TSE Art Destination галереясындаҒЫ суретші Асхат Ахмедияровтың жеке көрмесі

AYAN

BAZARBEK KAMYSBAYEV

22-ақпан күні «Astana Art Show 2019» халықаралық заманауи өнер фестивалінің аясында TSE Art Destination галереясында суретші Асхат Ахмедияровтың «Аян» атты жеке көрмесі ашылды.
Асхат Ахмедияров - қазақстандық заманауи өнердің белді өкілі. Тәуелсіз суретші жаһандық нәрсенің ұлттық нәрсеге таралуын, Шығыс пен Батыстың өзара араласуын зерттейді. Оның әрдайым ізденгіш, кейде белгілі бір тәртіпке бағынбайтын еркін шығармашылығына бейнелеу өнерінің дәстүрлері мен заманауи дизайнның, реалистік және абстрактілік формалардың әдемі үйлесімі тән. Ол кескіндеме, инсталляция, перформанс, фотосурет және видео сияқты бірнеше жанрларда жұмыс істейді.

Өз шығармаларында суретші үнемі өзгеріп отыратын әлемнің үйлесімсіздігін көрерменге көрсеткісі келеді. Автор белгілі бір нәрсені сол күйінде жеткізбей, тұспалдап, көрерменге бір сурет бірнеше мағына беретіндей етіп ұсынады. Оның туындылары көрерменге түрлі ой салып, қиял көкжиегіне жетелейді. Суретші үшін өзінің ішкі толғанысы, сыртқы әлеммен тілдесе алуы өте маңызды, оның өнері қазіргі қоғамның өзекті проблемаларымен тығыз байланысты

Көрменің «Аян» аталуы да кездейсоқ емес, аян «періштелердің адамның ақыл-есіне түс арқылы әсер ету талпынысын» білдіреді.

Өзінің жаңа шығармалары туралы суретші былай дейді: «Түсімде көретін кейбір белгілер мен оқиғалар туралы ойланғанда, біздің санамыз жете бермейтін даналықты іздеп табасың.
Сенің санаң мен сенің ішіңдегі екінші «МЕН» арасында түсініксіз диалог пайда болады. Мидың терең тыныштығы кезінде күндіз сенің өміріңді жай ғана бақылаған СЕНІҢ екінші бөлігіңнің рөлі арта түседі. «Аян» жобасы - бұл сені сыртқы әлеммен ашық байланыс орнатуға шақыратын белгілерді тануға кедергі келтіретін сүзгілерді жою. Өз зерттеулерімде мен сананың өзгерген қалпы арқылы алынған парадокстық материалдарды жеткізуші рөлін атқарамын, сондай-ақ түсімде пайда болып, өңімде жүзеге асқан картиналар мен белгілер арасындағы байланысты түсіндіруге, параллельді әлемнің тілін көрерменмен байланыс орнату арқылы сурет тіліне аударып беруге тырысамын». Суретшінің шығармашылығымен жақынырақ танысу үшін, туындылары туралы өзінің толғанысын тыңдап көрейік. Көрменің афишасынан көрініс тапқан мұндағы басты жұмыстардың бірі - «Үдемелі блок» картинасы.
ҮДЕМЕЛІ БЛОК (РАЗГОННЫЙ БЛОК)
2018, кенеп/майлы бояу

Орталық Азия елдеріндегі түрлі салалардағы әйел адамның рөлінің күшеюін карт-бланш, яғни шексіз мүмкіндіктер тек еркектердің қолында деген қалыптасқан пікірді жоққа шығарушы әйелдердің әрекеттерін жердің тартылыс күші кедергісінен өтіп бара жатқан зымыранның үдемелі блогының әрекетімен салыстыруға болады. Айналамызға қарасақ қарқынды дамып жатқан оқиғалардың артында әйелдер тұрғанын анықтаймыз. Үдемелі блок - бұл үшінші мыңжылдықтағы қазақ әйелінің «қоғамдағы әйелдердің рөлі екінші сатыда» деген қалыптасқан қағидадан босап шығуын бейнелейтін сюрреалистік картина. Алайда, бір қарағанда ракетаны елестететін қалыңдықтың дәстүрлі бас киімі оның денесін әйелдер туралы бұрынғы патриархалдық пікірге қалдырып, әйелдің басын ғана ғарышқа жетелейді.
СОРАҢШӨП (СОЛЕРОС)
2018, диптих, кенеп/майлы бояу

Құбылмалы қызыл шөп бұл қиялдан пайда болған нәрсе емес, шын мәнінде кездесетін сораңшөп. Ол тамыз айларында жауын-шашын тоқтағанда қызыл түске өзгереді, сол кезде жер асты суларының деңгейі төмендеп, топрықтағы тұзды кристаллдар ақ түсті қабат түзеді. Астана маңындағы қазақ ауылдары осы қызыл шөп өсетін ұсақ шоқыларда орналасқан. Қызыл дала кеңестік тоталитаризм мен Орталық Азиядағы жер бетіне шыққан ұлттық қарсылықтың қанының түсімен байланыстырылады. Осы ойлар арқылы мен кенепті түгел кадмий қызыл түске бояймын. Ал келесі кенепте қызыл түске боялған бұл ой толғаулар бақыт пен махаббатқа бөленген ғашықтардың айдынына ұқсайды. Тозақ олардың төсегіне, ал оны байқамау мүмкіндігі олардың махаббатының белгісіне айналады. Қызыл дала төсенішті де, жалауды да білдіреді.
Тағдыр қарама-қайшылықтары (Парадоксы судьбы) 2018, кенеп/майлы бояу

Әртүрлі әлеуметтік деңгейдегі адамдарға тиесілі екі автокөлік, Гелендваген мен Ниссан үйлеспейтін гибридті құрайды. Бұл - әр бұрышта күтіп тұруы мүмкін жаңа күтпеген жағдайларға дайын болу керектігін, өзіңнің жиынтықтарың мен функцияларыңды жаңартып тұру қажеттілігін білдіреді. Құндылығы бойынша екі түрлі автокөліктің қатар орналасуы ұйықтап жатқан адамның визуалды әрі логикалық түрде ойландырып, шатастырады, ал оның мағыналық талдауы өңінде жаңа ресурстарға шығу қажеттіліктерін көрсетеді.
Күйіп кетті 2018, кенеп/майлы бояу

Уақыт өткен сайын мен белгілердің ауыспалылығын және олардың жасырын байланысын жиі байқаймын. Ішкі түйсігімде олар сана мен эмоцияның үйлесіміне жеткен айтыс ақындарының шумақтарындай жылдам пайда болады. Күйіп кеткен кастрюль мен темір жолды не байланыстыруы мүмкін? Философиялық қиын көрінгенімен мағынасы өте қарапайым. Екеуінің арасындағы байланыс бұл уақытты дұрыс пайдалану, уақыттан озу. Бірінші жағдайда отты бәсеңдетіп үлгеру болса, екіншісінде локомотив көрінгенше кетіп үлгеру.
Штурвалда Құдай (За штурвалом Бог)
2018, кенеп/майлы бояу

Түстің мазмұны: Салондағы жалғыз креслосы бар Боинг жолаушылар ұшағы және бұл орын менің орным. Ұшақ біресе тау шыңына жақындап, біресе теңіздің үстінен ұшып, түрлі трюктер жасап келеді. Мен аққұба өңді пилотқа келіп, «Сен ұшақты Құдай сияқты басқарасың!» дедім, ол бұрылып қарамастан, «Мен Құдаймын!» деп жауап берді. Барлығымыз да ұшақпен ұшқанда қобалжимыз, себебі бұл көлік түрі қолайлылығына, жылдамдығы мен заманауилығына қарамастан, қауіп-қатердің болуынан толық сақтандырмайды. Жолаушылардың басым бөлігі - атеистер немесе діни жоралғыларды жасамайтын дінге сенетіндер, алайда ұшудың осы қорқынышты сәттерінде барлығымыз да дұғаларымызды айтамыз.
Көрмеде суретшінің жаңа туындыларымен қатар, оның осыған дейінгі жасалған «Тамыр жүйесі», «Саябақ», «Ішкі байланыстар» сияқты ретроспективалық шығармалары және де табанымен салынған «Жалаң аяқ живопись» атты картиналар сериясы да қойылған.
Аян - періштелердің адамның ақыл-есіне түс арқылы әсер ету талпынысы