Біз өкінішке қарай, «Z ұрпағына» жатпаймыз

«100 жаңа есім-2019» жобасының жеңімпазы Рүстем Ермекбаймен сұхбаь

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен болған кезекті сұқбатты ұсынамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Рүстем Ермекбай. Ол Өзбекстан елінен 18 жасында атамекені – Қазақстанға қоныс аударады. Қазақстандық бренд sabyrzhanayrin-нің негізін қалап, бүгінде ЖСШ «Ayrin Group» текстильді холдингін және халықтық жоба «Ayrin Online»-нің бас директоры болып қызмет атқарады. 

 Cіз үшін жобаның мән-маңызы неде?

– Меніңше, жобада терең философия бар. Елімізде танымал адамдар көп. Жобаның мақсаты: басқа салаларда жетістікке жетіп, халық жақсы біле бермейтін адамдарды «100 жаңа есімге» енгізу арқылы өзгелерге үлгі ету. Бұның өзі адамға күш береді. 

 Сіз үшін 100 жаңа есім қандай жоба?

– Қарап отырсаңыздар жеңіске жеткендердің барлығы өте жақсы жұмыс істеп, еліміздің игілі үшін қызмет істеп жүрген адамдар. Ондай адамдар елімізде көп. Осындай жобаны ұйымдастырғандарының өзі үлкен шабыт сыйлап, мүмкіндік береді. Әрине, қатысушылар басында «100 жаңа есімге» енейік, көрінейік деп еңбек етпейді. Өзін дәлелдеп, шын мәнінде еңбек еткен ең мықтылары ғана елдің алдына шығады. «100 жаңа есім» – жастардың елге танылуына үлкен мүмкіндік, еңбегін бағалаудың бір жолы. Сол үшін де мен қатты қуанамын. Жобамен әуелден таныспын. Өткен жылдары қатысқандарға қарап, қызығып жүрдім. Сөйтіп, өзімді ұсындым. Алайда дауыс беру кезеңінде мен өтпеген екенмін. Қазылар алқасы мүшелерінің ұсынуымен жеңіске жеттім.

 Дауыс беру кезеңінде төмен ұпай жинағанда үмітіңіз үзіле бастады ма?

– Менде мынадай ереже бар: бір зат менікі болатын болса, ол менен қашпайды. Кәсіпте де, басқа да да үлкен мақсаттар қоямын. Мәселен 5 жыл бұрын 18 метр квадрат пәтерде тұрдым, қолымда қаражатым, бойымда тәжірибем жоқ. Кәсібімді ең алғаш бастаған кездер еді. Осы 5 жылдықта елеулі жетістіктерге қол жеткіздім. Соған жетуімнің басты себебі мақсат қойған кезде қолымнан келгенінше еңбек еткенім деп білемін. Ары қарай нәтижесі маған байланысты емес. Менің міндетім тек әрекет етеді. Сондықтан дауыс саны аз болған уақытта көңілім түспеді. 25 000, 35 000 дауыс жинағандарды көріп таңқалатынмын. Мен 4500 дауыс жинадым. 

 Жастар жылы несімен есте қалды?

– Қатты қуантатыны – «Z ұрпағы». Өкінішке орай, біз оған жатпаймыз. Дегенмен қиғаштап келудеміз. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, ХХ ғасыр физикалық тұрғыдан еңбектің ғасыры болған. ХХІ ғасырдың жастары жасампаз, шығармашыл. Заман мен күткеннен де тез дамып келеді. Жастардың ойы ерекше. Сұраққа келсек, жақында мен өзіме анализ жасап, 2019 жылды қорытындыладым. Жыл мен үшін мықты жетістіктерге жеткен жылдарымның бірі болды.

 Соның ішінде қандай жетістіктерге қол жеткізгеніңізді айта аласыз ба?

– Компаниямыз Қазақстанда ең алғашқы болып әлемдік танымал брендтердің модельдерімен жұмыс істей бастады. Одан соң онлайн платформаға көштік. Кейін бізде 1300 серіктес пайда болды. Біз халықтық жобамыз. Қарапайым отбасында өсіп, кейін Қазақстанға келдім. Мұнда мүмкіндік көп. Соларды қолдану арқылы аз уақыттың ішінде жақсы жетістіктерге қол жеткіздім. Сондықтан осы күнге дейінгі жинаған тәжірибемді, кәсібімді халықпен бөлісіп жүрмін. Серіктестерімізбен жиі шетелге шығып тұрамыз. Шетелге саяхаттау адамдардың, әсіресе, жастардың сана-сезімін өзгертеді. Соны ұйымдастырдық. Тамыз айында 6300 адамды жинап, фестиваль өткіздік. Онда елімізге белгілі эстрада әншілері өнер көрсетті. Осы жылы армандаған мақсаттарымның барлығы орындалып, табысты, жемісті, берекелі болды десем, қателеспегенім.

 Қазақстандық жастардың деңгейі қандай?

– Көптеген елдерді көрдім. Кей мемлекеттерде жастардың көпшілігі болашаққа сенбейтін секілді немесе мүмкіндіктерін қолдана алмайтындай көрінеді. Қазақстандық, қазіргі, «Z ұрпағы» жоқтан бар жасауға тырысады. Таңқалатыным – Қазақстанның жастары өте ашық.

Аружан Мырзатай, Ruh.kz

Фото - Джамиля Мурзабекова

#100 жаңа есім #Рүстем Ермекбай

Ұқсас материалдар