pixabey

Күн сайын қолданатын телефоныңыз дауылға себеп болуы мүмкін

DailyMail басылымы жариялаған зерттеу нәтижелері биыл АҚШ аумағында тіркелген жойқын дауылдардың пайда болуына заманауи технологиялар, соның ішінде iPhone сияқты смартфондар әсер етуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мамандардың айтуынша, мобильді құрылғылардың өндірісі мен пайдалануы жыл сайын атмосфераға шамамен 580 миллион тонна көмірқышқыл газының бөлінуіне әкеледі. Бұл көрсеткіш бүкіл әуе тасымалы саласынан шығатын зиянды газдардан да көп. Осындай көлемдегі парниктік газдар мұхиттардың қызуына ықпал етіп, қуатты дауылдардың қалыптасуына жағдай жасайды. Соның салдарынан, мысалы, қазан айында соққан «Милтон» дауылы Флорида штатында миллиондаған тұрғынды жарықсыз қалдырған болатын.

Ғалымдар атап өткендей, смартфон өндірісінің әрбір кезеңі шикізатты өндіруден бастап, құрылғыны утилизациялауға дейін орасан зор энергияны қажет етеді және атмосфераға мол көлемде зиянды қалдықтар бөледі. Бір ғана телефонды жасау барысында шамамен 180 фунт көмірқышқыл газы шығарылады, бұл - жарты жыл көлік айдауға тең.

Сонымен қатар, смартфондарды күнделікті қуаттау мен қолдану, сондай-ақ қалдықтарын дұрыс жоймау да қоршаған ортаға қосымша зиян келтіреді.

Зерттеушілердің айтуынша, батарея құрамындағы улы заттар тұрмыстық қалдықтармен бірге топыраққа түсіп, жер мен суды ластайды. Бұл жағдай ғаламдық жылыну процесін күшейтіп, соның салдарынан урагандар мен су тасқындарының жиілеуіне әкелуі мүмкін.