Жаңалықтар

Кредитін жабу үшін Кореяға аттанған қазақ жігіті қанша табыс тауып жүргенін айтты

Кредитін жабу үшін Кореяға аттанған қазақ жігіті қанша табыс тауып жүргенін айтты
Фото: Коллаж El.kz 11.12.2023 18:00 19630

Оңтүстік Кореяға кеткен қазақстандықтар саны жыл сайын артып барады. Олардың дені табыс табу үшін жүргендер. Айтуларынша бұл  жақтағы жалақы біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрінеді. Тіпті олар кәрістер ұсынған кез келген жұмысты істеуге дайын. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген отандасымыздың бірімен сұхбаттасқан еді.

Кореяда жұмыс істеп жүргендердің қатарында Сабыржан Талғар есімді жерлесіміз де бар. Оның бұл елге келгеніне бір жылдан аса уақыт болған екен. Ол осындай уақыт ішінде өзі қанағаттанатындай табыс  тауып жүргенін айтады.

Мен қазіргі таңда Пусан қаласында жұмыс істеймін. Корея еліне келуге түрткі болған себеп – ақшаның жетіспеушілігі. Кредитті кредитпен жауып, 250-300 мың теңге айлыққа қарап отыра бермей шет елге шығып жұмыс істегім келді. Алғашында Кореяда «айлық мөлшері жақсы» дегенді естіп осында келуге бірден шешім қабылдадым. Келгендегі басты мақсатым – ата-анамның жағдайын жасау. Кредиттерін жауып, ақшадан қиналмаса екен деген ойым болды. Әкемнің диванда жатып ойланып кететін кездері әлі көз алдымда. Бізге ақшаны қалай жеткізсем, кредиттерді қалай жапсам болады деп уайымдайтын. Соған шыдай алмай, алдыма  мақсат қойып Кореяға аттанып кеттім, – дейді ол.

Сабыржан Талғардың Корея мемлекетінде жүргеніне бір жылдан аса уақыт болыпты. Ол қазір Пусан қаласында құрылыс саласында жұмыс істейді. Былайша айтқанда «қара жұмыс» десе болады. Алғаш келгенде қандай қиындықтар болғанын айтты.

Кредитін жабу үшін Кореяға аттанған қазақ жігіті қанша табыс тауып жүргенін айтты


Жеке мұрағат

Айлық табысым жақсы. Қазақстанға қарағанда 4 есе көп. Күніне 50-55 мың теңгені құрайды. Одан бөлек қосымша табыстарым бар. Әрине, ең бірінші қиындық ата-анаңды, елді, достарыңды туған-туысыңды сағыну. Одан басқа қиындықтар ештеңе емес деп ойлаймын. Бұдан басқа келген соң тамағына үйренісе алмау, кәріс тілін білмеу деген сияқты қиындықтар болды. Бұл жақтың тұрмыс-тіршілігіне үйреніп кету өте оңайға соқпады. Бірақ қазір өзіміздің қазақтар көп. Әр қаланың ауданында қазақтар жиналған. Яғни, біздікілер тұрақтанған. Қазақтардың кафелері бар, – деді.

Айтуынша, ол Кореяға келместен бұрын К-ЕТА-ға құжаттарын тапсырған. Небәрі 30 минут ішінде «мақұлдау» алып, құжаттарын әзірледі. Осылайша ол 15 минутта еш қиындықсыз өтіп кеткенін айтты. «К-ЕТА» не екенін түсіндіре кетсек, бұл Оңтүстік Кореяға кіруге электрондық рұқсатнама. Бүгінде Корея мен Қазақстан арасында визасыз режім бар. Яғни, сол «К-ета» арқылы бару керек. Онсыз ұшаққа да отырғызбайды.

Қазір мен жерлестеріме «К-ЕТА» алуға көмектесемін. Олардың Кореяда таныстары жоқ болса, жұмысқа орналасуына және тұратын жерін тауып беріп, күтіп алып, қолдан келгенше қолұшын берудемін. Көмектен ешқашан қашқан емеспін, – дейді ол.

Сабыржан секілді жерлестеріміз Кореяға ақша табу үшін кетіп жатыр. Өйткені, құрылыс, зауыт немесе басқа да кез келген қара жұмыстың жалақысы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Кредитін жабу үшін Кореяға аттанған қазақ жігіті қанша табыс тауып жүргенін айтты
Жеке мұрағат

Қазір жастардың көбі шет елдерде жұмыс істеп жүр. Меніңше, Қазақстандағы айлық ештеңеге жетпейді. 200-300 мың айлықпен ақша жинап үй салу қиынның қиыны. Ол ақшаға ата-анаңа көмектесесің бе? Кредитке немесе пәтерақысын төлейсің бе? Тамақ аласың ба? Күнделікті жүріс-тұрысың тағы бар. Жалпы, бұл ақша өзіңнен аспайды. Сол себепті, олардың көбісі айлық табысы жақсы елге кетіп, тезірек жағдайын жасағысы келеді, – дейді кейіпкеріміз.

Ол Қазақстанда оқып жүрген уақытта сабағымен бірге жұмысты да қатар алып жүрді. Айтуынша, үш жылдай даяшы және администратор болып жұмыс істеген. Сол кездегі айлық табысы – 250-300 мың теңге болған екен.

Кореяда айлық табысым жақсы болған соң, қазір елге қайту жоспарымда жоқ. Енді тағы 3-4 жыл уақыт жұмыс істеп отаныма оралу ойда бар. Жас болған соң әлі талай ел-жер көріп, жаңа бір дүние үйреніп келгім келеді. Ер балаларға бір айда 1 миллион теңгеден аса табыс табуға болады. Ал қыздардың жалақысы 600-900 мың теңгені құрайды, – дейді.

Сабыржан Талғар Кореяда адам өмірі бірінші орында екенін айтады. 

Кредитін жабу үшін Кореяға аттанған қазақ жігіті қанша табыс тауып жүргенін айтты
Жеке мұрағат

Қазақстанға қарағанда бұл жақта адамның өмірі бірінші орынға қояды. Құрылыс жерінде қауіпсіздік белдігінсіз жұмысқа шығармайды. Егер жұмыста жүріп бір жеріңді жарақаттап алсаң, күндегі ақыңды төлейді. Ем-домға жұмсайтын қаражатты да өздері көтереді. Мұнда адам өмірі, адам денсаулығы өте маңызды, – дейді.

Ерінбеген адамға елімізден де жұмыс табылады. Бірақ отандастарымыздың да еріккеннен ел асып жүрмегенін түсінуіміз керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға