Көп балалы ана қалай үйлі болды?

Көп балалы анаға көмек көрсеткен кәсіпкер

«Кэш-ЛОМБАРД» қаржы компаниясының Бас директоры Жандар Сыздықовтың көп балалы аналарға көмек көрсетуге шақырған үндеуі және кәсіпкердің сөзінде тұрып, бір отбасыға пәтер сыйлап, қуантқаны көпшілікке белгілі. Жандардың бұл ісін қолдағандармен қоса өзін жарнамалау деп түсінген адамдар да болды. Осыған орай, Жандар Сыздықовтың арқасында пәтерлі болған 7 баланың анасы Ұлданай Қарабековамен сұхбаттасқан едік.

- Сәлеметсіз бе? Баспаналы болып жатыр екенсіз, құтты болсын!

- Рақмет, осындай қуанышты жағдайға сенер-сенбесімді білмей жүрмін расы керек. Қаншама тілшілер келіп, қаншама адам құттықтаған соң барып сол бақытты сезініп жатырмыз.

- Астанаға келгеніңізге қанша болды? Жандардың үндеуін қайдан естідіңіз?

- Астанаға келгеніме жеті жылдан асты. Шымкент жақтан боламыз. Менің екі баламның құлағы естімейді, сөйлей алмайды. Сол балалар осы жақтан арнайы мектептен білім алса деген ниетпен келген едім. Астананың бір шетінде 50 мың теңгеге уақытша баспана (времянка) жалдап тұрып жатқан көп қазақтың бірі едік. Ақпан айының басында болған қайғылы оқиға бізге де ауыр тиді. Себебі, кез келген уақытта біздің де бұл қамытты киюіміз мүмкін ғой. Осындай көңіл-күймен жүргенде бір танысым «Жандар деген жас кәсіпкер мұқтаж адамдардың біріне пәтер сыйламақ екен. Сенің бала шағаң-жас, жай-күйіңді көріп жүрміз ғой. Бағыңды сынап көр» деп ақыл айтты. Содан "Алматы" іскерлер үйінің ішінде өтініш қабылдап жатқан орынды тауып алдым. Жұрт қатарлы жағдайымды айтып, мұң-зарымды жеткізген болатынмын. Небәрі екі күнде пәтерге ие болдық.

- Осыған дейін әкімдік, «Нұр Отан» секілді мекемелерге барып па едіңіз?

- «Нұр Отандағылар» құжаттарымды алып, «хабарласамыз» деп шығарып салған болатын осыдан бір-екі жыл бұрын. Содан бері хабарласқан жоқ. Әкімдердің қабылдауына да кіре алмай кеткенбіз.

- Пәтеріңізді көрдіңіз бе? Қашан көшкелі отырсыз?

- Жандар сертификатпен келгенде де сенбегенмін. «Міне, мынау үйіңіз» деп "Жасыл белдеу" (Лесная поляна) жаққа апарған соң барып шын екеніне көзім жетті. Келесі айда өзі көшіріп апарып тастаймын деп отыр. Жандарға өмір бақи алғысымды айтып өтемін. Өне бойынан адамгершілік иісі аңқып тұратын жандар арамызда әлі де бар екен! Алла әр ісіне береке берсін!

Жандардың өзімен де бір-екі ауыз тілдесуіміздің сәті түсті.

"Мен видеоүндеуді жасап алып, қатты толқыдым. Себебі, халықтың қалай қабылдайтынын білмедім. Бірақ, адамдардың көбі жылы қабылдады. Әрине, бес саусақ бірдей емес қой. Ішінде күмәнмен қараған адамдар да бар. Мен қаланың төрт жерінде өтініш қабылдаған болатынмын. Айналасы екі-үш күнде 120-дан аса өтініш келді. Әрине, барлығына көмектескім келеді. Бірақ оған менің шамам жетпейді. Арасынан «үйге ең зәруі осы кісілер-ау» деп Қарабаевтар отбасын таңдап алдым. Себебі 39 жасар жалғыз басты ананың 7 баланы асырауы оңай емес. Оның үстіне екі баласы ерекше күтімді қажет етеді екен. Әуелгіде сертификатын жәй ғана апарып табыстармын деп ойлағанмын. Менің видеоүндеуімді бірнеше вайнерлер мен блогерлер инста парақшаларында бөліскен болатын. Тәңірберген Бердоңғаров деген блогер жігіт «Сіз таңдап алған отбасыға пәтер сыйламас бұрын мен сұхбат алуға барайын. Сіз ортасында келіп, аяқ асты қуантсаңыз қалай болады?» деп идея тастаған болатын. Үндеуімнің көпшілікке жетуіне ол кісілердің де сіңірген еңбегі бар болған соң, оған келісімімді бердім. Мінекей, достарымды тағы да басқа кәсіпкерлерді осы іске жұмылдырсам деп жүргенімде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Менің атамекенім» жобасы жайлы естідім. Бұл жоба, мұқтаж адамдар мен көмек көрсетушілерді бір жерге жинаған ыңғайлы платформа екеніне көзім жетіп, қолымдағы өтініштерді осында тапсырдым. Бұл менің ендігі көмектерден бас тартқаным емес. Мен қайырымдылық көрсетуден бас тартпаймын. Ай сайын шамам жеткенше көмек қолымды созып отырамын",- дейді жас кәсіпкер.

#қайырымдылық #көп балалы аналар

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер