АДАМ ҚҰҚЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

АДАМ ҚҰҚЫЛАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫ — жеке адамның дүние жүзі қоғамдастығы мойындап, халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген

АДАМ ҚҰҚЫЛАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫ — жеке адамның дүние жүзі қоғамдастығы мойындап, халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген, ешкім шек қоймайтын немесе тыйым сала алмайтын құқылары мен бостандықтары. Адамның белгілі бір игіліктерді иеленуін қамтамасыз ететін, өз қалауынша іс істеуіне мүмкіндік беретін мемлекет пен бұқара арақатынасының принциптері А.қ. мен б-на жатады. Адамзат қоғамында бұл мәселеге өте ерте кезден назар аударылған. Мыс., Аристотель адам құқыларын “т а б и ғ и” және “ш а р т т ы қ ұ қ ы л а р” деп екіге бөледі. Адам құқыларын мемлекет орнатқан шартты құқылардан жоғары қояды. Бірақ, адамзат қоғамы дамуының одан кейінгі дәуірінде, яки орта ғ-да А. қ. мен б. мүлде басқаша, яғни, билеуші топтың жасаған рақымы, шапағат-ырқы түрінде түсіндірілді. Өндірістік қарым-қатынастардың өркендеп, даму сатысында дүниеге келген либерализм өкілдері — Т.Гоббс, Дж.Локк, Ш.-Л.Монтескье, Ж.-Ж.Руссо, И.Кант, Т.Джефферсон, Т.Пейн және т.б. ойшылдар А.қ. мен б-ның басты қағидаларын айқындап берді. Олардың ең құндылары: барлық адамның еркін де бақытты, қауіпсіз өмір сүруге, жеке меншік иеленуге тең құқы барлығы, өкімет билігінің қайнар көзі — халық екендігі, барлық мемл. билік халық мүддесіне жұмыс істеуге тиістігі, өкіметтің заң шығарушы, атқарушы, соттық биліктерге тармақталуға тиістігі. Кейін бұл қағидалар АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясына (1776 ж., 4 шілде) арнайы бап болып еніп, одан әрі АҚШ Конституциясы мен Құқықтар туралы биллінде дамытылды.

Орындалу, іске асырылу ортасына қарай А.қ. мен б. а з а м а т т ы қ, с а я с и, э к о н., ә л е у м. және м ә д е н и қ ұ қ ы қ т а р мен б о с т а н д ы қ т а р болып бөлінеді. Саяси және азаматтық құқықтардың қазіргі тұжырымдамалары БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқыларының жалпыға бірдей Декларациясында (1948 ж., 10 желтоқсан) баяндалған. А.қ. мен б. ҚР Конституциясында: “1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқылары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі; 2. Адам құқылары мен бостандықтары әркімге тумасынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады” (12-бап ) деп көрсетілген.

АДАМ ҚҰҚЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ —адамның ажыратылмайтын құқылары мен бостандықтарын жариялаған негізгі халықаралық-құқықтық құжат. 1948 жылғы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған. Бұл халықар.-құқықтық актінің міндеті — осы құжатта бекітілген адам құқылары мен бостандықтарының жалпыға бірдей мойындалуын және тиімді сақталынуын қамтамасыз ету. Маңыздылығы — адам құқылары мен бостандықтарын халықар. практикада тұңғыш рет түсіндіргендігі. Декларацияның міндеттілігі, заңды сипаты жоқ; бекітілген нормалар сөзсіз орындалуға тиісті емес. Алайда, құжатта көзделген адам құқылары мен бостандықтары туралы қағидалардың маңыздылығына байланысты Декларация жалпыға бірдей акт ретінде танылады және оны қабылдауға дауыс берген мемл-тердің барлығы бірдей орындайды. БҰҰ Жарғысында: “Осы Декларациядағы қағидалардың ешқайсысы қандай да бір мемл-ке, адамдар тобына немесе жекелеген адамдарға қандай да бір қызметпен айналысу құқына ұсыныс ретінде түсіндірілмеуге тиіс” (30-бап) деп көрсетілген.

Д.Жамбылов

М.Сәрсенбаев

"Қазақстан энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар

Әріптестер