Қолөнер – ұлт қазынасы

Жас қолөнер шебері Шайхы-Ислам Мағауияұлымен сұхбат

Қолөнер – қазақ халқы тарихының үлкен бір бөлігі. Себебі, бұл өнер ел өмірімен, жан дүниесімен, күн көрісімен, кәсібімен тығыз байланысты. Ағаш өрнектеп, кесте тігіп, текемет басып, күнделікті тіршілікке қажетті түрлі заттарды жасау халықты қолөнерге шегелеп қойды. Соның арқасында, бұл сала қарқын алып дамып, жетіліп, шырқау биігіне шықты. Бірақ, заман ағыны қолөнерді ығыстырып, оны тасада қалдыру үшін бәрін жасап келетіндей.

Ұлттық қолөнер – ұлт қазынасы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық өнерді дәріптеу басты мақсаттарының бірі етіп алынғаны көңіл қуантады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі қолөнер шеберлерінің басын қосатын жоғары деңгейдегі көрмелер өткізіліп, көптеген іс-шаралар қолға алынып келеді. «Көрмелер шеберлердің сабақтастығын арттырып, оларды шабыттандыратын керемет шара» – дейді, қызылордалық жас шебер Шайхы-Ислам Мағауияұлы.

Ол – ұлтымыздың ұсталық өнерін қайта жаңғыртушы, дәріптеуші. Өзінің көз жанарының ІІ топтағы мүгедектігіне қарамай, сүйікті ісімен айналысуын бір сәтте тоқтатқан емес.

El.kz: Сізді қолөнер несімен баурап алды?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Ата-анамның айтуынша, бала күнімнен сазбен ойнағанды ұнатыппын. Басқа балалар секілді доп қуып, жасырынбақ ойнағаннан гөрі, өзім бөлектеу отырып, түрлі мүсіндер жасап, төрт түлік малдың бейнелерін дайындайды екенмін. Әкем осы қабілетімді байқап, Арал қаласында тұратын Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Құдайберген Құлменбетовтің алдына апарады. Яғни, мен қолөнерлікке ерте жастан қызығушылық таныттым десе болатындай. Менімен бірге туған қасиетті өнерді бүгінге дейін аялап келемін.

El.kz: Өзіңіздің ең алғаш жасаған тырнақалды туындыңыз есіңізде ме?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Ілгеріде айтып кеткенімдей, бала шақтан кәсіби жасалуын толық меңгермесем де, өзімше дүниелер жасап, соған мәз болып жүрдім. Ауыз толтырып айтар, алғашқы тырнақалды туындым деп 16 жасымда «Монғол» фильміне түсірілген тұтқасы қанатты барыс болып келетін қылышты айтсам болады. Оригиналы Құдайберген ағамызға тиесілі, мен соның көшірмесін істедім. Одан кейін де сол секілді жүрегіме жақын келетін заттар қолымнан шығып жатты.

El.kz: Алғашқы ұстазыңыз Құдайберген Құлманбетовтен не үйрендіңіз?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Теңіз төскейінде ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген шеберлер баршылық. Соның баында осы Құдайберген ағамыз тұрады. Ол кісінің қолынан шыққан дүниелер  Қазақстанның бірнеше ірі мұражайларында тұр. Тіпті, шетел асқандары да жетерлік. Өте өнерлі жанұядан шыққан ағамыз кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Мұрагер» атты шеберхана ашқан. Мен сол шеберханада дәріс алған бақытты жандардың бірімін. Мұнда мен терімен, ағашпен қалай жұмыс істеу керегін терең меңгердім. Мүйіз, сүйектермен жұмыс жасауды үйреніп, әсіресе, зергерлік өнердің қыр-сырымен толық таныстым. Құдайберген ағамыздың санама құйғандарын еш жердікімен, ешкімдікімен салыстырмас едім.

El.kz: Жалпы, қолөнердің көптеген бағыттарын меңгеріпсіз. Солардың барлығын есепке алғанда бүгінге дейін неше туынды жасап шығардыңыз?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Бүгінге дейін жасаған туындыларымның саны 200-ге жуықтап қалатын болар. Одан көп болмаса, анық кем емес.

El.kz: Қолөнер бұйымдарын жасауда неге аса мән бересіз?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Ең бірінші қолыма алғалы жатқан дүнием түп төркініне ұқсауы шарт. Яғни, адам бір қарағанда оның не екенін түсіну керек. «Инемен құдық қазғандай» қиындығы бар бұл өнер темірдей төзімді талап етеді. Төрт бұрышты ағаштан ою ойып, оған әдемілік сыйлау оңай шаруа емес. Бұл жерде ұқыптылықтың да маңызы жоғары. Қолөнер шеберлерінің мықтылығы – табиғаттан көшіруден танылады. Оны айнытпай көшіріп, көрсете білуге аса зер саламын.

El.kz: Жоғарыда ұстазыңыздан қолөнердің көптеген бағытын үйренгеніңізді айттыңыз. Солардың ішінде жаныңызға жақын бағыты қайсы?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Бала кезімнен айналысып келе жатқан сазбалшықты жаным сүйеді. Бірақ, мен тұратын Арал өңірінде мүсін, құмыра жасайтын табиғи саз кездеспеуінің кесірінен ол бағытты дамыта алмай отырмын. Бала кезден жасаған Қаракөл сазы көп нәрсеге жарамай, жарылып кете береді. Ал өзім айтып отырған туындыларды дайындауға Отырардың, Сайрамның саздары қажет. Сондықтан бұл бағыттан кішкене артқа шегінуге тура келіп жүр. Қазіргі таңда, жұмыс жасап жатқан материалдарым – ағаш пен мүйіз. Олардан көбінесе кәдесыйлық заттар – қобыз, домбыра, төрт түлік малдың бейнесін және тағы басқа дүниелерді әзірлеп жүрмін. 

El.kz: Ал былғары бұйымдарын жасағанда материалдарды қайдан аласыз?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Былғары терілерді Алматыдағы тері өңдейтін зауыттан арнайы алдыртамын. Шикі терімен жұмыс жасаған кезде сиыр терісін алып, өзім өңдеймін.

El.kz: 2013 жылдан бері жеке кәсіпкер болып тіркеліпсіз. Сонда қазіргі табыс көзіңіз осы қолөнер болып отыр ма?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Иә, бірақ та қолөнерден аса қатты пайда көріп отырмын деп айта алмаймын. Ол жан қалауы, жүрек таңдауы болғандықтан, аз табыстылығына қарамай айналысып жүрген де болармын. Негізінде жергілікті тұрғындардан ешқандай сұраныс жоқ, тек сырттан келген туристер жасаған дүниелеріме қызығушылық танытады. Сол сияқты басқа өңірден келген қазақстандықтар да кейде-кейде қолымнан шыққан туындыларыма «құда» түсіп жатады.

Шайхы-Исламның жетістіктері: 2013 жылы ‹‹Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз›› атты алғашқы републикалық мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен конкурсында ‹‹Үздік жасампаз›› номинациясын жеңіп алған. Сол жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының басым бағыты кәсіпкерлік әлеуетін күшейту барысында заманауи үлгілерді еңгізу мақсатында ұйымдастырылған «Үздік жас кәсіпкер» байқауында   I-ші дәрежелі дипломымен марапатталған. 2013 жылы қыркүйекте Республикамызда алғаш рет өткен ‹‹Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз›› облыстық конкурстың ‹‹Үздік жасампаз›› номинациясы бойынша 2 орын иегері болды. 2014 жылдың облыс әкімінің Сыр жастарына арналған  «Сыр Үміті» сыйлығының иегері. 

El.kz: Жалпы, жоғары біліміңіз бар ма? Кәсібіңізден табыс болмай, басқа да қызмет атқарып жүрген боларсыз....

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: 2012-2015  жылдары аралығында «Ақмешіт» Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінде «Дизайн» мамандығы бойынша білім алғанмын.  2014  жылы бірнеше ай Арал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен, «Жас Арал өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінде  «Инватакси» әлеуметтік қызметі аясында диспетчер қызметін атқарған кездерім болды.

El.kz: 2014 жылы Мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлік белсенділігін қолдауға бағытталған «Жұлдыздарға қара» атты қайырымдылық байқау жобасының аясында қайтарымсыз грантқа ие болыпсыз. Оның қандай пайдасы тиді?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Гранттың көлемі 200 мың теңгедей болды. Ол қаржыға ағашпен жұмыс жасайтын білдек (станок) алдық. Соның арқасында ыдыс-аяқтар, әртүрлі домалақ заттар жасауға мүмкіндік туды.

El.kz: Қазіргі қолөнердің насихатталуына берер бағаңыз қандай? Нелер жетіспей жатыр?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Қазіргі таңда қолөнерді бағалау, көтеру, дәріптеу мемлекеттік дәрежеде жүргізіліп келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері жасалып жатқан шаруалар шаш етектен. Жер-жерлерде қолөнерге қатысты конференциялар, көрмелер, байқаулар қарқынды түрде ұйымдастырылуда. Мемлекет қолдауының арқасында ұлтымыздың ұлы қазынасы – қолөнер одан әрмен жаңғыра береді деп есептеймін. Әрине, бұл қолөнерді насихататуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан көрмелердің көптігіне қуануымыз керек.  Халық хас шеберлермен қатар, осы салада енді қанаты қатайып келе жатқан біз секілді талапкер өрендердің қолынан шыққан тамаша туындылармен танысып, оған қолжеткізуге мүмкіндіктері бар.

Кейде бұл атқарылып жатқан іс-шаралар да халықтың толықтай қызығушылығын оятуға жетіспей жатыр ма деп қаламын. Олар сырттан келетін түрлі фабрикалардан шыққан әрі арзан, әрі сәнді заттарды алуға құмар. Солармен салыстыра отырып, біздің қаншама уақытымызды, күш-жігерімізді жұмсай отыра дайындаған туындыларымызды тым төмен бағаға сатып алғысы келеді.

El.kz: Өзіңіз айтып кеткен көрмелерге жиі қатысып тұрасыз ба?

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Көрмелереге шамам келгенше жиі барып тұрамын. Жылына кем деген төрт-бес, әрі кетсе оншақты көрмелерге  қатысамын. Мәселен, «Қызылорда облысы қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесіне», «Этноауыл» көрме жәрмеңкесіне,  «Аралым – айдын шалқарым» көрмесіне, «Қазақстанның үздік тауары – 2018» өңірлік-көрмесіне, «Өзіңе сене баста!» мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге арналған көрме-байқауына белсене қатыстым. Ал 2018 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында өткен ерекше жандардың шығармашылығына арналған Үӏӏӏ облыстық «Жүрек жылуы» өнер фестивалінде «қолөнер» наминациясы бойынша Бас жүлде жеңіп алған кездерім де болды. Кейде қаржы тапшылығынан қиындық көріп, қалыс қалатын кездер де болады.

El.kz: Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...

Шайхы-Ислам Мағауияұлы: Қызылорда өңірінде халықтың қолөнерге қызығушылығын арттыру үшін белсенді жұмыстар жүргізгім келеді. Ұлттық қазынамызды дәріптеу жолында біраз шаруалар атқарсам деймін. Сол сияқты шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алу жоспары бар. Бастысы, өмірімді тек қолөнермен байланыстырамын.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

(Суреттер Шайхы-Исламның әлеуметтік желі парақшасынан алынды)

#шебер #қолөнер #Шайхы-Ислам Мағауияұлы

Ұқсас материалдар