Интернет-бизнес. Үш жігіттің басынан кешкендері

Қазақстандық кәсіпкерлердің оқиғалары

Интернет арқылы ақша табу? 5-6 жыл бұрын қиял болып көрінетін еді. Ал қазір интернет саудаға етіміз үйреніп кетті. Шетелдегі "уолл стрит қасқырлары", брокерлер, миллионерлер клубы туралы фильмдердің сюжеті біздің де өмірімізге кірген сияқты. Менің мақалама арқау болған қазақтың үш жігітінің бизнесі шарықтауды да, құлдырауды да басынан өткерді. Қарызға белшесінен батып клиенттер алдында тығырыққа тірелген кездер де болды. Бірақ бір жыл ішінде басынан кешкендерін жігіттер өздері айтып берсін.  

Бизнесті бастау оңай, бизнесмен болу қиын...

Қанат Тоққұлов, компанияның негізін қалаушы: 

Мен ЭКСПО көрмесі кезінде кәдесыйлар сатқан болатынмын. Сол жерде жүріп, әркімнен Ахметбек Нұрсила ағамыздың «Бизнес бастау» мектебі жайлы естідім. Ахметбек ағамыздың онлайн курсына жазылдым. Оған себеп болған дүние де бар. Ыбырай деген кісінің видеосын көріп қалдым. Ол кісі өз видеосында селфи таяқша, яғни, монопод сатқандығы жайлы әңгімелейді. Қытайдан екі жүз теңгеге алдырып, екі мың теңгеге сатқандығы жайлы әңгімесі маған қатты әсер етті. Менің ішімде «Қалайда Қытайға шығатын сауда жолын табу керек» деген ой пайда болды. Осылайша жоғарыда аталған онлайн курсқа қатыстым. Онлайн дегеннің өзінде біз астаналықтар бір орынға жиналамыз, Ахметбек ағамыз бізге онлайн дәріс береді. Курстың бірінші күнінен бастап мен Қытай жақтан келген қандастарымызды іздей бастадым және таптым. Өзімнің дәл жанымда отырған Арнай деген жігіт сол аймақтан келген болып шықты. «Мен Қытайға тікелей шыға аламын. Ол жақта сенімді адамдарым бар» деді ол кісі. Содан 400 мың теңгеге алғашқы тапсырысымызды жібердік. Ақшаның барлығын бір ғана тауарға, көлікте ұялы телефондарды қойып қоятын тұғырларға жұмсадық. Он күн дегенде тауарлар қолымызға тиді. Қандай болмасын бизнеске салармын деп ұстап жүрген бір жарым миллиондай ақшам бар еді. Соны айналымға жіберіп, Астана вокзалының маңайынан офис жалдадық. Ондағы ойымыз - басқа қалаларға жөнелту кезінде жеңіл болуы. Сол шағын офисімізде екі айдай мекен еттік. Айтпақшы, біздің курста 56 адам оқыдық. Соның тек төртеуі ғана бизнес бастап кете алған екен.

Бастапқыда он тауарымыз болса деп ойлағанбыз. Кейін тауардың 150 түрі пайда болды. Бұл біздің басты қателігіміздің бірі екен. Біз бастаған бетте жүйесіз жұмыс істеген екенбіз. Бұл жағын тәжірибе кезінде сездік. Курс барысында ол жағын көп оқыта қоймаған еді. Қателіктерімізді тізбелеп берейін. Жүйесіздік, яғни, өзіміздің алдағы қадамдарымызды есептемеу. Инвесторлармен қалай келісімшарт жасау керектігін білмеу. Біз көп дүниелерді есептемеген екенбіз. Мәселен, алғашқы үш айдың жобасында бізде күніне кем дегенде 100 мың теңге пайда тауып отырдық. Кей кездері күніне 800 мың теңгелік айналымдар жүрген болатын. Біз осы кездерде дұрыс есептей алмағандықтан инвесторларға шамамыз келмейтін уәде берген екенбіз. Яғни, қысқа мерзім кезінде 3 млн ақшаны 6 млнға айналдыру деген секілді шаруаларға ұрынып қалдық. Қазір Аллаға шүкір, қайтадан тіктеле бастадық. Яғни, 150 түрлі тауар сатпай, өтімді деген үш-төрт тауарды әрі айналдыра беру. Аяқ киімнің не болмаса сағаттың түр-түрін сатып, шаруаларын дөңгелетіп отырған адамдар бар. Бастапқыда «таргет» жасау, яғни, өз тауарыңды жарнамалау деген дүниелерді біле бермейтінбіз. Қазір оны да меңгердік. Мәселен, мына бас киімдерімізді екі күн бұрын таргетке қойғанбыз. Соны қанша адам көргені, қанша аудиторияны қамтығаны алдымызға шығып тұрады. Сондай-ақ, қанша адамның алғысы келіп, тапсырыс бергендігі көз алдымызда. Біздің міндетіміз – сол адамдарға байланысқа шығып, өз тауарымызды сату. Дәл қазір инвесторлар болса оларға да, бізге де пайдалы келісімшарт жасасуға әзірміз.

 

Интернет саудасын жүргізудегі басты қиындық 

Біздің басты мәселеміз тауардың уақытында бізге жетуі. Көбіне, Қытайдан еліміздің шекарасына тез кіреді де, бері қарай жете алмай қояды. Тауарыңыздың Қорғаста жоғалып кету қауіпі бар. Кіргенен кейін қоймада айлап тұрып қалуы да мүмкін. Мінекей, мына қораптарды көріп тұрсыз ба? Осы қораптар бізге алты ай бұрын келуі керектін. Ал, біз бұны кеше алдық. Сәйкесінше, бұл бізді шығынға ұрындырды. Яғни, осыдан алты ай бұрын сұраныстағы тауар, нарыққа дендеп еніп кеткен соң қолымызға тиіп отыр. Ал, бұл тауарды біздің бәсекелестеріміз баяғыда сатып тастаған. Бізді құтқаратын бір дүние – тұтынушыларымыздан алдын ала төлем алмайтындығымызда болып тұр.

Екінші мәселе Қытай жақта сенімді адамыңыздың болуы шарт. Ондай адамыңыз болмаса құрдымға кеттім дей беріңіз.

Мемлекеттік қызмет. Бизнесмендер туралы стереотип және былғары креслолар... 

Назарбек Мукин,  компаньон:

Мен жалпы, мемлекеттік қызметте, сот саласында істеген адаммын. Содан жұмыс іздестірдім. Менің жұмыс іздегендегі түрімді қарасаңызшы. Кілең сот, прокуратура деген секілді органдарды аралай бергенмін ғой. «Оқуымды бітірдім. Қолымда диплом бар. Тек сол бағытта жұмыс істеуім керек» деп ойласам керек сол кездерде. Қаңғалақтап жүріп Астанадан бір-ақ шықтық.  Бірде Instagramымды шұқылап отырып «Екі айда млн теңге тапқың келе ме? Миллионер болу мүмкіндігін жіберіп алма» дегендей жарнамалық постқа көзім түсті. «Астана мүмкіндіктер қаласы дейді ғой. Өз мүмкіндігімді бизнесте байқап көрейін» деп ойладым. Осылайша жұрттан естіп,  Ахметбек ағамыздың курсына тап болдым. Ол курсты толық аяқтамай жатып, біздің алдымызда оқып кеткен Қанат ағалармен таныстым. Олардың жасап отырған шаруаларын көріп, олар менің ойымды тыңдап, бір команда болып жұмыс жасауды ұйғардық. Ешкім-ешкімге бастық емес. Бөліп алған міндеттерімізді адалынан атқарып жүретін болып келістік. Қанат Тоққұлов және Арман Төлегенов ағаларыммен бірігіп, бір мүдде аясында жұмыс істеп жатырмын.

Бағана Қанат ағамызда айтты ғой. Айналымда біз өмірі қолға ұстап көрмеген ақша жүрді. Оның сыры – «Бизнес бастауда» бізбен қатар оқыған, бізден кейін оқыған жігіттердің барлығының Қытай арқылы сауда жасағылары келуінде. Ал, «Алибаба» арқылы сауда жасау кез-келген адамның қолынан келмейді. Ол жерде қатаң талаптар бар. Ол үшін Қытай жақта сенімді адамың, сол елдің азаматы болуы керек дегендей дүниелер бар бұл жерде. Сонымен, сауда жасағысы келген жігіттердің барлығы біз арқылы тапсырыстар жасай бастады. Осылайша біздің қолымыз жүріп кетті.

Кез-келген ірі бизнесмендер шыңырау құдыққа бір құлап алады екен. Бұл кермек дәмді бізде татып үлгердік. Біздің біраз қателігімізді Қанат аға айтып өтті ғой, Мен де шет жағасын айтып өтейін. «Қой көрмеген қуалап өлтірер» деген жақсы мақал бар қазақта. Бірақ, ол мақал өзіңе қарата айтылса өте жаман екен. Біз бұрын-соңды сауда жасап көрмеген жас жігіттерміз. Айналымдағы ақшамыз жүріп жатыр. Кинодағыдай өмір сүруді қаладық. Яғни, кең әрі жарық офис, астымызда жұмсақ креслолар болуын қаладық. Столды айнала отырып кеңес құруымыз керек деп білдік. Осылайша жалға офис алып, оны жөндетіп, арманымыз болған креслоларды алып, жиналыстар жасаған кездеріміз де болды.Тауарымыздың көлемін есептемей ат шаптырым жерді жалға алып, оны өзіміз өтеді-ау деп ойлаған керегі жоқ тауарларға толтырып тастаған кездеріміз де болды. Осының барлығы жүйенің жоқтығынан екен. Дегенмен, ащы тәжірибенің арқасында қазір келісімшартты қалай жасау керек, адамдармен қалай тіл табысы керектігін біліп қалдық.Кәсіпкер болған соң қолдан келген барлық іспен айналысуға тырысамыз. Менің қалыптасқан клиенттер базам бар. Осы базам маған көп көмектесуде. Осыны негізге ала отырып риэлторлық қызметті де қоса алып жүрмін. Бұл қызметімнің табысы әлдеқайда қомақты.

 

Бизнесте жауапкершілік пен абырой маңызды

Арман Төлегенов, компаньон: 

 Біздің сауда жасау жүйеміз былай. Мәселен, біреулер бізден рюкзак немесе бас киім алғысы келді дейік. Біз ол кісі тапсырысқа берген бас киім түрінің қанша түсі бар соншасын қолымызға алып, тапсырыс берушінің үйіне барамыз. Бүгін тапсырыс берсе - бүгін жеткізіп бере аламыз. Ыңғайы ертең десе, оқасы жоқ, ертеңіне баруға да әзірміз. Ол кісі тауарды қолымен ұстап, көзімен көріп, өз бағасын береді. Ұнамаса курьерлік ақымызды төлейді, тауарға ақша төлемейді. Ұнаса тауарға ақшасын төлеп алып қалады. Яғни, алданып қалу деген атымен жоқ. Біздің қоғамда интернет арқылы сауда жасаушыларды сыртынан «алаяқтарға» жатқыза салушылар көп. Оның негізі жоқ емес те шығар. Бірақ, «бірдің кесірі мыңға тиеді» дегендей, біз тәрізді адал нан табуға тырысып жүрген жандарға кесірлері тиіп кетеді. Бұл жерде сапа мәселесін де жоққа шығармау керек. Бір тауардың екі түрі болады. Сапалы және сапасыз. Сапасыз түрін сатып әкеліп, сенің сапалы тауарыңның құнымен бірдей бағаға сататындар да бар. Бұндай істердің де кері әсері тимей қоймайды. Менің бұл топтағы қызметім көбіне әлеуметтік желілердегі жұмыс. Телеграмда, инстаграмда  насихат жасау дегендей жұмыстар тікелей маған қатысты. Ал, курьерлікті кез-келгеніміз жасай береміз. Біздің қазіргі мақсатымыз – жөн-жосықсыз алған тауарларымыздан құтылу және спорттық үлгідегі киімдер мен рюкзактарды ғана сату бағытына ауысу.

Жалпы, менің көзім жеткен бір дүние бар. Адам денсаулығына байланысты тауарларды да жақсы өткізтуге болады екен. Мәселен, үйде киетін емдік аяқ киімдер. Табаныңызға массаж жасап тұратын сүйретпе киер ме едіңіз? Естіген адамның өзіне қызық қой? Мәселе, осыны халыққа ұсыну жолын дәл таба алуда. Адамдар өз денсаулығынан ешқашан ақша аямайды және ешкімнің де ауырғысы келмейді ғой. 

Бұл үш жігіттің бизнестегі алғашқы қадамы осы. Болашқта істері өрге жүріп, бизнесі де іріленетініне сенімдімін. Әзірге үш жігіттің берекелі, ынтыматасқан кәсіптеріне сүйсініп сәттілік тілеп қойдым. 

Сурет ашық интернет көзінен алынды

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер