Бала-бақша бизнесін ашқыңыз келсе...

Кәсіпкер бизнесін қалай бастағанын айтып берді

Бүгінде әйелдер қауымы  бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Әсіресе, республика бойынша кәсіпкер қыз-келіншектердің үлесі 50 пайыздан артқан. Нәзік жандылар да бизнес саласында ер азаматтармен иық тіресе жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары жеке бала-бақша санының көбейгені – әйел кәсіпкерлігі әлеуетінің артқанын айғақтайды. Солардың бірі 41 жастағы тараздық кәсіпкер Мадина Бисенова өзгенің көмегінсіз өз бизнесін қалай дөңгелеткені және онда қандай қиындықтарға тап болғандығы туралы сөз қозғайды.  

Бала күнгі арманды жүзеге асыру

Мадина Бисенова мектеп қабырғасында оқып жүрген сәттен бастап педагог болуды армандапты. Бірақ та отбасында көбісі қаржыгер болып қызмет еткендіктен,  мектепті аяқтағаннан кейін өз өмірін осы салаға бұрған. Сөйтіп, Алматыда сол кездегі «Нархоз» университетіне оқу түсіп, кейін аспирантурасын аяқтап, 1998 жылы банктердің біріне жұмысқа орналасқан. 

- Алматыда банктердің бірінде жұмыс істеп жүргенде болашақ жолдасыммен таныстым. Содан 2001 жылы екеуіміздің тұңғыш ұлымыз дүниеге келген соң, сол жылы Таразға көшіп кеттік.

Ол қызмет жолын қарапайым Call орталық менеджерінен бастап банк директоры орынбасарына дейін көтерілген. Алайда жоғары лауазымды қызметтерде жүрсе де,  өзінің бала кездегі арманын бір сәт естен шығармаған.

- Бала кезімде өзім үйдің үлкені болғандықтан әрқашан балаларға арналған түрлі іс-шаралар  мен ойындар ұйымдастырып жүрдім. Бұл іспен айналысқаннан кәдімгідей ләззат алатынмын. Бірақ та Таразға көшкен соң бала кездегі бұл ісімді қолға алу жағы аздап тоқтап қалды. Алайда, көп дайындықтан кейін яғни 2009 жылдан бастап жұмысыммен қатар өзімнің кішігірім бизнесіммен айналыса бастадым.


Фотода: Мадина Бисенова

Мадина Маратқызы алғашқы бизнесін 500 мың теңге қаржымен балалар киімін сататын дүкеннен бастағанын айтады. Бұл іс арқылы кәсіпті меңгере бастаған соң 2012 жылы балалар орталығының франшизасын 15 мың долларға сатып алған.  

- Мұны алғашқы бизнесімнен тапқан табысқа сатып алдым. Менің алғашқы бизнесім осы кәсіпті ашуға көмектескен болатын. Осы орайда мына нәрсені айта кеткім келеді. Қазіргі кезде бизнеспен айналысуды жоспарлаған кез- келген адамға қаржы қажет болса, мемлекет тарапынан түрлі көмектер беріледі. Тіпті, несие де алуға болады.

Ал бұл орталық арада төрт жыл өткен соң балалар бала-бақшасына айналған. Бизнеспен айналысқан уақытта педагогтік білімі болмағандықтан өзгенің франшизасын сатып алғанын айтады. Оған қоса, бұл кәсіпті жалғыз дамытқан соң аздаған қорқыныш сезімі де болған екен. Осылайша өзінің жаны қалаған кәсіпке  балалар киім бизнесі арқылы келген.

- Ал бала-бақшаны ашу үшін ішіне жөндеу жұмыстарын жасадық және қажетті заттармен жабдықтадық. Тәжірибелі педагог мамандарды тарттық. Оған қоса, уақыт өткен сайын оқыту бағдарламаларын да жаңартып тұрдық. Бұларға шамамен бес миллиондай қаржы жұмсалды.

Фотода: Мадина Бисенова бала-бақша қызметкерлерімен бірге

Алғашында бала-бақша жұмысын төрт тәрбиеші мен төрт тәрбиеленушіден бастаған. Ал қазір мұнда 17 қызметкер мен 80-нен астам бала тәрбиеленіп жатыр.  

Бір жағынан банктегі қызметін, екінші жағынан  бизнесін қатар алып жүрумен қоса,  Мадина Бисенова бүгінде Мәскеу қаласындағы  психоанализ институтында педагог-психолог мамандығы бойынша екінші білімді қашықтықтан меңгеріп жатыр. Қазіргі кезде қос кәсіпті дөңгелетіп отырған кәсіпкер келіншек бизнеске өзінің алғашқы мамандығының пайдасы тиіп жатқанын айтады.

- Менің банк саласындағы жылдар бойы жинақталған тәжірибемнің  бизнесте өте көп көмегі тиіп жатыр. Соның арқасында мен өз арманымды жүйелі түрде жүзеге асырдым. Бұл саладағы өзімнің миссиям -  айқын. Бұл балғындардың балалық шағын бақытты әрі қызықты болуына жағдай жасау. Менің ойымша, мақсаты бір адамдар бір командаға жиналса, онда біз қоршағам ортамызды өзгертуге септігін тигіземіз деп ойлаймын.

Кәсіпті ашу кезіндегі қиындықтар

Мадина Бисенова кез-келген кәсіпті ашу теледидар мен газет беттерінде жазылғандай оңай шаруа еместігін айтады.

- Бұл өте қиын іс. Бұған болаттай берік болу қажет. Мәселен, маған бала-бақшаны ашу үшін  Тараз қаласының әкімдігі түрлі шарттар қойып, рұқсат бермеген болатын. Әсіресе, ірі-ірі қалаларға қарағанда облыстарда бизнесті жүргізу қиын екеніне көзімді жеткіздім.  

Қазіргі кезде кәсіпкер ашқан бала-бақша мемлекеттен әр балаға дотация алып отырады. Бірақ та мұны алу үлкен еңбекпен келгенін тілге тиек етті.

- Жалпы мемлекеттен мұндай көмекті алу үшін арнайы конкурс ұйымдастырылады. Біз де соған қатысуға өтініш білдірдік. Бірақ та заң тұрғысынан ережелер мен нормалармен танысып шыққан соң, конкурс нәтижесі обьективті түрде болмағанын білдік. Содан құжаттарымызды қайтадан қарастыру үшін прокуратураға шағымдануыма тура келді. Ақыры құжаттарды қайтадан қарап, бізді  мемлекеттен жәрдем алатын бала-бақшалардың тізіміне қосты.

Бүгінде «бала-бақша тәрбиешілерінің көп уақыты балаларды оқытуға емес, қағазбастылыққа кетіп жатыр» дегенді  кәсіпкер тілге тиек етеді. Сондықтан Мадина Бисенова «мектепке дейінгі балалардың білім сапасын арттыру үшін  бала-бақшаларда электронды цифрландыру жүйесін орнату қажет» деп есептейді. Сол жүйені орнату үшін  қазіргі кезде жұмыс істеп жатқанын айтады.  

Оның айтуынша, бизнеспен айналысу үшін оны жүйелі жүргізудің алдын-ала ережесін меңгеру қажет. Бұл орайда заң тұрғысынан өте сауатты болған жөн. Өйткені, оны білмеген кәсіпкерге «бизнесті жүргізу қиын болады» дейді.

- Егер де белгілі бір проблеманың кезең-кезеңімен шешілу процесін білмесеңіз, онда сізді кей адамдар алдап кетуі әбден мүмкін. Мәселен, жоғарыда айтқанымдай, бізге мемлекеттен субсидия алуға рұқсат бермегенде біз бәрі ашық әрі заңды болу үшін өз атымыздан емес, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге  прокуратураға шағымданған болатынбыз.

Сонымен қоса, кәсіпкер өзінің қара басымен отбасы үшін ғана емес әрі қарамағындағы қызметкерлер үшін де жауапты адам екенін ескеру қажет. «Яғни, лидер ретінде кәсіпті бастаған адам алға жылжыса, онда соңынан ерген команда да өсе бастайды», - дейді Мадина Бисенова.

Қызметке шығармашылық тұрғысынан қарау

Кәсіпкер бала-бақша бизнесінде түрлі қиындықтар кездесіп тұратынын жасырмайды.

- Баласын бала-бақшаға берсе де, таңнан кешке дейін алаңдап отыратын аналар бар. Олар балаларының тамақ ішкенін не ішпегенін, не болмаса қазір немен айналысып жатқанын білу үшін күні бойы дамылсыз хабарласып жатады. Бұл біздің  қызметкерлердің де ығырын шығарып жібереді. Содан олар маған хабарласады.

Алайда, кей ата-аналар біраз уақыттан кейін бұл ісін тоқтатса, ал кейбіреулері ары қарай хабарласуын жалғастыра берген. Сондықтан кәсіпкер бұл проблеманы былайша шешкенін айтады.

- Бала-бақша әкімшісі сол ата-аналарға баласы жайында фото-видео есеп жіберіп отырады. Осыдан кейін олардың уайымдары басылды әрі таңертеңгілік балаларын бізге толықтай сеніп тапсыратын болды.

Болашақта кәсіп ашуды жоспарлап жүргендерге кеңес

2018 жылдан бастан банктегі қызметінен кетіп, күнделікті уақытын осы кәсібіне арнаған Мадина Бисенова өзінің пайдалы кеңестерімен бөлісті.

- Қазіргі кезде мен әсіресе, білім саласында бизнеспен айналысу үшін франшиза сатып алмас едім. Өйткені менің бизнес әлемінде жылдар бойы жинақтаған тәжірибем бар. Ал жаңадан кәсіп бастағысы келетіндерге франшиза сатып алуға кеңес беремін. Себебі, оны ешқандай үлгісіз қайтадан  құрастырғанша, өзгенің дайын жүйесін алған әлдеқайда тиімдірек. Сіз уақыт әрі қаржы үнемдейсіз.  Егер де өзіңіз нөлден бастайтын болсаңыз, онда түрлі қателіктер болса онда оны қайтадан ретке келтіруге қыруар қаржы кетуі әбден мүмкін.   

Сонымен қатар, кәсіп ашқысы келген әйелдер қауымына арналып ұйымдастырылған түрлі жобаларға қатысудың да пайдасы тиеді деп есептейді.

- Отбасы мен  кәсіпті қатар алып жүру қиын екенін өзімнің басымнан кешкен тәжірибемнен айта аламын. Себебі, өзімнің сүйікті ісіммен айналыса отырып, балаларыма  жақсы ана бола алмаймын ба деп уайымдадым. Бірақ та мұны шешуге маған «Umay Boost» жобасы көп көмектесті. Нәтижесінде бұрын мен үшін үлкен проблема болғандар шешілетін нәрселерге айналды. Бұл жобада бізге яғни, келіншектерге өз бизнесін қалай дамытудың, қызметкерлерді қалай жұмысқа алу қажет секілді кәсіпті енді бастайтындар білуі қажет нәрселердің қыр-сырын үйретті.

Енді Мадина Бисенова алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтіп, Тараздан бөлек өзге қалаларда да филиалын ашуды жоспарлап отыр.

(Суреттер Мадина Бисенованың жеке мұрағатынан алынды)

#Мадина Бисенова #Кәсіпкер #Бала-бақша бизнесі

Ұқсас материалдар