«Күйеуіңді таста» деген сияқты кеңес беретін психолог-коучтарды бақылауға алмаса болмайды – депутат

 Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Психологтардың қызметін заңмен реттеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Әлеуметтік желіде «кеңес беретін» мамандар көбейген тұста Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден бұл саланы бақылауға алуды ұсынды.

 Депутаттың айтуынша, кез келген адам психолог таңдағанда аса мұқият болуы керек. Себебі бұл салада нақты талаптар мен бақылау жеткіліксіз.

 «Азаматтар психологқа жай ғана бара салмай, әлеуметтік желідегі пікірлерге сенбей, міндетті түрде оның құжатын, білімін, қандай бағытта жұмыс істейтінін тексеруі керек. Балалармен жұмыс істейтін психолог пен ересектерге кеңес беретін маманның деңгейі де, жауапкершілігі де әртүрлі», – деді ол.

 Қарақат Әбден бұл салада нақты критерийлер болуы тиіс екенін атап өтті. Яғни балалар психологтарына бөлек талап, отбасылық немесе дағдарыс жағдайларымен жұмыс істейтін мамандарға бөлек стандарт енгізілуі қажет. Бұл, ең алдымен, азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды.

 Сонымен қатар депутат психологтарды да кәсіпкер ретінде қарастыру керектігін алға тартты. Себебі олар белгілі бір аудитория жинап, табыс тауып отыр.

 «Олар да бизнес өкілдері. Табыс табады, аудитория жинайды. Демек, салық төлеуі керек. Жарық, су, газ сияқты инфрақұрылымды пайдаланады. Сондықтан бұл саланы да заңмен реттеу қажет», – деді депутат.

 Оның пікірінше, қазіргі қоғамда кез келген мәселені «психолог шешеді» деген түсінік қалыптасып барады. Тіпті қарапайым жағдайларда да адамдар маманға жүгінуді әдетке айналдырған.

 «Қазір кішкентай мәселе болса да психологқа жүгіріп бару қалыпты жағдайға айналды. Көп жағдайда «бұл бала кездегі травма» деп айта салады. Ал кейбіреулері «өзіңді ойла», «қиын болса кетіп қал», «күйеуіңді таста» деген сияқты кеңес береді. Бұл – дұрыс емес», – деді ол.

 Депутат кәсіби психолог ешқашан адамды радикалды шешімдерге итермелемейтінін атап өтті. Керісінше, ғылыми және медициналық тұрғыда дұрыс бағыт көрсетуі тиіс.

 «Шынайы маманның ішкі этикасы жоғары болуы керек. Ол әр сөзінің жауапкершілігін түсінеді. Сондықтан кез келген кеңес адамның өміріне әсер ететінін ұмытпау керек», – деді Қарақат Әбден.

 Осылайша, депутат психолог қызметін заңнамалық деңгейде реттеу қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бір жағынан азаматтарды сапасыз қызметтен қорғаса, екінші жағынан кәсіби мамандардың беделін арттыруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз