Коллаж El.kz

«Крем ғана емес, ғылым»: Қартаюға қарсы antiage косметиканы зерттейтін қазақ қызы

29.01.2026 09:03

Көпшілігіміз тері күтімін сұлулық үшін жасаймыз. Бірақ тері - жай сыртқы қабат емес, ол иммундық жүйемен байланысқан, қартаюға және қабынуға жауап беретін тірі орган.
Моңғолияның Баян-Өлгейінен шыққан жас ғалым Еркеш Хамитқызы бүгін Оңтүстік Кореядағы Сунгкюнкван университетінде молекулалық иммунология бағытында зерттеу жүргізіп жүр. Бұл сұхбатта ол косметикалық өнімдердің қалай ғылыми тұрғыда бағаланатынын, табиғи мен синтетикалық ингредиенттердің айырмасын, әрі сұлулық индустриясының болашағы қай бағытқа бет алғанын қарапайым тілмен, бірақ терең мазмұнмен түсіндіреді.

El.kz: Еркеш ханым, ең алдымен өзіңіз туралы толық ақпарат бере кетсеңіз. Қайда туып-өстіңіз, қай университетте білім алдыңыз, ғылым жолына қалай келдіңіз? Дәл осы саланы, осы тақырыпты таңдауыңызға не түрткі болды?

Еркеш Хамитқызы: Мен - Еркеш Хамитқызы, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының тумасымын. Алғашқы жоғары білімімді Моңғолия Ұлттық медицина ғылыми университетінде алып, дәрігер мамандығын тәмамдадым. Кейін Моңғолия Паллиативтік көмек қауымдастығының (Mongolian Palliative Care Society) кәсіби бағдарламасын аяқтап, паллиативтік көмек дәрігері (Palliative Care Doctor) дәрежесін иелендім.

Кәсіби дамуымды халықаралық деңгейде жалғастыру мақсатында Сеул ұлттық университетінде корей тілі курсын тәмамдап, кейін Оңтүстік Кореядағы Сунгкюнкван университетінің биокосметика факультетінде магистрлік білім алдым. Осы академиялық және зертханалық тәжірибеге сүйене отырып, болашақ докторлық зерттеуім теріні ағарту және пигментацияны реттеу механизмдерін молекулалық деңгейде зерттеуге бағытталмақ. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты - ғылыми тұрғыдан дәлелденген, тиімді әрі қауіпсіз косметикалық шешімдер әзірлеу.

Еңбек жолымды Улаанбаатар қаласындағы ауылдық ауруханада дәрігер ретінде бастап, клиникалық тәжірибе жинақтадым. Кейін Оңтүстік Кореяның Асан медициналық орталығында дерматология саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Осы кезеңде тері биологиясы, қабыну және иммундық жауап механизмдеріне деген ғылыми қызығушылығым қалыптасты. Бұл тәжірибе клиникалық медицина мен зертханалық ғылымды ұштастырып, ғылыми нәтижелердің практикалық қолданысын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Сунгкюнкван университетінің молекулалық иммунология зертханасында ғылыми-зерттеу қызметін атқарып келемін. Ғылым жолына бет бұруыма клиникалық тәжірибе мен зертханалық зерттеулер тоғысынан алынған нақты ғылыми нәтижелердің адам денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға тікелей ықпал ететіні себеп болды. Осыған байланысты тері аурулары, қабыну және қартаю процестерінің молекулалық механизмдерін зерттеуді негізгі ғылыми бағытым ретінде таңдадым.

Хамит Еркештің ғылымдағы жолы

Ғылыми қызығушылықтарым (Research Interests)

1) Фотоқартаюға қарсы және функционалды косметика
Табиғи сығындыларды қолдану арқылы қартаюға қарсы, ағартушы, әжімдерді азайтатын және ылғалдандыратын әсері бар функционалды косметикалық материалдарды анықтау және дамыту.

2) Қартаюға қарсы косметикалық материалдарды әзірлеу және бағалау
Косметикалық өнімдердің функционалдық тиімділігін бағалау әдістерін әзірлеу, сондай-ақ ағарту, әжімдерді азайту және ультракүлгін сәуледен қорғау қасиеттері бар синтетикалық қосылыстар мен табиғи косметикалық материалдарды зерттеу.

Мен үшін бұл сала - ғылым мен медицинаның, сондай-ақ табиғи ресурстар мен заманауи технологиялардың тоғысқан тұсы. Осы бағытта жинақтаған білімім мен тәжірибем арқылы адам денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға үлес қосуды басты мақсатым деп санаймын.

Фотоқартаю ультракүлгін сәулелердің (әсіресе UVA және UVB) әсерінен туындайтын молекулалық тотығу стрессінен басталады. Ультракүлгін сәулеге ұшыраған кезде тері жасушаларында реактивті оттегі түрлері (Reactive Oxygen Species, ROS) шамадан тыс түзіледі. Бұл ROS тек жасушаны зақымдайтын фактор ғана емес, сонымен қатар жасушаішілік сигналдық жолдарды белсендіретін негізгі медиатор қызметін атқарады.

ROS деңгейінің артуы нәтижесінде MAPK сигналдық каскады іске қосылады. Яғни ERK, JNK және p38 MAPK жолдары белсеніп, AP-1 және NF-κB сияқты маңызды транскрипциялық факторлардың белсенділігі күшейеді.

AP-1 белсенуі матриксті ыдырататын ферменттердің, атап айтқанда MMP-1 және MMP-3 экспрессиясын арттырады. Бұл өз кезегінде коллаген мен эластиннің бұзылуына әкеліп, терінің серпімділігі мен құрылымдық тұрақтылығын төмендетеді. Сонымен қатар AP-1 TGF-β/Smad сигналдық жолын тежеу арқылы жаңа коллаген синтезін азайтады. Осы механизмдер фотоқартаюдың ең негізгі морфологиялық белгілерін - терінің босаңсуы, әжімдердің тереңдеуі және серпімділіктің төмендеуін қалыптастырады.

Ал NF-κB жолының белсенуі теріде созылмалы қабыну реакциясын күшейтіп, нәтижесінде inflammaging (қартаюмен байланысты тұрақты қабыну) үдерісін жеделдетеді. Ультракүлгін сәулелерге байланысты қайталанатын ДНҚ зақымдануы жасушалық сенесценцияға әкеліп, терінің құрылымдық және функционалдық өзгерістерін тереңдетеді.

Менің зерттеуімде тері қартаюына қатысты басты назар аударатын биохимиялық бағыттар төмендегідей:

  • ROS – MAPK – AP-1 осі (тотығу стрессі және матрикстің ыдырауы),

  • NF-κB негізіндегі қабыну жолы (созылмалы қабыну және inflammaging),

  • TGF-β/Smad арқылы коллаген синтезін реттеу механизмі.

Осы жолдарды бір мезгілде тиімді басқару - фотоқартаюды тежеу мен функционалды биокосметикалық өнімдер әзірлеудің негізгі стратегиясы деп есептеймін.

Зертханалық тәжірибелерде бұл үдерістерді зерттеу үшін HaCaT жасушалары кеңінен қолданылады. HaCaT - ересек адамның терісінен алынған, өздігінен мәңгілендірілген кератиноциттік жасуша желісі. Ол қалыпты кератиноциттердің биологиялық қасиеттерін салыстырмалы түрде жақсы сақтайды және тері қабынуы, тері тосқауылының қызметі, фотоқартаю, сондай-ақ антиоксиданттық әсерлерді зерттеуге ыңғайлы модель болып саналады.

HaCaT жасушалары арқылы NF-κB, MAPK, PI3K/Akt және Nrf2 сияқты негізгі сигналдық жолдардың белсенуін бағалауға болады. Сонымен қатар бұл жасушалар IL-6, IL-8 және TNF-α секілді қабыну цитокиндерін белсенді түрде бөліп шығаратындықтан, қабынуға қарсы әсерді талдауға өте қолайлы. HaCaT жасушаларының өсірілуі жеңіл әрі тәжірибелердің қайталанымдылығы жоғары болғандықтан, олар косметикалық шикізаттардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалауда стандартты жасушалық модель ретінде жиі пайдаланылады.

Фото: Хамит Еркеш

El.kz: Табиғи және синтетикалық косметикалық материалдарды зерттегенде қайсысы жоғары тиімділік көрсетеді және неліктен?

- Менің ойымша, табиғи және синтетикалық материалдардың қайсысы «абсолютті түрде тиімді» деп біржақты айту қиын. Өйткені тиімділік материалдың шығу тегіне емес, оның әсер ету механизмінің айқындығына, нәтижелердің қайталанғыштығына және қолдану мақсатына байланысты бағаланады.

Синтетикалық материалдардың басты артықшылығы - олардың молекулалық құрылымы мен әсер ету механизмі нақты анықталған, әрі жоғары тазалық деңгейінде өндірілетіндігі. Сондықтан тиімділігі тұрақты болып, тәжірибеде қайта өндіру де жеңіл. Әсіресе теріні ағарту немесе әжімдерді азайту сияқты нақты сигналдық жолдарға бағытталған жағдайда синтетикалық молекулалар жиі жоғары нәтижелі болады.

Ал табиғи материалдар бірнеше биологиялық белсенді компоненттің кешенді әсері арқылы антиоксиданттық және қабынуға қарсы көпжолды реттеу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар терімен үйлесімділігі және ұзақ мерзімді қолданудағы қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды артықшылық береді. Әсіресе фотоқартаю секілді күрделі патофизиологиялық механизмдер қатысатын жағдайда табиғи ингредиенттер тиімді стратегияға айналуы мүмкін.

Сондықтан мен зерттеу кезеңінде синтетикалық материалдар арқылы әсер ету механизмін нақтылап, ал дайын өнім деңгейінде табиғи немесе табиғи текті ингредиенттерді қосу арқылы көпқырлы тиімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін гибридтік тәсілді ең оңтайлы бағыт деп санаймын.

El.kz: Теріні қалпына келтіру механизмінде иммундық жүйенің рөлі қандай? Молекулалық иммунологиядағы жаңа ашылымдар бұл саланы қалай өзгертіп жатыр?

- Тері зақымданғанда иммундық жүйе жараның қалай жазылатынын негізгі деңгейде басқарады. Иммундық жасушалар қабыну реакциясын реттеп, инфекциядан қорғап қана қоймай, сонымен бірге коллаген түзілуіне және жаңа қан тамырларының пайда болуына ықпал етеді.

Сондықтан иммундық тепе-теңдік - терінің дұрыс әрі эстетикалық тұрғыдан сапалы қалпына келуіндегі шешуші фактор. Қазіргі молекулалық иммунологиядағы жаңа ашылымдар тері регенерациясын тек сыртқы жарақат емес, күрделі биологиялық жүйе ретінде түсінуге жол ашты. Бұл өз кезегінде косметикалық және дерматологиялық бағыттағы өнімдерді әлдеқайда ғылыми негізде әзірлеуге мүмкіндік береді.

Фото: Хамит Еркеш

El.kz: Зертханаңызда қолданатын ең перспективалы технология немесе әдіс қандай?

- Терінің қартаюы мен зақымдануы иммундық және қабыну сигналдық жолдарымен тікелей байланысты. Сондықтан алдағы уақытта осы процестерді молекулалық деңгейде зерттеп, косметикалық өнімдердің тиімділігін дәл бағалайтын жұмыстар одан әрі маңызды болмақ.

Біз MAPK, NF-κB және AP-1 сияқты негізгі сигналдық жолдарды негізге ала отырып, ультракүлгін сәулелер тудыратын қабыну реакцияларын жасушалық деңгейде талдаймыз. Сонымен қатар молекулалық-биологиялық әдістер арқылы ингредиенттердің әсер ету механизмін сандық тұрғыдан бағалаймыз.

Меніңше, дәл осындай механизмге бағытталған тәсіл тек «әсер бар ма, жоқ па?» деген тексеріспен шектелмей, зерттеудің ғылыми сенімділігін арттырады. Бұл бағыт косметикалық ғылым мен индустрияны байланыстыратын маңызды көпір қызметін атқарады.

El.kz: Косметика нарығында «ғылыми негізделген» деген сөз жиі қолданылады. Бірақ нақты ғылым мен маркетингтің ара жігі қай жерде ажырайды?

- «Ғылыми негізделген» ұғымының өзі проблема емес. Ең маңыздысы - оның нақты қандай деңгейге дейін ғылыммен дәлелденгені.

Нағыз ғылымда әсер ету механизмі жасушалық және молекулалық деңгейде түсіндіріледі, тәжірибе шарттары нақты көрсетіледі, ал нәтижелер міндетті түрде қайталанатын болуы керек.

Ал маркетинг - осы ғылыми деректерді тұтынушыға түсінікті тілде жеткізу үдерісі. Сондықтан ғылым мен маркетингтің шекарасы деректердің тереңдігі мен ашықтығында жатыр: тек «антиоксидант» деген жалпы сөздерді айту - көбіне маркетингке жақын; ал MAPK, NF-κB сияқты нақты сигналдық жолдар арқылы өзгерісті дәлелдеу - ғылымға жақын.

Менің ұстанымым: ғылым бірінші орында тұруы тиіс. Ал маркетинг сол ғылымды бұрмаламай, дәл жеткізген кезде ғана тұтынушы сенімі артып, өнімнің ұзақмерзімді құндылығы қалыптасады.

El.kz: Қазақстанда ғылыми негізді биокосметика жасауға қаншалықты мүмкіндік бар? Инфрақұрылым, инвестиция, кадр потенциалы туралы ойыңыз?

- Менің ойымша, Қазақстан ғылымға негізделген биокосметика өндірісі тұрғысынан орта және ұзақ мерзімде маңызды әлеуетке ие. Табиғи ресурстардың молдығы, білікті адами капитал және экономиканы әртараптандыруға бағытталған мемлекеттік саясат бір арнаға тоғысса, бұл саланың серпінді дамуына берік негіз қалыптасады.

Қазір биология, медицина және химия салаларындағы зерттеу инфрақұрылымы дамып келеді, алайда оны косметика индустриясымен байланыстыратын толық циклді платформа әлі де қалыптасу кезеңінде.

Инвестиция тұрғысынан алғанда биофармацевтикада тәжірибе бар, бірақ косметика саласында ғылыми негізделген R&D-дан гөрі шикізат пен қарапайым өндіріс басымдау. Егер тиімділік механизмдерін дәлелдеу, қауіпсіздік пен стандарттау зерттеулеріне жүйелі инвестиция бағытталса, халықаралық бәсекеге қабілеттілік те айтарлықтай артады.

Ең үлкен әлеует - адами ресурста. Жас зерттеушілер саны өсіп келеді, шетелдік тәжірибесі бар мамандар да көбейіп жатыр. Бірақ олардың елге оралып, биокосметика саласында тұрақты еңбек етуіне мүмкіндік беретін ғылыми-өндірістік орта әлі жеткіліксіз.

Сондықтан Қазақстанның ғылыми негізделген биокосметика саласында алға шығуы үшін табиғи ресурстар мен іргелі ғылымды байланыстырып, халықаралық әріптестік, технология трансфері және салалық экожүйе қалыптастыру шешуші рөл атқарады.

El.kz: Табиғи ингредиенттер мен синтетикалық молекулалар туралы қоғамда түсінік көбіне қарама-қайшы. Ғалым ретінде қандай жаңсақ пікірлермен жиі кездесесіз?

- Ең жиі кездесетін қате түсінік: табиғи ингредиент әрқашан қауіпсіз, ал синтетикалық зат міндетті түрде қауіпті деген көзқарас. Ғылыми тұрғыдан қауіпсіздік пен тиімділікті ингредиенттің шығу тегі емес, оның молекулалық құрылымы, дозасы және терідегі әсер ету механизмі анықтайды. Табиғи компоненттердің өзі аллергия немесе тітіркену тудыруы мүмкін. Ал синтетикалық ингредиенттер, керісінше, құрылымы мен тазалығы нақты болғандықтан, кей жағдайда анағұрлым болжамды әрі қауіпсіз түрде қолданылады.

Сондықтан мәселе табиғи не синтетикалық болуында емес, ең бастысы - оның қандай ғылыми негізде және қалай тексерілгенінде. Бұл ғылым мен маркетингтің ара жігін ажырататын ең маңызды өлшем деп есептеймін.

Фото:Хамит Еркеш

El.kz: Сіздің технологияңыз болашақта стартапқа немесе коммерциялық өнімге айналуы мүмкін бе? Егер иә болса, оның ерекше артықшылығы неде?

- Иә, біз зерттеп жатқан технологияның болашақта стартапқа немесе коммерциялық өнімге айналуға толық әлеуеті бар деп есептеймін. Себебі бұл жұмыс тек жекелеген ингредиенттерді әзірлеумен шектелмейді - ол терінің қартаюы мен қабынуын реттейтін молекулалық механизмдерді нақты айқындауға және жүйелі түрде басқаруға негізделген.

Технологиямыздың ең басты артықшылығы - белгілі бір компоненттің әсерін жай ғана сипаттап қою емес, оның тиімділігін MAPK, NF-κB және AP-1 сияқты негізгі сигналдық жолдар арқылы дәлелдеп, ғылыми түрде тексеру мүмкіндігі. Бұл өнімнің әсер ету механизмін нақты түсіндіруге әрі нәтижені қайта өндіруге болатын дәлелді деректермен негіздеуге жол ашады.

Сонымен қатар бұл тәсіл антиоксиданттық, қабынуға қарсы және қартаюға қарсы сияқты көпқырлы әсерлерді бір жүйеде бағалауға мүмкіндік береді. Сондықтан ол тек косметика индустриясында ғана емес, жалпы тері денсаулығына бағытталған кешенді шешімдер ретінде де коммерцияландыруға лайық деп ойлаймын.

El.kz: Сүнгкюнкван университетіндегі молекулалық иммунология зертханасының ғылыми мәдениеті несімен ерекшеленеді?

- Сунгкюнкван университетінің молекулалық иммунология зертханасындағы ғылыми мәдениеттің ең ерекше тұсы - құбылысты жай сипаттаумен шектелмей, міндетті түрде “неге дәл осылай болады?” деген сұраққа дейін тереңдеп баруға негізделген ойлау жүйесі деп санаймын.

Бұл зертханада тек эксперимент нәтижесі емес, сол нәтиженің қандай сигналдық жолдар мен молекулалық механизмдер арқылы пайда болғаны басты талқылау тақырыбына айналады. Осы үдеріс барысында гипотеза құру, тәжірибені жоспарлау және деректерді түсіндіру өте жоғары деңгейдегі логикалық жүйелілікпен жүзеге асады.

Тағы бір маңызды ерекшелік - жеке жетістіктен бұрын зерттеу сұрағының сапасына басымдық беріледі. Әріптестердің деректерін сындарлы түрде талқылап, еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін орта жақсы қалыптасқан. Мен үшін бұл жас зерттеушілердің ғылыми тұрғыдан өсуіне өте қолайлы мәдениет.

Сонымен қатар зертхана иммундық және қабыну зерттеулерін негізге ала отырып, онкология, қартаю және регенерация сияқты іргелес салалармен табиғи түрде ұштасады. Бұл пәнаралық зерттеулердің кеңеюіне әрі іргелі ғылымның тереңдеуіне бірдей мүмкіндік береді.

El.kz: Корей зертханаларында жұмыс процесі Қазақстанмен салыстырғанда қалай ұйымдастырылады?

- Оңтүстік Корея зертханаларында зерттеу жүргізу тәсілі Қазақстанмен салыстырғанда жылдамдық, жүйелілік және мақсатқа бағытталғандық жағынан айқын байқалады деп ойлаймын. Кореяда зерттеудің нақты мақсаттары мен мерзімдік кестелері алдын ала белгіленіп, сол мақсатқа жету үшін тәжірибе жоспары, деректер жинау және нәтижелерді тексеру кезең-кезеңімен қарқынды жүргізіледі.

Сонымен бірге тұрақты кездесулер мен кері байланыс арқылы тәжірибенің бағытын үнемі нақтылап, қажет болса түзетіп отыру мәдениеті жақсы қалыптасқан. Бұл зерттеу процесін уақыт жоғалтпай тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Ал Қазақстандағы ғылыми ортада зерттеушінің өз бетінше жұмыс істеуі мен теориялық ізденісіне көбірек мән беріледі. Бұл ұзақ мерзімді перспективада іргелі зерттеулерді терең жүргізуге мүмкіндік береді. Дегенмен инфрақұрылым мен ынтымақтастық жүйесі тұрғысынан кейде тарамдалған құрылым байқалып, зерттеу процесі баяу жүруі мүмкін.

Менің ойымша, бұл екі жүйенің де күшті жақтары бар. Егер Кореяның жүйелі әрі іске бағытталған зерттеу мәдениеті мен Қазақстанның теориялық тереңдігі және ғылыми автономиясын үйлестіре алсақ, әлдеқайда шығармашылық әрі бәсекеге қабілетті зерттеулер жүргізуге болады.

El.kz: Ғылыми зерттеулерде жасанды интеллект, машинамен оқыту секілді құралдарды қолданасыздар ма? Қолдансаңыз, қандай нәтижелер беруде?

- Иә, біздің зертханада соңғы уақытта жасанды интеллект (AI) және машинамен оқыту (ML) құралдары зерттеу үдерісінде белсенді қолданылып жүр. Әсіресе бір жасушалы транскриптомика (single-cell RNA-seq) және көп омикалық (multi-omics) деректерді талдауда бұл тәсіл өте өзекті. Себебі мұндай деректерде мыңдаған, тіпті он мыңдаған айнымалы мен олардың өзара байланысын адам көзімен анықтау өте қиын.

Мәселен, терінің қабынуы мен қартаюына қатысты эксперименттерде машинамен оқыту әдістері арқылы әртүрлі жасуша типтері мен олардың функционалдық күй өзгерістерін жіктеп, белгілі сигналдық жолдармен байланысты гендер жиынтығын анықтадық. Бұл ультракүлгін сәулелер немесе басқа сыртқы әсерлер нәтижесінде туындайтын молекулалық өзгерістердің үлгілерін дәлірек түсінуге мүмкіндік берді.

Осылайша AI мен ML тек деректерді талдау жылдамдығын арттырып қана қоймай, зерттеу гипотезаларын құруға және жаңа функционалды ингредиенттерге үміткер молекулаларды табуға да маңызды үлес қосып отыр.

El.kz: Медицина мен косметикалық ғылымның қиылысында жұмыс істеуге не түрткі болды?

- Мені медицина мен косметикалық ғылымның тоғысында зерттеу жүргізуге итермелеген негізгі себеп - теріні жай ғана сыртқы қабат ретінде емес, иммундық жүйемен, қабыну процестерімен және қартаю механизмдерімен тығыз байланысты күрделі орган ретінде қарастыруым.

Медицина саласындағы білім терінің жасушалық және молекулалық механизмдерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Ал осы ғылыми түсінік косметикалық ингредиенттердің тек сыртқы көріністі жақсартумен шектелмей, терінің денсаулығы мен функциясын нақты жақсарта алатынын дәлелдеуге жол ашады.

Зерттеу барысында табиғи экстрактілер мен синтетикалық компоненттердің MAPK, NF-κB, AP-1 секілді негізгі сигналдық жолдарға әсерін молекулалық деңгейде талдау тәжірибесін жинақтадым. Бұл тәжірибе косметикалық ингредиенттерді тек “әсерін бағалау” тұрғысынан емес, механизмге бағытталған толыққанды ғылыми зерттеу ретінде қарастыруға негіз қалады.

Жалпы менің мақсатым - медициналық ғылыми түсінік пен косметикалық функцияны байланыстыра отырып, ғылыми дәлелге негізделген қауіпсіз әрі тиімді биокосметика әзірлеуге үлес қосу.

El.kz: Зерттеуші ретінде сізге ең үлкен әсер еткен ғылыми тұлға немесе мектеп қайсысы?

- Менің зерттеу тәсілімді қалыптастыруға әсер еткен көзқарастардың бірі - иммунология мен сигналдық жолдарды зерттеудің пионері, Нобель сыйлығының лауреаты Джеймс Эллисоннің «механизмді түсінсең, емдеу стратегиясын жасай аласың» деген ойы.

Мен өз жұмысымда теріні сыртқы қабат ретінде ғана емес, иммундық, қабыну және қартаю процестерімен тікелей байланысты күрделі жүйе ретінде зерттеймін. Магистрлік кезеңде табиғи және синтетикалық компоненттердің MAPK, NF-κB және AP-1 жолдарына әсерін талдап, механизмге бағытталған зерттеу тәсіліне нақты тәжірибе жинадым.

Сол тәжірибеге сүйене отырып, болашақ докторлық зерттеуім теріні ағарту және пигментацияны реттеу механизмдерін молекулалық деңгейде зерттеуге бағытталады. Бұл - ғылыми дәлелденген әрі қауіпсіз косметикалық шешімдер әзірлеуге негіз болатын бағыт.

Осы тұрғыдан алғанда, мен өзімді тері ғылымы мен биокосметикада молекулалық механизмді функционалды ингредиенттермен байланыстыратын зерттеуші ретінде дамытып келемін.

El.kz: Қиын зерттеулер кезінде мотивацияны қалай сақтайсыз? Ғалым үшін эмоционалдық төзімділік қаншалықты маңызды?

- Зерттеу барысында күтпеген сәтсіздіктер де, эксперименттердің көп рет қайталануы да жиі кездеседі. Мұндай кезде адамның көңілі түсіп, мотивация әлсіреуі мүмкін. Сол себепті мен мотивацияны сақтаудың бір әдісі ретінде “кішігірім нәтижелердің” өзіне мән беруге тырысамын. Яғни алынған шағын деректің өзі келесі экспериментке немесе жаңа гипотезаға қалай үлес қоса алатынын ойлаймын.

Сонымен қатар әріптестермен пікір алмасу, жетекші профессордан кері байланыс алу, семинарлар мен конференцияларға қатысу арқылы жаңа идея жинап, қайта ынталанамын. Бұл маған күрделі кезеңдерде де зерттеуді жалғастыруға көмектеседі.

Менің ойымша, эмоционалдық төзімділік ғалым үшін аса маңызды қасиет. Ғылым - тек табыстардан тұрмайды, ол көбіне түзету, қайта тексеру және қателіктен сабақ алу үдерісі. Егер төзімділік болмаса, ұзақ мерзімді мақсатқа жету де, шығармашылық ғылыми ойлауды сақтау да қиынға соғады.

El.kz: Қазақстанда биомедицина мен биоматериалдар зерттеуін дамыту үшін қандай нақты қадамдар қажет деп ойлайсыз?

- Қазақстанда биомедицина мен биоматериалдар зерттеулерін дамыту үшін бірнеше нақты бағытқа жүйелі түрде көңіл бөлу қажет деп ойлаймын.

Біріншіден, заманауи зерттеу инфрақұрылымын күшейтіп, жаңа технологияларға қолжетімділікті арттыру маңызды. Екіншіден, постдок деңгейіндегі жас ғалымдар мен техникалық мамандарды (lab technician, bioinformatics, cell culture specialist) дайындау және тұрақты ұстап қалу жүйесін дамыту қажет.

Үшіншіден, шетелдік ғылыми орталықтармен әріптестікті кеңейтіп, бірлескен жобалар арқылы технология трансферін күшейткен дұрыс. Сонымен қатар ғылыми қаржы мен мемлекеттік қолдау жүйесін тиімді үйлестіріп, стартаптар мен инновациялық жобаларды ынталандыратын механизмдер енгізілуі тиіс.

Егер осы қадамдар жүйелі жүзеге асса, Қазақстан зерттеу бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, функционалды биоингредиенттер мен дербестендірілген емдеу стратегияларын индустриялық қолдануға енгізе алатын деңгейге көтеріледі.

El.kz: Жас ғалымдарға ең үлкен кедергі не: қаржыландыру ма, ғылыми орта ма, менторлардың тапшылығы ма?

- Жас ғалымдардың алдында тұрған кедергілер бір ғана фактордан емес, бірнеше мәселенің қабаттасуынан туындайды деп ойлаймын. Ең алдымен, қаржыландырудың жеткіліксіздігі тәуелсіз зерттеу жүргізуге және жаңа идеяларды тәжірибе жүзінде дәлелдеуге кедергі келтіреді.

Сонымен қатар заманауи жабдықтар мен инфрақұрылымның тапшылығы зерттеу процесін баяулатып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Ал үшінші маңызды мәселе - тәжірибелі ғылыми жетекшілер мен менторлардың жетіспеуі. Бұл жас зерттеушілерге зерттеу бағытын дұрыс таңдауда, гипотеза құруда және экспериментті жүйелі жоспарлауда қиындық туғызады.

Меніңше, осы кедергілерді еңсеру үшін жас ғалымдарға нәтижені “үлкен жетістікпен” ғана өлшемей, кішігірім прогресті де бағалай білу, әріптестермен белсенді ынтымақтастық орнату, сондай-ақ халықаралық семинарлар мен бірлескен зерттеулер арқылы менторлық байланыстар мен кәсіби желіні күшейту маңызды.

El.kz: Болашақта өз біліміңізді Қазақстанда қолдану жоспарыңыз бар ма? Қандай бағыттарда үлес қосуды мақсат етесіз?

- Иә, менің мақсатым - жинаған зерттеу тәжірибемді Қазақстанда қолдануға үлес қосу. Әсіресе тері қартаюы, қабыну және пигментацияны молекулалық деңгейде зерттеу арқылы ғылыми негізделген, қауіпсіз әрі тиімді биокосметика мен биоматериалдарды дамыту бағыты мен үшін өте маңызды.

Сонымен қатар Қазақстанда осы салаға қатысты зерттеу инфрақұрылымын күшейту, жас зерттеушілерге арналған тәжірибелік ғылыми мектеп қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы ұзақ мерзімді жүйелі үлес қосуды мақсат етемін.

El.kz: Алдағы 10–15 жылда теріні жасарту және қалпына келтіру ғылымы қай бағытқа қарай эволюция жасайды деп болжайсыз?

- Менің болжамымша, келесі 10–15 жылда теріні жасарту және регенерация ғылымы молекулалық дәлдік кезеңіне өтеді. Яғни жалпы әсерді ғана бағалау емес, нақты жасушалық және генетикалық деңгейдегі өзгерістерге сүйенген стратегиялар алдыңғы орынға шығады.

Бұл бағытта жасушалық регенерация, стволдық жасуша терапиясы, 3D органоидтар, сондай-ақ жасанды интеллект (AI) көмегімен деректерді талдау арқылы жеке бейімделген жасарту шешімдері дамиды.

Сонымен қатар табиғи және синтетикалық материалдарды молекулалық механизм негізінде зерттеу нәтижесінде антиоксиданттық, қабынуға қарсы және қартаюға қарсы кешенді өнімдер кең таралуы мүмкін. Жалпы болашақтағы тері регенерациясы ғылымы физиологияны, молекулалық иммунологияны, биоматериалдарды және AI талдауын біріктіріп, ғылыми негізделген жеке стратегиялар мен функционалды косметика индустриясын түбегейлі жаңартатын болады.

El.kz: «Эстетикалық медицина» мен «сауықтыру биологиясы» арасындағы шекара жойыла ма?

- Менің ойымша, болашақта эстетикалық медицина мен регенеративті биология бір-біріне жақындай түсіп, олардың арасындағы шекара айқын болудан қалады. Бұрын эстетикалық медицина көбіне сыртқы көріністі жақсартуға бағытталса, қазір терінің қартаюы мен регенерациясын түсіндіретін молекулалық механизмдерге сүйену маңызды бола бастады.

Мәселен, стволдық жасушалар, 3D тері органоидтары, иммундық реттеу және жасушалық регенерация технологиялары тек эстетика үшін емес, тері денсаулығы мен функциясын қалпына келтіруге бағытталған терапиялар мен функционалды косметиканы дамытуда негізгі құралға айналады.

Ал multi-omics деректер мен AI талдау әдістері жеке бейімделген регенерация стратегияларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы факторлар екі саланы табиғи түрде біріктіреді.

Сондықтан алдағы уақытта эстетикалық медицина мен регенеративті биология интеграциялық бағыт ретінде дамып, тері денсаулығы, сыртқы көрініс, жасарту және қалпына келуді бір уақытта қарастыратын ғылыми-өндірістік тәсіл стандартқа айналады деп ойлаймын.

El.kz: Криминалистиканың болашақ зерттеу объектісі ретінде биоматериалдарды қолдануға көзқарасыңыз қандай? Терінің молекулалық картасы қылмысты ашуда қолданылуы мүмкін бе?

- Тері - тек сыртқы орган емес. Ол адамның физиологиялық жағдайын және қоршаған орта әсерін молекулалық деңгейде “жазып отыратын” өзіндік биологиялық архив деуге болады.

Сондықтан биоматериалдарды омикалық зерттеулер және AI талдау арқылы қарастыру құқықтық медицина мен криминалистикада дәлдікті арттыруы әбден мүмкін. Мәселен, тері жасушаларының молекулалық қолтаңбасы адамның стресс жағдайын, қабыну деңгейін, кейбір әсер түрлерін немесе экологиялық ықпалдарды жанама түрде көрсетуі ықтимал.

Алайда бұл бағыттың бір маңызды қыры бар: жеке молекулалық ақпарат өте сезімтал дерек болып саналады. Сол себепті мұндай технологиялар қолданылған жағдайда этикалық және құқықтық стандарттар қатаң сақталуы керек, ал биодеректердің қолданылу шегі нақты регламенттелуге тиіс деп есептеймін.

El.kz: Гендік инженериямен жетілдірілген косметикалық өнімдер этикалық тұрғыдан қандай сұрақтар туғызады?

- Гендік инженерияға немесе ГМО (генетикалық модификацияланған организмдерге) негізделген косметика белгілі бір ингредиентке, микроағзаларға немесе биологиялық компоненттерге генетикалық өзгеріс енгізу арқылы олардың функционалды қасиеттерін күшейтуге бағытталады. Мұндай технологиялар антиқартаю, теріні ағарту және терінің регенерациясы сияқты бағыттарда жаңа буын функционалды косметика әзірлеуге үлкен мүмкіндік береді. Алайда оның этикалық тұрғыдан бірнеше маңызды сұрағы бар.

Біріншіден - қауіпсіздік мәселесі. Генетикалық өзгертілген ингредиенттердің теріге ұзақ мерзімдік әсері, иммундық жауапқа ықпалы немесе күтпеген биологиялық өзара әрекеттері ғылыми тұрғыдан толық дәлелденуі қажет.

Екіншіден - тұтынушының ақпараттанған келісімі. Егер өнім құрамында гендік өзгеріс қолданылған болса, бұл ақпарат міндетті түрде ашық көрсетіліп, тұтынушыға саналы таңдау жасау мүмкіндігі берілуі тиіс. Ашықтық пен сенім - бұл салада ең негізгі талаптардың бірі.

Үшіншіден - әлеуметтік және құндылықтық сұрақтар. Гендік инженерия эстетикалық мақсатқа пайдаланылған жағдайда, адамның табиғатқа араласу деңгейі, “табиғилық” ұғымы және өмірге құрмет секілді мәселелер қоғамда кең талқылануы қажет.

Сондықтан ГМО негізіндегі косметиканы зерттеу мен коммерцияландыру ғылыми дәлдік пен этикалық жауапкершіліктің балансында, жүйелі реттеу мен нақты стандарттарға сәйкес жүргізілуі керек. Ал зерттеуші технологиялық жаңалық пен әлеуметтік салдарларды қатар ойластырып, жауапкершілікпен қадам жасауы маңызды деп санаймын.

Фото: Хамит Еркеш

El.kz: Қазіргі зерттеуіңіздің келесі кезеңі қандай? Жаңа гипотезалар, жаңа жобалар бар ма?

- Магистрлік зерттеулерімде табиғи және синтетикалық компоненттердің MAPK, NF-κB және AP-1 сияқты негізгі сигналдық жолдарға әсерін талдап, механизмге бағытталған зерттеу тәжірибесін қалыптастырдым.

Алдағы докторлық зерттеуімнің негізгі бағыты - теріні ағарту және пигментацияны реттеу механизмдерін молекулалық деңгейде түсіндіру, сонымен қатар көп жолды (multi-target) ингредиенттер арқылы қабынуға қарсы, антиоксиданттық, қартаюға қарсы және меланинге қарсы әсерлерді күшейтудің ғылыми стратегияларын дамыту.

Бұл мақсатқа жету үшін Western blot, qPCR, иммунофлуоресценция, бір жасушалы RNA-seq, 3D тері органоидтары және AI талдау әдістерін қолдана отырып, ғылыми дәлелге негізделген функционалды косметика мен жеке бейімделген тері жақсарту стратегияларын қалыптастыруды көздеймін.

El.kz: Егер Қазақстанда өз лабораторияңызды ашу мүмкіндігі болса, қандай бағытты бірінші қолға алар едіңіз?

- Егер Қазақстанда заманауи био-косметикалық зерттеу орталығын құру мүмкіндігі туса, ең алдымен тері қабынуы, қартаюы және пигментациясының молекулалық механизмдерін терең зерттеуге бағытталған іргелі жұмыстардан бастар едім. Өйткені тері биологиясын молекулалық деңгейде түсіну - қауіпсіз әрі тиімді функционалды косметикалық ингредиент әзірлеудің басты ғылыми негізі.

Қазақстан - биологиялық әртүрлілігі жоғары әрі ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелмеген табиғи ресурстарға бай ел. Халық медицинасында қолданылған дәрілік өсімдіктердің әлеуеті зор деп есептеймін. Сондықтан осы өсімдіктердің әсерін заманауи молекулалық биология, жасушалық модельдер және биохимиялық әдістер арқылы жүйелі түрде зерттеу ұлттық ғылыми әлеуетті күшейтіп қана қоймай, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті дәлелді деректер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Менің мақсатым - Қазақстанға тән табиғи шикізатты ғылыми тұрғыдан стандарттап, олардың теріге әсер ету механизмдерін молекулалық деңгейде дәлелдеу. Мұндай дәлелді база халықаралық нарыққа, соның ішінде кореялық косметика индустриясына да сенімді функционалды ингредиенттер ұсынуға жол ашады.

Ұзақ мерзімді жоспарым - халықаралық стандарттарға сай, іргелі зерттеулер мен индустриялық серіктестікті ұштастыратын кешенді био-косметикалық зерттеу орталығын қалыптастыру. Бұл орталық Қазақстан ғылымының дамуына серпін беріп қана қоймай, отандық табиғи ресурстардың әлемдік косметика индустриясында жоғары бағалануына ықпал етеді деп сенемін.