Жаңалықтар

Құландар тарихи мекеніне қалай оралды?

Мұхит Сүттібай әңгімелейді
Құландар тарихи мекеніне қалай оралды?
25.03.2019 22:26 15131

Құлан десе, көп адамның ойына “Ақсақ құлан” жайлы аңыз оралары сөзсіз. Өкінішке қарай, хан баласын “мерт еткен” дейтін жануардың “тұқымы” ХХ ғасырдың басында қазақ даласынан түгел жойылып кеткен. Тек 1953 жылы Қазақстандағы құлан популяциясын қайта жандандыру мақсатында түркімен құланын жерсіндіру жұмыстары басталады. Сол кезден бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан құлан реинтродукциясы жайлы Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының маманы Мұхит Сүттібай әңгімелейді.

Құлан қандай жануар?

Құлан, жалпы айтқанда жылқы тұқымдас жануар. Морфологиялық ерекшеліктеріне қарай ол есек пен жылқы арасындағы түрге жатады, бірақ көбіне есекке келеді. Есектің екі түршесі бар. Бірі азиялық болса, екіншісі африкалық есек. Африкалық есектің қазіргі тұқымы - үй есектері. Ал азиялық есек жабайы келеді, яғни құландар. Құлан қолға үйретіледі, алайда біраз уақыттан кейін стресстен өліп қалады екен. Тарихта да “құланды ерттеп мініпті” дегенді естімегенбіз.

Құландар жылқы сияқты тебініп қоректенеді, шөп талғамайды. Зерек, батыл әрі сақ келеді. Адамның иісін алыстан сезіп қойып, 1 шақырым жерден қашып кетуі мүмкін. Сонымен қатар ол өте қызыққұмар жануар. Далада келе жатып өзіне бейтаныс зат көрсе, жақын келіп, зерттеп кетеді. Құлағы өте жақсы естиді, фотоаппараттың шертпесін 400-500 метр жерден естіп қояды. Сондай-ақ иіс сезу қасиеті жақсы дамыған жануар. Өте жылдам, үй жылқысына жеткізбейді, жақсы жүзеді. Шоқтығына дейінгі ұзындығы 136 см-ге жетіп, 350 кг-ға дейін салмақ жинай алады.

Қазақстандағы құлан статусы

Құлан жоғалудың аз-ақ алдында тұрған жануар ретінде Қазақстанның “Қызыл кітабына” және халықаралық Red list-ке енген. Бір ғасыр бұрын қазақ даласын құланның 3 түршесі мекен еткен көрінеді. Олар: маңғол, қазақ және түркімен құланы. Маңғол құланы Шығыс Қазақстанды мекендесе, қазақ құланы орталық және оңтүстік аймақтарды, ал түркімен құланы Батыс Қазақстанды жайлаған. ХХ ғасырдың басында қазақ құланы түгел жойылып кетсе, маңғол мен түркімен құланы біздің елдің территориясынан ауып кеткен. Оған әсер еткен әр түрлі факторлар бар. Негізгілері: аңшылық, жұт және жер өңдеу жұмыстары.

Құлан реинтродукциясы

1953 жылы құландардың пооуляциясын қайта қалпына келтіру мақсатында оны қайтарудың алғашқы жұмыстары басталып, Түркіменстаннан Барсакелмеске 14 құлан алып келінген. Қазақ даласына жерсінген құландар саны ақырындап өсе бастаған. Бұл реинтродукция жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрды. Реинтродукция дегеніміз бұрын белгілі жерді мекен еткен, бірақ белгілі себептермен жойылып немесе көшіп кеткен жауарларды қайтадан өз мекеніне жерсіндіру.

Барсакелмеске жеткізілген 14 құлан көбейіп, 200 басқа жеткенен кейін оларды құрлыққа жеткіз жұмыстары басталды. 1982-1983 жылдары құландар Баракелмес аралынан “Алтын-Емел” мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жеткізілді. Кейін құландар Жамбыл облысындағы “Аңдасай” мемлекеттік қорығы мен Маңғыстау өңіріндегі “Ақтау-Бозашы” қорықтарына кіргізілді.“Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлері мен киiктерді сақтаудың және қалпына келтiрудiң 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында құландар реинтродукциясы қайта жалғасты. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Қазақстанда құландардың төрт тобы қалыптасты. Олар: барсакелмес, алтын-емел, аңдасай және ақтау-бозашы құландары. Өкінішке қарай, соңғы топ бақылаудың болмауынан жойылып кеткенге ұқсайды.

Қазір Алтын-Емел аймағын 4000-ға жуық құлан мекендейді. Ал Барсакелместің өзінде 400 шақты құлан бар. Территориясы кішкентай болғандықтан, соңғы жылдары бұл жерде құландардың өсу динамикасы да баяулаған.

Құландардың Торғай даласына оралуы

Торғай даласы тұяқты жануарлар санының көбеюіне ыңғайлы орта болуымен қатар, құландар мен жабайы жылқылардың тарихи мекені саналады. 2017 жылы осы аймақты мекен еткен жануарларды реинтродукциялау жұмыстары басталды. Құландарды Торғай даласына көшірудің бірнеше маңызы бар. Айта кетсем, тарихи экологиялық баланстың қалыптасуы, жердің өңделуі және жаңа қоректену тізімінің пайда болуы. Мысалы, шөп құр өсіп, өле берсе оның пайдасы аз.

Ал жануарлар ол жерлерде жайылу арқылы түрлі өсімдік тұқымдарының басқа жерлерге тарауына көмектеседі, жерді қопсытады, яғни топырақ құнарлығының артуына ықпал етеді. Ал Орталық Қазақстанның Торғай өңірінде далалы жерлер өте көп, бірақ өңірде жануарлар, тіпті үй жануарлары өте аз. Аталған жоба үлкен өзгерістерге алып келеді демейміз, бірақ экожүйедегі кішігірім өзгерістердің басталуына мүмкіндік береді. Экономикалық жағынан алып қарайтын болсақ, тұрғындарды жұмыспен қамтуды айтуға болады. Сондай-ақ эко-туризмнің дамуына жағдай жасайды.

Қазақстанның орталық аймағында жабайы жануарлардың жаңа тобын өсіру жайлы идея 2008 жылы “Алтын дала” табиғатты қорғау бастамасының аясында көтерілген болатын. Бұл жобаның негізгі бағыты далалы жерлерде мекен еткен, бірақ белгілі себептерге байланысты түгел жойылып кеткен жануарларлың популяциясын қалыпқа келтіру болатын. Осы мақсатта Пржевальский жылқысы мен құлан таңдалған еді.

Бірнеше жылдан кейін Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы “Алтын дала” мемлекеттік резерваты территориясында Пржевальский жылқысын реинтродукциялауға арналған орталық салды. Онда жануарды жерсіндіруге қажет барлық жағдай жасалып, арнайы мамандар шақырылды. Алайда Пржевальский жылқысын Торғай даласына әкелу үшін жануардың Қызыл кітапқа енуі тиіс болған соң, оны реинтродукциялау жұмыстары кейінге шегерілді. Ал орталық болса құланды тарихи ареалына жеткізу жұмыстарын бастап кетті.

“Құлан дала” жобасы 

Бұл жоба “Құлан дала” деп аталады. “Алтын дала” табиғатты қорғау бастамасы аясында құрылған жобаға бірнеше ұйым кіреді. Оның ішінде Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы мен Ауыл шаруашылық министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен бөлек шетелдік ұйымдар (Норвегия, Германия, Ұлыбритания) да бар. Шетелден келген арнайы мамандар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, құланды көшіру жұмыстарына қатысты.

Құландарды ұстау үшін арнайы қаша салынды. Олар өте сақ жануар болғандықтан, мамандар түнгі уақытта жұмыс жасады. Қараңғыда құландардың жөн табу мүмкіндігі төмендейді. Бірнеше көлікпен жануарларды қуған мамандардың талпынысы тек үшінші ретте сәтті аяқталды. Алайда ұсталған 11 құланның ішінде аталық құлан болмай, мамандар қайта жұмысқа кірісті. Бұл жолы 32 құлан ұсталып, бір тәулік бойы жануарлар мал дәрігерлері мен зоологтардың бақылауында болды.

Мамандар жолға шыдайды деген 12 мықты жануарды таңдап алып, арнайы тыныштандыратын дәрі екті. Тынышталған жануарларды мал дәрігерлері қарап, қан үлгісін алып, вакцинация жасады. Сондай-ақ мойындарына спутниктік қарғы тағылды. Барлық жұмыстар жасалғаннан кейін мамандар құландарға антидот егіп, арнайы жәшіктерге орналастырды. 3-4 минуттан кейін құландар естерін жинады. Тек үш құлан мазасызданып, тебіне бастаған соң, мамандар оларды босатуды жөн көрді.

Бұрындары құландар реинтродукциялау орталықтарына көлікпен жеткізілсе, 2017 жылы бұл мақсатта әлемдегі ең үлкен тікұшақ Ми-26 қолданылды. 9 сағат ұшқан құландар 2017 жылдың 24 қазанында “Алтын дала” мемлекеттік резерватына жеткізілді. Арнайы мамандардың бақылауында болған жануарлар алғашқы уақытта Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының реинтродукцияға арналған орталығының территориясын мекендеді. 

2018 жылдың сәуір айында жерсіндіру жұмыстары аяқталып, құландар резерват территориясына жіберілді. Бірнеше құланға спутниктік қарғы тағылды. Осылайша біздің мамандар олардың жағдайын бақылап отырады.

Қылмыстық жауапкершілік

Құланды заңсыз аулағаны үшін екі мың айлық есептік көрсеткіш (5 миллион теңге) түрінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек міндетті түрде қылмыстық іс қозғалады, ол дәлелденген жағдайда қамауға алынады немесе қылмыскер 3 мың айлық есептік көрсеткіш (7 миллион теңге) негізінде айыппұл төлеп, темір тордан құтыла алады. Егер аңшылық көлікпен (тікұшақ, қарда жүретін көлік, мотоцикл немесе автокөлік) ұсталса, 5 жылға түрмеге отырады. Бұл, әрине, бергі жағы, бұдан басқа ұйымдастырылған қалмыс болса, бөлек баппен қарастырылатын істер бар.

Түсіндіру жұмыстары

Жануарларды бос жіберу көзделген соң, 2017 жылы “Алтын дала” мемлекеттік резерватына жақын орналасқан ауыл-аймақта түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастадық. Жобамыз “Құланмобиль” деп аталды. Біз екі жылдың ішінде Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында орналасқан 21 ауылды аралап шықтық. Бірінші жылы шамамен 7 ауылға барып келдік, келесі жылы, яғгни құландар тарай бастағаннан кейін, GPS бойынша қай ауылдардың маңына барды, сол жақтарды аралап, кездесу жүргіздік. Көп адам құлан деген жануар жайлы біле бермейді екен. Бұл әрине, таң қаларлық жағдай. Ауыл адамдарына құлан жайлы фильм көрсеттік, осындай жануарлар келіп жатқанын, оны атуға болмайтынын, ату қылмыс екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын өткізіп келдік. Сондай-ақ ауыл балаларына арнап Khan comics--пен бірлесіп, комикс басып шығарған едік, соларды тараттық. Конкурстар ұйымдастырып, шабандармен кездесіп, сауалнама жүргіздік. Бірақ мұндай шаралардан кейін бәрі жақсы болып кетеді деуге де болмас...

Бір құланды атып кеткен

Құландар негізінен 1-2 мың шақырым жерді аралап жүреді. Бірінші жылы бәрі бірге жүрген болса, екінші жылы олар екі-үштен топтарға бөліне бастады. Сол кезде біреуі жалғыз қалып қойса керек. Өйткені құланның айғыры күз мезгілінен басқа кезде бір жасқа толған құландарды үйірінен қуып жібереді. Солай бөлініп кеткен бір құланды қаңар айында Қарағанды облысының аумағынада атып кетіпті. GPS орнатылған қарғы бірнеше күн бойы бір жерді ғана көрсетіп тұрған соң, біз ол жаққа арнайы топ жіберген едік. Құланды әуелі атқан, одан кейін бауыздаған екен. Жақын жерден кирза табылды. Құланның денесінің біраз бөлігі жоқ, сірә, қасқырлар жей бастаған. GPS орнатылған қарғыны көрген броконьер қорқып, қашып кеткен деп ойлаймыз. Сол жерден сигнал беріп тұрса да, GPS орнатылған қарғыны таба алмадық. Бәлкім қардың астында қалып қойған болар. Құланның еті арам саналған соң, оны атуға не мәжбүрлеуі мүмкін? Киік атуға аңға шыққан аңшылардың ішінде түк таппаған соң, үй жануарын атып, сойып алып кететіндері бар. Мүмкін солардың бірі құланды жылқымен шатастырып, атқан болар деп те ойлаймыз. Өкінішке қарай, қылмыскер әлі табылмады.

Реинтродукция жұмыстары жалғасады

Бұл үлкен жоба болғандықтан, алдағы уақытта Торғай даласына тағы бірнеше құланды жеткізу жоспарда. Жерсіндіру жұмыстары негізінен күзгі уақытта жүргізіледі. Мысалы көктемде көбею процесі басталып, жануарларда үрей факторы (фактор тревоги) іске қосылады. Сондай-ақ құландар бірнеше үйірге бөлініп кетеді. Тек күз уақытында бір топқа жиналатындықтан, осы мезгіл реинтродукция жұмыстарын жүргізуге қолайлы.

Фотоларды ұсынған Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға