Жаңалықтар

Күндіз кәдімгі көл, ал түнде ...

Түнде жанатын көлдің сыры
Күндіз кәдімгі көл, ал түнде ...
21.11.2018 21:28 16591

                       

               

Қазақстанда 48 мыңнан астам көл бар. Солардың ішінде өте құпия, аса ерекше бірнеше су айдыны бар. Мысалға, Павлодардың іргесінде «былқылдақ» деген көл бар. Сенесіз бе, су айдыны тұтас сынаптан тұрады, судың беті қоймалжың, былқылдап жатыр. КСРО кезінде қаладағы химиялық зауыт, отыз жыл бойына сарқындысын осында төккен. Содан «сынап-көл» пайда болған. Семей жақта да, осындай экологиялық көл бар. Жұрт оны «солярка-көл» атап кеткен. Тағы да сол, КСРО кезінде, дұрысы Одақ құлаған бетте, танк полкіне қажетті жағармай қоймасындағы 2 мың тонна солярканы әскерилер ешкімге бұйырмасын деп, сайға төккен де, Ресейге кеткен. Сол төгілген жанармайдан кішігірім көлшік пайда болған. Уақыт өте, жаңбыр, қар суымен араласып, солярка айдынның астына қарай батыпты. Беті кәдімгі ішуге жарайтындай су. Керек десеңіз балық жүзіп жүр. Бірақ, сол балық-бақа 2 жарым метр төмендесе бітті, сеспей қатады. Жақын маңдағы ауылдың жұрты, тракторына жағармай іздесе, қолына шланга ұстап, осы көлге жетіп келеді.

Айтпақшы, тағы бір көл бар. Ақтоғай стансасы мен Аягөздің арасында жатыр. Күндіз кәдімгі көл, ал түнде - ... Түнде жарқырап, көкпеңбек боп жанады.

          Түнде жанатын көл қалай табылды?

 

Түнде жанатын көлдің күндізгі көрінісі. Көп көлден еш айырмасы жоқ...

Жоғарыдағы көлдер жайлы деректі ең әуелі халықаралық экологиялық ұйым жетекшісі Бақытжан Базарбектен естігем. Былқылдақты да, солярка көлді де барып көрдім, репортаж түсірдік. Ал жарқырауық көлге баруға, көруге бір қол тимей жүрді. Дұрысы, сеніңкіреген жоқпын. Себебі, экологтың өзі оны «үштөбелік» кәрістерден естігенін, шамалап көлдің қайда жатқанын ғана білерін айтып еді.

Не керек, 2015 жылдың жаз уағында, нар тәуекел деп, жанатын көлді іздеп жолға шықтық. Жаңалық таратушы болып қызмет істейтін журналистер жақсы біледі. Жаз маусымы – өліара кезең. Ел ішінде қызық немесе іліп алар жаңалық болмай, эфирге не береріңді білмей, сандалып кетесің. Тақырып дефициті бар, одан қалды әлгі түнде жанатын көл тек шілде айының 4-7 күндері ғана жарқырайды дегенді құлағымыз шалғаны бар. Межелі уақытқа үлгерейік деп, көлікке асай-мүсейімізді артып, Ақтоғай стансасына жеттік. Эколог Бақытжан бізге Владислав Сон есімді кәріс азаматының байланыс нөмерін беріп еді. Жолға шығардан бірер күн бұрын, хабарластық. Ол кісі бізді сол Ақтоғайда күтіп алып, әйгілі көлге алып баратын болды. Уәде бойынша діттеген жерде, дәл уақытында жолбасшымыз қарсы алды. Шоқалақ жолдармен далаға қарай тарттық.

                 Түнде жанатын көл жағасына жеттік...

 

Түнде жанады дегенді көлдің жарқырауын 3 күн, 3 түн күттік.

Үштөбелік кәріс азаматы, көл жағасына жеткізгесін, шатыр тігіп, жайғастық. Жолбасшымыз ерекше айдын туралы ел ішіндегі алып-қашпа аңыздардан бастап, өзі куә болған оқиғаларды баяндап отыр. Көлдің жарқырап жануы үшін айлы аспан және самал жел керек екен. Түсінгеніміз, көл – тек жылдың бір мезгілінде ғана жарқырап тұрып жанады екен. Ол шілде мен тамыздың аралығы. Нақты мынау күн деп дөп айтуға келмейді. Кейде бірер күнге кешіксе, кейде арасында бірнеше апталық айырмашылық болады екен. Біз абыржи бастадық. Себебі іс-сапарымыз 4 күнге ғана жасалған. Егер осы уақыт ішінде әлгі құбылысты көрмесек, іс-сапарымыз күйіп кетеді. Екіншіден бір жылға сапарға шығу құқынан айырылып, айыппұл салынады. Уайым күшейе бастады. Бір тәулік күттік. Ештеме болмады. Екінші күні де, таңғаларлық еш құбылысты көрмедік. Үшінші күн...

Үшінші күн дегенде, көл басына палаткасын арқалап балықшылар мотоциклдерімен келе бастады. Үміт қайта оянды. Бір қызығы, әлгі «балықшы» деп сырттай топшылап отырған кісілеріміздің біреуінің қолында қармақ жоқ. Майда-көзді тор себеттер ұстап келіпті. Бұл несі екен деп, сөзге тартсақ, тартыншақтанады. Сөйлескісі келмейді. Не де болса, түнді күттік.

 

3-күн дегенде қармағы жоқ балықшылар қаптап келе бастады. Дені кәрістер.

Міне, дөңгеленіп ай туды. Суды шайқай төгіп, жел көтерілді. Камераны қосып қойғанбыз. 1,5 сағатта камера флешкасының жадысы түгесілді. Екіншісін қостық. Күтіп отырмыз.

 

Көл жағасына көзі майда торларды іліп шықты. Балық аулауға келмеген сияқты...

 

О, Құдірет. Түнгі 2-лер шамасында толқын күшейді де, сол толқындардың жалы көкпеңбек боп жарқырай бастады.  Қалай десем екен, Аватар фильмін көріп пе едіңіз? Тура сондай әсер. Немесе көлдің астында алып мониторды біреу қосып жібергендей, ақшыл-көк түске бояла бастады.

 

Толқындардың жалы осылай көгеріп жарқырай бастады...

 

Екпіні қатты жел, әлгі көл ортасындағы жарқырауықтарды жағаға қарай жақындата бастады. Дәл осы сәтті жағалаумен жүгірсең, ізің жарқырап көгеріп жанар еді. Мынау сюжетімізде сол ертегідей сәтті таспаға басып алып ек.

Алақаныңда жарқырап жанады...

 

Не керек,  жағаға шығып кеткен жарқырауықты қолмен ұстап көрсеңіз, өте қоймалжың. Әлгі сұйықтық жарық шашып тұрады. Балықтың исіне ұқсас түсініксіз жұпары бар. Қозғалыссыз бір орнында тұрса сөніп қалады. Ал қалай алақаныңды шайқасаң, солай қоймалжың көз ауыртарлықтай жарқырайды.

                      Көл неге жарқырап жанады?

 

Бұл көл неге түнде жарқырайды? Су түбіне фосфор шөгіндісі жиналып қалған ба, әлде, көл жалтырауық жәндіктердің әсерінен көк түске бояла ма?! Осы сұрақты, жолбасшымыз Владиславқа қойғанбыз. Оның айтуынша – шілденің түн қараңғысында жұлдыздай жарқырайтын ол, кішкентай ғана шаянның уылдырықтары екен. Ғылымда мұны люминсцентті жәндіктер дейді екен.

Ал жылдың тек шілде айында жарқырауының себебі – шаян-тәріздес, кальмарға келіңкірейтін жәндіктер, тек жылдың осы мезгілінде ғана уылдырық шашады. Осы сәтте, өн бойын қаптаған көзшелерден лыпылдап жарық шығарады екен. Қызығы көлді қаттырақ жарқырататын нәрсе – жәндік емес, оның уылдырықтары. Әлгі кальмар іспеттес былқылдақ, уылдырықты өте көп шашатындықтан, көлдің табанында ине шаншар бос жер қалдырмайды. Былайғы сәтте, әлгінің уылдырығы кәдімгі бақа, балықтың ұрығы секілді мөлдір, қара-қошқыл түстес. Көл тыныш тұрса, уылдырықтар да сол тыныштық күйде тұрады. Бірақ, көл саяз болғандықтан, үп еткен желдің өзі, су айдынының түбіндегі топырағына дейін қозғап жібереді де, сол топырақтың үстіне қонған уылдырықтар қозғалысқа реакция танытып, өз бойынан жарық шаша бастайды.

Жоғарыда айтқандай, көл тым таяз болғандықтан қыс уағында, түбіне дейін мұз қатады. Сондықтан жәндіктер уылдырық шашып бола сала, өледі екен. Яғни өмір жасы 1 жыл. Әлсіреп қалған жәндіктерді толқын жағаға шығарып тастайды. Осы кезде, әлгі қармағы жоқ кәрістер тормен, шелекпен жағаға келіп, шаяндарды аулауға кіріседі. Жарық шашқанымен қоймай, бұл шаянның тіл үйірерлік керемет дәмі бар. Кәрістер осы жәндікті аулау үшін, арнайы Үштөбеден осында келеді екен.

Бұл жәндік Аягөзде қайдан пайда болды?

 

Сұрақтың жауабын табу мақсатында, әлгі жәндіктің бірнешеуін алып, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ғалымдарына көрсеттік. Мамандардың зерттеуіне сенсек, бұл – тропикалық жәндікке жатады. «Аягөз маңында қайдан жүр?» деген сұрағымызға берілген жауаптың өзі қызық болды.

- Шаянның бұл түрін – үй жағдайында жергілікті азаматтардың бірі асыраса керек.  Бірақ, жәндік тым қомағай болып шыққан. Иесі мұндайды күтпесе керек, асырай алмайтынын біліп аквариум суымен бірге әлгіні өзен-жылғаға төге салған. Жарқылдауықтар су жолы арқылы көлге таралған болуы мүмкін,- деген болжам айтады мамандар. Ғалымдар, кей азаматтардың осындай немқұрайлығынан, аквариумындағы жәндіктерді көл-өзенге еш ойсыз төге салуынан, жергілікті экожүйеге алапат көп залал келеді, - деп отыр. Мысалы, Ертіс өзенінде қайбір жылы пиранья балықтары ұсталғанын айтты. Жарқылдауық жәндіктер де, сол мини-экологиялық терроризмнің салдары екен. Иә, әлгі көлде өзге балық атаулы мүлдем жоқ.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға