Жаңалықтар

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты: Албанияда белдесетін балуандар

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты: Албанияда белдесетін балуандар
Фото: Туризм және спорт министрлігі 19.10.2024 10:21 504

Дүйсенбі, 21 қазан күні, Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен кезекті әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Алдымен 23 жасқа дейінгі палуандар бозкілемде белдессе, кейіннен ересектер олимпиадалық емес салмақтарда өзара кім мықтыны анықтайды деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, күрес түрлерінен әлем чемпионаты 2005 жылдан бері жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Ал 2016 жылдан бастап Біріккен күрес әлемі (UWW) халықаралық федерациясының бастамасымен алғаш рет олимпиадалық емес салмақтардағы әлем біріншілігі қолға алынды. Яғни, Олимпиада өткен жылы олимпиадалық салмақтарда әлем чемпионаты ұйымдастырылмайды.

Олимпиадалық емес салмақтардағы алғашқы жаһандық дода 2016 жылдың 8-11 желтоқсанында Мажарстанның Будапешт қаласында өтті. Оған Қазақстан құрамасының алты палуаны қатысып, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

Еркін күрестен Нұрлан Бекжанов (70 кг) күміс жүлдегер атанса, әйелдер күресінен Айым Әбділдина (55 кг) қола медаль иеленді. 2020 жылы өтуге тиіс болған жаһандық дода пандемияға байланысты өтпей қалды.

Олимпиадалық емес салмақтардағы әлем чемпионаты Олимпиада бағдарламасына енбей қалған төрт салмақ дәрежесінде өткізіледі. Атап айтқанда, еркін күрес шеберлері 61, 70, 79, 92 кг, әйелдер күресі өкілдері 55, 59, 65, 72 кг және грек-рим күресі палуандары 55, 63, 72, 82 кг салмақтарда белдеседі. Бұл дода аталған салмақтағы палуандардың жарыссыз қалмауы үшін ұйымдастырылады. Сондықтан Олимпиадаға қатысқан палуандар бұл әлем чемпионатында өнер көрсете алмайды.

Ересектер арасындағы әлем чемпионаты 28 қазанда басталып, 31 қазанда мәресіне жетеді. Финалдық бәсекелер 29 қазан (грек-рим), 30 қазан (әйелдер күресі) және 31 қазан (еркін күрес) күндеріне жоспарланған.

Қазіргі таңда әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының палуандары анықталып, жарысқа қарқынды дайындалып жатыр. Албаниядағы әлем чемпионатында мына балуандарға сенім артамыз.

Грек-рим күресі:

55 кг: Исхар Құрбаев
63 кг: Ержет Жарлықасын
72 кг: Мейіржан Шермаханбет
82 кг: Евгений Поливадов

Әйелдер күресі:

55 кг: Зүлфия Яхьярова
59 кг: Диана Қаюмова
65 кг: Ирина Казюлина
72 кг: Жәмила Бақбергенова

Еркін күрес:

61 кг: Асыл Айтақын
70 кг: Нұрғожа Қайпанов
79 кг: Дәулет Ергеш
92 кг: Нұрдәулет Бекенов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға