Жаңалықтар

Краншы әйел: Ағамның арқасында жақсы көретін жұмысымды таптым

Краншы әйел: Ағамның арқасында жақсы көретін жұмысымды таптым
Фото: коллаж El.kz 06.11.2024 10:15 757

Астанада құрылыс саласында 12 жылдан астам уақыт краншы болып жұмыс істейтін Раушан Бұтабаева бұл салаға келуіне ағасы ықпал еткенін айтады. Бүгінде ол өзіне сүйікті іс тауып қоймай, краншы қызметінің білікті маманына айналған.

«21 мың теңге жалақыға жұмыс істедім»

Раушан Бұтабаева – 34 жаста. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының тумасы. Негізгі мамандығы – есеп және аудит.  

Мамандығым бойынша бухгалтердің көмекшісі болып 3 ай ғана жұмыс істедім. Жалақысы 21 мың теңге болды. Дегенмен ол ешнәрсеге жетпеді. Астанада әртүрлі салада жұмыс істедім. Балмұздақ саттым, еденді де, ыдысты да жудым. Бірақ жалақым 45-50 мың теңгеден аспайтын. Жалақысы жоғары жұмыс іздедім. Сөйтіп, 2012 жылы ағам мені құрылыс саласына алып келді. Мен үшін бастысы жалақысы жоғары, жылы жер болатын. Бастапқыда 125 мың теңге алып жүрдім. Ол мен үшін өте үлкен жалақы болды, - дейді краншы әйел.

Кейіпкеріміз 22 жасында өзіне жат, қыз баласы үшін қиын көрінетін жұмысқа бастапқыда үйренісу оңай болмағанын айтты. 

Краншы – мен үшін де ерекше, қызық сала болды. Қолымнан барлығы келеді деп жаңа жұмысқа да білек сыбанып кірістім. Түрлі техникалармен жұмыс істедім. Мен үшін ресейлік техника механика болғандықтан, олармен жұмыс істеу, үйренісу қиын болды. Дегенмен бұл менің тәжірибемде жаңа сала ретінде ерекше орын алды. Бұл мамандықтың маған ұнайтыны – өте биікте отырасын, құрылыс, жалпы жұмыс барысы көз алдында жүріп жатады, - дейді ол.

«Ең бастысы қырағылық пен жауапкершілік»

Раушан жел, жаңбыр, аязды күндері жұмыс істеу қорқынышты екенін айтты. Сол себепті үнемі ауа райын бақылап отыратын көрінеді. Раушанның күнделікті жұмыс уақыты 07:30-да басталады. Ең алдымен құрылыс алаңына жиналып, медициналық тексерістен өтіп, техникалық қауіпсіздікпен танысады.

Күтпеген жерден ауа-райы бұзылуы мүмкін. Астананың ауа-райы құбылмалы. Сондықтан кез келген сәтте барлығына дайын болу керек. Егер ауа-райы өзгеріп, жұмыс істеу қиынға соқса, онда жұмыс тоқтатылады. Сондай кезде кранды материалдан босатып, оны жинап, жерге түскенше жүрегін аузына тығылады. Әрине, оңай жерде нан жоқ. Әр жұмыстың өзіне тән қиындықтары бар, - дейді Бұтабаева.

Кейіпкеріміздің айтуынша, ер адамдардың ортасында жұмыс істеу ол үшін еш қиындық тудырмады. Құрылыс саласындағы жас мамандардың бірі ретінде көп қолдау көргенін жеткізді.

Раушан краншы болып практикадан өтіп жүрген кезінде басынан өткен бірқатар қызықты оқиғаларымен де бөлісе кетті.

Краншы болып енді жұмыс істеп бастағанымда мұнараның битонын құйып жаттық. Сол кезде маған бос ыдысты жерге апар деп тапсырма береді де, өзі сырттай бақылап тұрады. Мен тез қимылдап, бұл әрекетімнен сол сәтте құрылыс алаңында жүрген жұмысшылар басымызға түсіп кетеді деп бірі қашып, енді бірі жерге жата қалады. Кешке жұмыс уақыты бітіп, краннан жерге түсіп келе жатсам, жұмысшылардың барлығы маған тас лақтырды. Сол кезде маған бағыт-бағдар көрсетіп, үйретіп жүрген Бауыржан мырза, бар жауапкершілікті өз мойнына алып, жұмысшыларға барлық жағдайды түсіндіріп, сабырға шақырған болатын. Осы жағдайдан кейін қорқып, сескеніп қалдым. Бір жағынан бұл жағдай менің жауапкершілігім мен қырағылығымды арттырды десем де болады, - дейді.   

Сондықтан Раушан жұмыстағы ең маңызды қасиеттердің бірі – қырағылық пен жауапкершілік екенін айтады.

Қазақта «бәле аяқ астынан» деген сөз бар. Көбінесе ескі кран машиналары болғандықтан, адам болғаннан кейін қорқыныш болады. Мәселен, трос үзіліп кетуі немесе бұрылыста тоқтамай қалуы мүмкін. Сондықтан әрқашан есеппен жұмыс істеу керек. Адам өміріне қауіп төнбейтіндей, материалды діттеген жерге жеткізіп беру міндетім, - дейді ол.

Раушан жұмыс барысында оқыс оқиғалар көбінесе ауа-райының қолайсыздығына және техника қауіпсіздігіне байланысты болатынын атап өтті.

Техника деген аты болғанымен темірге де сенім жоқ. Бір күні жұмыс барысында қатты жел кезінде релстегі кран дөңнен сайға қарай жүріп кетті.  Бағыма орай оқыс жағдай болмады. Сол сәтте кранды жинастырып, желдің бағытына қойып, жерге түсіп үлгерген едім. Кран жүргізушісі болу – экстримерші болумен тең, - дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Раушан краншы болып жұмыс істеп 600 мың теңге жалақы алады.

«Жолдасым да краншы»

Раушан Бұтабаева 12 жыл бұрын краншы қызметінде жұмыс істеп бастаған кезде жолдасын кезіктіреді. Отбасын құрады. Бүгінде екі баланың анасы.

Тұрмысқа шыққан соң бұл саладағы қызметімді тоқтаттым. Себебі, жолдасым қарсы болды. Декреттік демалыста отырдым. Дегенмен арада көп уақыт өтпей краншы қызметіне қайта оралдым. Бір сөзбен айтқанда, бұл салаға құмартып, сағынып келдім. Жолдасыммен 6 жыл ғана бірге тұрдық. Бүгінде екі баламды өзім бағып-қағып отырмын. Адал еңбегіммен көлік пен баспана алдым. Ең бастысы бауырларым мен балаларым жанымда, - дейді кейіпкеріміз.

Раушан көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бес ағайынның ішінде екіншісі.

Ағам, екі сіңілім мен інім бар. Кіші сіңілімнен 2021 жылы айырылып қалдық. Үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жүретін ағам бар. Сондай-ақ ағамның арқасында жақсы көретін жұмысым мен ортамды таптым деп айта аламын, - дейді Раушан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға