Жаңалықтар

Крест жорықтары және түркілер

Жетінші крест жорығына қарсы шығу Мысырдағы қыпшақ мәмлүктерге бұйырады
Крест жорықтары және түркілер
Фото: kk.delachieve.com 11.11.2022 06:24 4818

Крест жорықтары жерұйыққа – қасиеттi жерлерге ұмтылған христиан қажыларды қорғау мақсатында туындаған дегенімен Рим папасы қасиетті жерлерді түркілерден қорғау қажеттігін басшылыққа ала отырып крест жорығын ұйымдастырған. Пилигримдердiң саны, әсiресе X және XI ғасырлардың түйiскен тұсында екi себепке байланысты өсе түстi. Олардың бiрi бойынша жаңа мыңжылдық басында Иса (Иисус) тіріліп қайта келедi деген дiни түсiнiк және булгарлардың христиан дiнiн қабылдауы пилигримдердiң Кiшi Азияда орналасқан Византия императорлығының орталығы Константинопольге шығу жолдарын жеңiлдеттi. Иисус табытын мұсылмандар үстемдiгiнен азат ету идеясы христиандар арасында жiгермен қабылданып, екi ғасыр iшiнде қасиеттi жерлерге крестшiлердiң жетi қарулы жорығы орын алады, соның нәтижесiнде Палестина жағалауында крестшiлер иелiктерi, қамалдары мен бекiнiстерi пайда болады.

Крест жорықтарын 1095 жылы Рим Папасы II Урбан бастаған. Ол христиан 200 епископ, 14 архиепископ және 400 аббаттың қатысуымен француздық Клермонда шіркеулер кеңесінде жорыққа шақырды: «Ол жерде қаза тапқандардың барлық күнәсі кешіріледі. Бұрын өзінің діндестеріне қарсы соғысуға дағдыланған адамдар, енді көптеген олжа түсетін шайқастарда дінсіздерге қарсы тұрсын. Ол жерде сүт пен бал ағады. Бұрын қарақшылық еткендер, ағайындар мен тайпаларға қарсы соғысқандар енді жауынгер болсын. Кім мұнда қайғырса, ол жерде бай болады», – деп дін жолында шайқасқа шыққандарды жігерлендіреді.

Бір атап өтерлігі, крест жорықтарын бастаған Рим Папасы Урбан өзінің жолдауында: «... Шығыстағы бауырларымыз бірнеше рет көмек сұрап отыр. Роман иеліктеріне парсылардың түркі тайпасы кіріп, оларға шабуыл жасады. Олар барған сайын христиандық жерлерді алып, шайқастарда христиандарды жеті рет жеңіп, көптеген адамдарды өлтіріп, қалғандарын тұтқынға алып кетті, шіркеулерді қиратып, Құдай Патшалығын күйретіп жіберді. Егер сіз ұзақ уақыт белсенді әрекет етпесеңіз, адал адамдар одан да көп зардап шегеді»,  – деп үндейді.

Қасиеттi жерлердi азат етуге бағытталған 1249 жылғы Жетінші крест жорығына қарсы шығу Мысырдағы қыпшақ мәмлүктерге бұйырады. Оның себебі: христиандарда Мысыр жерi тәуелсіз тұрған кезде, олардың Палестинадағы жоспарлары iске аспайды, әрекеттерi сәтсiз шығады деген көзқарас қалыптасады. Сондықтан Франция королi Людовик IX Әулие (ортағасырлық тарихнамада Льюис деп аталады) қасиеттi жерлердi азат етудi жүзеге асыруда стратегиялық маңызға ие Мысыр жерiне шабуыл жасаудан бастайды. Ибн Уасил: «Франция королi Иерусалимдi қайтармаққа өзiне-өзi сөз бередi. Ол бұл мақсатының Мысырды жаулап алмай жүзеге аспайтынын түсiндi», – деп дәл көрсетедi.

Француз флоты 1248 жылдың күзiнде Марсилия теңiз портынан қасиеттi жерлердi бетке алып, Жетінші крест жорығына жүзiп шығады. Франция королi Льюис Кипр аралына қыстап, сол жерден Шам жерiне жақындап келе жатқан Хулагу хан әскерімен байланыс орнатып, олардың христиан дiнiне көзқарастарын бiлу, мұсылмандарға қарсы күш бiрiктiру мақсатында олардың тамырын басып көруге тырысады. Алайда олар крестшiлердiң ұсыныстарын қабыл алмайды. Сонда король Льюис Хулагу ханның елшiлерiн құрметпен қарсы алғанына өкiнедi. Сонымен, 1249 жылдың мамыр айында үстiнде 60 мың жауынгерi бар француз кемелерi Кипрден шығып, Мысырға бет түзейдi.

Мысыр сұлтаны Наджмуддин Аюби крестшiлер Нiлдiң атырауында орналасқан Думият қаласын басып алуға тырысатынын түсiнiп, қаланың қамалын күшейтiп, өзi қаланың сыртында әскерiмен орналасады. Француз десантының түсуiне жол бермес үшiн, әскердi қаланың өзен жағындағы жағалауға қояды.

1249 жылдың 4 маусымында француз әскерi жағалауға түсiп, мұсылман әскерiмен шайқасқа кiредi. Бени канана деген бәдеуи тайпасының адамдарынан тұратын қаланың гарнизоны мен сол жердегі әскер француз шабуылына төтеп бере алмай сұлтан ставкасы тұрған жерге қарай шегiнедi. Крестшiлер Думият қаласын оңай басып алады.

Әскерiнiң жiгерсiздiгiне назаланған сұлтан Думият гарнизонының 50 жауынгерін асып өлтiруге бұйрық бередi. Әскербасы Фахруддин бекті сөккенi соншалық, оның бектері сұлтанды өлтiрудi ойлайды, алайда Фахруддин күнi санаулы ауру сұлтанға қол көтергiсi келмей оларды тоқтатып тастайды. Шын мәнiсiнде, бектің шайқас алаңын тастап шыққан себебi басқада еді. Ол француз десанты жағалауға түсе бастағаннан сұлтанға кептерлер арқылы үш рет хабар жолдайды, бірақ бiрде-бiреуiне жауап келмейдi. Сондықтан патшалықтан дәмесi бар бек ауру сұлтан дүниеден қайтты деген оймен шегiнуге шешiм қабылдаған еді.

Қалай болғанда да, сұлтан әскерiмен Мансураға шегiнiп, қала жанындағы Нiл өзенiне кемелердi көлденеңiнен қойып, бiр-бiрiне байлап тастайды. Сол жерге Каирден жиһад жолында шайқасуға дайын ерiктiлер ағылып келе бастайды. Екi жақ шешушi қимылға бармай қысқа рейдтермен шектеледi. Осындай жағдай алты айға созылады. Ақырында, 1249 жылдың қараша айында король Льюис күткен iнiсi де әскерiмен келiп жетедi де, француздар әскери кеңес құрады. Кеңес барысында француз барондарының бiр бөлiгi iрi теңiз порты Александрияны басып алуды ойласа, келесi бiр бөлiгi Каирге шабуыл жасауды ұсынады. Корольдiң iнiсi Конт де Артуа «Жыланды өлтiру үшiн басын жаншу керек», – дейдi. Король iнiсiнiң сөзiн қолдайды. Сөйтiп, француз әскерi алдымен Каирге шабуыл жасауды жоспарлайды.

Мысыр билеушiсi Наджмуддин Аюби француз әскерi Мансураға жақындап келген кезде 1249 жылы қараша айында дүниеден өтедi де, орнына қазіргі түрік-сирия-ирак шекараларының қиылысқан тұсында орналасқан Кайфа бекiнiсiнiң билеушiсi жалғыз ұлы Тураншах шақыртылады. Сұлтанның жұбайы Шажарадүр тақ мұрагерi Кайфа бекiнiсiнен шығып, Мысырға жеткенше сұлтанның қаза тапқанын елден жасырып ұстайды. Тураншах Мысырға келiп жеткенше сұлтанның жұбайы Шажарадүр сұлтан науқастанып жатыр деп үстiне ешкiмдi кiргiзбей тұрады.

Мұсылман сұлтанының қаза тапқанын естiген француздар қалыптасқан жағдайды пайдалану үшiн Нiл өзенiн жағалап келiп, Мансура қамалына жедел шабуыл жасайды. Крестшiлердiң кемелерi Ніл жағалауында алға жылжыған әскер соңынан ерiп отырады. 1249 жылдың 19 желтоқсанында сатқын жолбасшылардың бастауымен француз атты әскерi сұлтан әскерiнiң лагерiне тiкелей шабуыл жасайды. Үрей билеген мұсылман әскерi қарсылық көрсете алмай  қаша бастайды. Әскердiң бас қолбасшысы Фахруддин бек моншадан шыға салып, сауытсыз, әскерiн тәртiпке келтiруге тырысқанымен француз атты әскерінің қылыштарының астында қалып қаза табады. Тарихшылар осындай қиын жағдайда Байбарыс бастаған қыпшақтар қалаға кiрген француздардың түгелге дерлiк жуығын, шамамен 1500 адамды көзiн жойып, жеңiстi француздардың қолынан жұлып алып, шешушi сәтте найзағайдай жарқылдағанын мақтанышпен жазады.

Келесi күнi мұсылман әскерiнiң жаңа атабегi болып тағайындалған Ақтай бек әскери кеңес өткiзiп, онда жиналған бектерге патша гербi занбақ гүлi (ақ лала) салынған қысқа жамылғы-шапанды көрсетiп: «Бұл патшаның шапаны, патшасы жоқ халық, басы жоқ дене секiлдi. Жұма күнi таңертең қарсы шабуылға шығамыз», – дейдi. Мәмлүктер француз қолбасшыларының бiрi конт Артуаның өлiгiн француз королi деп ойлап қалады.

1250 жылдың 11 ақпаны күнi Ақтай бек бастаған мәмлүк әскерi жаппай шабуылға шығады. Екi жақтан да көптеген шығындар болғанымен, француз королi әскерiн тәртiпке келтiре алады. Бірақ француздар өздерiнiң бұл позицияларды одан әрі ұстап тұра алмайтындықтарын, Думиятқа шегiну керек екендiгiн түсiнедi. Осымен Мансура шайқасының екiншi бөлiмi аяқталады.  

1250 жылдың 27 ақпанында Мысырға марқұм сұлтанның ұлы жаңа билеушi Тураншах келiп жетедi де, сұлтанның қазасы жария етiледi. Сұлтанның жесiрi Шажарадүр билiктi өгей ұлына тапсырады.

Жас сұлтан француз патшасын берiлуге мәжбүр ету үшiн, әскери айла қолданады. Француздардың шегiнетiн жолын кесу үшiн бiрнеше кемелердi бөлшектеп, оларды түйелермен тасып, француздардың шегiнетiн жолын жабуға тырысады. Француздардың азық-түлiк тиеген көптеген кемелерiн жояды, соның салдарынан крестшiлердiң әскерiнiң арасында аштық басталып, оған жұқпалы аурулар қосылады. Француз королi бейбiт бiтiмге баруға келiсiмiн берiп, Думиятты қайтарып, оның есесiне Иерусалим қаласын сұрайды. Алайда мұсылмандар француздардың талаптарын қабыл алмайды.

Түн жамылып шегiнiп кетуге тырысқан француз әскерi өте маңызды көпiрдi өртеп кетуге мән бермегендiктен, оны мұсылман әскерi жалма-жан пайдаланып, француздарды өкшелеп қуып соғыс ашады. Бiр көпiрдiң қырсығынан француз әскерi Фараскару шайқасында бiр күнде 30 мың адамынан өлiдей айырылады. Осы санды Тураншах өзiнiң Шамдағы орынбасарына жазған хатында көрсетедi. Алайда француздардың шығыны өсiрiлiп айтылған дегеннiң өзiнде, қырғын шайқас орын алғаны анық.

Шайқас барысында крестшiлердiң ат-көлiктерi, қару-жарақтары мен басқа соғысқа қажеттi заттары мәмлүктердiң қолына түседi. Тарихшылар бiр ауыздан қыпшақтардың, әсiресе олардың басшылары Ақтай мен Байбарыстың шайқас нәтижесiне тiкелей әсер еткен ерлiктерiн жоғары бағалайды. Тарихшы Ибн Уасил Ақтай мен Байбарысты «Исламның дауиялары» деп атайды. Дауия деп крестшiлердiң iшiндегi монахтық пен рыцарлық принциптердi бойына жинақтаған, ерлiктерiмен атағы шыққан христиан тамплиерлер орденiнiң   мүшелерiн айтатын.  

Тарихшы Айбек ад-Дауадар осы шайқасты өз көзiмен көрген адамның аузынан: «Сол күнi ислам дiнi қайта тiрiлгендей болды. Барлық түркi арыстандарының жүректерi темiрден де күштi. Бiр сағат та өткен жоқ фаранджалар сазайларын тартты, түркi арыстандары фаранджа шошқаларын жаншыды. Бұл түркi арыстандары фаранджа иттерiн жеңген бiрiншi шайқас едi», – деп жазды.

Тарихшылар шайқасты Байбарыс өзi басқарып мәмлүк әскерi тамаша жеңiске жеткенiн атап өтедi. Тарихшы Айбек ад-Дауадар: «Түркiлердiң күндей күркiреген айқайларын естiдiм, найзағайдай жарқылдаған қылыштарын көрдiм», – деп  суреттеген.

Екi жүз кемемен келген крестшiлер жеңiлiстiң ащы дәмiн татады. Крестшiлердi Мысыр жеріне кезінде Андалусияны мұсылмандардан тазартқан Франция королi атақты Людовик IX Әулие бастап келген едi. Әскерiнiң жеңiлгенiне көзi жеткен ол кемеге мiнiп қашып кетуге мүмкiндiгi болғанымен, Ибн Тәңiрбердi айтқандай «достарын қорғауға» әскерiнiң арьергардымен қалып, соңында сұлтаннан аманат сұрайды. Крестшiлер  королi мен нөкерлерi тұтқынға түседі. Тураншах корольдiң басы үшiн екi жүз мың динар сұрайды.

Сонымен, тарихта Жетiншi крест жорығы деген атпен белгілі Иерусалимдi азат етуге бағытталған христиан жорығына қыпшақтар жойқын тойтарыс береді. Бiр атап өтерлігі, француздардың елдiң географиялық жағдайын бiлмеуi де олардың аяғын тұсады. Кезiнде Мысырды жаулап алған парсы патшасы Камбиз, Ескендiр Зұлқарнайын, мұсылман қолбасшысы Амр ибн Ас жүрген Салихия-Балбис жолымен жүрмей, каналдары мен өзектерi көп Нiл сағасында қиын жағдайға қалып, ақыры масқара жеңiлiске ұшырады.

Бүкiл дүние уысына түскендей хал кешкен Тураншах теңiз жағасында ағаштан мұнара тұрғызып, қолға түскен крестшiлердiң бастарын шапқызып жатады. Тарихшылар сұлтанмен ерiп келген бiр бектің күнiне 300-400-дей құн алынбайтын тұтқындардың бастарын шауып, өлiктерiн Нілге лақтырып отырғандығымен аты шыққандығын жазады.

Түркілерге тойтарыс беру қажеттігінен туындаған крест жорықтары түркі күшін мойындаумен аяқталды десе болады. Ол жөнінде италияндық шығыстанушы Ф. Кардини «Батыс және Ислам» деген кітабында: «Қасиетті жердегі крест жорықтарының сәтсіздігі және христиандар мен мұсылмандар арасындағы жиі байланыстар бірте-бірте екіншісіне қатысты қалыптасқан жын-перілердің бейнесін өзгертті: оның орнына мұсылмандарға деген құрмет пен тіпті жанашырлық белгілері пайда бола бастады. Бірінші крест жорығының әндері мен шежірелерінде мұсылмандардың батылдығы мен тектілігі туралы айтылды; кейде бұл қасиеттер тіпті христиандардың қорқақтығы мен айлакерлігімен салыстырылды. Бірінші крест жорығы кезінде князь Тарантоның қасында болған белгісіз нормандық рыцарь «Франк істері» («Gesta Francorum») авторы түркілердің әскери даңқы туралы жазудан бастайды; содан кейін ол түркілер де, франктер де ежелгі трояндардан шыққан деген аңызға көшеді, демек,  олар зұлым және опасыз гректердің табиғи жаулары. Осылайша, әдебиетте кейінірек Византия империясына деген антипатияны ақтайтын аргумент пайда болады, ол жаңа заманның басында қайтадан өзекті болады. Егер түркілер христиан дінін қабылдаса, - деп қорытындылады белгісіз автор, - ешбір халық оларды жеңе алмас еді» деген тұжырым жасайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға