Жаңалықтар

Кванттық инженерия және қазақ баласы

Шет елдерде білім алып жүрген Қазақстанның талапты жастарымен таныстыруымызды жалғастырамыз.
15.04.2016 04:27 6250

Оқырмандарымызды шет мемлекеттерде білім алып жүрген Қазақстанның талапты жастарымен таныстыруды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Оңтүстік Кореядағы Қазақстандық Студенттер Ассоциациясының төрағасы Әуесхан Ұланбек.  

Кванттық инженерия және қазақ баласы

– Сәлеметсіз бе, Ұланбек! Қысқаша өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз.

– Қайырлы күн! Мен осы жылдың наурыз айынан бастап Оңтүстік Корея, Дэджон қаласындағы KAIST-та (Korea Advanced Institute of Science and Technology-Корейский институт передовых технологий) 2 жылдық магистратурада оқып жатырмын. Ал бакалаврды Кореядағы Ульсан қаласында UNIST-те (Ульсан Ұлттық Ғылым және Технология институты) университет гранты бойынша тәмәмдадым. Мамандығым – Ядролық және кванттық инженерия.

Қолым қалт етсе өлең жазып, домбыра тартқанды ермек етемін.

Бакалавр дипломын алу рәсімінен естелік

– Университетіңіздегі білім сапасы мен студенттік өмірге көңіліңіз тола ма?

– Шын мәнінде Дэджон қаласы Кореяның ғылым-білімі мен зерттеу орталықтарының астанасы десек артық болмас. KAIST, Томсон Рейтерс Корпорациясы тарапынан әлемдегі ең жаңашыл 10-шы институт болып аталды. Сонымен қатар, QS Әлем Университеттері Салалар Рейтингі (QS University Subject Rankings) бойынша материалдар ғылымынан 16-шы, химиядан 17-ші және басқа да мамандықтар бойынша топ-40 университеттер ішінен табылып тұр. 

Күнделікті өмір жайлы айтар болсам, таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін сабағыма қатысып, зерттеу жұмыстарын орындаймын. Біздің профессорларымыз қиын сұрақтардың жауабын табуға көмектесіп, тіпті бізбен бірге теннис, футбол және баскетбол ойнағанды жақсы көреді. 

Кванттық инженерия және қазақ баласы

– Сіз оқып жүрген оқу орнына қалай түсуге болады? Студенттерді қабылдау кезінде қандай мәселеге басты назар аударылады?

– Әрбір университеттің сайтында «қабылдау бөлімі» парақшасында керекті  мағлұмат толықтай беріледі. Ең бастылары – IELTS/TOEFL сертификаттары, соңғы оқыған оқу орнының орташа бағасы, мотивациялық хат және ұсыныс хаттары.  Менің ойымша, қабылдау кезінде мотивациялық хатқа үлкен көңіл бөлінеді.

KAIST, факультеттің 1-ші қабаты

– Мотивациялық хатта не туралы жаздыңыз? Талапкерлерге хат жазу бойынша қандай кеңес бере аласыңыз?

– Ядролық және кванттық инженерия жолын таңдағандықтан, мектеп кезінен беделді университетке оқуға түсуге дайындалдым. 2006-2011 жылдар арасында, Қызылорда қазақ-түрік лицейіндегі мұғалімдеріміздің көмегімен математикадан олимпиадаларға қатысып,10-сыныпта АҚШ-та (Texac) өткен ғылыми жобадан жүлделі орын алдым. Еліміздің ғылым-білім саласына айтарлықтай үлес қоса алатыныма сенгендіктен, осыларды тілге тиек еттім. Сонымен қатар, Қазақстанның уран қорын экспорттаудан алпауыт мемлекеттерден кем емес екенін атап өтіп, Кореядағы технологияны бойға сіңіре отырып, біздің елде де сол мемлекеттегідей (23 реактор жұмыс істеп тұр) атомдық реакторларды кәріс ағайындармен бірге сала алатынымызды келтірдім. Соған қоса, реакторларды бейбіт түрде қолдануға әрі халықтың сенімін ақтауға тырысатынымды жаздым. Талапкерлерге айтар кеңесім, бір саланың мықты маманы бола алатыныңызды сендіретіндей етіп жазып, екі елдің арасындағы тығыз байланысқа атсалысатыныңызды атап өткен жөн.

Кванттық инженерия және қазақ баласы

– Ұсыныс хаттарды кімдерден алдыңыз?

– Ұсыныс хаттарды бакалаврды оқыған UNIST университетіндегі өзімнің кеңесші профессорым Мичиган Университетінің PhD докторы Ким Хиол мен өзінің лабораториясында тәжірибелер өткізген және маған сабақ берген Массачусетс технологиялық институтының PhD докторы Йеунми Чой деген профессорлардан алған болатынмын.  

2015 жылғы ҚР білім және ғылым министрі Аслан Саринжипов, KAIST ректоры, профессорлар, Қазақстан елшілігінен Асет Исенали және KAIST, UNIST, SNU университеттеріндегі Қазақстандық студенттермен кездесуден

– Таңдаған университетіңіздің білім беру бағдарламасында не көбірек ұнады?

– Біздің университетке қабылдау үшін жоғарыда атап өткен құжаттармен қатар өзге  қосымша құжаттар да  керек. KAIST Кореяның оқушыларды тестсіз қабылдау жүйесін меңгерген ең бірінші университет болып табылады екен. Бакалавр, магистр және докторанттарға толықтай стипендия беріледі. Сонымен қатар, Кореяда әскерге бару міндетті болғандықтан, докторанттарды әскерден босатады. Тағы бір артықшылық, жақсы оқысаңыз және халықаралық журналдарда ғылыми публикациялар жария етсеңіз, магистратура-докторантура біріккен бағдарламалары бойынша оқуды 4-5 жылда бітіруге болады.

UNIST-ті алғаш бітірген қазақ елінің балалары

– Университетте қандай студенттік ұйымдарда мүше болдыңыз?

– Ульсан қаласындағы UNIST-те оқып бастаған кезде қазақстандықтар өте аз болған еді. Кейін уақыт өте келе қатарымыздың артуына байланысты әрі басқа мемлекеттердегі қазақтардың «ҚазАльянс» ұйымына қосылып жатқанын естіп, достарымызбен бірге біз де игі істің басталуына үлесімізді қосқымыз келді.

– «КазАльянс» шет елдердегі қазақстандық студенттер ұйымына мүшелік ету сіздің студенттік өміріңізге қалай әсер етті? Қандай іс-шаралармен айналыстыңыз?

– «КазАльянс» - әлемнің бірнеше мемлекеттерінде оқып жатқан студенттердің басын біріктірген бірден-бір ұйым. Осы ұйым арқылы талаптары тасып тұрған қыз-жігіттермен таныстым, олардан көп нәрсе үйрендім. Соған қоса, отынымыздан алыс жүрсек те, елімізде атап өтетін мерекелерді қалдырмай, осы жақта ұйымдастырып тұрамыз. Әр оқу жылының басында Кореядағы Қазақстандық студенттердің Құрылтайын өткіземіз. Осы жылы Кореядағы Қазақстандық Студенттер Ассоциациясы болып, Қазақстанның атақты тұлғаларын шақырып, «СӨЙЛЕ» атты TED-talks форматындағы жобамызды бастадық. Сонымен қоса, әр жаз сайын өтетін шетелде оқып жатқан студенттердің слетіне де қалмай қатысуға тырысып келеміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «КазАльянс» аталып өткен іс-шаралардың арқауы және Қазақ елінің болашағын құратын жастардың бас қосқан ұйымы деуге болады.

"SOYLE” жобасының Сеулдағы алғашқы қонағы, – Ануар Нұрпейісов

– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар? Қазақстанның дамуына қандай үлес қосқыңыз келеді?

– Жоспарларымыз өте көп. Оқуға, мамандыққа қатысты айтар болсам, магистратураны бітіріп, өз салам бойынша докторантура оқымақ ойым бар. Кіндік қаны тамған жерінің дамуына үлес қоссам деген әрбір азаматтың бойында елге деген адал қызмет, сүйіспеншілік сияқты ұлы қасиеттер болуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан жоспарлаған мақсаттарыма жетсем, Қазақстанға қосар үлесім де артады.

Кванттық инженерия және қазақ баласы

– Университеттік өмірдің барлық сатыларынан өткен адам ретінде мектеп түлектеріне қандай кеңес бере аласыңыз?

– Соншалықты бір керемет іс атқардым деп айта алмаймын, бірақ ойыма келгендердің бірнешеуін айтып өтейін. Біріншіден, «еңбек бәрін де жеңбек» демекші, бізге көбірек еңбек етуге, өз саламыздың маманы болуға талаптану керек деп ойлаймын. Екіншіден, біз 1-курста жүргенімізде кәрістерден қалмауға тырыстық. Олар да біз секілді студенттер ғой, «көз қорқақ, қол батыр» деп бір-бірімізге демеу көрсетіп жүрдік. Үшіншіден, болашағымыз дәл осы сәттен басталатынын әрдайым есте ұстап жүруге тырыссаңыздар, жақсы нәтижелерге қол жеткізесіздер деп сенемін.  Бұл пікірлерге мен осы 5 жылдай Кореяда болған уақытта көзім жетті. Кәрістердің жер астында бүкіл халыққа жететін пайдалы қазбалары жоқ. Алайда, даму қарқыны жөнінен алдағы мемлекеттердің бірі. Олар не істеді? 50-60 жыл ішінде мұндай жетістікке қалай жетті? Бұл сұрақтың жауабын табуды оқырманға қалдырғаным дұрыс болар деп ойлаймын....

Кванттық инженерия және қазақ баласы

– Бес жылдан кейін өзіңізді қандай адам ретінде елестетесіз?

– Бұл сұрақтың жауабын әлі де іздестірудемін, бірақ Қазақстанның үлкен жанашыры болып, еліміздің гүлденуіне үлесін қосқан бір адам болсам, бұдан асқан арман жоқ деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Суреттер Әуесхан Ұланбектің жеке қорынан алынды

– 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға