©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Кредит өмір сүру құралы ма, әлде тұзақ па?

22.01.2026 17:38

Қазақстанда соңғы жылдары «кредиті» бар адамдар саны артты. Ол күнделікті өмірдің бір бөлігіне, тіпті әлеуметтік нормаға айналды. Тоңазытқыш та, телефон да, мектепке жиналу да, дәрі-дәрмек те – бәрі «ай сайын төлей салуға» болатын дүниеге айналып кетті.

Бұл өзгеріс бір күнде болған жоқ. Ол экономикалық қысымның, әлеуметтік нормалардың, психологиялық бейімделудің және жүйелік саясаттың салдары. Осылайша, Қазақстан біртіндеп несиемен өмір сүруге үйреніп алды.

Бұған не себеп?

Мұның бір себебі – табыстың тұрақсыздығы. Екінші себебі – өмір сүру шығындарының үздіксіз өсуі. Үшінші себебі – кредит алудың шектен тыс қолжетімді болуы. Осы үш фактор біріккенде, қарыз алу қалыпты жайтқа айналады. 

Қаржылық коуч: «ең қауіптісі – үмітпен алынған несие»

Қаржылық коуч Айгүл Сұлтанбергеннің айтуынша, адамдар кредитті көбіне болашақтағы гипотетикалық табысқа сүйеніп алады. «Жалақым өседі, бір амалын табамын, бәрі реттеледі» деген үміт бар, бірақ есеп жоқ.

Практикада бұл үміт сирек ақталады. Кредит төлемі өзгермейді, ал табыс сол қалпында қалады. Салдарынан, адам бір қарызды екіншісімен жабуға мәжбүр болады.

Қарыздың нақты көлемі қандай?

2025 жылдың бастапқы сегіз айында банктер халыққа 12,9 трлн теңгеге несие берген. Өсім 14,7%-ды құрайды. Ең үлкен үлесті тұтынушылық кредиттер сақтап тұр – олардың көлемі 16 трлн теңгеге жетіп, бір ай ішінде 2,1% өсті.

Экономист: Кредит – бай болудың емес, құламаудың құралы

Экономист, қаржыгер Талғат Игіліков бұл жағдайды былай түсіндіреді:

Қазақстандағы кредитке тәуелділік – адамдардың ақшаны бей-берекет шашқанынан емес. Бұл – табыс пен өмір құны арасындағы алшақтықтың салдары. Адам орнында тұр, ал шығын жүгіріп бара жатыр, – дейді.

Оның айтуынша, соңғы бес-жеті жылда азық-түлік, тұрғын үй, жалдау ақысы, медицина мен білім беру қызметтері айтарлықтай қымбаттады. Ал жалақы бұл өсімге ілесе алмады. Осы жағдайда кредит «жақсы өмірдің» емес, қалыпты деңгейді сақтаудың амалына айналды. Бұл - өте маңызды айырмашылық.

Талғат Игіліков тағы бір қауіпті тенденцияны атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда несие алу процесі шамадан тыс жеңілдетілген.

Талғат Игіліковтің жеке архивінен

Ақшаны 1 минутта, анықтамасыз, тек телефон арқылы алу – бұл қаржы құралы емес, эмоционалдық шешім, – деді ол.

Мұндай қолжетімділік адамдарды есепсіз қадамға итермелейді және қарызды тұрмыстық рефлекске айналдырады.

Қарыз құрылымы қалай өзгерді?

Экономикалық тұрғыдан ең алаңдатарлық жайт – кредиттің құрылымы. Бұрын негізгі үлесті ипотека мен автокредит құраса, қазір өсімнің негізгі бөлігі тұтынушылық және микронесиелерге тиесілі.

Ипотека мен автонесие мемлекеттік бағдарламалармен ғана өсіп отыр. Ал қалғаны – қысқа, қымбат, мақсатсыз қарыздар. Бұл кедейліктің индикаторы, – дейді Талғат Игіліков.

Яғни кредит енді даму құралы емес, әлеуметтік амортизатор рөлін атқарып отыр.

Ринаттың тарихы: өмір сүру үшін алынған қарыз

Ринат 34 жаста. Ол өзін жауапсыз адам санамайды. Жұмысы бар, табысы орташа. Бірақ бірнеше кредиті бар.

Басында бәрі дұрыс сияқты көрінді. Қазір жалақымның жартысы банкке кетеді. Өмір сүріп жатқандай емеспіз, тек есеп айырысып жүрміз, – дейді кейіпкеріміз.

Бұл Ринаттың ғана басындағы жағдай емес. Бұл – елдегі статистиканың айқын көрінісі.

Ең қиыны – той үшін алынған кредит. Тұңғышымның 1 жас тойын дүркіретіп атап өтемін деп, ойланбастан кредитке бас сұқтым. Жас отбасымыз, әйелім декреттік демалыста. Түсініп тұрғандарыңыздай, табыс көзі де нашар. Ауыртпалығын өзім көріп жүрмін. Мұндай қазақылықты қою керек дер едім, – деп нақтылады ол.

Қаржылық психолог: Кредит психологиялық қорғаныс механизмі айналып барады

Қаржылық коуч Айгүл Сұлтанберген – бюджетті жоспарлау, қарыздан шығу стратегияларын үйрететін маман. Оның айтуынша, көптеген отбасының басты қателігі – «кредит алу арқылы бәрін бірден, сол сәтте қанағаттандырамын» деген ой. Бірақ кредит бір сәттік ләззат емес, болашақтың ауыртпалығы. Ал егер кредит алу алдында нақты бюджет жасалмаса, кейін ол қордаланған қарыз болып шыға келеді.

Айгүлдің сөзінше, клиенттерінің көбісі табыс, шығыс, міндетті төлемдер арасында теңгерім жасамайды. Ол әр жаңа кредиттің бұрынғы қарызды жабуға, одан кейін қайта қарыз алуға әкеп соқтырып жатқанын айтады.

Кредит – құрал, бірақ құралды дұрыс қолданбасаң, ол қарғысқа айналады, – дейді.

Коуч ретінде ол отбасыларға «неге алғың келеді, нақты мақсат бар ма, қайтара аласың ба, табысың тұрақты ма?» деген сұрақтар қояды екен.

Билік не дейді? 

Кредит мәселесі мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жеке тұлғаларға кредит беруді шектеу қажеттігін бірнеше рет айтты.

Кредит беру қарқыны халық табысынан озып кетті, бұл қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді, – деді ол.

Қарыз – өмір салты ретінде ұрпақтан-ұрпаққа беріледі

Жанар Шәріпова – отбасылық қаржы, қарыз және тұтыну мәдениеті бойынша маман. Оның айтуынша, көп отбасы қарызды «балаларымыздың болашағы үшін және үй, көлік, тұрмыстық нормалар үшін аламыз» дейді екен.

Шындығына келгенде, олар кредитті келешек үшін емес, бүгінгі «имидж», «әлеует» үшін, өздерін бақуатты етіп көрсету үшін алады. Ең қауіптісі, «балаларымызға «жақсы өмір» көрсеткіміз келеді» деген сылтау кейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Себебі кредит – жасырын қарыз, бұл психологиялық модельді балалар да солай қабылдайды. Кейін жаңа буын «барлығы – кредитке» деген қағидамен өмір сүреді, – дейді маман.

Ол отбасыларға алдымен табысты арттыру, жинақ, содан соң ғана кредит деген ұстанымда болуға шықырады. Жанардың айтуынша, қарызды «имидж үшін емес, нақты қажеттілік үшін» алу маңызды, әйтпесе бұл отбасылық қаржылық дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Жалпы, Қазақстанда кредит өмірді жеңілдетудің емес, оны ұстап тұрудың құралына айналды. Бұл адамдардың әлсіздігін емес, жүйенің дағдарысын көрсетеді. Кредит – құрал. Бірақ ол табыстың орнын баса алмайды. Егер табыс өспей, өмір қымбаттай берсе, «минуста өмір сүру» Қазақстан үшін жаңа үрдіске айналуы мүмкін.

Автор: Анель Өтегенова