Жаңалықтар

Күй – халықтың жаны

Мәңгілік сарын 
Күй – халықтың жаны
01.08.2018 17:50 10580

Қазақ халқының баға жетпес хас өнерінің бірі – күйшілік. Ғасырлардан ғасырларға жеткен ұлтымыздың осы бір саф өнері дала үні мен табиғаттың тылсымын, адам атаулының қуанышы мен мұңын қос ішекке түскен сазды әуен арқылы жүректерден жүректерге жетіп келеді.

  

Талай мың жылдықтар өтсе де қазақпен бірге жасап келе жатқан қазақтың күй өнері құдірет деп қалай ғана бағаламайсың? Халық даналығы «әуен – бейнесіз тарих» деп қалай тауып айтқан. Қазақ өнерінің қоржынында қаншама баға жетпес жауһарға айналған күйлер болса, олардың шығу тарихын баяндайтын соншама аңыздар бар.

Ақселеу Сейдімбектің «Күңгір-күгір күмбездер» атты еңбегінде: «Соңғы деректер бойынша халқымыздың алты мыңдай күйі жинақталған. Ән мұрасы одан да көп. Сол алты мыңдай күйге шамалай зер салсақ бір мыңдайы ХХ ғасырдың, төр мыңдайы XVII-XIX ғасырдың, бір мыңдайы одан арғы ғасырлардың еншісіне тиеді екен. Аспапты музыка ішінде қазақ күйлерінің еш уақытта себепсіз шықпайтыны – өзіндік айрықша сипаты. Күйге арқау болмайтын өмір құбылыстары жоқ. Қоршаған орта, жан-жануарлар дүниесінен бастап, адамдардың мінез-бітімі, көңіл-күйі, батырдың ерлігі, шешеннің тапқырлығы, ел басындағы кесек тарихи уақиғаларға дейін күй тілінде баян етіле береді. Тіптен күйге арқау болған қиял-ғажайып, мифтік тақырыптың өзі оқшау арна құрайды. Күй жанрының бұл ерекшелігі халқымыздың тарихи аужайынан хабар берерлік ең мол, ең жанды шежіре екенін пайымдатады»,- деген дерек кездеседі. Автор осы еңбегінде күй аңыздары халық музыкасы мен бай ауыз әдебиетіміздің арасында бөгіп жатқан, әлі мән беріліп, зерттеу нысаны болмаған тың қазына екеніне ерекше тоқталады. Аспапта ойналатын кез-келген күйдің міндетті түрде қатарласа айтылатын қызықты әңгімелері, әсерлі аңыздары болатынын алға тартады. Ел арасындағы күйші орындаушылардың қай-қайсысы да топ алдында күй тартпас бұрын сол күйдің шығарушысы туралы, сырлы саздың дүниеге келуіне себепші болған жай-жағдаят жайында әдемі әңгімені ауызша баяндайтынын жазады.

Ақселеу Сейдімбек күй аңызын күйдің өзі секілді үш салаға жіктейді: бірінші – халық күйлерінің күй аңызы, екінші – халық композиторларының күй аңызы, үшінші – бүгінгі күйші-композиторларымыздың күй аңызы. Автор мұнан әрі күй аңыздарын сан сала тақырып бойынша жіктеп, тарихи сабақтастығын, көркемдік мәнін саралау қажет екенін жазады.

Ақселеу аға осы кітабында: «Күй аңызының көп екенін ел білсе де, кітап, баспа білмейді дегенді алға тартады. Егер олқылықтар толып, күйлердің көрікті аңыздары тілдегі баяндауыш әңгімелері жазылса, онда қазақ халқының музыка фольклорына әдемі айшық, нақыш осылуымен, мағыналы мазмұн анықталып жалғасуымен қатар ауызша фольклор да өзінің бір қысқа түрдегі көркем әңгіме новеллаларын көп байытқан болар еді. Ұмытылып, жоғалып бара жатқан көп-көп ескі күйлердің қызық, терең сырлы, мол мағыналы аңыздары да мәдениет мұрасы болып, жөнін тауып, жолы ашылар еді»,- деп жазады.

2014 жылы қазақтың қастерлі киіз үйі мен дәстүрлі күй өнерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі ұлтымыз үшін лайықты мәртебе.

Елбасының ұсынысымен 2018 жылы шілденің алғашқы жексенбісі – ұлттық домбыра күні болып белгіленді. «Қазақ елі» монументі алаңына жиналған екі мыңнан аса домбырашылардың бір леппен әйгілі күйлерді әуелетуі жиылған жұртты бір серпілтіп, төл өнеріміздің мәртебесін тағы бір мәрте аспандатқаны есімізде.   

  

Қазақ ежелден қабағын мұң басып, қатты қапаланғанда не болмаса бөркін аспанға атып, қатты қуанғанда қастерлі домбырасын қолына алып, күмбірлеген күймен жұбанған. Тарих беттерінде ақтаңдақ болып қалған Кеңес дәуірінің қыспағы жанши түскен қапас заманда ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп күңіренуі тегін емес. Түсінген адамға астарлы ой салып тұр. Күй – қашан да қазақтың қорғаны болғанын анық аңғаруға болады.   

Күй өнері туралы сүбелі еңбек жазған Ахмет Жұбанов бабамыз да қос ішектен туған сазды әуеннің өшпес тарих екенін дөп басып, күйшілер туралы еңбегін «Ғасырлар пернесі» деп атауы қандай жарасымды.

  

Тарихқа шегініс жасасақ, жоңғар шапқыншылығы тұсында өмірге келген «Қаратаудың шертпесі», «Қалмақтың қара жорғасы» сынды адуынды күйлер сол заманның үні мен тынысын ғасырлардан ғасырларға жеткізе алды емес пе? Ұлтымыздың баға жетпес құндылығына айналған талай жауһар күйлерде қаншама тарих сырлары жатыр.

Күй атасы деп қарайтын болсақ, осы бір ұлттық өнеріміздің бастауында тұрған Қорқыт, Кетбұға, Асан Қайғы, Қазтуған, Байжігіт, Абылайхан, Боғда, Махамбет, Тәттімбет, Құрманғазы, Абыл, Тоқа, Ықылас сынды абыз тұлғалар қазақ күй өнерінің көшін түзеп, мәртебесін асқақтатты, биіктерге көтерді. Бабалардың ізін жалғаған дәулескер күйшілер деп Қазанғап, Байсерке, Шортанбай, Тіленді, Дайрабай, Өскенбай, Мәмен, Дина, Аққыз, Сүгір, Сейтек сынды тума таланттарды атаймыз. Бертін келе халқымыздың саф өнерін жаңа биікке көтеріп, аспандата білген Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Қали Жантілеуов, Қаршыға Ахмедьяров секілді саңлақтарды, бекзат таланттарды қалайша атамайсың?! 

Кейбір фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға