Өнер жайлы үзік ой
Астанада суретші Әділ Әубекеровтың "Lines & Destinations" атты жеке көрмесі ашылды
Әділ Әубекеров астаналық өнерсүйер қауымға қыркүйекте өткен Astana art show фестивалі арқылы жақсы таныс. Сол кезде-ақ өзіндік стилі бар суретші көптеген көрерменді өнерімен тәнті еткен еді. Бұл көрме сол танысудың жалғасы деуге де болатын шығар. Астанаға 60-қа жуық жұмысын алып келген Әділ өнер жайлы ойымен бөлісті.
Өнер оқиғаны, уақыт пен кеңістікті есте сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бағымыз ба, сорымыз ба, өнер бізден ұзақ жасайды. Солайша ол келер ұрпаққа біздің бүгінгі күнімізден сыр шертпек. Бұл - ғажайып нәрсе. Мысалы, мен Ван Гогтың жұмыстарынан сол кездегі адамдардың қандай болғанын байқаймын. Ал менің жұмыстарым технологиялардың бізге қалай әсер еткенін көрсетеді.
Әр суретшінің көрмесі өзінше тарих. Ал көрермен сол тарихтың тамырын басып көре алады.

Маған шабыт беретін - дала, оның мәдениеті мен желдің үні.

Contemporary art (заманауи өнер) өзекті дейтін де мағына береді. Яғни, заманауи өнер - бүгінгі күннің айнасы.

Жұмыстарымның көбі ешқандай ойды арқаламайды.
Кейбір жұмыстарыма қарап отырып, өзімнің шынайы болмағанымды байқаймын. Меніңше, талантыңды жетілдіргің келсе, өзіңнің сәтсіз жұмыстарыңа адекватты қарап үйренуің керек. Одан қорқудың қажеті жоқ, себебі адам идеал жаратылыс емес.

Мен өзіме "онша емес" суретші ретінде қарай аламын. "Онша емес" - соңғы меже емес. "Онша емес" - белгілі бір кезең ғана.

Біздің қоғамда қателескен адамды сынай жөнеледі. Анығында, барлық адам қателеседі.

Картиналарымды салып жатқанда ойымды мазалаған сұрақтардан арыламын. Жарқын түстерге қараймын да, «Әділ, бәрі жақсы» деймін.
Қызыл - менің сүйікті түсім. Өмірдің түсі. Жанданудың түсі. Дәл осы сәттегі өмірді сезінуге мүмкіндік беретін түс.

«Мен – суретшімін» деген ой 19 жасымда келді. Сол кезде сурет салмасам өмір сүре алмайтынымды түсіндім.

Алғашқы суреттерімде аттар бейнелегенген. Білмеймін, «қан тартады» деген осы шығар. (ред. - Әділ - Астраханның қазағы. Бұл оның туған жерге екінші рет келуі).

Бір бейне санамда жарқ етеді. Ана баланы жарық әлемге әкелетіні сияқты, мен де сол идеяға жан беруге тырысамын.

Оған (өнерге) қаражат көзі деп қараған емеспін. Аскеттерше өмір сүруге тырысамын.
«Өміріміз сұрланып кетті» дейміз ғой. Ал мен жарқын түстермен сұр тіршілікке жарық бергім келеді.

Өнер бас тартуға болмайтын кәсіп. Сен оны таңдамайсың, ол сені өзі таңдайды. Ал егер одан бас тартатын болсаң, өмірің басқа арнаға бұрылып сала береді. Оны қабылдап, өмір бойы алып жүруің керек. Шынын айтсам, оңай емес іс.

Сын айтылуы тиіс, онсыз болмайды. Бірақ сен жұмысыңды барынша жақсы жасауға тырысатын болсаң, сын азая түседі.

Мен өз шығармашылығыма сенемін. Бұл өзімшілдік емес, бірақ 100 жылдан кейін де адамдар менің өнеріме қызығады деп сенгім келеді.

Кейде ештеңені ойлағым келмейді, ондайда жай ғана әдемі түстерге қарағанды ұнатамын.

Бізді қоршаған ортаға қызығамын. Оны жұмыстарымда да көрсеткім келеді. Табиғат біздің ажырамас бөлігіміз, ал біздің міндет - оны сақтау. Мен табиғаттың фанаты бол демеймін, ол мүмкін емес, біз 7 миллиардтан асып кеттік. Бірақ қоқысты далаға тастамау сияқты қарапайым істер көп нәрсенің алдын алады.

Мені шынайы өнер шабыттандырады.

Адамдар көрмеге суретшілердің жұмыстарымен танысу үшін ғана келмейді. Көрме олардың бір жерге жиналып, ортақтасуына мүмкіндік береді.

Бәріміз біреудің пікіріне тәуелдіміз. Десе де, мен ішкі түйсігім арқылы ненің жақсы, ненің жаман екенін сеземін.

Саналы өмір – адамзаттың жаңа белесі.

Әділ Әубекеровтың көрмесі 12 қаңтарға (TSE Art destination галереясы) дейін жалғасады.

Фото: Арман Мухатов