Жаңалықтар

Kyzdar.Net сайтында жеңгетайлықпен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді

Kyzdar.Net сайтында жеңгетайлықпен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді
Фото: polisia.kz 15.03.2023 18:27 3503

Ішкі істер министрлігі республика аумағында 11 адамнан тұратын қылмыстық топтың жолын кесті. Олар “Kyzdar.Net” интернет-сайты арқылы жезөкшелікпен айналысатын адамдардың жарнамасын жасап, онлайн жеңгетайлықпен айналысқан және күн сайын 2 млн теңгеге дейін пайда түсіріп отырған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық топқа қатысушылардың жалпы ақша айналымы 8 млрд теңгені құрайды (орташа алғанда жылына 2 млрд теңгеден асады). Сайтқа жыныстық сипаттағы 6 мыңға жуық хабарландыру салынған. Сауалнамалар бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 150 адам анықталып, олардан жауап алынды, олар сайттың топ-менеджерлеріне жүйелі түрде ақша аударып отырғандарын растады, - делінген ақпаратта.

Сараптама негізінде сайттағы материалдар порнографиялық сипаттағы туындыға жататыны анықталды, сондай-ақ ақылы жыныстық қызметтерді іздеп, пайдалануға арналған.

Астана, Алматы, Павлодар қалаларында жүргізілген тінту шараларының нәтижесі бойынша 23 млн теңгеден астам ақша, оның ішінде криптовалюта, автомашиналар, компьютерлер, ұялы телефондар және басқа да цифрлық тасымалдағыштар тәркіленіп алынды. Сот компьютерлік-техникалық сараптама тағайындалды, - делінген ақпаратта.

Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің “Жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық” деген 309-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, пайдаланушылардың веб-сайтқа қол жетімділігін бұғаттау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұл қылмыстық топтың қоғамқа төндірген қаупі адамгершілік құндылықтарды аяқ асты ету және жезөкшеліктің таралуына жағдай жасау болып табылады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға