Жаңалықтар

Құм жұтқан қалалар: Сауран қалашығы

Құпияға толы көне шаһар
Құм жұтқан қалалар: Сауран қалашығы
23.11.2017 09:49 20841

Сауран қаласы Отырардың солтүстігіндегі темір жол бойында орналсқан. Шаһардың іргетасы ІХ ғасырда қаланған. Тарихи деректерге үңілсек, «Алғашында Отырар датқасы бұл қаланы шекараға, қыпшақ қалалары мен көшпелі қыпшақ хандарының шекарасына әдейі салғызған» деген мәлімет кездеседі. Қалада үнемі әскер тұрғаны айтылады. Онда келіссөздер жүргізілген екен. Оның үстіне Сауран арқылы «Жібек жолы» өтетін. Бұлжағдай оның сауда-саттыққа алыс-беріске, өркендеп, өсуіне жан-жақты ықпал еткенін аңғартып тұр.

Дүкенбай Досжан зерттеу мақаласында: «Қаланы алты мұнарлы үлкен қорған қоршап тұрған екен. Қорған саз балшықтан, кей жері күйдірген қыштан өріліпті. Әр мұнарада қарауыл қарайтын күмбез, жауға оқ ататын тесіктер бар. Осы белгілер Сауран қаласының негізігі міндеті – ел күзету, басқыншы жауға бірінші тосқауыл болу екенін байқауға болады. Қорған төрт бұрышты етіп салынған. Қалаға кірер қақпа мен шығар қақпа бір-біріне тұспа-тұс орнатылған. Оңтүстік шығыстьан солтүстік батысқа көлбеу жатыр. Тосын көзге бірден шалынатын нәрсе – қала халқының өте тығыз отырғанға ұқсайтындығы Өйткені белдеу-белдеу, қатпар-қатпар болып жатқан топырақ үйінділері бұрынғы үйлерді, дуалдарды көз алдыңа елестетеді. Сонымен қатар ескі қару-жарақ, қыш құмыра, ыдыстарынан аяқ алып жүргісіз. Сәл қазып көрсеңіз – бірі болмаса, бірі шыға келеді. Қаланы 1219 жылы Жошыхан қиратқанымен Сауран ХV ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген», - деп жазады.

Тағы бір деректе XIII ғасырдың орта тұсында Сауран қалашығы Ақ Орданың астанасы болғаны жазылады.  XIV ғасырдың аяғында Сауранды Әмір Темір әскери қамалға айналдырған, осылайша Сауран қалашығы ислам дінінің Қазақстанға таралуына ықпал еткен деседі.

Көне шаһардағы ірі құрылыстардың арасында «шайқалмалы минаретті» сондай-ақ шаһарды ауыз сумен қамтамасыз еткен кәріздері – жердің астынан салынған канал ерекше көзге түседі. Осы күнге жеткен Сауран қалашығының қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары дөңгелек алаң ретінде қаз-қалпында жатыр. Ауданы 550 – 800 м құрайды. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады.

Қираған көне шаһар бекінісі қабырғаларынан қалған қалдықтар Түркістан қаласынан батысқа қарай 45 шақырым жерде жатыр. Тарихи деректерге сенсек, Сауран – көне әрі құпияға толы шаһар. Бұл сөзімізге 100 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың назарын өзіне тартып келе жатқан сырға толы Сауранның тарихы куә.  

Сауран ерекше әскери-стратегиялық әрі сауда-экономикалық, мәдени-тарихи мәні бар қала болған. Сауранды зерттеген ғалымдардың бәрі Сырдария бойында және қазақ даласында болған оқиғалар жайында жазғанда шаһардың  ортағасырлық екенін алға тартады.

Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдың бірінші жартысына жатады. Сауранның тарихынан сыр шертетін тарихи деректер Истахридің кейін әл-Мақдисидің, «Худуд-әл-алам» анонимдік географиялық шығармасында (10ғ.), у ибн әл-Асирде (13ғ.), Якуттың «Елдер сөздігінде» (13ғ.), Гетум 1 кіл-армян патшасы Меңгу моңғол ханының ордасына кері қайтарда жасаған сипаттамасында (13ғ.ортасы) бар. 15-16ғғ.жазбаша деректерінде кездеседі.

XIII ғасырдың басы мен орта тұсында Сауран үлкен қала санатында  «Испиджаб сияқты харадж төлемейтін» шекаралық қала болған. Ал, XIV ғасырда Сауран Ақ Орда құрамына кіретін тіпті оның астанасы ретінде аталады. XV- XVI ғасырларға тән деректерді зерттеушілер Түркістандағы билік үшін қазақ хандықтары мен шайбаниліктер арасындағы күресімен байланыстырып жазады.   

Сауранға археологиялық зерттеу жұмыстары жүз жылдан астам уақыт бұрын жүргізілгені туралы деректер кездеседі. Орыс ғалымдары П. Лерхтың шығармаларында, П. Пашино жолсапар естеліктерінде сондай-ақ А. Федченконың есептерінде айтылады. Қазба жұмыстарында табылған археологиялық жәдігерлердің ішінде биіктігі 10 метр болатын құмнан салынған Сауран сарайын зерттелуін жатқызуға болады.

«Мәдени мұра» Қазақстандық бағдарламасы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Сауранның орталық бөлігінен табылған күйіктас, гипс сынықтары мұнда мешіт пен медресенің болғанын дәлелдейді. Тарихшылардың пікірінше, осы жерді мекендеген адамдар айтарлықтай жоғары білімді болған. Қазақстан бойынша теңдесі жоқ, бірегей қаланы сумен қамтамасыз ету технологиясы болғаны да осы Сауран жерінен табылып отыр.

Сауранның көне орны Қазақстандағы ортағасырлық қала мәдениетіне жататын маңызды ескерткіштердің бірі болып саналады. Ал сақталу дәрежесі бойынша археология жағынан бірегей болып табылады.

Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық институт экспедициясы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде 2004-2005 жылдары Саураннан орта ғасырлық мешіттің орны табылды. Мешіттің ені 31 метр, ал жалпы аумағы 1200 шаршы метрді алып жатыр. Ғибадат орынының жобалық композициясы Сауран мешіті Самарқандтағы Бибі-ханым, Ташкенттегі Жами және Бұқарадағы Калян жұма-мешіттерімен сыңарлас келетінін аңғартады.

«Жаңақорған» кітабында «Сауран қаласының тағы бір ерекшелігі – усадьбаларының көптігінде. Аэрофотосъемка суреттерін талдау барысында Сауран маңында 350-ге жуық селолық усадьбалар болғаны анықталды» деген дерек кездеседі.

Бертін Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы ортағасырлық Сауранның төңірегіндегі жобасы мен атқарған қызметтері әртүрлі болып келген сәулет ескерткіштерінің қиранды орындарында кең ауқымды зерттеулер жүргізді. Мұндағы мақсат – аршылған архитектуралық бөліктерде «Қазқайтажаңғырту» арнаулы қайта қалпына келтіру кәсіпорынының күшімен консервациялау жұмыстарын жүргізіп, Сауран шаһарын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға