Жаңалықтар

Күй өнерінің жаңа өрісі

Күйді ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізген кімдер? Күйшілер одағы неліктен кеш құрылды?
Күй өнерінің жаңа өрісі
19.03.2019 12:49 9170

Қазір әр өнер саласының өз алдына жеке шығармашылық одақтары бар. Бейресми деректерге сүйенсек, ірілі-уақты және кәсіби-әуесқойы болып елімізде жүзден астам шығармашылық ұйымдар мен бірлестік бар екен. Мұның ішінде кеңестік кезеңнен бері идеологиялық әсерге ие жазушылар Одағы сияқты ықпалдысы және енді құрылып, жаңадан енші алып жатқандары да бар. Осы жаңалардың ішінде біздің назарымызды аударғаны күйшілер одағының құрылуы еді.

Өзін күймен етене, домбырамен егіз санайтын қазақ баласы үшін күйшілер одағының құрылуы сүйіншілі жаңалық. Бұл күй шығармашылығының дамуына соны серпін берері анық. Алайда 5000 жылдық тарихы бар домбыраға тиесілі одақ неліктен енді ғана құрылып отыр?

Ұзақ күттірген қуаныш

Күйшілердің жеке одағын құру идеясы, шынын айтқанда, бертін туған шыт жаңа пікір емес. Әр кезең сайын оқтын-оқтын көтеріліп тұрған. Бірақ нақты нәтиже ретінде белгілі бір күйшінің мерейтойына байланысты жеке қор құрылуымен шектеліп отырған. Қазақ күйінің тарланбоздары Базаралы Мүптекеев пен Таласбек Әсемқұловтың көзі тірі кезінде де одақ мәселесі жиі айтылғанға ұқсайды. Алайда ойдың нақты жүзеге асуы қандай да бір себептерге байланысты, қол байлаған кедергілерден кейінге шегеріле берген. Бұл туралы күйшілердің өзі де: «соңғы кездері ресми ірі конференцияларды айтпағанда, 2-3 күйшінің басы қосылса болды осы мәселені қаузайтын зәру күйге жеттік»,– деп шетін мәселенің ұшын шығарады.

Күйшілер одағының төрағасы – Рүстем Нұркенов.

Бұрынғы талпыныстар текке кетпей, күйшілердің басын біріктірген тұңғыш құрылтай Қазақ ұлттық өнер университетінде шақырылды. Болашақтағы жоба-жоспар талқыға түсіп, көз алдағы нақты міндеттердің шешу жолы нақтыланды. Жиынның басты мәселесінің бірі – одаққа басшы сайлау еді. Көптің қолдауы, жалпының сенімімен Рүстем Нұркенов жаңа одақтың төрағалығына сайланды. Осылайша уақыт ретінен әбден пісіп-жетілген күйшілер одағы республикалық қоғамдық бірлестік ретінде 2019 жылдың 28 қаңтарында Әділет министрлігіне тіркеліп, заңдық негізде жұмысын бастады.

Базаралы, Таласбектерден қалған аманат

Адам баласының табиғатына тән сипат – көкейіндегі сұраққа жауап табуға құмарлық екенін дала данышпаны Абай да айтпап па еді. Туа бітті мінезге тілшілік бейін де қосылды. Небір дәулескер күйші, беделі зор, сөзі өтімді аға буын тұрғанда жаңа көштің бұйдасын жас буынға ұстатқанында қандай да бір себеп бар ма деген сауалға тосылдық. Сұрақтың күдігін күй жампозы Жанғали Жүзбай ағамыз шешті:

«Күйшілер одағының басшысы, басқарушысы ретінде Рүстем деген азаматты сайлап отырмыз. Рүстем Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану саласынан магистратура бітірген. Дәлірек айтқанда мен оны студент кезінен білем. Жастығына қарамастан ғылымда да өзінік ықылас-ниеті бар азамат. Көпетеген ғылыми жұмыстары мен еңбектері бар. Нақтырақ айтсам, «Шәкәрімнің күй кітабы», «Қос бұрау домбыра» деген сияқты зерттеу кітаптары мен хрестоматиялық жинақтары бар. Ұлттық музейге жұмыс атқарғанында да антологиялар шығарды. Сөзім дәлелді болу үшін мына бір мысалды айтайын, «Қарағанды өңірінде сирек кездесетін әндер мен күйлер» деген тамаша экспедиция өтті осыдан біраз жыл бұрын. Сол экспедицияда жиналған мұраларды жинақтап, деректері мен түсініктерін жазған, аудиофайлға жинақтаған осы Рүстем. Бұл еңбек пе – еңбек. Еңбек болғанда да табандылықпен қажымай атқаратын, өнерге деген мейір мен махабаттың жұмысы. Сондықтан бұл жігіт бізге лайық кандидат болды».

Алғашқы күйшілер құрылтайы.

Жанғали Әлімханұлының бұл айтқанына лайық әрекетті Рүстемнің бойынан өзіміз де көріп едік. Қазақ руханиятының алып шынары, терең танымды тұлға Таласбек Әсемқұлов мезгілсіз бақилық болғаннан кейін шәкірті ретінде марқұмның артында қалған музыкалық мұраларын жинақтап, бәрін реттеген, антологиялық аудиожинақ ретінде қалыпқа түсірген осы Рүстем болатын.

Күй мұрасын ЮНЕСКО-ға енгізген...

Қазіргі материалдық құндылық өңге дүниеге көлеңкесін түсіріп, сөз бен істің арасын алшақтатып жатқан заманда қоғамдық жұмысқа өнері мен өмірі біте қабысқан адам болмаса, көлденең біреудің әлеумет ісін алып кетері қиын-ақ. Ал одақ тізгінін ұстаған азаматқа көптің ықыласы айрықша екенін байқадық.Біз қолқалаған жанның қай-қайсысы да ол туралы «үндемей жүргенімен, үлкен істің көшінен табылады», «сөзі кейін, ісі алда жүретін жігіт» деген тәрізді пікірлер айтты. Әу бастағы «одақ тізгінін ұстатуының себебін» білгіміз келген қызығушылықтың жетегінде Рүстемнің жұрт біле бермейтін бір еңбегін де құлағымыз естіп, құрметіміз одан сайын арта түсті. Сонда барып алқалы әлеуметтің одақтың басшылығына таңдауының анық себебін түсіндік, шешімнің дұрыстығына илана түскендей болдық. Ол былай екен:

Осыдан 5 жыл бұрын домбыра ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енетін кезде Рүстем Қазақ ұлттық өнер университетінің фольклор кабинетінде жұмыс істеп жүреді. Ол шақ атақты ғалым Базаралы Мүптекеевтің көзі тірі кезі. Ұстазымен тізе қоса жүріп, күні-түні демей құжаттарын дайындап, қажетті роликтерін түсіреді. ЮНЕСКО-ның талабына сай форматта күйлерді қайталай өңдеп, қажетті деректерді жинақтайды. Қысқасы, бүгін қарапайым қарашасы бар, шіреніп сөйлейтін шендісі бар екінің бірі күй мұрамыз ЮНЕСКО-ның мұралар тізімінде деп жаға көтеретін мақтанның артында қара жұмысына жегілген Рүстемдей жандардың төккен тер, сіңірген еңбектері бар екен. Сондықтан Базаралыдай ұлтжанды ұстазының алдын көріп, тиісінше тәлімін алған әрі түрлі қоғамдық қызметте ысылған, жұмысқа шөгел жастың жаңа бір қоғамдық жұмысқа келуі нәтижелі қадам болса керек.

«Жастарға жол беру керек!»

Журналистте болатын кәсіби қадамдар болады. Ол кейіпкеріңнің көмейіндегісін емес, көкейіндегісін тану, соны айтқызу. Ол үшін түрлі қадамға, кейде қиямпұрыс сұрақтарға барасың. Бұл, әрине, нәтиже үшін жасалатын қажетті қадам. Сондай мақсатты көздеп, өзім пікір жинаған сұхбаткердің бірі Жанғали Жүзбай ағама төтеннен сұрақ қойып көрдім: «аға, сізді ел-жұрт сыйлайды, республика таниды. Құзырлы органдардағы шенеуніктердің де қажет кезде бетін бері қарата аласыз, осы қызметке өзіңізді лайық көрмейсіз бе? Егер жас буын десеңіз, сенетін інілеріңіздің біреуін орынбасар не көмекші етіп алуыңызға әбден болады ғой».

Дирижер Айтқали Жайымов – құрылтайдың құрметті қонағы.

Сұрақты қоюын қойғаныммен, Жанғали ағаның не айтатынын ішім сезім тұр. Десе де өз аузынан айтылғанын күтіп, жауабын бағып тұрмын. Неге өзі құралыптас жасамыстарды емес, жас буынға жол беру керектігін Жанғали Жүзбай мырза былай деп түйіндеді:

«Жастар жігерлі, ал өзіммен қатар азаматтардың ой ойлауы, іс-әрекеттерінің бәрі шектеулі болады. Советтік социалистік мектептен шыққандармыз. Батыл емес, қорғаншақтау боламыз. Біздерге жастардың жолын бөгеп, сақалымызды бұлдағаннан гөрі, сол жастарға ақылшы болып, істің ұлғаюын, берекенің артқанын күйттеген ең абзалы. Осыдан 5-6 жылдың ішінде күйшілер одағының да жазушылар Одағы, композиторлар Одағы сияқты үлкен шаңырақ, іргелі ұйымға айналатынына сенемін».

Нағыз күйшінің ішкі жан дүниесі, ой-танымы оның шерткен күйінен аңдалады деген сөз бар емес пе еді. Ал адамның парасаттылығы оның пікір-пайымының биіктігінен де менмұндалап тұрады екен.

Жоқтау күйлерімен тойларда ет таратылып жүр.

Жаңа құрылған одаққа атқарар шаруа тым көп десек, сірә асырып айтқандық болмайды. Күйдің мәселесінің тереңдеп кеткені соншалық, Құрманғазының, Махамбеттің атақты ерлерді жоқтаған жоқтау күйлерімен тойларда ет таратылып жүр. Бұл да «әй дейтін ажа, қой дейтін қожаның жоқтығы» себепті күй тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткендігінде. Күйді жүйелеп, тиісті ұсыныстар айтып, тектеу салатын ешкім болмағандықтан әркім өз білгенін істеуде. Әрине, одақ кеш құрылды. Бірақ ештен кеш жақсы дейміз. Ендігі олқылық орнына келер деген үмітіміз зор.

Ортақ шаңырақ

Жаңа құрылған күйшілер одағы өз құрамына барлық күй орындаушыларының басын қосып отыр. Домбырашы, сыбызғышы, жетіген, сазсырнай, қысқасы, басқа да ұлттық аспапта күй тартатындар бәрі осы одаққа мүше бола алады. Іс басына келген азамат жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, ағзалыққа өту жағын барынша оңтайландырыпты. Яғни сіз республиканың қай түкпірінде немесе шетелде болсаңыз да онлайн түрде тіркеліп, өтінішіңізді білдіре аласыз. Құрылған бір жарым ай ішінде филиалдарын құру, құрылымдық бөлімшелерін жасақтау ісі ілгері басып жатқанға ұқсайды. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Руслан Асылхан, Батыс Қазақстан облысы бойынша Асқар Кенжеғали, Атырау облысы бойынша Ақнәр Шәріпбаева, Қарағанды облысы бойынша Мадияр Сүлейменов дейтін азаматтар филиал жетекшісі болып тағайындалып үлгеріпті. Жыл соңына дейін өзге облыстарда да филиалдарын ашып, жұмысты бір арнаға тоғыстырмақ.

Қазақ күй өнері орындалу ерекшелігіне сай аймақ-аймаққа бөлінеді. Ал одақ барлығын қадағалап, түгел қамту үшін 7 аймақтан 7 өкілдік ашуды ұйғарыпты. Сол өкілдер арқылы мектептердің өзіндік мәселесін ұдайы назарда ұстау ескерілген. Наурыз мерекесінің қарсаңында еліміздің бас наурыз алаңы – Астананың ЭКСПО аумағында бір киіз үй арнайы күйшілер одағына беріліп отыр екен. Бұл бір жағы ұлт руханиятында күйдің маңызы жоғары екенін көрсетсе, енді бір жағынан 12-13 мекеме арасында енді ғана құрылған күйшілер одағына сенім артқандық деп қабылдауға болады.

Келелі жоспар, кешенді жоба

Әрине, одақтың кеш құрылғаны өз алдына, оны тіркету үшін әуреге түскен 3 ай сарсаңды да айтпауға болмас. Дегенмен алдағы атқарылар шаруалар легі бұл машақатты ұмыттырып та жіберетіндей. Айталық, Қазақстан бойынша күй тартыстан өтетін тұңғыш чемпионат, түркі халықтарының күй фестивалі, тоқсан сайын шығатын «Күйші» ғылыми журналы, күй орындаудан республикалық балалар байқауы, күй насихатына арналған «Күй» радиосы – осының бәрі 1-2 жылдың айналасына жоспарланып отырған бастамалар. Егер бұл жобалар сәтін салып, шетінен орындалып жатса, қазақ күйінің мейманасы тасып, күйшілердің тасы өрге домалады деген сөз. Осындайда «жас келсе іске» деген мәтелдің дөп тауып айтылғанына иланасың.

Әртүрлі дерекке қанығып, нақты жобалардан құлағдар болған сайын әу бастағы күдігіміз сейіле түскендей болды. Күйшілер одағында көңіл марқайтар жоба аз емес. Соның ішінде Күй академиясын құру идеясы – нағыз жүрек еліткені. Қазіргідей нотаға байланған оқыту жүйесі емес, сезімді сіңіріп, күйдің табиғатын түсіну арқылы үйрететін бұл әдісте ескі құйма құлақ дәстүрі жаңғырады. Нота сызып берген қалыптан шықпайтын робот орындау емес, жеке орындаушылық мәнер, авторлық қолтаңба айшықталады. Баяғының бір тыңдағаннан-ақ күйді қайыра тартып беретін қағлез, сұңғыла орындау да осы әдіспен қайта тумақ.

Қазақ күй өнеріндегі запыранды зарымыз – көз жазып қалған қоңыр әуеніміз еді. Одақ бұл мәселеге де айрықша маңыз беріп отыр екен. Күзге салым домбыра ішегіне байланысты республикалық ғылыми конференция шақырылмақ. Төл аспабымызға байырғы ешкінің ішегін тағудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыратын бұл келелі кеңесте ғалымдар пікірі ғылыми жүйеленеді. Демек қазіргі заманға лайықталған, тәжірибеде кәдеге жарайтын ішек тағылып, домбырамыздағы байырғы қоңыр үнмен қауышатын да күн алыс емес сияқты.

Әңгіме арасында Рүстем «Сәуір айының орта шеніне қарай «Қазақ хандығы кезіндегі күйлер» атты арнайы концерт бермекшіміз»,– деп қалды. Қимылын бағып, сөзін аңдып отырған мен де «Қазақ хандығы деп алабөтен оқшаулаудың маңызы қаншалық?» деп төтеннен қоя кеттім. Сөйтсем «аттың сыры иесіне мәлім» дегендей біздің қазір үнемі тыңдап жүргенімізҚұрманғазы, Тәттімбет күйшілеріміз өкілдік ететін 19 ғасырдан бергі күйлер екен. Ал бұл концерт 14-18 ғасырлардағы күйлерді таныстыру, насихаттау, санаға сіңіружағын көздепті.

Жоба қызу талқылануда.

Қазақ өнеріне шын жанашыр жанға жұмыс шаш етектен. Оған Рүстеммен екеуара әңгімеде де көзіміз жетті. Жұрт алқап, көп қолдаған осы жігіт маған жұмыс жоқ болған жағдайда да өзі тауып істейтіндей көрінді. «Қазақ музыкасының 1000 жылдық мәдениетін шығару керек,– деп Елбасы айтып отыр,– ол тікелей бізге бағытталған шаруа. Сондықтан оны да жасаймыз. Бірақ кезекті дүние, көшпелі науқан ретінде емес, әрбір шығарманың бүкіл аңызымен қоса, күйдің нұсқаларын түгел қамти отырып, төрт аяғын тең басқан толыққанды антология шығарамыз»,– деді. Сөзі нық, ойы бекем басшыны құптап, мен де басымды изедім.

Игі-жақсы нәрсені айтпай, кемшілік көріп, мін іздей беру ол да азаматтыққа тән емес. Одақ жоспарымен танысқанда күйшілер ұжымы өз жұмысын кең ауқым, үлкен масштабта жобалап отырғанына көзіміз жетті.Тек домбыраны ғана емес, сыбызғышылық пен қобызшылық та қоса насихатталады. Оған қоса одақтан болашақта түркіден тараған бауырлас халықтарының барлығының рухани мұрасын біріктіре алатын әлеует те байқадық. Еуропа, АҚШ елдерімен де мәдени қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеру межеге алынған. Ол туралы да қуарлап сұрағанымызбан, кейіпкеріміз «арық айтып, семіз шығуды» қалады. Біз де онысын құп көрдік.

Биыл күйшілер қауымы үшін жыл басы берекесімен басталыпты. Күйдің бейзаттық мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енгеніне 5 жыл толып отыр екен. Оның үстіне «Домбыра» телеарнасы көрерменмен қауышты. Енді міне, күйшілер одағы да қазық қағып, керегесін жайып жатыр. Әлі де сүйіншілі жаңалық күтетініміз тағы рас...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға