©Pixabay.com

Көз арқылы шаршауды анықтайтын ақылды трекер жасалды

АҚШ пен Оңтүстік Корея ғалымдары миға түсетін жүктемені электродтар мен камераларсыз анықтайтын ерекше құрылғы ойлап тапты. Бұл – көз қозғалысын бақылайтын ақылды трекер, ол көздің жыпылықтау жиілігі арқылы адамның шаршағанын дәл анықтай алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Құрылғы не үшін жасалды

Заманауи өмір ырғағында шаршау – ең жиі кездесетін мәселе. Ол адамның зейінін төмендетіп, реакциясын баяулатып, шешім қабылдауға кедергі келтіреді. Бұған дейін шаршауды анықтау үшін ЭЭГ (электроэнцефалография) немесе кортизол талдауы сияқты күрделі әрі қымбат әдістер қолданылатын.

Вашингтон университеті (АҚШ) мен Донгук университетінің (Оңтүстік Корея) инженерлері осыны ескере отырып, көзге арналған ақылды сенсор жасап шығарды. Цилиндр пішініндегі шағын датчиктер көзілдіріктің жиектеріне орнатылады да, камерасыз-ақ көздің ашылып-жабылуын бақылайды.

Құрылғы қалай жұмыс істейді

Әр сенсордың өлшемі небәрі 12×3,5 мм, бірақ ол көз айналасындағы электр өрісінің ұсақ өзгерістерін дәл ұстай алады. Арнайы жасанды интеллект алгоритмі бұл сигналдарды талдап, оларды цифрлық биомаркерлерге, яғни адамның нақты шаршау деңгейін көрсететін көрсеткіштерге айналдырады.

Құрылғының салмағы небәрі 56 грамм, ал энергия тұтынуы өте төмен – 10 милливатттан аз. Сондықтан оны күні бойы тағып жүруге болады. Сондай-ақ сенсордың сәулелену деңгейі халықаралық қауіпсіздік нормаларынан әлдеқайда төмен.

Құрылғы қалай сыналды

Зерттеу кезінде 27 еріктіге арнайы менталдық жүктеме тесті жүргізілді. Олар 15 минут бойы ауызша есеп шығарып, сонымен қатар кездейсоқ шудың әсеріне ұшырады. Осы уақытта ақылды көзілдірік олардың жыпылықтау жиілігін және PERCLOS (көздің жабық болу уақыты арқылы шаршауды өлшейтін көрсеткіш) параметрін тіркеді.

Нәтижесінде құрылғы 74% дәлдікпен созылмалы шаршауы бар адамдарды сау адамдардан ажырата алды. Сонымен қатар жүйе төрт адамның үшеуінде нақты шаршауды дұрыс анықтап, қате нәтиже өте сирек берді.

Ғалымдар байқаған тағы бір жайт – созылмалы шаршауы бар адамдардың көз реакциясы әлсіз болған, ал сау қатысушылардың көз бұлшықеттері когнитивтік жүктемеге белсендірек жауап берген.

Қай салада қолдануға болады

Зерттеушілердің айтуынша, мұндай технология медицинамен қатар, көлік жүргізу, өндіріс қауіпсіздігі және тіпті ғарышты зерттеу салаларында да пайдалы болмақ. Болашақта шағын сенсорлар арқылы адамның шаршау деңгейін күнделікті өмірде бақылау мүмкін болады.

Қазір команда құрылғыны әртүрлі бет пішіндеріне бейімдеу және смартфондарға арналған қосымша әзірлеу үстінде. Келесі кезеңде ғалымдар оны созылмалы шаршау синдромы бар пациенттерге сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.