Алтын адам және Бесшатыр қорғаны

Бүгінгі әңгімеміз Алтынемел мемлекеттік  ұлттық табиғи саябағындағы сақ замандарының жәдігері Бесшатыр қорғандары жайлы болмақ

Өткенін ұмытқан ел болашағына да бағдар жасай алмайды. «Сакралды Қазақстан» бағдарламасы осындай кем-кетіктің орнын толтыруда.

Еліміздің бет-бейнесіне айналып кеткен Алтын адамды білмейтіндер арамызда кемде-кем. Соңғы жылдары еліміздің әр аймағынан алтын адамдар табылуда. Осы оқиғалар бала кезімде естіген мына бір аңызымның миымда жаңғыруына түрткі болды. Бүгінгі әңгімеміз Алтынемел мемлекеттік  ұлттық табиғи саябағындағы сақ замандарының жәдігері Бесшатыр қорғандары жайлы болмақ.

Алатау мен Қаратаудың ортасын бір тайпа мекен еткен екен. Олар бай әрі қуатты тайпа еді. Бұл тайпаны  Қасқалдақ атты батыр билепті. Ол өзінің тоғыз ұлымен өз тайпасын басқа тайпалардан асқан батырлықпен қорғап, ұлан-байтақ жерге иелік етіп отырыпты деседі. Осындай қиян-кескі ұрыстардың бірінде Қасқалдақ батыр өзінің ержүрек төрт ұлынан айырылады. Сөйтіп, ұлдарының есімі ел есінде мәңгі қалсын деген оймен ұлдарының құрметіне төрт қорған тұрғызады.

Күндер сырғып, айлар жылжып өтіп жатады. Бір күні Қасқалдақ батырдың отбасында тағы бір ұл дүниеге келеді.  Бұл бала  басқа нәрестелерден ерекше болып туылады. Жаңа туған сәбидің еңбегінде бір тұтам алтын шашы болыпты.  Сондықтан оны барлығы Алтын Айдар деп атап кеткен көрінеді. Әке-шешесі де баланы қатарының алды қылып өсіруге тырысады. Жауынгерлік өнер, басқа да бағыттарда Алтын Айдардың алдына түсетін қатарласы болмаса керек-ті. Ол мінген атқа қанат біткендей болып, қандай бәйгеге шапса да мәреге бірінші келетін болыпты. Осындай мамыражай күндер ұзақ жылдарға созылыпты. Қасқалдақ батырдың тайпасы «Жау» дегеннің не екенін ұмыта бастаған күндері шығыс жақтан қара хабар жетеді. Хабаршының айтуы бойынша Іле өзенінің бойымен құмырсқадай қаптаған қара-құрым әскері бар жау шекараларына жақындап қалған екен. Қыздары күң, ұлдары құл болатынын, жерлері жаттың қолында кететінін түсінген халық кеңесуге жиналып, үлкен мәжіліс құрады. Кеңес отырысы  жаудың алдынан шығып, барлық амалдарды қолданып, жауды шекарадан асырмау керек деген шешімге келеді.   

Жауға қарсы қолды әдеттегідей Қасқалдақ батыр бастап шығады. Алтын Айдар мен оның бес ағасы әкелерінің соңынан ереді. Болат дулығалы, темір сауытты, үшкір найзалы, өткір қылышты атты әскер өте айбарлы көрінеді. Қасқалдақ кенже ұлын жанына алып жүреді. Жас батыр астына алтын түстес, Құлансары атты тұлпарын мініп шыққан екен. Алтын Айдардың киімі де алтын түстес еді. Арқасы мен кеудесін алтын сауыт жауып, басындағы алтын дулығасы күнге шағылысып сонадайдан көрінетін. Беліндегі белбеуінің өзі қасқырдың басы бейнеленген алтын айылбасты белбеу еді. Аяғына кигені алтын түстес былғарыдан тігілген өткір тұмсықты биік етік. Алтын Айдар өз соңынан ерген жүздігімен шайқастың о шеті мен бұ шетіне шығып, өзге  батырлардан ерек көзге түсіпті. Жас батырдың  әбжіл қимылын, күнге шағылысып жалт-жұлт еткенін көрген жұрт оған «Алтын сарбаз» деген атақ теліпті. «Алтын сарбаздың» қиян-кескі ұрыстардың ортасында шешуші рөл атқарып жүргенін дұшпандары да байқап қалады. Өзара кеңескен жау қолбасшылары араларындағы ең сұрмерген садақшыға «Алтын сарбазды» өлтіруге бұйрық береді.  Аңдыған жаудың алмай қоймайтындығы анық. Жау мергені оңтайлы сәтін күтіп жүріп өзінің ең ұзын, ең өткір деген жебесін уға малып алып жас батырды көздеп атып жібереді. Жебе батырдың қолына тигенімен сауытын тесіп өте алмай тайқып кетеді. Жігіттің қолында тек жау жебесінің сызаты ғана қалады. Мұны көрген Қасқалдақ батыр өз жігіттеріне садақшының жасырынған жерін анықтауды тапсырады. Ол екінші жебесін улап, оңтайлы сәтті тауып атамын деген сәтінде алмас қылыштың жүзі басын жерге допша домалатып үлгереді. Қасқалдақ батырдың әскері өздерінен анағұрлым көп жау әскеріне қарсы тұрып, бірнеше күн айқасады. Осы аралықта үш мәрте көлемді шайқас  өтеді. Бұлардың оңайлықпен алдырмайтынын сезген дұшпан өз күштері сарқылмай тұрып бітімге келуді ұйғарып хабаршы жібереді.  Ұзақ ойланған Қасқалдақ батыр бітімгершілікті қабыл алады. Осылайша жау жеңілгенін мойындағандай болып кері шегінеді. Қасқалдақтың әскері де келісім бойынша оларды соңына түсіп қумаған екен.

Елге жеңіспен оралған Қасқалдақ батырдың жауынгерлері бір-екі күн дамылдаған соң жеңіс құрметіне ат ойындарын ұйымдастырады. Тау етегіне бәйге тамашаламақ болған жұрт жинала бастайды. Ал, ауыздығымен алысқан тұлрпарларға мінген жиырма сегіз батыр сақадай сай тұрған еді. Өзінің Құлансарысын ойнақтатып, маңғаздана жүрген Алтын Айдар да осы топтың ішінде бар еді. Белгі беріле салысымен арғымақтар тасқын судай алдыға лап қояды. Олар айналып шығуы тиіс тау етегі көкжиектегі сағымға дейін созылып жатқан еді. Алтын Айдар алдына екі шабандозды салып, қолайлы уақытты күтіп отырған болатын.  Шешуші сәт келді-ау деген тұста  жас батыр атына қамшы салып, алдындағы екі шабандоздан басып озады.  Алтын киімді адамның атының басқалардан оқ бойы озып келе жатқанын жиналған қауым да көріп тұрады.

Бірақ, осы сәтте алдыңғы шайқаста қолын сызып кеткен жебенің уы оның бойына тарай бастаған еді. Алтын Айдардың көзінің алды қарауытып, көз алдында жер дөңгелеп сала береді. Әйтеуір, атының жалына жабысып, тек қана құлап қалмауын ойлай бастайды.  Бұлшық еттері босап, буындары жігіттің ырқына көнбей кетеді. Үстіндегі иесінің осы күйін сезген Құлансары да аққан жұлдыздай, ұшқан жебедей зуылдай түседі.  Құйрық-жалы жермен таралған сәйгүлік жеңіс сызығын басқалардан оқ бойы озған күйі басып өтеді. Әудем жер шауып барып тоқтаған Құлансарының үстінен Алтын Айдар ауып түседі. Осының барлығын қырдан бақылап тұрған халық «Алтын Айдар аттан құлады. Біздің ержүрек батырымызға не болған? Аттың өзі шауып келгені ме?» деп шуылдап кетеді.  Жерде жатқан жігіттің қасына жұрттан бұрын әкесі Қасқалдақ жетеді. Сол сәтте Алтын Айдар да бір сәтке есін жинайды. Жігіт кеберсіп кеткен ернін әрең қимылдатып «Әке, кешір! Мен аттан құлап қалдым» дейді. «Ештеңе етпейді, балам! Сен жеңдің!» деген әкесінің сөзін естіген жігіт сол сәтте үзіліп кетеді. Алтын Айдардың өлімін бүкіл тайпа жоқтайды.  Қасқалдақ батыр баласына улы жебе тиген жерге қорған салдырады. Себебі, сол замандағы салт бойынша атақты жауынгер қаза болған жерге қорған тұрғызылатын болған. Батыр жігіт алтын киімдерімен қоса жерленеді. Әкесі баласының жанына «Сен бізден келешекке ерте кетіп қалдың» деген күміс жазу ойылып жазылған тостақан қояды. Қайғыдан қан жұтқан Қасқалдақ батыр да көп ұзамай көз жұмады. Батырдың соңғы өсиеті бойынша соңында қалған халқы төрт баласының жанынан бесінші қорған тұрғызады.  Мінекей, осылайша Бесшатыр қорғандары пайда болған екен.

Бұл аңыздардың артындағы ақиқаттың мөлшерінің қанша екенін кім білсін? Тек, қазақ даласынан оқта-текте кезігіп қалатын «Алтын адамдардың» қорымдарынан кейін мен осындай аңыздарға сене бастадым. Бәлкім, Есік қаласынан табылған Алтын адам осы Қасқалдақ батырдың ұлы шығар? Бір нәрсе анық, осынау маңғаз даланың әрбір тасы мен бұтасының астында біз білмейтін құпия жасырулы.

 

#сакралды Қазақстан

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер