #Ауған соғысы #Ауғанстан #кеңес әскері #соғыс

Ұқсас материалдар