Жылы жерде отыратын жігіт

Жаңаарқа ауданындағы жылыжай кәсібінің жай-күйі

«Қысы-жазы бір түсте» деген жұмбақ есіңізде ме? Мақалама арқау болған жігіттің бизнесін көргенде бірден осы жұмсақ ойыма келді. Қыс демей, жаз демей Әлібек Тоғайбекұлы аудан жұртшылығын жеміс-жидек, көкөністермен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен мен Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тұрғыны Әлібек Тоғайбекұлының жылыжайымен танысып, жас кәсіпкермен сұхбат құрған едім.  Жаңаарқада туып, Қытай Халық Республикасының  Ланьчжоу  Университетінің тіл курсында оқыған бұл жігіттің бізге айтары аз емес екен.

- Әлібек, өзіңізді таныстыра кетсеңіз? Бұл бұл бизнестегі алғашқы жобаңыз ба?

- Мен, осы Жаңаарқа ауданының тумасымын. Әке-шешем - жеке кәсіпкер. Бұған дейін әке-шешем құрылыс материалдарын сату бизнесімен айналысқан. Оның ішінде жиһаз жасаушыларға лайықталған материалдарды ұсындық. Арнайы цехымыз да болды.

- Жылыжайды ашуға мемлекеттен көмек алдыңыз ба? Жалпы, бұл идея ойыңызға қайдан келді?

- Мен Қытайда Арыстан деген ағамның қолында оқыдым. Сол кезде өз бизнесімді бастасам ғой деп армандайтынмын. Екеуара әңгіме кезінде Арыстан ағам Қытайда жылыжай бизнесінің жақсы  дамығанын, елге бара қалсам осы саланы қолға алуымды өтінді. Қытайға барғандағы мақсатым тіл үйрену, ол жақтың мәдениетін көру болды ғой. Белгілі бір дәрежеде тілді меңгеріп алған соң, әрі қарай оқу оқымай-ақ өз бизнесімді қолға алуым керектігін сезіне бастадым. Әке-шешеммен ақылдасып едім, олар да бұл ойымды қолдады. Әрине, мұндай үлкен істі бастап кетуге біздің қаражатымыз жеткіліксіз болды. Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие  алып,  ойға алған мақсатымды іске асырып жатырмын.

- Демек бұл саладағы алғашқы қадамыңыз. Бизнесті жүргізу барысында қандай қиындықтар кездесті?

- Қыс мезгілінде температураны бір қалыпты ұстап тұру қиын екен. Мен осы мәселе бойынша көптеген қиындықтарға тап болдым. Бастапқыда қызанақ пен қияр өсірген болатынмын. Ішкі ауа температурасын ретке қоймауымның салдарынан әуелгіде көкөністерімді үсіріп алған кезім де болды. Дәл қазір мен қияр ғана өсіріп отырмын. Бір реттік өнімді тоннамен есептесек, бір маусымда он тонна қияр өндіреді екенбіз.

Қызанақ өсірудің өзіндік қиындықтары бар. Алғашқы өнімін беру үшін үш ай күтесіз. Ал, қияр алғашқы өнімін бір айда береді.

- Жылыжайыңыздың көлемі қанша? Аудандағы супермаркеттермен келісімшарт жасастыңыз ба?

- Жылыжайымыз мың шаршы метрлік. Ауданымыздағы үлкен супермаркеттердің бірі «Жандос» супермаркетімен келісімшарт жасастық. Қазір, осы сауда үйінің сатып алушылары қысы-жазы біздің өнімді жеп отыр.

- Жылыжайда тәжірибе ретінде басқа не өсіріп көрдіңіздер?

- Аскөк (укроп) пен көк жуа өсіріп көрдім. Көк жуа тез өскенімен оңай бүлінеді екен. Жинап алғаннан соң бір күнде солып қалады. Яғни, дүкендерде бір күн ішінде өтіп кетпесе екінші күні өтуі қиын. Бізде далада жаз мезгіліне арналған бақшамыз бар. Бұл жерде сәбіз, тәтті бұрыш секілді көкөністерді өсіріп көрген болатынбыз. Негізі, сәбіздің де суыққа төзімділігі жақсы. Қыс мезгілінде өсіріп көрген көкөнісімнің бірі сол.

- Далада, күн шуағына шомылып өскен қияр мен сіздің жылыжайда өскен қиярдың дәмінде айырмашылық бар ма?

- Тұтынушылардан «Сендердің қиярларыңның дәмі жазда бақшамызда өсетін қиярдың дәміндей екен. Салатқа турағанда иісі мұрын жара жаздайды» дегенді жиі естимін. Соған қарағанда айтарлықтай өзгешелігі жоқ-ау. Бұның басты себептерінің бірі – экологиялық таза өнім болуында шығар. Біздің қиярлар өңделген топырақта өседі. Ешқандай химиялық қоспаларды пайдаланбаймыз. Біздің жылыжай тамшылатып суару жүйесімен жұмыс жасайды. Қиярларымызды күніне бір мезгіл суарып отырамыз.

- «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген мақал бар. Арқаның қысы бәрімізге мәлім. Қыстың күндері жылыжайды жылы ұстау қиын шығар?

- Егер, күн нұры сәл шығып тұрса бір қалыпты температураны ұстап тұруға болады. Бірақ, біздің аймақта қыстың жаймашуақ күндері ұзақ тұра бермейтіні анық.  Сол себепті, біздің бұл бизнесіміз қыста шамадан тыс көмірді талап етіп тұр. Жаңаарқа ауданының әкімдігі мәселенің шешімін тауып, Қарабидайық көмір кенінен арзан бағаға көмір жеткізтіп беруге уәде етіп отыр.

Бізде мезгіл таңдамайтын тағы бір мәселе бар. Былтырлары ауданымызда жарық жиі өше берді. Сондай сәттерде біздің көкөністеріміз «шок» алып қалды. Әрине, біз бұндай жағдайларда жарық беретін генераторларды алып қойғанбыз. Бірақ, генераторларымыз желдету жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмайды. Ондай генераторлардың құнын сіз сұрамай-ақ қойыңыз, мен айтпай-ақ қояйын.

- Қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыздар?

- Қазіргі таңда сегіз адамға жұмыс беріп отырмыз. Бұл адамдардың үшеуі жылу қазандығына жауапты. Қалған бесеуі көкөністің өсуіне, жай-күйіне қарайды.

- Алдыңызға қойған мақсаттарыңыз қандай?

- Мақсатымыз үлкен. Орындалу-орындалмауы бір Алланың еншісінде және өзіміздің еңбектенуімізге байланысты ғой. Алдағы уақытта Жаңаарқа ауданындағы үлкен-үлкен сауда үйлерінің барлығын өз көкөністерімізбен қамтамасыз етсек екен деймін. Әрине, қиярдан басқа да көкөністерді өсіру жақын болашақтың еншісінде деп отырмыз. Мәселен, биыл бүлдірген өсіруді қолға алмақшымыз.

Менің мынандай бір ойым бар. Германиядан ба, басқа кез-келген бір елден бе, жылыжай ұстайтын, көкөністердің күтімі үшін не істеу керек екенін тәжірибе жүзінде бізге көрсетіп бере алатын адамды шақырғым келеді. Негізінде мемлекет тарапынан осындай бағдарлама қарастырылған дейді.Бұл ойды болашақта өз күшімізбен болса да іске асырғымыз келеді.

- Рахмет, еңбегіңіздің жемісін жей беріңіз! Алға қойған мақсаттарыңызға жетуіңізге тілектеспін!  

Сурет ашық интернет көзінен алынды

#кәсіпкер #Бизнестің жол картасы-2020 #жылыжай

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер