Ертегілер

Ертегілер

Ертегілер

 Қай елдің ауызша әдебиет шығармаларын алсақ та, барлығында ертегі халықтық шығармалардың мол саласы екенін көреміз. Сол барлық елдер фольклорында "ертегі" деген атау әрі саны мол, әрі алуаны көп шығармалардың тобына арналған жинақты атау болады. Жалпы, барлық ертегілерге ортақ ерекшелік: бұлар қара сөзбен айтылатын оқиғалы көркем әңгіме. Ғажайып хал, қиял әңгімелер түрінде, немесе орасан оқиғалы қызғылықты әңгімелер ретінде құрылған ертегінің бәрі де негізінде шаруа кәсіппен, қоғамдық құрылыс тартыстармен, тарихпен байланысты боп келеді. Осы аталған қызғылықты әңгіменің бәрі-бәрі де ертегінің түрлеріне қосылады.

 Сондай көп алуандас тақырыптардан құрылатын ертегілік қор - советтік фольклористика ғылымының түгел шолып, зерттейтін бұйымдары. Орыстың ұлы революционер-демократтары айтқан, халық шығармалары жөніндегі пікірлерді еске алсақ, Белинский сол шығармалардан халықтық көзқарасты айыра білу керек, халық шығармасы "Халық жанының айнасы" - деген. Сонымен қатар Белинский халық шығармасынан тарихтық жайды аңдау керек екендігін, халық поэзиясында қоғамдық тартыстың сәулесі барлығын, онан соң, көркем әдебиетті туғызушы және сақтаушы да халықтың өзі екенін айтқан болатын.

 Добролюбов та ертегілер жайын сөз қылғанда, ең алдымен сол ертегілердің халық ортасында сақталу, айтылу жағдайларын сипаттау керек, дейді. Сонымен қатар ертегіге халықтың өзінің бейілі қандай екенін ашуды шарт етеді. Добролюбов: "Ертегі - бізге ең алдымен халықты мінездейтін материал есебінде қажет" деген.

 Қазақ ертегілерінің жеке түрлерін тексеруден бұрын бұл уақытқа шейін сол қазақ ертегісін зерттеуде істелген еңбектер жайын қысқаша шолып өту қажет. Жалпы алғанда, қазақ ертегілері негізінде орыс оқымыстыларының еңбегімен жиналып, зерттеле бастайды. Бұл жай, әсіресе өткен ғасырдағы және XX ғасыр басындағы революциядан бұрынғы жайларды еске алсақ, әсіресе айқын көрінеді.

 Қазақ ертегісін зерттеу жұмысының басы сол ертегілерді жинап, жариялаудан басталады. Бұл жөнде бір топ зерттеушілер қазақ ертегілерін қазақ айтушылардың аузынан қазақша жазып алып, жинап бастырған. Ал тағы бір топ зерттеушілер қазақ ертегілерін орысшаға аударып, орыс тілінде жариялайды. Алғашқы түрде еңбек еткендер - В.В. Радлов, И.Н. Березин, Ә.А. Диваев сияқты кісілер. Екінші түрде орыс тілінде қазақ ертегілерін, аңыздарын мол жариялаған адамдар - Алекторов, Г.Н. Потанин, Ә.А. Диваев және басқа бірнеше жинаушылар бар. Орыс тіліне аударып, қазақ ертегілерін, аңыздарын көп таратқан бірталай баспа орындары да бар: "Акмолинские обл. Ведомости", "Оренбургский листок", "Особое добавление к областным Ведомостям", "Киргизская степная газета", "Тургайская газета", "Туркестанские Ведомости", "Астраханский вестник", "Русские Ведомости", "Тургайские обл. Ведомости", "Оренбургский губ. Ведомости", "Волжский вестник", "Этнографические материалы (Средняя Азия)" дегендер сияқты орыс тілінде шығатын көп кезекті баспасөз беттерінде орыс оқымыстылары мен қазақ зерттеушілерінің жинаған көп ертек, аңыздары басылған. Ертегілердің өз үлгілерін жариялаумен қатар, Шоқан, Радлов, Потанин, Алекторов сияқты адамдардың сол қазақ ертегілері туралы айтқан азын-аулақ үзінді пікірлері де бар. Мысалы, Шоқан қазақ ертегілерінің көпшілігінде Афанасьев жариялаған орыс ертегісіне ұқсас әңгімелер көп екенін айтады. Бұл пікірді Алекторов та қостайды. Ол қазақ ертегілерінің көбінде солтүстік елдер ертегісімен және кейбір Шығыс елдерінің ертегілерімен ұқсастық бар екенін айтады1.

 Радлов XIX ғасырдың бойында бұның алдында Шоқан Уәлиханов дұрыс байқап, қатты наразылықпен айтқан бір жайды дұрыс дәлелдеп сөйлейді. Ш. Уәлиханов татар молдаларының қазақ ортасынан діншілдік, фанатиктік исламшыл аңыз, қиссаларды көп жинағанын қатал сынаған еді.

 Радлов өзі жиған, қазақ ортасына жайылған ислам дінімен жалғас тарап жүрген ертегілік аңыздарды бастырып жарияланды және солардың ішінде "Кітап өлең" деген бөлімде қазақтың халықтық шығармаларына араласа тарай бастаған Жұм-Жұма" сияқты әңгімелерді XIX ғасырдың соңғы дәуірлеріндегі жасанды жаңалықтар есебінде сынайды.

 Жалпы, революциядан бұрын қазақ ертегілерін жинап жариялаушылар арасында ғылымдық жолмен еңбек етіп зерттеуші - сол академик В.В. Радлов болған. Оның жазып алған ертегілері (кейбір жерлерде Радловтың қазақша сөйлесуге жатық болмағандығынан жаңылыс түскенімен) ертекшінің өз тілін бар ерекшелігімен өте дәл береді. Бұған кездескен ертегішілер өзгеше айтқыр, тілі бай, анық өнерлі ертегішілердің өзі тәрізді. Олардың айтуында ертегінің дағдылы бастамалары, аяқтауы, ертегінің өзіне лайық тілі, әрбір орынды жерлерде қолданылатын мерзімді ертегілік сөйлемдер және айшықты, орамды сөз құрамдары ұдайы кездесіп отырады. Қысқасы, ертегінің әрбір айтушыға байланысты жекешелік түр, тіл жаңалықтары да және осы алуандас халық ауыз әдебиетінің көркемдік түр, стиль өзгешелігі де бұл айтушылардың айтуынан және Радловтың ғылымдық ұқыптылықпен дәл түсіріп жазып алуынан аса айқын байқалады.

 Осылайша өзі естіп, өзі көрген, жазып алған тіл деректеріне қарап, Радлов қазақ халқының тіл өнері жөнінде тұтас пікір айтады. "Өзге туыстас елдерінен қазақтың ерекшелігі - сөз орамына шебер және тамаша шешен" деген. Бірақ өзге қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жазғанда қолданған әдеті бойынша өткен ғасырдағы буржуазиялық фольклористиканың дағдысына түсіп, Радлов өзіне ертегі айтып берген адамдардың аттарын, жөндерін жазбайды. Олар жайын елемей, атамай өтеді.

 Бұл тұста Радлов халықтық шығарма, атсыз ақындар, айтушылар таратып жүретін көптік шығарма деген түсінікті, буржуазиялық фольклористиканың үстірт, теріс түсінігін қолдайды. Халық ауыз әдебиеті коллективтік түрде туып, сақталумен қатар, жеке халық өнерпаздарының қатынасуы мен творчестволық араласуы сияқты туып, дамитынын аңдамаған. Ал Г.Н. Потанин қазақтың ертегі мен аңыздарын жинап, орыс тіліне аударып бастыруда Радловтан басқаша әрекет етеді. Ол көбінше өзіне белгілі ертегі, аңыз-әңгімелерді айтып берген адамдардың аттарын, тұрған болыстарын, ауылдарын атап отырады деп ең зор мақсат сол ертегілердің негізгі идеялық мазмұнын саралап, айқындап ашуда. Бұл жөнде ең алдымен халық ертегісі халықтың қанаушыларына қарсы, сол халықтың таптық жиренішін қалай көрсететінін ашу шарт. Халық санасындағы отаншылдық сезімді, халық ұғымындағы адамгершілік гуманизмді, халықтың қанатты үміті оптимизмді және өз қуатының жеңгір қасиетіне сенгіштікті көрсететін барлық ерекшеліктерін айрықша бағалау қажет.

 Марксизм-ленинизм негізіне құралған советтік фольклористиканың ең алдымен зерттейтін жайы - сол жаңағы саналған салаларға арналады.

 Халық шығармасы жөніндегі ғылымның методологиясын дамытуда зор еңбек етке

Ұқсас материалдар