Куба бокстан әлем чемпионатына қатысатын құрамын жариялады
Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына Куба ұлттық құрамасы өз боксшыларын тіркеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Басты жаңалық – аңызға айналған Хулио Сезар Ла Крус суперауыр салмаққа (90 кг-нан жоғары) ауысты. Төрт дүркін әлем чемпионы және екі дүркін Олимпиада жеңімпазы (Рио-2016, Токио-2020) ұзақ жылдар бойы жартылай ауыр салмақта жеңілмейтін боксшы саналып келді. Енді ол жер шарының ең ауыр салмақтағы мықтылары арасында бақ сынамақ.
4-14 қыркүйек аралығында өтетін аламанда көпшілік Эрисланди Альваресті (65 кг дейін) көреді. Париж-2024 Олимпиадасында Кубаға алтын сыйлаған жас чемпион енді Ливерпульде басты фавориттердің бірі болмақ. Сарапшылардың пікірінше, ол ұлттық құраманың жаңа көшбасшысына айналады.
Куба құрамасы:
50 кг дейін – Алехандро Кларо
55 кг дейін – Роландо Мартинес
60 кг дейін – Луис Винент
65 кг дейін – Эрисланди Альварес
70 кг дейін – Хорхе Куэльяр
80 кг дейін – Хорхе Сото
90 кг дейін – Нельсон Уильямс
90 кг-нан жоғары – Хулио Сезар Ла Крус
Былтыр Ташкентте өткен йлем чемпионатында Куба бір алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алған еді. Ал көшбасшылар қатарында Өзбекстан (5 алтын) мен Қазақстан (4 алтын) болды.
Сарапшылардың пайымынша, Ливерпульде медальдар үшін басты тартыс қайтадан Қазақстан, Өзбекстан және Куба арасында өрбиді.
Қазақстан құрамасында іріктеу кездесулері өтіп жатыр. Қайрат Сәтжановтың шәкірттері Алматы облысында соңғы дайындық кезеңін өткізуде. Бас бапкердің айтуынша, әр салмақта төрт спортшыдан қатысып, өзара жекпе-жек өткізіп, мықтылары анықталуда.
Өзбекстан құрамасы ӘЧ алдындағы оқу-жаттығу жиынына Англияға аттанды. Ерлер командасы 17 тамызда Шеффилдке жетті, ал әйелдер құрамасы 20 тамызда қосылады. Жиын 1 қыркүйекке дейін жалғасып, чемпионат алдындағы соңғы дайындық кезеңі болмақ.

