Кроссоверлерге сұраныс артты: 2025 жылдың ең сенімді төрт моделі
Әлем бойынша кроссоверге (SUV) сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Олар басқаруға ыңғайлы, технологиялық тұрғыда заманауи, үнемді әрі қауіпсіз. Дегенмен модельдердің барлығы бірдей осы талаптарға сай деп айта алмайсың. Gobankingrates басылымы 2025 жылғы ең сенімді төрт кроссовердің тізімін жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Chevrolet Trax 2025
«Шеви Тракс» бай опциясымен және жанармайға талғампаз еместігімен ерекшеленеді. АҚШ-тың Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы (NHTSA) бұл модельге бес жұлдыздың төртеуін берді. Стандартты жиынтықта жаяу жүргіншіні анықтайтын автоматты шұғыл тежеу, жолақта ұстау жүйесі және бейімделген круиз-бақылау бар. Уақтылы техникалық қызмет көрсетілсе, Chevrolet Trax 320 мың шақырымнан артық сенімді жүре алады.
Subaru Outback 2025
Жапониялық сенімді кроссовер қалада да, жолсызбен жүргенде де сенімділік сыйлайды. Сонымен бірге жайлылығымен де мақтана алады. NHTSA қауіпсіздік бойынша ең жоғарғы баға - бес жұлдыз берген.
Қосымша жүйелер қатарында - фронтальді соқтығысу туралы ескерту, автоматты тежеу, бейімделген круиз-бақылау, жолақта ұстау көмекшісі, «соқыр аймақты» бақылау және артқы қиылыс қозғалысы туралы ескерту бар. Мамандардың айтуынша, дұрыс күтім жасалса, Subaru Outback 320-480 мың шақырымға дейін жүре алады.
Honda CR-V 2025
Бұл жапониялық SUV - басқаруға жеңіл, орындықтары ыңғайлы әрі жанармайды үнемдейді. CR-V жүргізушіні ықтимал соқтығыс туралы дер кезінде ескертіп, қажет жағдайда өзі тежеу жасайды.
Сонымен қатар, көлікті жолақта ұстайды, жүргізуші функцияны өшірген жағдайда да шығып бара жатқанын ескертеді. Бейімделген круиз-бақылау алыс сапарларды жеңіл әрі жайлы етеді. NHTSA қауіпсіздік бойынша бес жұлдыз берді. Уақтылы күтім жасалса, CR-V 400 мың шақырымнан асып, тіпті жарты миллионға дейін жүре алады.
Mazda CX-50 2025
Бұл кроссоверді басқару шынымен ләззат сыйлайды. Mazda CX-50 - әрі динамикалық, әрі жайлы модель. Заманауи қауіпсіздік және жүргізушіге көмекші жүйелердің барлығымен жабдықталған.
Жерден биіктігі артқан (216 мм клиренс) және Off-Road Traction Assist жүйесі орташа жолсызды да оңай еңсеруге мүмкіндік береді. NHTSA бес жұлдыздық баға қойған. Дұрыс күтім жасалса, Mazda CX-50 400 мың шақырымға дейін жүре алады.
Қазақстандағы қолжетімділік
Ұсынылған модельдердің ішінде Қазақстанда ресми түрде тек Subaru Outback сатылады - бағасы 24,2 млн теңгеден басталады. Chevrolet Trax бізде Tracker атауымен бар, бірақ 2022 жылғы жаңартудан кейін олар бұрынғыдай «егіз» модель емес. «Хонда» мен «Мазданы» тек жеке жеткізушілерден тапсырыспен алуға болады. Баға қозғалтқыш түріне, жабдықталуына және дилердің үстеме бағасына байланысты өзгереді.

