ЕСЕП партиясы неге есе жіберді?

«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, жазушы Кәмел Жүністегімен сұхбат

- Ассалаумағалейкум, аға! Биыл 80 жылдық мерейтойыңыз екен. Алдын ала құттықтағаныма ренжімессіз. Ақсу-Аюлы ауданындағы  мәдениет үйінде өткелі жатқан бұл мерейтойыңызға аудан әкімшілігі көмек қолын созды ма?

- Рахмет, айналайын. Мен біреуге сұрамшақтанып барған емеспін. Аудан әкімшілігі көмектескенде не істер дейсің? Сахнаға шығып сөз сөйлер, иығыма шапанын жабар...Бұл іс-шараның барлығын әзірге өзім ұйымдастырып, өзім шапқылап жүрмін.

- Сіздің ұлттың жоғын ерте жастан жоқтағаныңызды білеміз. Сізді оқушы кезінде мұғалімдерге саяси сұрақ қойып, білуге талпынды дейді. Сол рас па?

- Сегізінші сыныпта оқып жүргенімде әдебиет пәнінен беретін мұғалімімізге «Біз неге Бұқар жырауды, Шортанбайды оқымаймыз?» деп сұрақ қоя беретінмін. Ол кісі не айтарын білмей тұтығып, қызарып кететін. Әйел мұғалім ғой. Көбіне сыныптан шығып кететін. Түсінеміз неге айталмайтынын. Бірақ, көкейдегі сұрақтарды қоймасақ тағы болмайды. Тоғыз оқып жүргенде  тарих пәнінің мұғаліміне  «Неге орыста Петр І, Иван Грозный бар? Бізде тарихтан оқуға тұрарлық батыр мен хан жоқ па? Егер, жоқ болса осы уақытқа дейін қалай құрып кетпегенбіз?» деп сұрақ қойдым.  Біз өте ұйымшыл сынып едік. Дарвинизм деген сабақ болды. Ол жерде де осы секілді сұрақтарымызды қарша боратамыз. Осындай дау-дамайлардан соң бір апта біздің сыныпта сабақ болмай қалған. Ұстаздарымыз бізге сабақ беруден бас тартты. «Ойбай, анау Кәмел деген оңбаған қоймайтын сұрақты қояды. Ол пәле отырған жерге бармаймыз» дегендері де болған. Содан, мектеп директоры шақырып алды. Батыс Қазақстан облысының жігіті еді. Өзі тарихшы болатын. «Әй, шырағым. Сен баласың. Кей дүниеге балалық көзбен қарайтын шығарсың. Бірақ, ешкім саған бала деп қарамайды. Бұлай кете берсең атып тастайды. Аузыңды жауып жүр» деп, біраз дүниенің басын қайырып, ақылын айтты. Осылайша, мектеп бітіргенше аузымызды жабуға тура келді.

- «ЕСЕП» партиясына ойыссақ. Партия неше жыл өмір сүрді?

- Елді, ұлтты сүю жөніндегі ойларымды мен өзімнен үлкенге де, кішіге де айтып жүрдім. Көбі қолдағанымен «Кәмел-ау, біздің қолымыздан келмейді. Бұл істі өзің бастасайшы» дейтін.

Біздің алақандай Шет ауданына екі мыңдай орыс келді. Концерттің бәрі орысша өтеді. Не керек, әуелі қазақша концерт ұйымдастыр,ым келді. Бізге дайындалуға мәдениет үйін бермеді. Біз кітапханада дайындалдық. Концертімізге келгісі келген ауыл үлкендерін шанамен сүйреп әкелдік. Бұл концертті көрген көнекөз қариялар «Қазақтың жерінде қазақша концерт көретін күн болады екен ғой» деп жылап жіберді. Ертеңінде орысша концерт кезінде ауыл адамдары ысқырып, аналарға қолында не бар соны лақтырып, қазақша ән айтуларын сұраған екен. Міне, осы жастармен бірлесе жұмыс жасау керегін түсіндім және жасырын ұйым құрдым.

Мен институтқа оқуға түстім де, бір айдан соң сыртқы бөлімге ауысып кеттім. Іштей оқысам бірдеңеге ұрынатынымды, тыныш жүрмейтінімді өзім де сездім.

Алғашында 4-5 адам болдық. Арамызда бір машинистка қыз болды. Біздің «листовкаларымызды» қағазға басушы, біздің ойларымызды машинада теруші сол қыз. Оған дейін біз үнпарақтарымызды қолмен жазатынбыз. Машинканың қолымызға түсуі де қызық. Сәтбеков Саят деген жігіт бір жерден ескі машинка алып келді.Ол кезде барлық машинкалар тіркеуде ғой. Қай машинканың әріпі қандай, басқан кезде қалай шығады бәрі бақылауда. Біз машинкалардың әріп тілдерін алмастырып, араластырып, ізімізді таппайтындай қулық жасадық және бұл қулығымыз жүзеге асты.

Біздің кеңсеміздің рөлінАюлы тауындағы үңгір атқарды. Аюлыда екі үңгір бар. Біреуі үлкен үңгір. Бұл үлкен болса да, келе жатқан адамды алыстан байқауға мұрша бермейтін, жеме-жемге келгенде қашып шығып кетуге ыңғайсыз үңгір еді. Кішірек үңгірден айналаны барлау ыңғайлы болғандықтан біз соны таңдадық.

Үнпарағымызды Қарағанды аумағында басқанымызбен, тарату ауданын басқа қалаларға бөлдік. Алматы, сол кездегі Гурьев секілді қалаларға барып, сол жақтарда тараттық. Біздің үндеулерімізді көбейтіп, өздерін «ЕСЕП» партиясының мүшесі санаған жалынды жастар жер-жерде көп болды. Біздің жүйе былай еді. Мәселен, мен артымнан адам кіргізсем ол ұйымдағы барлық адамды тануға міндетті емес және «ұйым мүшелері кімдер?» деп сұрамайды.Осылайша біз кімнің артында кім тұрғанын білдірмей екі жылдан артық өз жұмысымызды атқардық.

- Сонда, қай жерден қателестіңіздер? «ЕСЕПтіктердің» есептен жаңылған жері жайлы білсек?

- Бағана айтып өттім ғой. Үндеу басқа қалаларда таратылуы тиіс болатын. Ақшатау ауылының бір жігіті үндеуімізді кәдімгі поштамен Алматыға жіберіпті. Мен бұл жайлы 2-3 күннен соң естідім. «Бұдан былай байланысымызды үзейік. Енді, кімнің кім екенін, бізді табу бұларға еш қиындық туғызбайды» деп айттым.

- Ұсталарыңызды алдын ала сездіңіз ғой?

- Иә, сездім. Өзімнен кейінгі ініме ол жайлы ескертіп айтқан болатынмын. «Мені бір-екі күнде ұстап алып кетеді. Сол кезде мен дәрет сындыруға рұқсат сұраймын. Сен кейінірек сол жерді қазып, темір жәшікті тауып ал. Басқа сенімдірек жерге апарып көмерсің» деп тапсырма бердім.  Ақыры, тап солай болды. Кейін інім әлгі жәшіктегі біздің партияның үндеуін, жарғысын барлығын оқыпты. Мектепте оқитын бала ғой. Қайта көмуге қорқып, қораның ішінде өртеп жіберіпті.

- «Ер жақсысы түрмеде» дегендей ол жақтың да дәмін таттыңыз. Айдаудағы өмір қиын ба, әлде, тергеу кезі қиын ба?

- Мұндағы ең қиыны тергеу кезіндегі азаптарға шыдау.  Азаптың неше атасын көрдім. Оған өзім де кінәлімін. Бәрібір өлемін ғой деген оймен тілімді тартпай қойдым ғой. Межелі жеріңе  тірі жеткеніңше басыңнан қауіп кетпейді. Төсек-орны жоқ, тас еденді тар камераны да көрдім. Түрме төбелесін де көрдім. Челябінің түрмесінде бір орыспен жекпе-жекке шықтым. Әлгінің қолында пышақ. Мен қарусызбын. Әлдеқандай күн туса деген оймен бокспен шұғылданғаным бар-тын. Ол пышақтап үлгерді, мен ұрып үлгердім. Шалқалай құлады. Басын батарейге соға құлап, есінен танып қалды. Ал, менің денемде сол пышақтың тыртығы әлі де бар. Ал, межелі жеріңе жеткен соң сәл де болса тыныш өмір сүресің. Себебі, барған ортаңның барлығы саяси тұтқындар, көзі ашық азаматтар.

- Көзі жалынға, өне бойы жігерге толы қазақтың жас жігіттерін аман  алып қалуға тырысқан азаматтар болды ма?

- Біз айдауға Зейнолла Игілікұлы екеуміз кеттік қой. Хрущев заманында мынандай қаулы бар еді, «кімде-кім саяси қуғынға ұшыраса, оны соттау үшін обкомның бірінші хатшысының рұқсаты керек» дегенге саяды жалпы мағынасы. Обкомның бірінші хатшысы ол кезде Бәйтен Әшімов деген азамат еді. Сол кісі алдына қол қойғызуға барған кезде екі мәрте кері қайтарған екен. «Өрімдей жас балаларды өлімге айдағандарың не? Мыналарың обал емес пе?» деп қарсылық танытқан. Ал, үшінші рет барғанында «қап, енді қол қоймасам өзіме пәле болады-ау» деп, қатты қайғырған екен.

- Сізді көбіне кімдер іздеп келеді?

- Қуғын-сүргін тақырыбына диплом жазып жүрген студенттер келеді.  Мен жайлы жазылған материалдардың барлығын жинап, жақында Астана жақтан бір жігіттер жинақ шығармақшы. Сол жинақ шықса жақсы болар еді. Әйтпесе, кейде өз жұмысыңды кері шегеріп, жастардың меселі қайтпас үшін уақытымның барлығын соларға бөлемін. Жинақ шықса «Мә, мынадан оқып ал» деп қолына ұстатып жіберуге жақсы болар еді. Қалила Омаров деген режиссер бар. Сол жігіт мен жайлы деректі фильм түсірген. Соны телеарналардан көрсету жолын таппай отырмын. Ол да кейінгі жастарға көп ақпарат беретін фильм.

- Рахмет, аға! Алла жазса ақпан айында, Ақсу-Аюлыңызда өтетін мерейтойыңызда жүздесейік!

#қазақ жазушылары #ЕСЕП партиясы #Кәмел Жүністегі

Ұқсас материалдар

Әріптестер