Куәлік пен төлқұжат үшін салық төлеуден кімдер босатылады?
ХҚКО-ларда құжаттандыру қызметтерін алу кезінде Салық кодексіне сәйкес, клиенттердің белгілі бір санаты мемлекеттік баж төлеуден босатылады, деп хабарлайды El.kz Азаматтарға арналған үкіметке сілтеме жасап.
Құжаттандыру қызметтерінің қатарында паспорт, жеке куәлік, тұру ықтиярхаты және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін беру бар.
Кодекстегі 622-бап, 4-тармақ бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылатындар:
• ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар;
• Кеңес одағының батырлары және Социалистік еңбек ерлері;
• барлық топтағы мүгедектер, сондай-ақ мүгедек баланың ата-анасының бірі;
• мүгедектер мен қарттарға арналған мекемелерде тұратын егде жастағы адамдар;
• жетім балалар және балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған көпбалалы аналар;
• Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.
Бұл санаттағы тұлғалар паспорт немесе жеке куәлік алу үшін ХҚКО-ға жүгінген кезде мемлекеттік баж төлемеуі тиіс.
«Егер сіз жеңілдік санатының өкілі бола тұрып, мемлекеттік баж салығын қателесіп төлесеңіз, бұл жағдайда ақшаңызды қайтара аласыз. Ол үшін, ең алдымен, ІІМ аумақтық органына жүгініп, жеңілдік санатын растайтын құжатты ұсыну қажет. Орган сізге төленген түбіртектің талап етілмегені туралы анықтама береді. Бұл анықтамамен ХҚКО-ға жүгіну керек немесе сомманы қайтару үшін eGov арқылы өтінім беру қажет. Өтініш қабылданғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде клиенттің шотына қате төленген сомма түседі», - деп түсіндірілген хабарламада.