Батыр ғана батыл қадамға барады

Қазақстан полициясына 25 жыл

ҚР Ұлттық гвардиясының Оралдағы «Батыс» өңір­лік қолбасшылығының аға офицері, майор Салауат Қабдықұлов өткен жылдың мамырында «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат оған бейбіт күнде жасаған ерлігі үшін берілді.

2014 жылдың 14 мамыры. Салауат түскі ас ішуге үйіне келе жатқанда, әлдебір үйдің балконынан жанұшыра айғайлап тұрған әйелді көреді. Бесінші қабаттан қошқыл түтін шығып жатыр екен. Төменде бақылап тұрған адам қарасы көп болғанымен, көмекке тұра ұмтылуға бәрі де жүрексінетін сыңайлы. Мұндай сәтте әрбір қадам маңызды екенін түсінген жауынгер «қорықпаңыз, қазір көмектесемін» деп, балкондағы әйелге қарай жүгіре жөнеледі.

Подъезд есігі үйдің артында орналасқан. Бұл бесінші қабатқа көтеріле бергенде, әлгі әйел мен бір ер адам үйден атып шығады. Олар көк түтіннің арасында егде жастағы зейнеткердің ес-түссіз жатқанын жеткізеді. Салауат бірден қызыл жалынның арасына қойып кетіп, алдымен газды өшіреді. Оған жан-жақтан су тасыған көршілер де көп жәрдем қылады.

«Осы ісіңізді ерлік деп есептейсіз бе?» деген сауалымызға майор былайша жауап берді:

–       Білмеймін. Бәрі де аяқ астынан болды ғой. Ойлануға мұршам болған жоқ. Мен үшін бәрінен де өзім құтқарған ақсақалдың алғысы маңызды.

Менің ойымша, ерлік деген – адамның өз ішінде күрескен сан түрлі қорқынышты сезімдерді жеңіп шығып, батыл қадамдарға баруы, қиын шақта өзгелерге аянбай көмектесуі. Әрбір адам ерлік жасай алмауы мүмкін. Бірақ, айналасындағыларға қолұшын созу бәрінің қолынан келеді. Мәселен, жолдан өте алмай тұрған қарт кісіге көмектесу де – біздің міндетіміз.

Бұрынырақта жол полициясында қызмет істеген Салауат Қабдықұлов қазір ҚР Ұлттық гвардиясы сапында тәртіпті қадағалайды. Ол әскери адам ең алдымен, жүректі болуы керек деп есептейді. Ал, жүректі адам қашанда батыл қадамдарға баратыны белгілі. Салауат – бейбіт күннің батыры...


Роза ӘРЕН


Ұқсас материалдар