134 бала әуелетіп доп тебуден жарысты

Жарысқа Джордже Деспотович пен қақпашы Ненад Эрич келді.

Астанада жастар арасында «әуелетіп доп тебуден» жарыс өтті. Жарысқа жалпы саны 120 ер бала және 14 қыз бала қатысты.

 

Жарыс «Футбол фристайлынан Қазақстан Федерациясы» және «Астана» футбол клубының ұйымдастыруымен өтті.  

Іріктеу кезеңінің талабы бойынша ер балалар 25, ал қыз балалар 10 рет допты жерге түсірмей әуелетіп тепкен видеосын инстаграм әлеуметтік желісіне жариялау керек болған. Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен қатысушылар Хан Шатыр ойын-сауық кешенінде ақтық сайыста бақтарын сынады.

Жастардың өнерін тамашалауға «Астана» футбол клубының ойыншылары, Джордже Деспотович пен қақпашы Ненад Эрич  келді.

Джордже Деспотович, «Астана» футбол клубының ойыншысы:

— Бұл іс-шараға қатысып, жастарды марапаттау — мен үшін үлкен мәртебе. Мұндай әлеуметтік шаралар «Астана» футбол клубының жанкүйерлері үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Қатысушылардың көбі кәсіби деңгейде доп тепкенін айта кету керек. Егер бұл жастардың болашақта «өмірімізді футболға арнаймыз» деген ойлары болса, дұрыс жолмен келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады.  

Сыйлы қонақтар қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев, Қазақстандағы ММА Федерациясының президенті Анатолий Ким болды.

Үш сағатқа жуық жарысқан жастардың арасында оза шапқандар болды. 

Ерлер арасында:  

1 - орын: Евгений Караваев

2 - орын: Рустам Мусин

3 - орын: Бауыржан Ахаев

Қыздар арасында:

1 - орын: Дана Сұлтанбекова

2 - орын: Айнагүл Такеева

3 - орын: Карина Берікова

Бірінші орынға — Adidas дүкеніне 50 мың теңгелік карта, екінші орынға — «Астана» футбол клубының добы, үшінші орынға — елордалық клубтың формасы табысталды.

Шараның соңында қатысушылар мен қонақтар суретке түсті. Эрич пен Деспотович осы сәтті пайдаланып барлық жанкүйерлерді алда келе жатқан Еуропа Лигасының аясында өтетін Астана – АПОЭЛ ойынына шақырды. 


Алмас САУДАМБАЙ

Фотограф — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер