Жаңалықтар

Күріш - азық әрі құрылыс материалы

қазақстандық ғалымдар күріш қауызынан құрылыс материалын жасауды ұсынады 
Күріш - азық әрі құрылыс материалы
18.08.2017 09:24 6942

Күріш өсіру – Сыр бойы халқы айналысатын басты шаруашылықтың бірі. Аптап ыстықпен қатар, көп мөлшердегі суды, ерекше күтімді қажет ететін күріш дақылы шаруалардың өлшеусіз еңбегінің арқасында өседі. Ақ маржанның қамбаға төгілер сәті бұл өңір үшін үлкен мереке. Осындай берекелі кезеңде қала мен даланың әр бұрышында сабантойлар өтіп жатса, Сырдың ғалымдары ақ күріштен құрылыс материалын жасауды қолға алыпты.

Астықты құрылыс негізіне қалай айналдыруға болатындығы жөнінде жас ғалым, инженер Рахметулла Жаппарбергенов баяндап берді.

 – Қазан аграрлық университетінен "Агроинженерия" мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған соң күріш қауызынан құрылыс материалын жасауға кірісіп кеттік. Оған жетекшіміз Нұрбол Аппазов ықпал етті.  Жалпы өңірімізде күріш шаруашылығы өте жақсы дамыған. Егін жинау кезінде мыңдаған тонна күріш қауызы қолданысқа жарамай, өртеліп жатады.  Мұндай ысырапты болдырмас үшін қауыз бен тұрмыстық қалдықтарды араластыра отырып, құрылысқа қажетті өнім алуды көздедік. Алынған өнім қажетті қалыпқа салынып, муфельді пеште 250-450 градус арасында қыздырылады. Сол арқылы құрылысқа қажетті материалдар жасалады. Жалпы, күріш қауызын негізге ала отырып, кірпіш, жылы еден құралдарын, тағы да басқа дүниелер жасауға болады. Өнім өндіріске енсе, құны арзанға түсері анық. Өйткені, оның құрамы өте қарапайым қоспалардан тұрады. Әрі сапасы да төзімді болатын еді. Аталған жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің инженерлік бейіндегі зертханасында жүзеге асып отыр. Қазір жас ғалым, зертхана инженері Ерлан Омаровпен бірге осы жоба аясында жұмыс істеп жатырмыз. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасу үстінде. 

 Дәстүрлі құрылыс материалдары жүздеген жылдар бойы қолданылып келеді. Кейбірінің тарихы тіпті, мыңдаған жылдарға барады. Уақыт өткен сайын құрылыс саласында жаңа дүниелер жасалынып жатыр. Күріш қауызынан дайындалған құрылыс материалын да инновациялық жоба ретінде айтуға болады. Себебі, осы әдіс жүзеге асып отырса, бір ғана Қызылорда өңірінен жыл сайын шығатын 40 мың тоннадан астам күріш қалдығы өртенбес еді. Қоршаған орта да зиянды түтіннен  зардап шекпейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға