©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Күзгі күйзеліс пен маусымдық өзгерістер: дәрігер кеңесі

Маусымаралық кезең – көңіл күйдің күрт ауытқып, денсаулығы мен психикасы әлсіз адамдарға ерекше әсер ететін уақыт. Жыл мезгілдерінің ауысуымен бірге аурулардың жиілігі артып, дәрігерге жүгінетіндер де көбейеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, АҚШ-тағы ересектердің шамамен 5%-ы осындай маусымдық асқынуға ұшырайды. Әдетте бұл жас кезде басталады және әйелдерде жиі кездеседі: маусымдық аффективті бұзылыстарға шалдыққандардың 75%-ы – әйелдер.

Бұл туралы Әзербайжан медицина университетінің психиатрия кафедрасының оқытушысы Халид Абдуллаев «Каспий» газетіне берген сұхбатында айтты.

– Күз келгенде көңіл күй түсіп, ұйқышылдық, бас ауруы байқалса, халық оны «асқыну» деп атайды. Бұл ресми диагноз ба?

– Халық даналығын сыйлағанымызбен, медицинада «асқыну» деген нақты термин жоқ. Күзгі жабырқау жайлы түрлі теориялар бар, бірақ ғылыми дәлелдер әлі де жеткіліксіз. Дегенмен дәрігерлердің көпжылдық тәжірибесіне сүйенсек, көптеген ауру түрлері күз бен көктемде жиі өршиді. Біз «күзгі» немесе «қысқы» асқыну деген диагноз қоймасақ та, табиғи өзгерістердің ағзаға әсер ететіні анық.

– Жыл мезгіліне байланысты қандай психикалық ауытқулар жиі кездеседі?

– Әр маусымның өз «ерекшелігі» бар: жаз – суицид көп жасалатын кезең, күз – мұң мен күйзеліс уақыты, қыс – ең депрессиялық мезгіл,
көктем – әлсіздік пен шаршаңқылық кезеңі.

– Яғни барлық маусымның өз «қиындығы» бар ғой...

– Дәл солай. Күзде депрессия, невроз, шизофрения, үрей мен фобиялар жиілейді. Бұған бірнеше себеп бар: күн ұзақтығының қысқаруы, күн сәулесінің азаюы, ауаның салқындауы, ал көктемде ағзадағы дәрумен қорының таусылуы. Сондай-ақ біздің санамыздағы күз – сұрғылт, мұңды, жауын-шашынды деген бейнелер де әсер етеді.

– Күзгі асқыну қанша уақытқа созылады?

– Әдетте 6-8 аптаға дейін жалғасады, кейін жағдай біртіндеп тұрақталады.

Зерттеулерге қарағанда күн шуақты, жылы аймақтарда депрессия деңгейі төмен және асқынулар аз болады. Ал солтүстік өңірлерде, күн аз түсетіндіктен, жағдай күрделірек. Сондықтан жарық терапиясы – яғни күн сәулесін елестететін ем тәсілі кеңінен қолданылады. Ол организмнің биологиялық ырғағын, ұйқы мен ояну уақытын реттеуге көмектеседі.

– Жарық терапиясы қалай әсер етеді?

– Бұл әдіс депрессияны емдеудің алғашқы бағытының бірі. Әдетте ол бірнеше күннен не апталардан кейін әсер ете бастайды, жанама әсері аз. Кей жағдайларда антидепрессанттармен біріктіріп қолданылады. Бірақ дәрінің әсері бірден болмайды, кейде адамға ең тиімді түрін табу үшін бірнешеуін сынауға тура келеді.

Сонымен қатар когнитивтік-мінез-құлықтық терапия да маңызды – ол адамның жағымсыз ойлары мен мінез-құлқын түзетуге бағытталған.

– Кей адамдар «жыл мезгілдері мүлде ауыспаса жақсы болар еді» дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Керісінше, жыл мезгілдерінің ауысуы – табиғат заңдылығы және біздің ағзамызға қажет нәрсе. Ол бізді түрлі ортаға бейімдейді: суыққа да, ыстыққа да, жауын мен аптапқа да. Сонымен қатар табиғаттың өзі эстетикалық қуат пен мотивация сыйлайды: жаз – гүлдеген дала, күз – сылдыраған жапырақ, қыс – ақ қар, көктем – жаңа өмірдің басталуы.

– Әйелдердің 75%-ы депрессияға бейім деген мәлімет рас па?

– Иә, шамамен солай. Әйелдер эмоциясын ашық көрсетеді, ал ерлер бала кезінен «жылама, еркек емессің бе?» деген тәрбиемен өседі. Сондықтан олар өз сезімін жасырады, сирек дәрігерге жүгінеді.
Бірақ бұл ерлерде депрессия жоқ деген сөз емес – оларда ол көбіне жұмыстағы сәтсіздікпен байланысты байқалады. Ал өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары ерлер арасында көбірек.

– Ауыл адамдары «депрессия деген жоқ, бұл – еркелік» дейді. Не дейсіз?

– Бұл – қате түсінік. Депрессия – жай көңілсіздік емес, ағзаның бейімделу жүйесінің бұзылуы. Бұл – нақты диагноз, денсаулыққа қауіпті дерт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2021 жылы депрессия әлемде төртінші орында болса, 2025 жылы үшінші орынға көтерілді (семіздік пен қант диабетінен кейін). Егер үрдіс осылай жалғаса берсе, ол алдыңғы қатардағы жаһандық дертке айналуы мүмкін.