Jeff Bottari/TKO Worldwide LLC via Getty Images

Кроуфорд пен «Канело» жекпе-жегі рекорд орнатты

АҚШ боксшысы Теренс Кроуфорд пен Мексиканың Сауль «Канело» Альварес арасындағы екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жек рекордтық аудитория жинады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Netflix стримингтік сервисінің мәліметінше, Кроуфорд – Канело шайқасы XXI ғасырдағы ең көп көрермен жинаған ерлер арасындағы чемпиондық жекпе-жекке айналды.

Әлем бойынша 41 миллионнан астам көрермен #CaneloCrawford жекпе-жегін Netflix арқылы тамашалады. Осылайша, ол осы ғасырда ерлер арасында ең көп қаралған чемпиондық жекпе-жекке айналды! – делінген компанияның ресми хабарламасында.

Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында өткен Кэти Тэйлор мен Аманда Серрано арасындағы әйелдер титулдық жекпе-жегін 74 миллион адам тамашаласа, блогер Джейк Пол мен аңызға айналған Майк Тайсон арасындағы кездесу 108 миллион көрермен жинаған. Дегенмен ол чемпиондық айқас болмаған еді.

Еске салсақ, мексикалық чемпион мен жеңіліссіз америкалық боксшы арасындағы жекпе-жек толық 12 раундқа созылды. Төрешілердің ортақ шешімімен жеңіс Теренс Кроуфордқа беріліп, ол екінші орта салмақтағы барлық белбеудің иегері атанды.

Бұл жеңіс Кроуфордтың мансабындағы 42-жеңісі болса, Канело үшін бұл үшінші жеңіліс болды.