Қазақша Pokemon

«Қала бұрыштары» қандай ойын?

Елімізде отандық ІT мамандарының қолынан шыққан смартфондар мен планшеттерге арналған стратегиялық ойындар аз емес. Өкінішке қарай бұл ойындардың көбі жарнаманың я болмаса қаржылық қолдаудың жоқтығы себепті дамымай, шағын ғана аудиторияның айналасынан шыға алмай отыр. Солардың бірі – «Қала бұрыштары» деп аталатын стратегиялық ойын.

Бұл ойын Астана қаласының әкімдігі және «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының қолдауымен жасалған болатын. Еліміздегі Гёте институтының базасында жасалып, қалың жұртшылыққа жол тартқан бұл өнім ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне арналған.

Ойын желісі бойынша Хан Тәңірінің баурайында тұратын ата-әжелеріне кезекті демалысқа барған ағайынды Талғат пен Дина есімді екі бала бес түрлі нышан таңбаланған бір тас тауып алады. Бұл заттың мәнін сұраған немерелеріне атасы мен әжесі сиқырлы өзен мен оның қарауылдары туралы хикаяны баяндап береді. Олардың айтуы бойынша, Астана шаһарының орнында бұрындары От, Су, Жел, Жер және Уақыт (Болашақ) атты бес түрлі энергиядан тұратын бір сиқырлы өзен болған екен. Ол энергиялардың әрқайсысы белгілі бір қарауылдар тобының қамқорлығында болатын. Бірде белгісіз бір себептен қарауылдар ғайып болады. Тепе-теңдігінен айырылған өзен суы тартылып, құрғап қалыпты. Өзенді қайта қалпына келтіру үшін қарауылдарды табу керек екен. Осы әңгіме қатты әсер еткен Талғат пен Дина жолға шығады. Ойыншылар ойын барысында осы екеуіне қарауылдарды табуға көмектеседі.

Ойыншылар да қарауылдар деп аталатын бес топтан тұрады. Олар қарауылдардың қай тобына барғысы келетінін өздері таңдайды. Қарауыл түрін таңдап алғаннан соң, қаланың әр бұрышында орналасқан энергия бөлшектерін GPS арқылы іздеп табуы тиіс болады. Ойын барысында қандай да бір затты құрастыру, сурет салу, бірнәрсені тауып, фотоға түсіру және жұмбақты немесе шифрді шешу секілді алуан түрлі тапсырмалар беріледі. Бұл жиналған бөлшектерді ойыншылар виртуалды өзенге қосу керек болады. Осы ұпайлардың нәтижесінде ең үздік ойыншылар анықталады. «Ойын басында түсініксіздеу әрі қызықсыздау болып көрінген еді. Ойнай келе керісінше, күрделі әрі қызықты екенін түсіндім. Жалпы ойын өте қызықты», – дейді ойыншылардың бірі Елназ Бақытжанқызы.

Әйгілі PokemonGO ойынына ұқсас «Қала бұрыштары» атты квест-стратегиясының таныстырылымы 2017 жылғы ЭКСПО көрмесі қарсаңында өткізілген болатын. «Жобаның негізгі мақсаты – Астана қаласындағы оқушылар мен студенттерге «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігін ойын түрінде жеткізу. Ойын барысындағы тапсырмалар жастарға қоршаған ортаны қорғауға және оған құрметпен қарауға итермелейді. Ойыншылар ойын барысында сиқырлы өзенге қайтадан өмір сыйлауға ұмтылады. Осы мақсатта сиқырлы энергия бөлшектерін іздеуі тиіс. Бұл кез келген адамды бір сәтке болса да табиғатпен үндестіре алады. Сонымен қатар бұл қосымша шет тілдерін оқуға, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Әрі ойын барысында Астана қаласының небір көрікті жерлерін виртуалды түрде тамашалауға болады. Жалпы «Қала бұрыштары» қосымшасы туралы идея Орталық Азия тауларында өткен бір жиын барысында дүниеге келді. Қазақстандағы Гете институтының жобасы бойынша киіз үйлер ауылына жиналған жас өнерпаздар, белсенділер мен ғалымдар жастарды қоршаған орта тақырыбына қызықтыратын пайдалы бастамаларды алға қою үшін жиналған еді. Бүгін сол жобаның нәтижесін көріп отырсыздар» деп атап өткен еді жобаның жетекшісі Ирина Хеч.

Содан бері екі жылға уақыт өтті. Ойын өзінің фанаттарын қалыптастырып үлгергенге ұқсайды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, ойынды бүгінде үш мыңға жуық адам көшіріп үлгерген. «Бұл жаман көрсеткіш емес. Өткен жылдың 13 қазанда Астанада Сиқырлы Энергия Өзені Қарауылдарының қорытынды мерекесі болып өтті. Онда «Қала бұрыштары» ойынының жеңімпаздары жарияланды. Жеңімпаздар Қорғалжың табиғи қорығына барып, Қызыл Кітапқа енгізілген сирек кездесетін құстардың көшу қозғалысын бақылауға мүмкіндік алды. Бас жүлде алған екі оқушымыз Германияға сапарлап қайтты», – дейді жоба мамандары.

Бұл ойынды (Urban Corners) Google Play және iTunes қосымшасынан қазақ, неміс, ағылшын, және орыс тілдерінде ақысыз жүктеп алуға болады.

Суреттер: Urban Corners

#Қала бұрыштары #Қазақстандық ойын

Ұқсас материалдар