ХОШ ИІСТІ СТАРТАП

Issu.kz жобасының жетекшісі Дәулет Айтмаханов бизнес, хобби және хош иістер туралы

Бэлла Орманбет
Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркі туралы жиі естиміз. Ол стартаптан бизнеске аяқ басқан жобалары қандай? Осындай сауалмен ISSU.kz жобасының жетекшісі Дәулет Айтмахановпен әңгімелескен едік. Әзірге бұл Astana Hub бизнес инкубаторындағы жобалардың бірі, бірақ жақын болашақта табысты ірі кәсіпке айналатынына сенім бар. Себебі бизнестің идеясы бала арманынан басталады, кәсіптің философиясы тұтынушы сұранысымен үндеседі, ал жұмыс - бұл сүйікті хоббидің жалғасы...
Ғаламат бизнестің бастауы бала арманында

Менің хош иістер, иіссуларға қызығушылығым оқушы кезімде туындады. 9-10 сыныпқа дейін туған-туыстарым менің хош иіске әуестігімді ескеріп маған иіссу сыйлайтын. Бірақ олардың сыйлығы әдетте көңілімнен шықпайтын. Мен сол кезде хош иістердің тарихы, олардың жасалу жолдары, әсері туралы қызығып оқитынмын. Youtube желісіндегі түрлі видеоблогтарды, шолуларды қарағанды жақсы көруші едім. 10-сыныпта алғашқы иіссуымды өзім таңдап сатып алмақ болдым. Анам "жақсы, балам, міне саған ақша, қалағаныңды сатып ала қой," деді. Интернеттен иіссу туралы көп оқып әбден дайындалдым. Ақшамды алып "Француз үйі" дүкеніне келдім. Мұнда 3 иіссу ұнады. Әрқайсын иіскеп, ұзақ ойландым. Қолымдағы ақшам біреуіне ғана жетеді. Қайсын алатынымды, қай иіспен "көңіліміз жарасатынын" білмедім. Сол кезде идея пайда болды. "Неліктен хош иістерді кішігірім құтыда сатпайды? Әрі арзанырақ болады, әрі бірнеше құтыны сатып алады". Бұл 2010-2011 жылдар еді.

Бизнес аналогтары

Мектеп бітірген соң Оңтүстік Кореядағы SolBridge Халықаралық бизнес мектебіне қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түстім. Екінші курста оқып жүргенімде біреуге жұмыс істей алмайтынымды, қалай болғанда да өз хоббиімді бизнеске айналдырғым келетінін түсіндім. Сол кезде балалық шақтағы арманымды пісіріп жетілдіре бастадым. Интернетте осындай бизнес аналогтарын іздедім. 2014 жылы АҚШ-та Scentbird деп аталатын стартапты таптым. Дәл менің идеямды іске асырып, парфюмды жазылу бойынша жеткізу сервисін бастаған екен. Қазір 5 жыл өтті, АҚШ-тағы шағын стартап ірі бизнеске айналып келеді. Бұл компаниядаға миллиондаған доллар инвестиция салынды. Қазір АҚШ және Канада нарығын шағын құтыдағы иіссулармен интернет арқылы қамтамасыз етіп отыр. Кейін Ұлыбританияда, Сингапурда осыған ұқсас компаниялар ашылған. ТМД-да әлі жоқ екен. Егер дүниежүзінде бұл бизнес сұранысқа ие болса, Қазақстанда да тұтынушыларын табар деген сенім пайда болды.

Astana Hub - стартаптар отаны


Менің ең бірінші жұмыс орным Astana Hub болды. Astana Hub жобасына ол әлі идея кезеңінде кірдім. Ол кезде командада менің директорым Мағжан Мәдиев, және тағы екі әріптесім ғана болды. Төртеуміз осы жобаны қорғап, ұсындық. Astana Hub мақсаты Қазақстан бойынша стартаптар экожүйесін дамыту, жастардың бизнеспен шұғылдануына жағдай жасау, әсіресе IT саласы бойынша кәсіпкерлікке қолдау білдіру. Себебі стартаптар, бизнес бұл ел экономикасының ең мықты драйверлері. Бұл жоба 2018 жылы басталды. Содан бері көршілес елдерден де стартаптар шақырылды, акселерация, менторлық, білім беру бағдарламаларын ұйымдастырдық. Оның нәтижелері қазір көріне бастады. Өзге стартаптарға қолдау білдіріп жүргенде мен енді өз стартапымды бастайтын кез келгенін түсіндім. Осылайша былтыр қыркүйек айында issu.kz ашылды. Қазір қарамағымда 3 адам ful time және 2 адам part time жұмыс жасайды.
Серіктестерді іздеу

Серіктестерді ұзақ іздедік. Біз Еуропа елдерімен ғана жұмыс жасаймыз. Ол Чехия, Франция және Швейцария. Осы мемлекеттерде иіссулардың ең ірі дистрибьюторлары бар. Олар барлық танымал, беделді брендтермен тікелей жұмыс жасайды. Олардың ТМД елдеріне сатуға лицензиялары бар. Соларға шығып жұмыс жасағымыз келетінін айттық. Олар әрине, барлық сертификаттары, лицензиялары бар, айналымдары өте ауқымды үлкен компания. Алғашқы тапсырысты бердік. Жеткізіп берді. Өзім иіссуларды өте жақсы білемін, түпнұсқа мен жасанды парфюмды бірден айыра аламын. Көңілімнен шықты. Сөйтіп сол компаниямен жұмыс жасайтын болдық. Әрине, әзірге біздің тапсырыстарымыздың көлемі шағын. Сондықтан олардың Ресейдегі ресми әріптестері арқылы жұмыс жасайтын болып шештік.

Біз иіссуды көлемі 8 мл шағын құтыда жеткіземіз. Бұл құты дизайнын Scentbird өнімдерінен көрдім. Хабарласып сұрастырғанымда олар Қытайда жасап, алдыртатынын айтты. Сөйтіп біз де олардың жеткізушілерінен алатын болып келістік. Бастапқыда бұл тауар сұранысқа ие бола ма, жоқ па соны анықтау үшін 100 құтыға тапсырыс бердім.

Ең қарапайым Landing Page нұсқасында сайтты жасадым. Жарнамасын жібердім. Сөйтіп тапсырыс түсе бастады. Ол кезде менің қолымда тауардың өзі жоқ еді. Алдын ала тапсырыс берген клиенттерімізге 1 ай көлемінде жеткізуге уәде бердік. Алғашқы тапсырыс 500 доллар көлемінде болды. Екі айдан кейін жобаның өміршең болатынын түсіндім. Қолымдағы барлық қаражатымды осы жобаға салдым, барлық уақытымды осы кәсіпке арнадым. Биылғы наурыз айында 75 дана иіссуға тапсырыс түсті. Сол қараша айынан бастап ай сайын сатылым 40%-ға өсуде. Бұл инвесторлар үшін жақсы көрсеткіш, демек стартапқа сенім білдіруге болады.

Әдеттегі парфюм дүкендерінде адамдар иісті тексеріп, сеуіп көреді. Олардың шешім қабылдауына сәл де болса мүмкіндік бар. Ал біздің сайтқа келетіндер кездейсоқ адамдар емес, хош иіс туралы түсінігі бар, бұл мәселеге асықпай, баппен қарайтын адамдар. Әдетте клиенттер бірінші өздеріне таныс иістерге тапсырыс береді. Кейін сапасына көңілі толып, өздерінің қолы жетпей, тәуекел ете алмай жүрген иістерге тапсырыс бере бастайды. Қазақстанның парфюм дүкендері желісінде барлық маркалар қамтылмаған. Қазақстанда кейбір парфюмдер сатылмайды, оны сатуға лицензиялары жоқ. Бізге былтыр Еуропада біраз жыл оқыған бір қыз өзінің сүйікті Maison Francis Kurkdjian парфюмына тапсырыс берді. Қазақстаннан таба алмай жүргеніне біраз болыпты. Тауарды жеткізген сәтте ол құтыны ашып сеуіп көрді. Бірден дәл сол иіс екенін айтып, қуанып кетті.

Біз өзіміз хош иістермен айналысқанымызбен бұл стартапты жартылай IT жоба деп есептейміз. Себебі Астанада отырып, сайт арқылы транзакция жасап өнімді бүкіл Қазақстанға жеткізіп отырмыз. Қазақстанды e-commerce енді дамып келеді. Халық интернеттен тауар сатып алуға болады екен ғой деген ойға енді келіп жатыр. Бізде нарық өсуде, бұл өте жақсы белгі. Бір жағынан бұл тұтынушыға тиімді болса, екінші жағынан көлеңкелі сауда көлемі де азаяды.

Түркістандық клиент

Негізгі клиенттеріміз Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларынан. Дегенмен шағын қалалардан да тапсырыстар келіп тұрады. Мені таң қалдырған әрі қуантқан бір тапсырыс болды. Ол Түркістан облысы Ащысай ауылынан бір кісі Creed иіссуына тапсырыс берді. Creed - қымбат иіссулардың бірі. Тапсырыс беруші адам талғампаз, әрі иіссу туралы жақсы біледі екен. Бізге хабарласып "Бұл иіссудың 100 мл 160 мың теңге тұрады. Ал сендерде ол 15 мың теңге екен. Ол рас па? Бұл оригинал парфюм бар?" деп сұрады. Біз оған алдымен бір рет тапсырыс беріп көруге кеңес бердік. Ал өзіміз бұл ауданға әлі тауар жеткізген емеспіз. Қалай жеткіземіз деп бас қатырдық. Бұл ауданға тек "Қазпошта" жеткізе алады екен. Сөйтіп бір апта ішінде түркістандық тұтынушымызға иіссуды жеткіздік. Ол тауарға көңілі толып мәз. Ал біз ауылдық жерде де біздің нағыз талғампаз тұтынушымыздың барына қуандық.

Менің стартапымның философиясы

Біздің құтылардың барлығы 8 мл. Неге дәл 8 мл дейсіз ғой? Теория бойынша осы мөлшер 1 айға жетуі тиіс. Алайда клиенттеріміз келесі тапсырысын 1,5-2 айдан соң жасайды, демек, практикада бұл ұзағырақ мерзімге жетеді. Әйелдер иіссуын сөмкесіне салып жүргенді ұнатады. Алайда 100 мл құтыны салып жүру ыңғайсыз, әрі кейде мүмкін емес. Жолға шыққанда да, ұшаққа өткізбей, қиындықтар туындап жатады. Кейде сіз дүкеннен ұнатып алған иіссуыңыз 2-3 күннен соң сізге ұнамай қалып жатады. Сөйтіп қымбатқа алған дүние шкафта жылдап тұра береді. Немесе біреуге сыйлай саласыз. біздің стартап философиясы да осында. Біз адамдарға хош иіспен көңілі жарасатын-жараспайтынын анықтауға мүмкіндік береміз. Екіншіден Creed немесе Tom Fordтың иіссуларын әркім 100-150 мыңға ала бермейді ғой. Біз оларды 15 мыңға сатамыз. Кейбір иіссулар бағасы тым қымбат, алайда тым болмаса кейде өзіңді бақытқа бөлеудің жолы болуы керек қой? Үшіншіден біздің кей дүкендерде жасанды әтірлер сатады. Тұтынушының оның қайдан келгенін білмейді. Егер иіссу Еуропада жасалса, демек бұл оригинал, ал егер Түркия немесе Біріккен Араб Әмірлігінде жасалса, демек ол копия ғана. Олардың сапасы нашарлау. Біз өндірушілермен жұмыс жасағандықтан ондай келеңсіз жағдайлар болмайды.

Әйелдердің ерлерден ерекшелігі

Бізде жазылушылар сервисі бар. Адамдар 6 айға немесе 1 жылға жазылып, ай сайын қалаған хош иістерін алдырып отырады. Олардың дені, 70%-ы әйелдер. Негізінен тұрақты клиенттеріміз сапаға көп мән беретін адамдар, бизнесмендер, олардың жұбайлары. Әйелдердің сегментінде ең көп сатылатын иісті айту қиын. Олар эксперименттерге жиі барады. Ер адамдар хош иіске тұрақты, жылдар бойы бір иісті қолдануы мүмкін. Ерлер сегментіндегі сатылым лидері Creed Aventus. Бұл хош иісті біздің Елбасы, Ресей Президенті қолданған дейді. Сондықтан да танымал болуы түсінікті. Кейде адамдар мына иіссудың жарнамасын көріп едім, қызық екен. Осы иіссуды алғым келеді деп тапсырыс беріп жатады. Мен шынымды айтсам, тек қызықты жарнамасы үшін тапсырыс беретіндерді түсінбеймін.

Таңқалдырған тапсырыс

Кейде күтпеген тапсырстар болып тұрады. Мәселен Nasomatto бренді мүлдем танымал емес. Nasomatto Black Afgano парфюмының 30 мл шамамен 60-70 мың теңге тұрады. Оның ингердиенті өте қызық: арасында сора (Cannabis) экстракті де бар. Бұл парфюм туралы youtube-тегі шолулардың бірінде естіген едім. Осы хош иіске тапсырыс келгенде бізде де осындай иісті білетіндер, ұнататындар бар екен ғой деп таң қалдым.

Парфюмер де психолог

Әр адамның өз иісі, өз образы болады. Жалпы адамның "өз иісі" өзіне сезілмейді. Ал егер сіз әтіріңізді өзіңіз де сезсеңіз, демек бұл сіздің иіс емес. Кейде сыртқы түріне қарап оның парфюмерлік образына үйлеспей тұрғанын байқаймын. Демек ол адамның ішкі дүниесі жұрт көретін образдан өзгеше. Бәлкім өзін әлі таппағандай ма, әлде иіссуын дұрыс таңдамаған. Ал кейде керісінше, шлейфын сезіп ойыңда образ қалыптастырып үлгересің. Сосын бұл кім екен деп қарағанда дәл сен ойыңда салған образдағы адам болады. Сондай сәттерде өз иісін тапқан адам екен деп қуанып қаламын. Мен өзім осы уақытқа дейін образымды ашатын өз иісімді таппадым, әлі ізденіс үстіндемін.

Иіссуды себуде ұлттық мәдениет бар


Иіссуды себудің түрлі техникасы, ережелері бар. Біреулер парфюмды ауаға шашып хош иіс "бұлтына" сүңгуді ұсынса, біреулер құлақтың түбі мен білезікке жағу керек дейді. Негізі нақты қатып қалған қағида жоқ. Иіссуды пайдаланудың өзі ұлттық менталитетке байланысты. Мәселен еуропалықтар иіссу интимді дүние. Менің иіссуымды тек жақындарым сезуі керек деген философияны ұстанады. Сондықтан бұрқырап жүрмейді. Ал кей елдерде керісінше, мысалы АҚШ-тың кей штаттарында адамдар сондай батыл. Жүрген жерінде мен келдім, мен осындаймын деп айқайлап жүретіндей. Хош иістерінің шлейфы ол өтіп кеткен соң да біраз уақыт тұрады. Олар парфюм образының бір бөлшегі, киім-кешегі сияқты ол да көрініп тұруы керек деп санайды. Біздің қазақстандықтар да осындай ұстанымда сияқты. Сондықтан иіссуды себу техникасы адамның "меніне", ұлттық мәдениетіне де байланысты.

Унисекс иістер

Қазір ерлерге де, әйелдерге де үйлесетін унисекс иістер көп. Нишалық сегмент дейміз ғой, танымал, қымбат брендтер адамдарды жынысына қарап емес, жан дүниесіне, мінезіне қарап бөлген дұрыс деп те санайды. Бұл ой маған да ұнайды. Парфюмердің басты мақсаты ұнамды, әдемі иісті жасау. Ал оны қандай адам таңдайды, қандай адам қолданады ол тұтынушының еркі. Ал дизайнерлік сегмент таза маркетинг қой. Олар тұтынушыға мынау нағыз әйелдерге арналған әтір, мынау нағыз еркектерге жарсатын иіс деп жарнамамен алады. Менің өз позициям, хош иіс бұл абстрактілі дүние. Ұнай ма - ал, ұнамай ма - алма.

Иіссуды таңдау бойынша кеңестер
- Бұрынырақ сізге қай парфюмды қолдандыңыз. Оның қай нотасы сізге ұнады. Мәселен Bleu de Chanel қолдандыңыз делік. Хош иістің ішінде апельсин және сандал ағаштарының нотасы ұнады делік. Ары қарай осы композияция бар иіссуларды қарастырыңыз. Сайттардан ақпаратты көбірек іздеп, сипаттамаларын қараңыз.

- Иіссуды атауына, бір рет иіскегендегі иісіне бола алмаңыз. Бастапқы иіс ұзақ тұрмайды. Сіздің теріңізбен контактіден соң иіс өзгереді. Бір парфюм әр адамда әртүрлі ойнайды. Иістің сізге ұнайтынын бірнеше күн қолданған соң түсінуге болады.

- Әр маусымға сай иістер болады. Қыста қалың иістер: ағаштың, кофенің, табактың жұпары басым түсетін парфюмдар жарасымды. Ал жылдың жылы мезгілінде салқындау, жеңілдеу, мысалы жеміс-жидектер, гүлдер жұпары аңқитын иістерді таңдаған жөн.
P.S. Айтпақшы, 10 сынып оқитын Дәулет алғаш рет Француз үйінен 3 иіссудың қайсын таңдады десеңіз, айтайық: ол - Dolce & Gabbana the One еді.