El.kz

Креслоға отырып, бәрін ұмытып кеткен депутаттар көп - Қарақат Әбден

17.11.2025 11:41

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден халық сенімін ақтау – депутат үшін басты міндет екенін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның сөзінше, әр заң жобасына дауыс беру, әр шешім қабылдау – терең жауапкершілік, ал уәде мен принципті ұмыту депутаттық қызметтің ең үлкен қателігі болып саналады.

Депутаттыққа келген уақытта өзіме бірнеше мақсат қойған едім. Оның біразы шешілді. Алдыма келген әр азаматтың сұрағы мен мәселесін қолымнан келгенше шешкім келіп тұрады. Әр талқылауда немесе заң жобасында мың ойланып, қол көтерудің өзінде «Осы дұрыс па? Осының салдары ертең қандай болуы мүмкін?» деп мың ойланамын. Ең бастысы, бізге сеніп депутаттыққа сайлаған халықтың үмітін ақтауымыз керек. Сол кезде берген уәдемізді ұмытпауымыз керек. Сол кездегі «мен депутат болсам, мынаны, мынаны істер едім» деген сезімді ұмытпауымыз керек. Ең бастысы, әр депутаттың бойында отансүйгіштік болуы керек. Сол отаным үшін, мені сайлаған елім үшін деп ойлану керек. Тіпті, депутат болған соң өзіңді артқы уақытқа қайтарып, уақыт шегеріп, ойланатын болсақ, біраз идеялар туындайды. Ал депутаттық креслоға отырып алып, бәрін ұмытып кеткен депутаттар да көп, ең жаманы осы. Адам өз принципін ұмытпауы керек, - дейді Қарақат Әбден.